Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 244-бабына түсініктеме. Азаматтың салықты және (немесе) бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдерді төлеуден жалтаруы
1. Азаматтың декларацияны тапсыру міндетті болып табылатын жағдайларда кірістер туралы декларацияны тапсырмау арқылы не декларацияға немесе салықтарды және (немесе) бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдерді есептеуге немесе төлеуге байланысты өзге де құжаттарға кірістер немесе шығыстар туралы не салық салуға жататын мүлік туралы көрінеу бұрмаланған мәліметтерді енгізу арқылы, жұмыстар нақты орындалмай, қызметтер нақты көрсетілмей, тауарлар нақты жөнелтілмей шот-фактураны пайдалана отырып, егер бұл әрекет салықтың және (немесе) бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдердің ірі мөлшерде төленбеуіне алып келсе, —
үш мың айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына, не сегіз жүз сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға, не үш жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге, не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
Ескерту. Осы бапта көзделген іс-әрекетті жасаған адам салықтар және (немесе) бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер бойынша берешекті, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген өсімпұлды өз еркімен төлеген жағдайда қылмыстық жауаптылықтан босатылады.
Салықтар мен өзге де міндетті төлемдер Қазақстан Республикасы мемлекеттік бюджетінің кіріс бөлігін қалыптастырудың маңызды көздерінің бірі болып табылады.
Осы қылмыстың қоғамдық қауіптілігі әркімнің заңды түрде белгіленген салықтарды, алымдар мен өзге де міндетті төлемдерді төлеу жөніндегі конституциялық міндетін қасақана орындамауында (ҚР Конституциясының 35-бабы) және Қазақстан бюджетіне ақшалай қаражаттың түспеуіне алып келуінде.
Қылмыстың объектісі мемлекеттің қаржылық мүдделері болып табылады.
ҚР ҚК-нің 244-бабына сәйкес қылмыстың нысанасына мемлекеттік бюджетке төленетін төлемдердің екі түрі: заңға сәйкес тек жеке тұлғалар төлейтін салықтар мен өзге де міндетті төлемдер жатады.
Бұдан басқа, нысана ретінде кірістер туралы декларация да болуы мүмкін, яғни бұл салық төлеуші толтыруға қажетті мәліметтерді көрсететін және салық органына тапсырылатын белгіленген үлгідегі ресми құжат. Бұл құжат салық базасының өлшем бірлігіне салықтық есептеулердің шамасы болып табылатын салық мөлшерлемесіне сәйкес төленуге жататын салық мөлшерін айқындауға негіз болады.
2017 жылғы 25 желтоқсандағы ҚР «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» кодексінің (Салық кодексі) 1-бабы 1-тармағының 55) тармақшасына сәйкес салықтар — Кодексте көзделген жағдайларды қоспағанда, мемлекет біржақты тәртіппен заң жүзінде белгілеген, белгілі бір мөлшерде жүргізілетін, қайтарымсыз және өтеусіз сипаттағы бюджетке төленетін міндетті ақшалай төлемдер.
Бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер — Кодексте белгіленген мөлшерде және жағдайларда жүргізілетін, кедендік төлемдерді қоспағанда, төлемдер, алымдар, баждар түріндегі бюджетке міндетті ақшалай аударымдар (СК 1-бабы 1-тармағының 10) тармақшасы).
Салық кодексінің 189-бабында салықтар мен бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдердің түрлері айқындалған. Осылайша, Қазақстан Республикасында салықтардың мынадай түрлері қолданылады:
корпоративтік табыс салығы;
жеке табыс салығы;
қосылған құн салығы;
акциздер;
экспортқа ренталық салық;
жер қойнауын пайдаланушылардың арнаулы төлемдері мен салықтары;
әлеуметтік салық;
көлік құралдары салығы;
жер салығы;
мүлік салығы;
ойын бизнесі салығы (1-тармақтың 1) тармақшасы).
Салық кодексінде бюджетке төленетін мынадай төлемдер айқындалған:
мемлекеттік баж;
алымдар;
мынадай қызметтерді пайдаланғаны үшін төлемақы:
қызметтің жекелеген түрлерімен айналысуға арналған лицензияларды пайдаланғаны үшін;
жер учаскелерін пайдаланғаны үшін;
жерүсті көздерінің су ресурстарын пайдаланғаны үшін;
қоршаған ортаға эмиссиялар үшін;
жануарлар дүниесін пайдаланғаны үшін;
орман пайдаланғаны үшін;
ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды пайдаланғаны үшін;
радиожиілік спектрін пайдаланғаны үшін;
қалааралық және (немесе) халықаралық телефон байланысын, сондай-ақ ұялы байланысты ұсынғаны үшін;
сыртқы (көрнекі) жарнаманы орналастырғаны үшін (Салық кодексінің 189-бабы 1-тармағының 2) тармақшасы).
Халықаралық шарттарды қолдану мақсаттары үшін жанама салықтар ретінде қосылған құн салығы, акциздер танылады (СК 189-бабының 2-тармағы).
Салықтардың, бюджетке төленетін төлемдердің сомалары ҚР Бюджет кодексінде және республикалық бюджет туралы заңда айқындалған тәртіппен тиісті бюджеттердің кірістеріне түседі (СК 189-бабының 3-тармағы).
ҚР ҚК-нің 244-бабының диспозициясы бланкеттік сипатқа ие, өйткені салықтарды төлеу тәртібі ҚР Салық кодексімен белгіленеді.
Қылмыстың объективтік жағы мынадай әрекеттерді немесе әрекетсіздікті жасаудан көрінеді:
- Азаматтың декларацияны тапсыру міндетті болып табылатын жағдайларда кірістер туралы декларацияны тапсырмау арқылы салықты және (немесе) бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдерді төлеуден жалтаруы.
Салық кодексінің 363-бабының 1-тармағына сәйкес жеке табыс салығы бойынша декларацияны мынадай резидент салық төлеушілер тапсырады:
жеке кәсіпкерлер;
жеке практикамен айналысатын адамдар; Салық кодексінің 1-бабы 1-тармағының 19) тармақшасына сәйкес жеке практикамен айналысатын адам — жеке нотариус, жеке сот орындаушысы, адвокат, кәсіпқой медиатор;
мүліктік табыс алған жеке тұлғалар;
Қазақстан Республикасынан тыс жерлердегі көздерден табыс алған жеке тұлғалар;
Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасына сәйкес салық агенті болып табылмайтын тұлғалардан табыс алатын үй жұмыскерлері;
Қазақстан Республикасында аккредиттелген, шет мемлекеттің дипломатиялық және соларға теңестірілген өкілдіктерімен, шет мемлекеттің консулдық мекемелерімен жасалған еңбек шарттары (келісімшарттары) және (немесе) азаматтық-құқықтық сипаттағы шарттар бойынша жұмыскердің табысын алатын, салық агенттері болып табылмайтын Қазақстан Республикасының азаматтары;
Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарға сәйкес төлем көзінен жеке табыс салығын есептеу, ұстап қалу және аудару міндетінен босатылған халықаралық және мемлекеттік ұйымдармен, шетелдік және қазақстандық үкіметтік емес қоғамдық ұйымдармен және қорлармен жасалған еңбек шарттары (келісімшарттары) және (немесе) азаматтық-құқықтық сипаттағы шарттар бойынша жұмыскердің табысын алатын Қазақстан Республикасының азаматтары;
Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасына сәйкес еңбек иммигрантына берілген рұқсат негізінде жасалған еңбек шарттары бойынша табыс алатын (алуға тиіс) Қазақстан Республикасының резидент еңбек иммигранттары;
Қазақстан Республикасының «Медиация туралы» Заңына сәйкес кәсіпқой медиаторларды қоспағанда, салық агенттері болып табылмайтын тұлғалардан табыс алатын медиаторлар;
Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес шаруашылық есепке алу кітабына енгізілген жеке қосалқы шаруашылықтан салық салуға жататын табыс алатын, жеке қосалқы шаруашылықпен айналысатын адамның салық агентіне анық емес мәліметтер беруіне байланысты төлем көзінен жеке табыс салығы ұсталмаған жеке тұлғалар;
есепті салық кезеңінің 31 желтоқсандағы жағдай бойынша Қазақстан Республикасының шегінен тыс орналасқан шетелдік банктердегі банк шоттарында республикалық бюджет туралы заңда белгіленген және есепті салық кезеңінің 31 желтоқсанында қолданыста болған айлық есептік көрсеткіштің 141 еселенген мөлшерінен асатын мөлшерде ақшасы бар Қазақстан Республикасының азаматтары, қандастар және Қазақстан Республикасында тұруға ықтиярхаты бар адамдар;
есепті салық кезеңінің 31 желтоқсандағы жағдай бойынша меншігінде мынадай мүлкі бар Қазақстан Республикасының азаматтары, қандастар және Қазақстан Республикасында тұруға ықтиярхаты бар адамдар:
шетел мемлекетінің заңнамасына сәйкес шетел мемлекетінің құзыретті органында мемлекеттік немесе өзге де тіркеуге (есепке алуға) жататын жылжымайтын мүлік (оған құқықтар және (немесе) мәмілелер);
эмитенттері Қазақстан Республикасынан тыс жерлерде тіркелген бағалы қағаздар;
Қазақстан Республикасынан тыс жерлерде тіркелген заңды тұлғаның жарғылық капиталындағы қатысу үлесі.
Қазақстан Республикасы Парламентінің депутаттары, судьялар, сондай-ақ ҚР «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңына, ҚР Қылмыстық-атқару кодексіне және ҚР «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» Заңына сәйкес декларация тапсыру міндеті жүктелген жеке тұлғалар Қазақстан Республикасының аумағында да, одан тыс жерлерде де орналасқан салық салу объектісі болып табылатын кірістері мен мүлкі туралы декларацияны тапсырады (Салық кодексінің 363-бабының 2-тармағы).
Бұл ретте осы тармақта көрсетілген адамдар, оның ішінде Қазақстан Республикасынан тыс жерлерде оқу, тағылымдамадан өту немесе практикадан өту мақсатында жүрген адамдар, егер осы тармақта көзделген негіздер болмаса, жеке табыс салығы бойынша декларацияны тапсырмайды.
Жеке табыс салығы бойынша декларация салық органына орналасқан жері (тұрғылықты жері) бойынша есепті салық кезеңінен кейінгі жылдың 31 наурызынан кешіктірілмей ұсынылады, бұған ҚР «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңында, ҚР Қылмыстық-атқару кодексінде және ҚР «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» Заңында көзделген жағдайлар кірмейді (Салық кодексінің 364-бабының 1-тармағы);
Азаматтың декларацияға кірістер немесе шығыстар туралы не салық салуға жататын мүлік туралы көрінеу бұрмаланған мәліметтерді енгізу арқылы салықты немесе бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдерді төлеуден жалтаруы;
Азаматтың салықтарды және (немесе) бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдерді есептеуге немесе төлеуге байланысты өзге де құжаттарға кірістер немесе шығыстар туралы не салық салуға жататын мүлік туралы көрінеу бұрмаланған мәліметтерді енгізу арқылы салықты немесе бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдерді төлеуден жалтаруы;
Азаматтың жұмыстарды нақты орындамай, қызметтерді нақты көрсетпей, тауарларды нақты жөнелтпей шот-фактураны пайдалану арқылы салықты немесе бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдерді төлеуден жалтаруы;
Егер бұл әрекет салықтың және (немесе) бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдердің ірі мөлшерде төленбеуіне алып келсе.
Кірістер туралы декларацияны тапсырмау азамат салық заңнамасында белгіленген декларацияны тапсыру мерзімдері өткеннен кейін оны тұрғылықты жері бойынша тиісті салық органдарына тапсырмаған жағдайда орын алады.
Декларацияға немесе өзге де құжаттарға кірістер немесе шығыстар туралы не мүлік туралы көрінеу бұрмаланған мәліметтерді енгізу деп декларацияда немесе өзге де құжаттарда кірістердің, шығыстардың мөлшері немесе мүлік туралы шындыққа сәйкес келмейтін кез келген мәліметтерді қасақана көрсетуді түсіну қажет.
Салық кодексінің 412-бабының 1-тармағына сәйкес тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді өткізу бойынша айналым жасалған кезде шот-фактураны жазып беруге мыналар міндетті:
Кодекстің 367-бабы 1-тармағының 1) тармақшасында көзделген қосылған құн салығын төлеушілер;
Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарды іске асыру мақсатында қабылданған Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерінде көзделген жағдайларда салық төлеушілер;
Кодекстің 416-бабында белгіленген жағдайларда қосылған құн салығын төлеуші болып табылмайтын комиссионер;
Кодекстің 415-бабында белгіленген жағдайларда қосылған құн салығын төлеуші болып табылмайтын экспедитор;
импортталған тауарларды өткізу жағдайында салық төлеушілер.
Шот-фактурада салық салынатын айналымның мөлшері тауарлардың, жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің әрбір атауы бойынша бөлек көрсетіледі.
Салық төлеушілер өзге де мәліметтерден басқа, шот-фактурада немесе Салық кодексінің 400-бабының 1-тармағында көзделген өзге де құжатта мыналарды көрсетеді:
қосылған құн салығымен салық салынатын айналымдар бойынша — қосылған құн салығының сомасын;
салық салынатын, оның ішінде қосылған құн салығынан босатылған айналымдар бойынша — «ҚҚС-сыз» деген белгіні.
Қарастырылып отырған қылмысты жасау кезінде шот-фактура жұмыстарды нақты орындамай, қызметтерді нақты көрсетпей, тауарларды нақты жөнелтпей жазып беріледі.
ҚР Жоғарғы Сотының 2020 жылғы 24 қаңтардағы «Экономикалық қызмет саласындағы қылмыстық құқық бұзушылықтар туралы істер бойынша соттардың заңнаманы қолдануының кейбір мәселелері туралы» нормативтік қаулысының 26-тармағына сәйкес, салықты және (немесе) бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдерді төлеуден жалтару туралы қылмыстық істерді қарау кезінде соттар Салық кодексінің нормалары салықтардың және бюджетке төленетін міндетті төлемдердің түрлерін, оларды төлеу мерзімдерін және салық салу мен төлемдердің объектілерін айқындайтынын ескеруі тиіс.
Төленбеген салықтардың және (немесе) бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдердің сомасы дәлелдемелер жиынтығының, оның ішінде салықтық тексеру актісінің, маманның (сарапшының) қорытындысының және басқа да дәлелдемелердің негізінде, салық пен міндетті төлемнің түріне және оларды төлеу мерзімдеріне қарамастан, төлем жасалмаған бүкіл кезең үшін жалпы соманы есептей отырып айқындалады.
Салықтарды және (немесе) бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдерді жұмыстар нақты орындалмай, қызметтер нақты көрсетілмей, тауарлар нақты жөнелтілмей жазып берілген шот-фактураларды пайдалана отырып төлеуден жалтарған кезде, — жоғарыда аталған нормативтік қаулының 29-тармағында атап өтілгендей, — салық төлеуден жалтарған адам мен жалған шот-фактураларды ұсынған адамның ҚР ҚК-нің 216 және 244 не 245-баптарында көзделген қылмыстық құқық бұзушылықтарды жасауға сыбайлас қатысуының бар-жоғын анықтау қажет.
Жалған шот-фактураларды жазып берген және (немесе) олар бойынша ақшалай қаражатты қолма-қол ақшаға айналдырған адам ұсталған кезде, сондай-ақ орындалмауы құжаттардың жасырылуына немесе жойылуына әкеп соғуы мүмкін шұғыл тергеу әрекеттерін жүргізуді талап ететін басқа да жағдайларда қылмыстық қудалау органы ҚПК-нің 122-бабының 2-бөлігіне сәйкес жалған шот-фактуралар жазып берілген тұлғаға қатысты салықтық тексеруді бастауға бастамашылық жасауға, маманды тартуға не сот-экономикалық сараптама тағайындауға құқылы.
ҚР ҚК-нің 244 және 245-баптары бойынша қылмыстық істер жөніндегі айыптау актісінде айыпталушы бұзған қылмыстық құқық бұзушылық жасалған кездегі редакциясындағы салық заңнамасының нормалары, салықтар және (немесе) бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер бойынша декларацияларды тапсыру мерзімдері және оларды төлеу мерзімдері міндетті түрде көрсетілуге тиіс. Айыптау актісінде мұндай мәліметтер болмаған жағдайда сот алдын ала тыңдау барысында осы мән-жайларды басты сот талқылауын тағайындауға кедергі келтіретін қылмыстық-процестік заңнаманың елеулі бұзушылықтары деп тануға және ҚПК-нің 323-бабына сәйкес істі прокурорға қайтару туралы мәселені шешуге тиіс.
Салық кодексінде салықтардың және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдердің түріне қарай декларацияларды тапсырудың әртүрлі мерзімдері және салықтарды төлеудің әртүрлі мерзімдері көзделген. Соттар декларацияны тапсыру мерзімі мен салықтарды және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдерді төлеу мерзімі сәйкес келмеуі мүмкін екенін ескеруі тиіс. ҚР ҚК-нің 244 және 245-баптарында көзделген қылмыстық құқық бұзушылықтың аяқталу сәті салық заңнамасында белгіленген салықты (бюджетке төлемді) төлеу мерзімінің соңғы күнінен кейінгі күн болып табылады.
Жоғарғы Сот аталған қаулының 28-тармағында атап өткендей, салықтарды және (немесе) бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдерді төлеуден жалтару тек тікелей қасақаналықпен жасалады, бұл ретте азамат салықтар мен төлемдерді төлеуден жалтару мақсатында, оны жасауға міндетті бола тұра, кірістер туралы декларацияны қасақана тапсырмайды не декларацияға немесе салықтарды және (немесе) бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдерді есептеуге немесе төлеуге байланысты өзге де құжаттарға кірістер немесе шығыстар туралы не салық салуға жататын мүлік туралы көрінеу бұрмаланған мәліметтерді енгізеді.
Қылмыстық құқық бұзушылықтың ірі мөлшері ҚР ҚК-нің 3-бабының 38) тармағында айқындалған және бюджетке түспеген төлемдер сомасы жиырма мың айлық есептік көрсеткіштен асатын мөлшерді құрайды. Айлық есептік көрсеткіштің мөлшері әрбір жеке жылға арналған «Республикалық бюджет туралы» ҚР Заңында белгіленеді.
Салықтарды және басқа да міндетті төлемдерді төлеуден жалтару мақсатында ұйымдардың құқық беретін немесе міндеттерден босататын ресми құжаттарын, сондай-ақ мөртабандарды, мөрлерді, бланкілерді қолдан жасаған жағдайларда, негіздер болған кезде жасалған әрекет ҚР ҚК-нің 244 немесе 245-баптарында және 385-бабында көзделген қылмыстық құқық бұзушылықтардың жиынтығы бойынша саралануға тиіс.
Қылмыс құрамы құрылымы бойынша материалдық болып табылады. Егер бұл әрекет салықтың және (немесе) бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдердің ірі мөлшерде төленбеуіне алып келсе, қылмыс аяқталған болып есептеледі.
Субъективтік жағынан қылмыс кінәнің қасақана нысанымен сипатталады. Адам декларацияны тапсыру міндетті болып табылатын жағдайларда кірістер туралы декларацияны тапсырмау арқылы не декларацияға немесе салықтарды және (немесе) бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдерді есептеуге немесе төлеуге байланысты өзге де құжаттарға кірістер немесе шығыстар туралы не салық салуға жататын мүлік туралы көрінеу бұрмаланған мәліметтерді енгізу арқылы, жұмыстар нақты орындалмай, қызметтер нақты көрсетілмей, тауарлар нақты жөнелтілмей шот-фактураны пайдалана отырып, салықты және (немесе) бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдерді төлеуден жалтарып отырғанын сезінеді, салдардың туындау мүмкіндігін немесе болмай қоймайтынын алдын ала біледі және соны қалайды не оған немқұрайлы қарайды.
Қарастырылып отырған қылмыстың субъектісі — 16 жасқа толған, есі дұрыс және заңды түрде белгіленген салықтарды төлеуге міндетті жеке тұлға.
Салық кодексінің 1-бабы 1-тармағының 57) тармақшасына сәйкес салық төлеуші — салықтар мен бюджетке төленетін төлемдерді төлеуші болып табылатын тұлға және (немесе) заңды тұлғаның құрылымдық бөлімшесі.
Ескертпеде түсіндірме беріліп отырған бапта көзделген әрекетті жасаған адамның салықтар және (немесе) бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер бойынша берешекті, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген өсімпұлды өз еркімен төлеген жағдайда қылмыстық жауаптылықтан босатылатыны атап көрсетілген. Зиян толық көлемде өтелуге тиіс. Зиянды ішінара өтеу, кінәлі адамның болашақта зиянды өтеу жөніндегі міндеттемелері оны қылмыстық жауаптылықтан босатуға негіз болып табылмайды.
ҚР ҚК-нің 244-бабында көзделген әрекет ауырлығы орташа қылмыстарға жатады.
Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексіне 2021 жылғы түсініктеме авторы — Исидор Шамилович Борчашвили, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, заң ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Ұлттық жаратылыстану ғылымдары академиясының академигі, ҚР Конституциялық Кеңесі және ҚР Жоғарғы Соты жанындағы Ғылыми-консультативтік кеңестердің мүшесі, Қауіпсіздік Кеңесі жанындағы құқық қорғау жүйесін реформалау жөніндегі жұмыс тобының мүшесі, Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің еңбек сіңірген қызметкері.
Конституция Заң Кодекс Норматив Указ Бұйрық Шешім Қаулы Адвокат Алматы Заңгер Заңгерлік қызмет Заңгерлік консультация Азаматтық Қылмыстық Әкімшілік істер даулар Қорғау Төрелік Қазақстанның заңгерлік компаниясы Адвокаттық кеңсе Сот істері Декларация Жарлық Бұйрық Қаулы Шешім Баяндама Қорытынды Өтініш Қорытынды Конвенция Шарт Меморандум Әдістеме Нормалар Нота Ережелер Бағдарлама Жарғы Хартия Бап Түсініктеме Резолюция Регламент Хаттама Жоба Бағдарлама Ережелер