Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 427-бабына түсініктеме. Бас бостандығынан айыру түріндегі жазаны өтеуден жалтару
1. Бас бостандығынан айыру орындарынан тыс жерге қысқа мерзімді шығуға рұқсат берілген сотталған адамның шығу мерзімі өткеннен кейін түзеу мекемесіне оралмауы, сол сияқты конвойсыз жүріп-тұру құқығын пайдаланатын не қадағалауда болатын сотталған адамның бас бостандығынан айыру түріндегі жазаны одан әрі өтеуден жалтару мақсатында түзеу мекемесіне оралмауы —
екі жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
2. Кәмелетке толмағандардың жыныстық тиіспеушілігіне қарсы қылмыстық құқық бұзушылықтар үшін сотталған адамның, сондай-ақ алкоголизмнен, нашақорлықтан және уытқұмарлықтан емдеуге мұқтаж деп танылған сотталған адамдардың өздеріне қатысты медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын қолданудан жалтаруы —
бір жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
Қарастырылып отырған қылмыстың қоғамдық қауіптілігі сотталған адамдардың заңнамада көзделген жеңілдіктер мен көрсетілген сенімді теріс пайдаланып, жазаны іске асыру процесін бұзуында, айыптау үкімінің орындалуына, бас бостандығынан айыру түріндегі жазаның мақсаттарына нақты қол жеткізуге кедергі келтіруінде.
Қылмыстың объектісі болып бас бостандығынан айыру түріндегі жаза өтелетін қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінің қалыпты қызметі, сондай-ақ сотталған адамның бас бостандығынан айыру түріндегі жазаны өтеу бөлігіндегі сот актісінің міндеттілігін қамтамасыз ететін қоғамдық қатынастар табылады.
Қылмыстың объективтік жағы бас бостандығынан айыру орындарынан тыс жерге қысқа мерзімді шығуға рұқсат берілген сотталған адамның шығу мерзімі өткеннен кейін түзеу мекемесіне оралмауынан, сол сияқты конвойсыз жүріп-тұру құқығын пайдаланатын не қадағалауда болатын сотталған адамның бас бостандығынан айыру түріндегі жазаны одан әрі өтеуден жалтару мақсатында түзеу мекемесіне оралмауынан көрінеді.
Барлық жағдайларда, егер адамның осы міндетті орындауға нақты мүмкіндігі болған жағдайда, оның белгілі бір мерзімде түзеу мекемесіне қайтып келу міндетін орындамауы туралы сөз болуы тиіс. Аталған міндет бас бостандығынан айыру түріндегі жаза тағайындалған және заңға сәйкес құқықтық жеңілдіктер, атап айтқанда, уақытша мекемеде болмау мүмкіндігі берілген сотталған адамның құқықтық мәртебесінің құрамдас бөлігі болып табылады.
Сотталған адамға бас бостандығынан айыру орындарынан шығу құқығын берудің негіздері мен тәртібі қылмыстық-атқару заңнамасымен айқындалады. ҚАК-нің 113-бабының 1-бөлігіне сәйкес мекемелерде ұсталатын, сондай-ақ аралас қауіпсіздік мекемесінде қалдырылған және шаруашылық қызмет көрсету жұмыстарын жүргізу үшін толық қауіпсіздік мекемесіне жіберілген сотталған адамдардың мекеме аумағынан тыс жерге шығуға құқығы бар:
қысқа мерзімді — жол жүруге қажетті уақытты есептемегенде (екі бағытқа да бес тәуліктен аспайтын), жұбайының (зайыбының), жақын туысының қайтыс болуына немесе науқастың өміріне қауіп төндіретін ауыр сырқатына, оның отбасына елеулі материалдық залал келтірген дүлей зілзалаға байланысты жеті тәуліктен аспайтын мерзімге;
ұзақ мерзімді — ең төмен қауіпсіздік мекемесіндегі жыл сайынғы ақы төленетін демалыс уақытына.
Мекемелердің балалар үйлерінде балалары бар сотталған әйелдердің балаларын жұбайының, туыстарының қарауына немесе балалар үйіне орналастыру үшін мекемеден тыс жерге қысқа мерзімді шығуға құқығы бар. Мекемеден тыс жерде тұратын кәмелетке толмаған мүгедек балалары бар сотталған әйелдердің олармен кездесу үшін жылына бір рет қысқа мерзімді шығуға құқығы бар (ҚАК-нің 113-бабының 2-бөлігі).
Қысқа мерзімді және ұзақ мерзімді шығулар мынадай сотталған адамдарға берілмейтінін атап өткен жөн: 1) қауіпті қайталанған қылмыс кезінде қылмыс жасағандарға; 2) кешірім жасау тәртібімен өлім жазасы бас бостандығынан айыруға ауыстырылғандарға; 3) өмір бойына бас бостандығынан айыруға сотталғандарға; 4) есі дұрыстығын жоққа шығармайтын психикалық бұзылушылығы бар деп танылғандарға, сондай-ақ алкоголизмнен, уытқұмарлықтан, нашақорлықтан, туберкулезден, инфекциядан емделуді аяқтамағандарға; 5) террористік, экстремистік қылмыстар үшін не қылмыстық топ құрамында жасалған қылмыстар үшін, сондай-ақ кәмелетке толмағандардың жыныстық тиіспеушілігіне қарсы қылмыстар үшін сотталғандарға; 6) мінез-құлқының екінші немесе үшінші теріс дәрежесі бар адамдарға (ҚАК-нің 113-бабының 3-бөлігі).
ҚАК-нің 113-бабының 5-бөлігінде сотталған адамның шығуға берген өтініші тәуліктік мерзімде қаралатыны белгіленген. Шығуға рұқсатты ҚАК-нің 113-бабының 3-бөлігінде көзделген талаптар мен сотталған адамның мінез-құлқын ескере отырып, мекеме бастығы немесе оны алмастыратын адам береді.
Сотталған адамның рұқсат берілген мерзім аяқталғаннан кейін мекемеге қайтып келу міндетін орындамауы, егер мұндай міндетті орындауға еңсерілуі қиын кедергілер болған жағдайда ғана, оның қарастырылып отырған қылмысты жасағанын білдіреді.
Егер кінәлі жазасын өтеп жатқан түзеу мекемесіне құрметті себеппен кешігіп оралса (мысалы, дүлей зілзалаға, ауруға, басқа адамның қылмыстық құқық бұзушылық жасауына байланысты куә ретінде тартылуына және т.б. байланысты), ол ҚК-нің 427-бабы бойынша жауаптылыққа тартылмайды.
Уақтылы келмеу себептерін құрметті деп тану мәселесін сот істің барлық нақты мән-жайларын ескере отырып шешеді. Атап айтқанда, сотталған адамның түзеу мекемесіне келуін кешіктіруге негіз болған мүдделердің сипаты мен маңыздылығы, адамның тиісті жерде болуының қажеттілігі, туындаған кедергіні дәл сол уақытта жою мүмкіндігі және т.б. назарға алынуы тиіс.
Күтпеген мән-жайлар туындаған жағдайда мекемеге қайтып келу мерзімін ұзартудың қылмыстық-атқару заңнамасында белгіленген тәртібіне назар аудару қажет. Мұндай ұзарту сотталған адам жүрген жердегі ішкі істер органының бастығының уәжді қаулысы бойынша жүзеге асырылады. Мекемеге қайтып келу мерзімі қабылданған шешім туралы мекеме әкімшілігін міндетті түрде хабардар ете отырып, бес тәулікке дейін ұзартылуы мүмкін (ҚАК-нің 113-бабының 8-бөлігі).
Сотталған адамдарға мекемеден тыс жерге қысқа мерзімді шығу беру тәртібі Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің 2014 жылғы 17 қарашадағы № 819 бұйрығымен бекітілген Қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінің ішкі тәртіптеме қағидаларымен айқындалады.
Бұл қылмыс созылмалы қылмыстар санатына жатады. Ол мекемеден тыс жерге шығу үшін сотталған адамға берілген мерзім аяқталған сәттен бастап аяқталған болып есептеледі. Түзеу мекемесіне оралмау сотталған адамның өзі жазасын өтеген немесе өтеуге тиіс болған мекемеге қайтып келуге міндетті мерзім аяқталғаннан кейін, құрметті себеп болған жағдайларды қоспағанда, келмеуін білдіреді.
Қарастырылып отырған қылмыстың субъективтік жағы тікелей қасақаналықпен сипатталады. Сотталған адам белгіленген мерзімде түзеу мекемесіне қайтып келу міндетін бұзып отырғанын, бұл міндетті орындауға нақты мүмкіндігі бар екенін және осылайша бас бостандығынан айыру түріндегі жазаны өтеуден жалтарып отырғанын сезінеді, теріс салдардың туындауын алдын ала болжайды және аталған міндетті бұзуды қалайды.
Қарастырылып отырған қылмыс құрамының субъективтік жағының міндетті белгісі арнайы мақсат болып табылады. Осы қылмысты жасаудың мақсаты — бас бостандығынан айыру түріндегі жазаны өтеуден жалтаруға ұмтылу. Бұл белгі кінәлі адамды УК-нің қарастырылып отырған бабы бойынша жауаптылыққа тарту үшін міндетті түрде анықталуы тиіс. Мұндай мақсаттың бар екендігін, мысалы, елден тыс жерге кету немесе солай әрекет жасауға талпыныс, оны іздестіруді жүзеге асыратын органдардан жасырыну үшін сотталған адамның жеке басын куәландыратын құжаттарын ауыстыруы немесе қолдан жасауы және т.б. айғақтауы мүмкін. Алайда сотталған адамның аз ғана уақытқа кешігіп оралуы болмашы әрекет ретінде қарастырылуы мүмкін. Мұндай кешігуге жол берген адам ҚК-нің 10-бабының 4-бөлігі негізінде қылмыстық жауаптылыққа тартылмайды.
Қылмыстың субъектісі арнайы болып табылады. Ол 16 жасқа толған, бас бостандығынан айыру түріндегі жазаға сотталған және түзеу мекемесінде жазасын өтеп жатқан, есі дұрыс жеке тұлға болуы мүмкін.
Бас бостандығынан айыру түріндегі жазаны өтеуден жалтаруды ҚК-нің 426-бабында көзделген бас бостандығынан айыру орындарынан, қамақтан немесе күзетпен ұстаудан қашып кетуден ажырату қажет.
Бұл қылмыстардың ұқсастығы қылмыстың объектісінде — бас бостандығынан айыру түріндегі жаза өтелетін түзеу мекемесінің қалыпты қызметінде, сондай-ақ сот үкімінің орындалу міндеттілігін қамтамасыз ететін қоғамдық қатынастарда.
Бұл қылмыстардың негізгі айырмашылығы олардың объективтік жағында көрінеді. Тиісті орынды заңсыз тастап кету немесе күзетпен ұстаудан өз бетінше босап шығудың заңсыздығы бас бостандығынан айыру орындарынан, қамақтан немесе күзетпен ұстаудан қашып кетуді бас бостандығынан айыру түріндегі жазаны өтеуден жалтарудан ажыратады.
Жасалатын әрекеттің нысаны бойынша қашып кету белсенді мінез-құлық нысанына (әрекетке) жатады. Адамның жазаны өтеуден немесе өзге де мәжбүрлеу шарасына бағынудан жалтару үшін таңдаған тәсілі заңсыз немесе өз бетінше босап шығуды көздейді. ҚК-нің 427-бабында көзделген қылмысты жасау кезінде адамға түзеу мекемесінен заңды негіздерде және белгіленген тәртіппен шығу мүмкіндігі беріледі. Бұдан басқа, егер заңда көзделген мекемеден шығу негіздері болған және оған рұқсат берілген болса, адам сол жерге қайтып оралуды жоспарламаған күннің өзінде, мекемеден кету әрекеті құқыққа қайшы болып табылмайды.
Бұл қылмыстардың аяқталу сәті де әртүрлі. Бірінші жағдайда ол адамның өзін-өзі еркін басқаруға нақты мүмкіндігі пайда болуымен, ал екінші жағдайда түзеу мекемесіне қайтып келу міндетін орындау мерзімінің аяқталуымен байланысты.
Қашып кету мен жазаны өтеуден жалтарудың айырмашылықтары қылмыстың субъективтік жағында да, атап айтқанда, салыстырылып отырған қылмыстарды жасау кезіндегі кінәлінің қасақаналығының мазмұнында да бар.
Қылмыс субъектілерінің шеңбері де әртүрлі айқындалған. Қашып кетуге қатысты ол, біріншіден, қамақ түріндегі жазаны өтеп жүрген адамдар; екіншіден, алдын ала қамауда отырған адамдар; үшіншіден, өздеріне басқа жазаны ауыстыру тәртібімен бас бостандығынан айыру жазасын өтеп жүрген сотталған адамдар есебінен кеңейтілген.
ҚК-нің 427-бабының 2-бөлігінде мынадай адамдардың жалтарғаны үшін жауаптылық көзделген: 1) кәмелетке толмағандардың жыныстық тиіспеушілігіне қарсы қылмыстық құқық бұзушылықтар үшін сотталған адамдар; 2) психикаға белсенді әсер ететін заттарды тұтынуға байланысты психикалық, мінез-құлықтық бұзылушылықтарынан (ауруларынан) емдеуге мұқтаж деп танылған сотталған адамдар.
Кәмелетке толмағандардың жыныстық тиіспеушілігіне қарсы қылмыстардың тізбесі ҚК-нің 3-бабының 42) тармағында қамтылған.
ҚК-нің 93-бабының 1-бөлігіне сәйкес сот медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларының мынадай түрлерін тағайындай алады:
психиатрда амбулаториялық мәжбүрлеп байқау және емдеу;
психиатриялық стационарда жалпы үлгідегі мәжбүрлеп емдеу;
психиатриялық стационарда мамандандырылған үлгідегі мәжбүрлеп емдеу;
психиатриялық стационарда қарқынды бақылауы бар мамандандырылған үлгідегі мәжбүрлеп емдеу;
химиялық кастрация түріндегі мәжбүрлеп емдеу.
ҚК-нің 427-бабының 2-бөлігінде қылмыстың екі арнайы субъектісі үшін жалтарғаны үшін жауаптылық көзделген: 1) ҚК-нің 3-бабының 42) тармағында көрсетілген қылмыстық құқық бұзушылықтар үшін сотталған адамдар; 2) психикаға белсенді әсер ететін заттарды тұтынуға байланысты психикалық, мінез-құлықтық бұзылушылықтарынан (ауруларынан) емдеуге мұқтаж деп танылған және ҚК-нің 93-бабының 1-бөлігінде көрсетілген шаралар қолданылатын адамдар.
- ҚК-нің 427-бабының 1 және 2-бөліктерінде көзделген әрекеттер онша ауыр емес қылмыстар санатына жатады.
Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексіне Исидор Шамилович Борчашвилидің 2021 жылғы түсініктемесі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, заң ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Ұлттық жаратылыстану ғылымдары академиясының академигі, ҚР Конституциялық Кеңесі жанындағы және ҚР Жоғарғы Соты жанындағы Ғылыми-консультативтік кеңестердің мүшесі, ҚР Қауіпсіздік Кеңесі жанындағы құқық қорғау жүйесін реформалау жөніндегі жұмыс тобының мүшесі, Қазақстан Республикасы ІІМ-нің еңбек сіңірген қызметкері.
Конституция Заң Кодекс Нормативтік Указ Бұйрық Шешім Қаулы Адвокат Алматы Заңгері Заңгерлік қызмет Заңгерлік консультация Азаматтық Қылмыстық Әкімшілік істер мен даулар Қорғау Төрелік Қазақстанның заң компаниясы Адвокаттық кеңсе Сот істері Декларация Жарлық Бұйрық Қаулы Шешім Баяндама Қорытынды Өтініш Қорытынды Конвенция Шарт Меморандум Әдістеме Нормалар Нота Қағидалар Бағдарлама Жарғы Хартия Бап Түсініктеме Резолюция Регламент Хаттама Жоба Бағдарлама Қағидалар Хабарламалар