Қазақстан Республикасының Қылмыстық-процестік кодексінің 128-бабына түсініктеме. Ұстап алудың негіздері
1. Қылмыстық құқық бұзушылық жасады деген күдік бойынша ұстап алу – қылмыстық қудалау органы қылмыстың жолын кесу және оған қатысты күзетпен ұстау түріндегі бұлтартпау шарасын қолдану туралы мәселені шешу немесе адам жасырынып қалуы не неғұрлым ауыр әрекет жасауы мүмкін деп пайымдауға негіздер болған кезде қылмыстық теріс қылық бойынша іс жүргізуді қамтамасыз ету мақсатында қолданатын процестік мәжбүрлеу шарасы.
2. Қылмыстық қудалау органының лауазымды адамы бас бостандығынан айыру түріндегі жаза тағайындалуы мүмкін қылмыс жасады деген күдік келтірілген адамды мынадай негіздердің бірі болған кезде ұстап алуға құқылы:
1) бұл адам қылмыс жасау кезінде немесе оны жасағаннан кейін тікелей ұсталған кезде;
2) көзімен көрген адамдар (куәлар), оның ішінде жәбірленушілер осы адамды қылмыс жасаған адам ретінде тікелей көрсеткен кезде не осы Кодекстің 130-бабында көзделген тәртіппен бұл адамды ұстап алған кезде;
3) осы адамның өзінде немесе киімінде, жанында немесе оның тұрғынжайында қылмыстың айқын іздері табылған кезде;
4) адамға қатысты жедел-іздестіру, қарсы барлау қызметінің және (немесе) жасырын тергеу әрекеттерінің заңға сәйкес алынған материалдарында оның жасаған немесе жасауға дайындалып жатқан қылмысы туралы анық деректер болған кезде.
3. Қылмыс жасады деген күдік бойынша адамдарды ұстап алу осы баптың екінші бөлігінің 1) тармағында көзделген негізді қоспағанда, қажетті кейінге қалдыруға болмайтын тергеу әрекеттері жүргізілгеннен кейін жүргізіледі.
4. Қылмыстық құқық бұзушылық жасады деп күдіктенуге негіз болатын өзге де деректер болған кезде, адамды ол жасырынуға әрекет жасаған жағдайда не оның тұрақты тұрғылықты жері болмаса немесе күдіктінің жеке басы анықталмаса, не сотқа күзетпен ұстау түріндегі бұлтартпау шарасына санкция беру туралы өтінішхат жіберілген жағдайда ғана ұстап алуға болады.
5. Қылмыстық құқық бұзушылық жасады деген күдік бойынша ұстап алынған адамды ұстау мерзімі нақты ұстап алынған кезден бастап есептеледі және жетпіс екі сағаттан аспауға тиіс.
Ескерту. 128-бапқа Қазақстан Республикасының 2016 жылғы 28 желтоқсандағы № 36-VI Заңымен өзгеріс енгізілді (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін екі ай өткен соң қолданысқа енгізіледі).
Конституцияның 16-бабының 2-тармағында: «Соттың санкциясынсыз адамды жетпіс екі сағаттан аспайтын мерзімге ұстауға болады», – деп белгіленген. Қылмыстық құқық бұзушылық жасады деген күдік бойынша ұстап алынған адамды ұстау мерзімі нақты ұстап алынған кезден бастап есептеледі және жетпіс екі сағаттан аспауға тиіс, – деп Конституция нормасын ҚПК-нің 128-бабының 5-бөлігі қайталайды әрі нақтылайды.
Келтірілген ережелер адамды күдікті ретінде ұстап алудың құқықтық табиғатын айқындайды: бұл – қылмыстық процестің міндеттері мен мақсаттарын шешу үшін (қылмыстың жолын кесу және негіздер болған жағдайда ұстап алынған адамға қатысты күзетпен ұстау түріндегі бұлтартпау шарасын қолдану туралы мәселені шешу үшін) адам мен азаматты қысқа мерзімге бостандығынан айыру.
Демек, әртүрлі келісімдер мен санкциялар алу арқылы адамды ұстап алу осы процестік әрекеттің рөлі мен мақсатына сәйкес келмейді. ҚПК-нің 196-бабына сәйкес, күдіктіні ұстап алу кейінге қалдыруға болмайтын тергеу әрекеті болып табылады және, әдетте, қылмыстық іс бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталғаннан кейін бірден немесе оның барысында жүзеге асырылады.
Қылмыстық құқық бұзушылықтың жаңа түрі – қылмыстық теріс қылықтың енгізілуіне байланысты мұндай әрекеттерді жасаған адамдарды да мынадай жағдайлар болған кезде ұстап алуға жол беріледі: а) тиісті дәлелдемелердің болуы; б) мынадай екі шарттың бар екенін көрсететін деректердің болуы: 1) қылмыстық теріс қылық жасаған адам жасырынуы мүмкін немесе 2) қылмыстық теріс қылық жасаған адам неғұрлым ауыр әрекет жасауы мүмкін.
3. ҚПК-нің 128-бабы 2 және 4-бөліктерінің нормалары адамды күдікті ретінде ұстап алудың бір негізгі шартын және бес негізін реттейді.
4. Күдіктіні ұстап алудың ең басты шарты – адамның қылмыс санатына қарамастан (ҚК-нің «Қылмыстардың санаттары» деп аталатын 11-бабы) қылмыс жасауы, егер ол үшін бас бостандығынан айыру түріндегі жаза көзделсе. Бұл ретте бас бостандығынан айыру мерзімінің мөлшері де маңызды емес. Осыған байланысты адамды ұстап алуды жүзеге асырмас бұрын ҚК Ерекше бөлімінің нақты қылмысты жасағаны үшін көзделген санкциялары бар нормаларын алдын ала зерделеп, соған сәйкес әрекет ету қажет (адамды ұстап алу немесе ұстап алмау).
5. Алайда бұл өте күрделі мәселені шешудің қарапайым жолы болар еді (өйткені біз адам мен азаматтың бостандығын шектейміз). ҚПК-нің 128-бабы 2-бөлігінің нормалары күдіктіні ұстап алудың заңдылығы мен негізділігін қамтамасыз ететін қосымша төрт негізді белгілейді. Төрт негіз жиынтығында немесе әрқайсысы жеке-жеке қолданылуы мүмкін, бірақ тек жоғарыда қарастырылған шартпен байланысты болған жағдайда ғана. Оларды қарастырайық.
ҚПК-нің 128-бабы 2-бөлігінің 1-тармағында ұстап алудың екі жағдайы қарастырылады.
Бірінші жағдай. Адам, мысалы, кісі өлтіруді тікелей жасау кезінде немесе осы қылмысты жасауға тікелей дайындалу не оған тікелей оқталу кезінде ұсталады.
Екінші жағдай. Адам, мысалы, тонау жасағаннан кейін іздестіру іс-шаралары барысында дереу ұсталады. Әрине, бұл негізді қолданудың негізінде Бірыңғай сотқа дейінгі тергеп-тексерулер тізілімінде тіркелген ресми себептер, жедел-іздестіру сипатындағы ақпарат, азаматтардың әрекеттері жатуы мүмкін.
ҚПК-нің 128-бабы 2-бөлігінің 2-тармағында көзімен көрген адамдар (куәлар), оның ішінде жәбірленушілер, яғни қылмыс субъектісін жеке өзі көрген немесе онымен тікелей байланыста болған адамдар жауап алу кезінде нақты күдіктіні атаған немесе күдікті адамды басқа адамдардың арасынан танытуға көрсету нәтижесінде анықтаған жағдайлар көзделген.
Негіздердің дербес жағдайы ретінде кез келген азаматтың өз көз алдында қылмыс жасаған күдіктіні жәбірленушіге көмек көрсету тәртібімен немесе оны іздестіру туралы ресми хабарландырулар негізінде өз бастамасымен ұстап алуын қарастыруға болады.
Негіздің мазмұнына сәйкес, ол қарапайым азаматтардың адамды процестік емес тәртіппен ұстап алу жөніндегі бастамасын есепке алмағанда, тек қылмыстық іс шеңберінде, яғни онда қылмыстан зардап шеккен куәлар мен жәбірленушілер ресми түрде болған жағдайда ғана қолданылатыны да анық көрінеді.
ҚПК-нің 128-бабы 2-бөлігінің 3-тармағының нормаларымен реттелетін негіз айтарлықтай кең қамтылған. «Қылмыстың айқын іздері» деген сөз тіркесі мынадай сөздермен бірдей мағынаны білдіреді: көрінетін, анық, көзге түсетін, байқалатын, айқын, нақты, көрнекі, ашық, жасырылмаған, көзге бірден түсетін қылмыс жасаудың дәлелдері.
Заң шығарушы ҚПК-нің 128-бабы 2-бөлігінің 3-тармағында «адамның бетіндегі қылмыстың айқын іздері» дегенде нені меңзейді? Әрине, бұл жерде адамның денесі туралы айтылып отыр, онда жасалған қылмыстың іздері қалуы мүмкін. Оларды адамды куәландыру немесе жеке тінту арқылы анықтауға болады. Айтпақшы, бұл адамды куәландыру мен жеке тінтудің мақсаттарына кіреді (ҚПК-нің 223, 255-баптары).
ҚПК-нің 128-бабы 2-бөлігінің 3-тармағындағы нормалардың тағы бір тұжырымы – «оның киіміндегі қылмыстың айқын іздері» – жеке тінту немесе қылмыс жасалған сәтте адам киген киімді табу мақсатында жүргізілетін әдеттегі тінту арқылы дәлелденеді.
ҚПК-нің 128-бабы 2-бөлігінің 3-тармағындағы «оның тұрғынжайындағы қылмыстың айқын іздері» деген нормалар да қарап-тексеру, тінту, алу және т.б. сияқты тергеу әрекеттері арқылы дәлелденеді.
ҚПК-нің 128-бабы 2-бөлігінің 4-тармағында күдіктіні ұстап алудың негізі ретінде мыналар қарастырылады: 1) жедел-іздестіру қызметінің материалдары немесе 2) қарсы барлау қызметінің материалдары немесе 3) жасырын тергеу әрекеттерінің материалдары.
Бұл тармақта бір маңызды шарт қамтылған: аталған материалдарда жасалған немесе жасалуға дайындалып жатқан қылмыс туралы анық (сенімді) мәліметтер болуға тиіс.
Аталған жедел-іздестіру, қарсы барлау қызметі және жасырын тергеу әрекеттері құқықтық реттеу саласына жатады.
Егер жедел-іздестіру қызметі – одан туындайтын қылмыстық процесс саласындағы салдарларымен бірге қылмыстық қудалау органдарының құпия функцияларының бірі болса, жасырын тергеу әрекеттері – қылмыстық іс бойынша іс жүргізуге байланысты қылмыстық процестің құбылысы болып табылады. Басқаша айтқанда, жедел-іздестіру қызметі қылмыстық процесс басталғанға дейін әлдеқайда бұрын туындайды, ал мемлекеттік құпияларды ескере отырып, жол берілетін нысандарда ресімделген оның материалдары сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастаудың себебі ретінде (мысалы, рапорт) қарастырылады (ҚПК-нің 184-бабы).
Бұдан басқа, «Жедел-іздестіру қызметі туралы» Заңның нормаларын сақтай отырып алынған құқыққа қайшы әрекеттер туралы материалдар құжаттар болып табылады және дәлелдемелердің көздері ретінде пайдаланылуы мүмкін (ҚПК-нің 120-бабының 2-бөлігі; осы жағдайларда пайдаланылуы мүмкін оларды іске енгізу тәртібі 1997 жылғы ҚР ҚПК-нің 130-бабында егжей-тегжейлі сипатталған болатын).
Жасырын тергеу әрекеттеріне келетін болсақ, олар ҚПК-нің «Жасырын тергеу әрекеттері» деп аталатын 30-тарауының нормаларында тікелей көзделген және тек қылмыстар туралы арыздар мен хабарламалардың келіп түсуіне және тіркелуіне байланысты тағайындалады. Олар тіпті жедел-іздестіру іс-шараларының жалғасы болуы мүмкін, бірақ бұл жағдайда олар қылмыстық істер бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру органының тапсырмалары негізінде жүзеге асырылады.
Жедел-іздестіру қызметі мен жасырын тергеу әрекеттерін біріктіретін ортақ белгі – оларды жүзеге асыру әдістері. Екі жағдайда да жедел-іздестіру қызметінің әдістері (тәсілдері, амалдары) қолданылады. Айырмашылық жедел-іздестіру қызметі әдістерін қолданудың шарттары, негіздері, дәйектілігі мен тәртібі 1994 жылғы 15 қыркүйектегі «Жедел-іздестіру қызметі туралы» Заңмен реттелетіндігінде, ал жасырын тергеу әрекеттерін тағайындау мен жүргізудің процестік нысаны ҚПК-нің 30-тарауының нормаларымен айқындалатындығында.
Жедел-іздестіру, қарсы барлау қызметінің материалдарын және жасырын тергеу әрекеттерін жүргізу материалдарын, оның ішінде адамды ұстап алу үшін негіз ретінде пайдаланудың нысаны ретінде ҚПК-нің 115-бабының 8-бөлігіндегі қағидаларды да қарастыру қажет. Аталған қағидаларға сәйкес, құқық қорғау немесе арнаулы мемлекеттік органдарға құпия негізде жәрдем көрсететін адамның тікелей қабылдаған нақты деректері, егер ол өзінің келісімімен куә, жәбірленуші, күдікті, айыпталушы ретінде жауап алынса, дәлелдемелер ретінде пайдаланылуы мүмкін. Ал қылмыстық топқа енгізілген адамдар тікелей қабылдаған нақты деректер, олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында, жедел-іздестіру, қарсы барлау қызметін немесе жасырын тергеу әрекеттерін жүзеге асыратын органның лауазымды адамы куә ретінде жауап алынғаннан кейін дәлелдемелер ретінде пайдаланылуы мүмкін.
Осылайша, егер жедел-іздестіру немесе қарсы барлау сипатындағы материалдар не жасырын тергеу әрекеттерінің материалдары «Жедел-іздестіру қызметі туралы» Заңның, «Қарсы барлау қызметі туралы» Заңның және ҚПК-нің талаптарына қатаң сәйкес алынған, сондай-ақ анықтаушыға, тергеушіге белгіленген тәртіппен жеткізілген болса, олар күдіктіні ұстап алуға негіз бола алады.
10. ҚПК-нің 128-бабының 3-бөлігінде принципті ескерту қамтылған: осы баптың 2-бөлігінің 2–4-тармақтарында көрсетілген негіздер бойынша күдіктіні ұстап алу ҚПК-нің 196-бабында көзделген кейінге қалдыруға болмайтын тергеу әрекеттері жүргізілгеннен кейін ғана жүзеге асырылуы мүмкін. Бұл талап ҚПК-нің 128-бабы 2-бөлігінің 1-тармағында көрсетілген негізге қолданылмайды, өйткені оны қолданған кезде ұстап алу кейінге қалдыруға болмайтын тергеу әрекеті ретінде көрініс табады.
11. ҚПК-нің 128-бабының 4-бөлігінің мағынасы бойынша күдіктіні ұстап алуға негіз болатын «өзге де деректер» деп жедел-іздестіру сипатындағы мәліметтерді, тергеліп жатқан және басқа қылмыстық істер бойынша тергеу әрекеттерін жүргізу барысында алынған дәлелдемелерді және т.б. түсіну қажет.
Сонымен бірге күдіктіні ұстап алуға негіз болатын өзге де деректер өздігінен осы тергеу әрекетін жүзеге асыруға негіз болып табылмайды. Олар тек мұндай ұстап алудың қажеттілігі мен орындылығын көрсетеді, бұл мынаған байланысты. Өзге де деректер іс материалдарында бар және өзге де деректер келіп түскен адам жасырынуға әрекет жасағанын (қашуға оқталғанын, қашу кезінде ұсталғанын) немесе тұрақты (тұрақты сипаттағы) тұрғылықты жері жоқ екенін не күдіктінің жеке басы анықталмағанын (жеке басын куәландыратын құжаттары жоқ екенін) көрсететін фактілермен жиынтықта қолданылуға тиіс. Келтірілген барлық жағдайларда болжамды күдіктіні ұстап алмаған жағдайда, бұл дәлелдемелік ақпараттың жоғалуына, күдіктінің ізін суытуына, оның жаңа қылмыстар жасауына және т.б. әкелуі мүмкін.
Заң адамды ұстап алуға негіз болатын өзге де деректердің дербес түрі ретінде прокурордың адамды күзетпен ұстауға санкция беру туралы өтінішхаты сотқа жіберілген жағдайды қарастырады. Бұл адам іс бойынша мынадай мәртебелердің бірімен өтуі мүмкін:
— қорғауға құқығы бар куә;
— осындай деп танылғаннан кейін оған қатысты ұстап алу қолданылмаған күдікті;
— күдіктінің іс-әрекетін саралау туралы қаулы шығарылған күдікті.
ҚПК-нің 128-бабының 4-бөлігінде белгіленген мән-жайлардың шеңбері түпкілікті болып табылады. Мысалы, оған адамның тұрақты айналысатын ісінің болмауы және т.б. фактілерді жатқызуға болмайды.
Ақырында, ұстап алу мерзімінің басталу және аяқталу уақытын есептеудің егжей-тегжейлі баяндалуы (ҚПК-нің 128-бабының 5-бөлігі) Конституциялық Кеңестің 2012 жылғы 13 сәуірдегі № 2 «Қазақстан Республикасы Конституциясы нормаларын конституциялық мерзімдерді есептеу мәселесі бойынша ресми түсіндіру туралы» нормативтік қаулысында көрініс тапты.
Атап айтқанда, Конституциялық Кеңес мынадай практикалық түсіндірме берді:
«Ұстап алу мерзімінің басталуы деп ұстап алынған адамның бостандығын, оның ішінде жүріп-тұру бостандығын шектеу – белгілі бір жерде мәжбүрлеп ұстау, анықтау және тергеу органдарына мәжбүрлеп жеткізу (ұстау; үй-жайға қамау, қандай да бір жерге баруға немесе белгілі бір жерде қалуға мәжбүрлеу және т.б.), сондай-ақ адамның жеке бас бостандығын елеулі түрде шектейтін өзге де қандай да бір әрекеттер нақты жүзеге асырылған минутына дейінгі дәлдікпен анықталатын сағатты түсіну қажет. Бұл ретте ұстап алынған адамға қандай да бір процестік мәртебе берілгеніне немесе өзге де ресми рәсімдердің орындалғанына қарамастан, бостандықты шектеу нақты жүзеге асырылған кез есептеледі. Осы мерзімнің аяқталу сәті нақты ұстап алынған уақыттан бастап үздіксіз есептелетін жетпіс екі сағаттың өтуі болып табылады» (сипаттау-уәждеу бөлігінің 2-тармағы, қарар бөлігінің 1-тармағы).
Заң кәмелетке толмаған адамды ұстап алуға қатысты белгілі бір ерекшеліктер белгілейді. ҚПК-нің 541-бабының 1-бөлігіне сәйкес, кәмелетке толмаған адам ұстап алынуы және оған қатысты бұлтартпау шарасы қолданылуы мүмкін. Қылмыстық теріс қылық, онша ауыр емес немесе ауырлығы орташа қылмыс жасады деген күдік бойынша айыпталған кәмелетке толмағандарға күзетпен ұстау түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылмайды.
Жоғарыда айтылғандардан кәмелетке толмаған адам тек ауыр немесе аса ауыр қылмыс жасаған жағдайда ғана ұстап алынуы мүмкін деген қорытынды шығады. Бұл ұстап алудың мақсаттарына сәйкес келеді, олардың қатарына заң қылмыстың жолын кесумен қатар, ұстап алынған адамға қатысты күзетпен ұстау түріндегі бұлтартпау шарасын қолдану туралы мәселені шешуді де жатқызады (ҚПК-нің 128-бабының 1-бөлігі).
Қылмыстық процесте артықшылықтарға ие адамдарды (Парламент депутаттарын, судьяларды, Конституциялық Кеңестің Төрағасы мен мүшелерін, Бас Прокурорды) ұстап алудың өзіндік ерекшеліктері бар.
Сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастауға себеп Бірыңғай тізілімде тіркелгеннен кейін осы адамдарға қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеру тек Бас Прокурордың келісімімен ғана жалғастырылуы мүмкін.
Жоғарыда аталған адамдар қылмыс орнында ұстап алынған, не ауыр немесе аса ауыр қылмыс жасауға дайындалу немесе оған оқталу фактісі анықталған, не олар ауыр немесе аса ауыр қылмыс жасаған жағдайларда, оларға қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеру Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының келісімін алғанға дейін жалғастырылуы мүмкін, бірақ ол туралы міндетті түрде жиырма төрт сағат ішінде хабарлануға тиіс.
Бас Прокурор хабарламаны алғаннан кейін екі тәулік ішінде жүргізілген процестік әрекеттердің заңдылығын зерделейді және қаулы шығара отырып, сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жалғастыруға келісім береді не одан бас тартып, сотқа дейінгі тергеп-тексеруді тоқтатады. Егер Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының келісімін алғанға дейін сотқа дейінгі тергеп-тексеру заңсыз жалғастырылса, оның нәтижелері қылмыстық іс бойынша дәлелдемелер ретінде жол берілмейді.
Аталған адамдарды қылмыс жасаған жағдайда ұстап алу тек ҚПК-нің 57-тарауында көзделген тәртіппен Бас Прокурордың (оның өзіне қатысты мәселе туындаған жағдайда Бас Прокурордың Бірінші орынбасарының) тиісті жоғары мемлекеттік билік органынан немесе ҚР Президентінен ресми келісім алғаннан кейін ғана жүзеге асырылуы мүмкін (қылмыс орнында ұстап алу немесе ауыр не аса ауыр қылмыс жасау жағдайларын қоспағанда).
15. Сол сияқты, ҚР заңдарымен ратификацияланған әмбебап, өңірлік және екіжақты сипаттағы халықаралық құжаттарға сәйкес, белгілі бір адамдар тобына қатысты қылмыс жасағаны үшін ұстап алудан иммунитет, жеке басына қол сұғылмаушылық құқығы көзделген, кейбір ерекшеліктерді қоспағанда. Олардың тізбесі ҚПК-нің 553–554-баптарында белгіленген:
шет мемлекеттердің дипломатиялық өкілдіктерінің басшылары, осы өкілдіктердің дипломатиялық персоналының мүшелері және олармен бірге тұратын, Қазақстан Республикасының азаматтары болып табылмайтын отбасы мүшелері;
шет мемлекеттердің басшылары мен өкілдері, парламенттік және үкіметтік делегациялардың мүшелері, сондай-ақ өзара түсіністік негізінде халықаралық келіссөздерге, халықаралық конференциялар мен кеңестерге қатысу үшін немесе басқа да ресми тапсырмалармен Қазақстанға келетін не осы мақсаттар үшін Қазақстан Республикасының аумағы арқылы транзитпен өтетін шет мемлекеттер делегацияларының қызметкерлері және оларды ертіп жүретін, Қазақстан Республикасының азаматтары болып табылмайтын отбасы мүшелері;
шет мемлекеттердің халықаралық ұйымдар жанындағы өкілдіктерінің басшылары, мүшелері мен персоналы, халықаралық шарттар немесе жалпыға бірдей танылған халықаралық әдет-ғұрыптар негізінде Қазақстан Республикасының аумағында жүрген осы ұйымдардың лауазымды адамдары және т.б.
Қазақстан Республикасының Қылмыстық-процестік кодексіне 2020 жылғы түсініктеме. Автор: Марат Чекишевич Когамов, заң ғылымдарының докторы, Қазақстанның құрметті заңгері, профессор, Қазақстан Ұлттық жаратылыстану ғылымдары академиясының академигі, Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің еңбек сіңірген қызметкері.
Конституция Заңы Кодекс Нормативтік акт Указ Бұйрық Шешім Қаулы Адвокат Алматы Заңгері Заңгерлік қызмет Заңгерлік консультация Азаматтық Қылмыстық Әкімшілік істер мен даулар Қорғау Арбитраждық Қазақстанның заң компаниясы Адвокаттық кеңсе Сот істері Декларация Жарлық Бұйрық Қаулы Шешім Баяндама Қорытынды Өтініш Қорытынды Конвенция Шарт Меморандум Әдістеме Нормалар Нота Қағидалар Бағдарлама Жарғы Хартия Бап Түсініктеме Резолюция Регламент Хаттама Жоба Бағдарлама Қағидалар Жолдаулар