Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 236-бабына түсініктеме. Кедендік баждарды, кедендік алымдарды, салықтарды, арнайы, демпингке қарсы, өтемақы баждарын төлеуден жалтару
1. Кедендік баждарды, кедендік алымдарды, салықтарды, арнайы, демпингке қарсы, өтемақы баждарын ірі мөлшерде төлеуден жалтару —
сексен айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына, не сексен сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға, не жиырма тәулікке дейінгі мерзімге қамаққа алуға жазаланады.
2. Дәл сол әрекетті лауазымды адамның өзінің қызмет бабын пайдалана отырып жасауы —
бір мың айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына, не төрт жүз сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға, не бір жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге, не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
3. Осы баптың бірінші немесе екінші бөліктерінде көзделген іс-әрекеттерді қылмыстық топ жасаған жағдайда —
екі жылдан бес жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
Ескерту. Кедендік баждарды, кедендік алымдарды, салықтарды, арнайы, демпингке қарсы, өтемақы баждарын төлеу бойынша туындаған берешекті, сондай-ақ олар есептелген жағдайда өсімпұлдар мен пайыздарды, Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген айыппұлдар сомасын өз еркімен төлеген адам, егер оның әрекеттерінде өзге қылмыстық құқық бұзушылық құрамы болмаса, осы баптың бірінші бөлігі бойынша қылмыстық жауаптылықтан босатылады.
Кедендік баждар мен алымдарды төлеуден жалтарудың қоғамдық қауіптілігі (1-бөлігі — қылмыстық теріс қылық, 2, 3-бөліктері — қылмыстар) кедендік төлемдер мен алымдарды төлеуден жалтару салдарынан сыртқы экономикалық қызметтің белгіленген тәртібінің бұзылуында, ал кедендік төлемдер мен алымдардың бюджетке түспеуі салдарынан мемлекеттің қаржылық мүдделеріне зиян келтіруінде болып табылады.
Кедендік төлемдер мен алымдарды төлеуден жалтарудың объектісі мемлекеттің сыртқы экономикалық қызметінің белгіленген тәртібін қамтамасыз ететін қоғамдық қатынастар болып табылады.
Қазақстан Республикасындағы сыртқы экономикалық қызметті реттеудің құқықтық негізі 2017 жылғы 26 желтоқсандағы «Қазақстан Республикасындағы кедендік реттеу туралы» ҚР Кодексі және Қазақстан Республикасының кедендік аумағына тауарлар мен өзге де заттарды әкелу және осы аумақтан тыс жерлерге әкету кезінде қолданылатын кедендік тарифті қалыптастыру және қолдану тәртібін, сондай-ақ осы тауарлар мен өзге де заттарға кедендік баж салу қағидаларын белгілейтін басқа да нормативтік актілер болып табылады.
Қылмыстық құқық бұзушылықтың нысанасы кедендік баждар, салықтар, кедендік алымдар, арнайы, демпингке қарсы, өтемақы баждары болып табылады.
Кеден кодексінің 74-бабының 1-бөлігіне сәйкес кедендік төлемдер мен салықтарға мыналар жатады: 1) әкелу кедендік бажы; 2) әкету кедендік бажы; 3) тауарларды Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағына әкелу кезінде алынатын қосылған құн салығы; 4) тауарларды Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағына әкелу кезінде алынатын акциз (акциздер); 5) кедендік алымдар.
Кеден кодексінің 3-бабының 1-тармағына сәйкес:
кедендік баж — тауарларды Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік шекарасы арқылы өткізуге байланысты кеден органдары алатын міндетті төлем (17) тармақша);
бірыңғай мөлшерлемелер бойынша алынатын кедендік баждар, салықтар — жеке пайдалануға арналған тауарларға қатысты құрамдас кедендік баждар мен салықтарға бөлінбей есептелген кедендік баждар мен салықтардың сомасы (4) тармақша);
кедендік төлемдер — Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік шекарасы арқылы тауарларды өткізуге байланысты Кеден кодексіне сәйкес бюджетке төленуге жататын кедендік алымдар, кедендік баждар (26) тармақша);
салықтар — тауарларды Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағына әкелу кезінде кеден органдары алатын қосылған құн салығы және акциз (акциздер) (42) тармақша).
Кедендік баж мөлшерлемелері мынадай түрлерге бөлінеді: 1) адвалорлық — салық салынатын тауарлардың кедендік құнына пайызбен белгіленетін; 2) ерекшелік — заттай мәндегі физикалық сипаттамаларына (санына, салмағына, көлеміне немесе өзге де сипаттамаларына) қарай белгіленетін; 3) құрамдастырылған — кедендік баж мөлшерлемелерінің аталған екі түрін де қамтитын (Кеден кодексінің 75-бабы).
Кедендік алымдарға мыналар жатады: 1) тауарларды кедендік декларациялау үшін кедендік алым; 2) кедендік алып жүру үшін кедендік алым. Бірнеше автомобиль көлігі құралдарымен тасымалданатын тауарларды кедендік алып жүру кезінде кедендік алым сомасы көрсетілген көлік құралдарының санына пропорционалды түрде бөлінеді; 3) алдын ала шешім қабылдағаны үшін кедендік алым (Кеден кодексінің 77-бабы).
Осы қылмыстық құқық бұзушылықтың объективтік жағы кедендік баждарды, кедендік алымдарды, салықтарды, арнайы, демпингке қарсы, өтемақы баждарын ірі мөлшерде төлеуден жалтарумен сипатталады.
Кеден кодексінің 81-бабына сәйкес кедендік баждарды, салықтарды төлеушілер декларант немесе өздерінде кедендік баждарды, салықтарды төлеу міндеті туындаған өзге де тұлғалар болып табылады.
Тауарларды кедендік декларациялағаны үшін кедендік алымды төлеуші кедендік баждарды, салықтарды төлеуші болып табылады.
Кедендік алып жүру үшін кедендік алымды төлеуші — өзіне қатысты кедендік алып жүру туралы шешім қабылданған тұлға.
Алдын ала шешім қабылдағаны үшін кедендік алымды төлеуші — алдын ала шешім қабылдау туралы өтініш берген тұлға.
Кедендік баждар мен салықтарды төлеу мерзімдері Кеден кодексінің 90-бабында белгіленген.
Кеден кодексінің 189-бабында және 43-тарауында кедендік декларациялаудың ерекшеліктері белгіленген тауарларға қатысты кедендік баждар мен салықтарды төлеу мерзімдері осы бапқа және тарауға сәйкес айқындалады.
Арнайы кедендік рәсімге орналастырылатын (орналастырылған) тауарларға қатысты кедендік баждар мен салықтарды төлеу мерзімдері Кеден кодексінің 337-бабына сәйкес Комиссиямен және Комиссия көздеген жағдайларда Қазақстан Республикасының Үкіметімен айқындалады.
Төлеуші кедендік баждарды, салықтарды төлеу жөніндегі міндетін Кеден кодексінде белгіленген мерзімде орындамаған немесе тиісінше орындамаған жағдайда, Кеден кодексінің 90-бабының 4-тармағының үшінші бөлігінде көрсетілген жағдайды қоспағанда, өсімпұлдар төленеді.
Өсімпұлдарды төлеу немесе өндіріп алу, сондай-ақ есепке жатқызу (қайтару) Кеден кодексінде тиісті кедендік баждардың, кедендік алымдардың, салықтардың сомаларын төлеу немесе өндіріп алу, сондай-ақ есепке жатқызу (қайтару) үшін көзделген тәртіппен жүзеге асырылады.
Кедендік баждар мен салықтарды өндіріп алуды жүзеге асыратын кеден органы Кеден кодексінің 85-бабының 3-тармағына сәйкес Комиссия айқындаған тәртіппен кедендік баждарды, салықтарды төлеу жөніндегі міндет тоқтатылатын мән-жайлардың басталғанын растайтын құжатты алған жағдайда өсімпұлдар төленбейді.
Кедендік декларацияны беру мерзімі Кеден кодексінің 181-бабына сәйкес белгіленеді.
Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағына әкелінген тауарларға қатысты кедендік декларация тауарларды уақытша сақтау мерзімі аяқталғанға дейін немесе Кеден кодексінде белгіленген өзге мерзімде беріледі.
Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағынан әкетілетін тауарларға қатысты кедендік декларация, егер Кеден кодексінде өзгеше белгіленбесе, олар Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағынан кеткенге дейін беріледі.
Кеден кодексінің 76-бабына сәйкес кедендік алымдар тауарларды шығару, көлік құралдарын кедендік алып жүрумен байланысты кедендік операцияларды, сондай-ақ Кеден кодексінде белгіленген өзге де әрекеттерді жасағаны үшін алынатын міндетті төлемдер болып табылады.
Кедендік алымдардың мөлшерлемелерін Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілейді.
Кедендік алымдардың мөлшері кеден органдарының кедендік алымдар белгіленген әрекеттерді жасауға жұмсайтын болжамды шығындарының құнынан аспауға тиіс.
Кедендік алымдарды төлеушілер, кедендік алымдардың түрлері, төлеу мерзімдері мен тәртібі, кедендік алымдарды өндіріп алу және есепке жатқызу (қайтару), кедендік алымдарды төлеу бойынша жеңілдіктер, сондай-ақ кедендік алымдар төленбейтін жағдайлар Кеден кодексінде белгіленеді.
Кедендік баждар, салықтар мен өсімпұлдар төлеуші тарапынан бюджетке қолма-қол және қолма-қол ақшасыз тәсілдермен ұлттық валютада, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Кеден кодексінде белгіленген тәртіппен есепке жатқызу арқылы төленеді.
Кедендік баждар мен салықтарды төлеуді төлеушілер қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу мен қадағалау жөніндегі уәкілетті органның лицензиясы бар екінші деңгейдегі банктер, сондай-ақ банктік операциялардың жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдар арқылы жүргізеді.
Кедендік баждарды, кедендік алымдарды, салықтарды, арнайы, демпингке қарсы, өтемақы баждарын төлеуден жалтару мынадай нысандарда көрініс табуы мүмкін:
кедендік баждардан, кедендік алымдардан, салықтардан, арнайы, демпингке қарсы, өтемақы баждарынан босатуға немесе олардың мөлшерін төмендетуге әкеп соққан дәйексіз мәліметтерді мәлімдеуде;
төленген кедендік баждарды, кедендік алымдарды, салықтарды, арнайы, демпингке қарсы, өтемақы баждарын қайтаруға, төлемдер мен өзге де өтемақыларды алуға немесе оларды қайтармауға не толық көлемде қайтармауға құқық беретін дәйексіз мәліметтері бар құжаттарды ұсынуда;
кедендік баждарды, кедендік алымдарды, салықтарды, арнайы, демпингке қарсы, өтемақы баждарын төлеу мерзімдерін бұзуда.
Осы қылмыстық құқық бұзушылықтың құрамы формальдық болып табылады, яғни кедендік баждарды, кедендік алымдарды, салықтарды, арнайы, демпингке қарсы, өтемақы баждарын ірі мөлшерде төлеу мерзімі өткен сәттен бастап аяқталған болып есептеледі. ҚК-нің 3-бабының 38) тармағына сәйкес ірі мөлшер деп төленбеген кедендік баждардың, кедендік алымдардың, салықтардың, арнайы, демпингке қарсы, өтемақы баждарының бес мың айлық есептік көрсеткіштен асатын құны танылады.
Осы қылмыстық құқық бұзушылықтың субъективтік жағы тікелей қасақаналық түріндегі кінәмен сипатталады. Кінәлі адам кедендік баждарды, кедендік алымдарды, салықтарды, арнайы, демпингке қарсы, өтемақы баждарын ірі мөлшерде төлеуден жалтарып отырғанын сезінеді және осы әрекетті жасауды қалайды.
Қылмыстық құқық бұзушылықтың субъектісі — он алты жасқа толған, есі дұрыс жеке тұлға.
ҚК-нің 236-бабының 2-бөлігінде кедендік баждарды, кедендік алымдарды, салықтарды, арнайы, демпингке қарсы, өтемақы баждарын өзінің қызмет бабын пайдалана отырып жасаған лауазымды адамның төлеуден жалтарғаны үшін жоғарылаған қылмыстық жауаптылық белгіленген. Өзінің қызмет бабын пайдалана отырып әрекет жасаған лауазымды адамның іс-әрекетін саралау кезінде қызметтік міндетіне кедендік баждарды, кедендік алымдарды, салықтарды, арнайы, демпингке қарсы, өтемақы баждарын төлеуді бақылауды жүзеге асыру кіретін кеден органының лауазымды адамы туралы сөз болып отырғанын ескеру қажет. Лауазымды адам ұғымы ҚК-нің 3-бабының 26) тармағында берілген (ҚР ҚК-нің 3-бабына түсініктемені қараңыз).
ҚК-нің 236-бабының 3-бөлігінде қамтылған төлеуден жалтарудың аса сараланған құрамдары осы баптың 1 немесе 2-бөліктерінде көзделген әрекеттерді қылмыстық топтың жасағаны үшін жауаптылықты белгілейді. Қылмыстық топ ұғымы ҚК-нің 3-бабының 24) тармағында және 31-бабының 3-бөлігінде берілген.
ҚК-нің 236-бабына ескертуде қылмыстық жауаптылықтан босату негіздері көзделген. Кедендік баждарды, кедендік алымдарды, салықтарды, арнайы, демпингке қарсы, өтемақы баждарын төлеу бойынша туындаған берешекті, сондай-ақ олар есептелген жағдайда өсімпұлдар мен пайыздарды, Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген айыппұлдар сомасын өз еркімен төлеген адам, егер оның әрекеттерінде өзге қылмыстық құқық бұзушылық құрамы болмаса, ҚК-нің 236-бабының 1-бөлігі бойынша қылмыстық жауаптылықтан босатылады.
ҚК-нің 236-бабының 1-бөлігінде көзделген әрекет қылмыстық теріс қылықтарға жатады.
ҚК-нің 236-бабының 2-бөлігінде көзделген әрекет онша ауыр емес қылмыстарға жатады.
ҚК-нің 236-бабының 3-бөлігінде көзделген әрекет ауырлығы орташа қылмыстарға жатады.
Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексіне 2021 жылғы түсініктеме, авторы — Исидор Шамилович Борчашвили, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, заң ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Ұлттық жаратылыстану ғылымдары академиясының академигі, ҚР Конституциялық Кеңесі және ҚР Жоғарғы Соты жанындағы Ғылыми-консультативтік кеңестердің мүшесі, Қауіпсіздік Кеңесі жанындағы құқық қорғау жүйесін реформалау жөніндегі жұмыс тобының мүшесі, Қазақстан Республикасы ІІМ-нің еңбек сіңірген қызметкері.
Конституция Заң Кодекс Норматив Указ Бұйрық Шешім Қаулы Адвокат Алматы Заңгері Заңгерлік қызмет Заңгерлік кеңес беру Азаматтық Қылмыстық Әкімшілік істер мен даулар Қорғау Төрелік Қазақстан заң компаниясы Адвокаттық кеңсе Сот істері Декларация Жарлық Бұйрық Қаулы Шешім Баяндама Қорытынды Өтініш Қорытынды Конвенция Шарт Меморандум Әдістеме Нормалар Нота Қағидалар Бағдарлама Жарғы Хартия Бап Түсініктеме Резолюция Регламент Хаттама Жоба Бағдарлама Қағидалар Жолдаулар