Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 134-бабына түсініктеме. Қылмыстық құқық бұзушылық жасады деген күдік бойынша ұсталғандарды күзетпен ұстау тәртібі
Қылмыстық құқық бұзушылық жасады деген күдік бойынша ұсталғандар уақытша ұстау изоляторларында ұсталады. Қылмыстық құқық бұзушылық жасады деген күдік бойынша ұсталған әскери қызметшілер мен бас бостандығынан айыру түріндегі жазаны өтеп жүрген адамдар тиісінше гауптвахталарда және бас бостандығынан айыру түріндегі жазаны орындайтын қылмыстық-атқару жүйесінің мекемелерінде де ұсталуы мүмкін. Осы Кодекстің 61-бабы екінші бөлігінің 9) тармағында және үшінші бөлігінде көзделген жағдайларда қылмыстық құқық бұзушылық жасады деген күдік бойынша ұсталғандар анықтау органының бастығы айқындайтын арнайы жабдықталған үй-жайларда ұсталады. Төтенше жағдай режимі жағдайында қылмыстық құқық бұзушылық жасады деген күдік бойынша ұсталғандар жергілікті жердің коменданты айқындайтын, осы мақсаттарға бейімделген үй-жайларда ұсталуы мүмкін. Қылмыстық құқық бұзушылық жасады деген күдік бойынша ұсталған адамдарды күзетпен ұстау тәртібі мен шарттары Қазақстан Республикасының заңнамасымен айқындалады.
Түсіндіріліп отырған бап күзетпен ұсталатын, сотталмаған адамдар ретінде белгілі бір құқықтар мен міндеттердің иелері болып табылатын ұсталғандарды ұстау орындарына маңызды мән береді. ҚПК-нің 134-бабының нормаларымен ұсталғандарды күзетпен ұстауға арналған бірнеше осындай орын бекітілген, бұл қылмыстық құқық бұзушылық жасалған жерге және қылмыстық істің мән-жайларына, олардың жеке басына және елдің белгілі бір өңірінде қалыптасқан ерекше жағдайларға байланысты.
Әдетте, ҚПК ұсталған адамның болуы үшін стандартты, жалпыға бірдей қабылданған орын ретінде уақытша ұстау изоляторларын (арнайы мекеменің түрі) айқындайды. Алайда бұл әрдайым мүмкін бола бермейді. Сондықтан ҚПК-нің 134-бабының нормаларына және 1999 жылғы 30 наурыздағы «Адамдарды қоғамнан уақытша оқшаулауды қамтамасыз ететін арнайы мекемелерде, арнайы үй-жайларда ұстау тәртібі мен шарттары туралы» Заңның 7-бабының 1-3-тармақтарына сәйкес, жалпы алғанда, іс бойынша іс жүргізу кезінде күдіктілер мен айыпталушыларды күзетпен ұстау орындары мыналар болуы мүмкін:
Қазақстан Республикасы қылмыстық-атқару жүйесі мен ұлттық қауіпсіздік органдарының тергеу изоляторлары (арнайы мекеменің түрі);
Қазақстан Республикасы ішкі істер органдарының, ұлттық қауіпсіздік органдарының уақытша ұстау изоляторлары;
бас бостандығынан айыру түріндегі жазаны орындайтын қылмыстық-атқару жүйесінің түзеу мекемелері және гауптвахталар;
алыс сапарда жүрген теңіз кемелерінің капитандары, шекаралық отрядтардың бастықтары, жергілікті жердің коменданты айқындаған және күдіктілерді ұстауға арнайы бейімделген үй-жайлар.
Ұсталғандарды күзетпен ұстау орындарының қызметі құқық қорғау, арнаулы мемлекеттік және әскери органдардың, сондай-ақ Бас Прокурордың заңға тәуелді актілерімен егжей-тегжейлі реттелген. Автордың ҚПК нормаларына түсініктеме беріп отырғанын, ал жүйелі түрде өзгертіліп және толықтырылып, заңдық күшін жоятын заңға тәуелді актілерге түсініктеме бермейтінін ескере отырып (бұл қазіргі ведомстволық құқық шығармашылығының елеулі проблемасы), ол оқырманды осы заңға тәуелді актілердің толық мәтіндері орналастырылған ақпараттық-құқықтық жүйеге (АҚЖ) сілтейді.
Жоғарыда баяндалғанның шеңберінде отандық құқық қолданушылар үшін БҰҰ Бас Ассамблеясы 2015 жылғы 17 желтоқсанда қабылдаған (70/175 қарар, қосымша) Тұтқындарға қараудың ең төменгі стандартты қағидаларының (Нельсон Мандела қағидалары) 2-бөлімінің С бөлігінің нормалары принципті маңызға ие. Бұл қағидалар 1955 жылғы 30 тамызда Қылмыстың алдын алу және құқық бұзушыларға қарау жөніндегі БҰҰ-ның Бірінші конгресінде қабылданған және 1957 жылғы 31 шілдеде Экономикалық және Әлеуметтік Кеңестің 994-ші пленарлық отырысында мақұлданған Тұтқындарға қараудың ең төменгі стандартты қағидаларының орнына қабылданған. Біз оларды толық әрі сөзбе-сөз келтіруді қажет деп санаймыз. Бұл қылмыстық процесс саласында процестік мәжбүрлеу шараларын қолданудың құқықтық негізін және әркімнің жеке бас бостандығы мен қадір-қасиетіне қол сұғылмау жөніндегі конституциялық құқықтарын одан әрі жетілдіру жалғасып жатқан жағдайда өзекті болып табылады:
«С. Қамауда отырған немесе сотты күтіп жүрген адамдар.
111-қағида.
Қылмыстық құқық бұзушылық жасады деп айыпталып, полиция бөлімшелерінде немесе түрме мекемелерінде (тергеу изоляторларында) ұсталатын, бірақ әлі сотқа шақырылмаған және сотталмаған адамдар төмендегі қағидаларда тергеудегі тұтқындар деп аталады.
Тергеудегі тұтқындар кінәсіз деп есептеледі және оларға тиісінше қарау қажет (автор бөліп көрсеткен. — М.К.).
Жеке адамның бостандығын қорғауға қатысты немесе тергеудегі тұтқындармен жұмыс істеу тәртібін белгілейтін заң нормаларын сақтауға нұқсан келтірмей, бұл тұтқындарға келесі қағидаларда баяндалған ерекше режим қолданылуға тиіс және төменде тек осы режимнің талаптары сипатталады.
112-қағида.
Тергеудегі тұтқындар сотталғандардан бөлек ұсталуға тиіс.
Тергеудегі жас тұтқындар ересектерден бөлек және, негізінен, жеке мекемелерде ұсталуға тиіс.
113-қағида.
Тергеудегі тұтқындар түнде әрқайсысы жеке үй-жайларда орналастырылуға тиіс, алайда климаттық жағдайларға байланысты туындайтын жергілікті ерекшеліктер ескерілуі қажет.
114-қағида.
Егер бұл тиісті мекемеде белгіленген тәртіпті бұзбаса, тергеудегі тұтқындарға өз қалауы бойынша өз қаражаты есебінен тамақ алуға рұқсат етілуі мүмкін. Бұл тамақ түрм әкімшілігінің органдары арқылы не олардың отбасы мүшелері немесе достары арқылы жеткізілуі мүмкін. Өзге жағдайда тұтқынды тамақпен қамтамасыз етуді әкімшілік жүзеге асырады.
115-қағида.
Тергеудегі тұтқындар өздерінің жеке киімдерін, егер олар таза әрі әдепті болса, киюге құқылы. Егер тергеудегі тұтқын түрме киімін кисе, ол сотталғандарға арналған киімнен ерекшеленуге тиіс.
116-қағида.
Тергеудегі тұтқындарға әрдайым еңбек ету мүмкіндігі берілуге тиіс, алайда жұмыс істеу олар үшін міндетті емес. Егер мұндай тұтқын жұмыс істеуге шешім қабылдаса, оның еңбегіне ақы төленуге тиіс.
117-қағида.
Барлық тергеудегі тұтқындарға өз қаражаты есебінен немесе үшінші тұлғалардың қаражаты есебінен кітаптар, газеттер, жазу құралдары мен уақытын өткізуге мүмкіндік беретін басқа да заттарды сатып алу мүмкіндігі берілуге тиіс, бұл ретте олар сот төрелігін жүзеге асыру мүдделеріне, қауіпсіздік талаптарына және тиісті мекемеде белгіленген тәртіпке қайшы келмеуге тиіс.
118-қағида.
Тергеудегі тұтқындарға түрмеде болған уақытында өздерінің жеке дәрігерінің немесе стоматологының қызметтерін пайдалануға рұқсат етілуге тиіс, егер мұндай өтініш негізді деп танылса және олар осыған байланысты шығыстарды көтере алатын болса.
119-қағида.
Әрбір тергеудегі тұтқын өзінің ұсталу себептері және өзіне тағылған кез келген айыптар туралы шұғыл түрде хабардар етілуге құқылы.
Егер тергеудегі тұтқынның өз таңдауы бойынша адвокаты болмаса, сот немесе өзге орган тағайындаған адвокаттың көмегін алуға құқығы болуға тиіс, бұл сот төрелігінің мүдделері талап ететін барлық жағдайларда қамтамасыз етіледі және егер тұтқынның жеткілікті ақшалай қаражаты болмаса, одан ешқандай ақы алынбайды. Адвокатқа қол жеткізуден бас тарту тәуелсіз органның қарауына дереу берілуге тиіс» және т.б.
Қазақстан Республикасының Қылмыстық-процестік кодексіне 2020 жылғы түсініктеме. Заң ғылымдарының докторы, Қазақстанның құрметті заңгері, профессор, Қазақстан Ұлттық жаратылыстану ғылымдары академиясының академигі, Қазақстан Республикасы ІІМ-нің еңбек сіңірген қызметкері Марат Чекишевич Қоғамов.
Конституция Заң Кодекс Нормативтік Указ Бұйрық Шешім Қаулы Адвокат Алматы Заңгері Заңгерлік қызмет Заңгерлік консультация Азаматтық Қылмыстық Әкімшілік істер даулары Қорғау Арбитраждық Қазақстанның заң компаниясы Адвокаттық кеңсе Сот істері Декларация Жарлық Бұйрық Қаулы Шешім Баяндама Қорытынды Өтініш Қорытынды Конвенция Шарт Меморандум Әдістеме Нормалар Нота Қағидалар Бағдарлама Жарғы Хартия Бап Түсініктеме Қарар Регламент Хаттама Жоба Бағдарлама Қағидалар Жолдаулар