Сенімді теріс пайдалану жолымен жәбірленушінің мүлкін алдап жымқырып, иемденіп, алаяқтық жасағаны үшін кінәлі деп танылған
Ақтөбе облыстық сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының 2017 жылғы 3 мамырдағы қаулысымен өзгеріссіз қалдырылған Мұғалжар аудандық сотының 2017 жылғы 6 наурыздағы үкімімен: С. бұрын сотталмаған, Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің (бұдан әрі – ҚК-нің) 189-бабы 4-бөлігінің 2) тармағымен мүлкі тәркіленіп, материалдық жауаптылыққа байланысты қызметпен айналысу құқығынан өмір бойына айыра отырып, 8 жылға бас бостандығынан айыруға, 190-бабы 3-бөлігінің 1) тармағымен 4 жылға бас бостандығынан айыруға, 58-бабының 3-бөлігіне сай түпкілікті 8 жылға бас бостандығынан айыруға сотталған. Жазаны қылмыстық-атқару жүйесінің орташа қауіпсіз мекемесінде өтеу тағайындалған. Ақтөбе облысы Мұғалжар аудандық сотының 2017 жылғы 5 маусымдағы қаулысымен С.-ға қатысты үкімнің сипаттау-уәждеу және қарау бөліктерінде ҚК-нің 58-бабының 3-бөлігіне сай, түпкілікті жаза онша қатаң емес жазаны неғұрлым қатаң жазаға сіңіру арқылы, мүлкі тәркіленіп, материалдық жауаптылыққа байланысты қызметпен айналысу құқығынан өмір бойына айырыла отырып, 8 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалсын, жазаны қылмыстық-атқару жүйесінің орташа қауіпсіз мекемесінде өтеу белгіленсін – деп түсіндірілген; Р. бұрын сотталмаған, ҚК-нің 189-бабы 4-бөлігінің 2) тармағымен мүлкі тәркіленіп, материалдық жауаптылықпен байланысты қызметпен айналысу құқығынан өмір бойына айыра отырып, 7 жылға бас бостандығынан айырылған. Жазасын қылмыстық-атқару жүйесінің орташа қауіпсіз мекемесінде өтеу тағайындалған.
Сенімді теріс пайдалану жолымен жәбірленушінің мүлкін алдап жымқырып, иемденіп, алаяқтық жасағаны үшін кінәлі деп танылған
Сот үкімімен С. мен Р. (бұдан әрі – сотталғандар) адамдар тобымен алдын ала сөз байласып, өздеріне сеніп тапсырылған бөтеннің мүлкін иемденіп, талан-таражға салып, аса ірі мөлшерде жымқырғаны үшін, сонымен қатар С. сенімді теріс пайдалану жолымен 9 жәбірленушінің мүлкін алдап жымқырып, иемденіп, алаяқтық жасағаны үшін кінәлі деп танылған. Сотталғандардың кінәлары олардың басты сот талқылауында өздерінің кінәларын мойындап берген жауаптарымен, жәбірленушілер Х., Д., Ш., М. және тағы басқалардың, куәлардың жауаптарымен, беттестіру, тінту жүргізу, заттай дәлелдемелерді алу, оларды қарап-тексеру хаттамаларымен, сот-сараптама қорытындысымен, сол сияқты басқа да іс құжаттарымен толығымен дәлелденген. С. мен Р. іс әрекеттері ҚК-нің 189-бабы 4-бөлігінің 2) тармағымен, сонымен қатар С.-нің әрекеттері ҚК-нің 190-бабы 3-бөлігінің 1) тармағымен дұрыс сараланған. Сотталғандарға жаза тағайындағанда ҚК-нің 52-бабының талаптарын басшылыққа алып, сот олардың жасаған қылмыстарының сипаты мен қоғамдық қауiптiлiк дәрежесiн, олардың жеке бастарын, жауаптылық пен жазаны жеңiлдететiн мән-жайларды ескере отырып, негізгі жазаны заң шеңберінде дұрыс тағайындаған. Алайда, сотталғандарға ҚК-нің 189-бабының 4-бөлігінің санкциясында көзделген қосымша жаза дұрыс тағайындалмаған. ҚК-нің 50-бабының талаптарына сәйкес белгiлi бiр лауазымды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан өмір бойына айыру жазасы, белгілі бір санаттағы қылмыстарға, атап айтқанда, сыбайлас жемқорлық қылмыстар, экономикалық қылмыстардың белгілі бір санаты, сонымен қатар кәмелетке толмағандар мен жасөспірімдердің жыныстық тиіспеушілігіне қарсы қылмыстар бойынша ғана тағайындалуы тиіс. Сотталғандардың жасаған қылмыстық құқық бұзушылықтары аталған қылмыстың санаттарына жатпайды, сондықтан оларды материалдық жауаптылықпен байланысты қызметпен айналысу құқығынан өмір бойына айыруы заң талабына қайшы келеді. Бұл орайда, ҚК-нің 50-бабының 2-бөлігінде көзделген белгілі бір лауазымды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан айыру бір жылдан он жылға дейінгі мерзімге ғана белгіленетінін ескеріп, төменгі сатыдағы соттар осы қосымша жазаны тағайындаудың шарттары мен тәртібін анықтау кезінде жазаны тағайындаудың жалпы ережелерін басшылыққа алулары тиіс болған.
Сол себепті, кассациялық сот алқасы аталған заңның талаптарын басшылыққа алып, сот актілерін өзгертіп, сотталғандарға материалдық жауаптылыққа байланысты қызметпен айналысу құқығынан он жылға айыру қосымша жазасын тағайындау қажет деп есептейді. Бұдан басқа, бірінші сатыдағы сот С.-ға жаза тағайындағанда ҚК-нің 58-бабының 3-бөлігіне сай оған түпкілікті жазаны толық қосу арқылы тағайындау жөнінде шешім қабылдағанымен, керісінше түпкілікті жаза онша қатаң емес жазаны неғұрлым қатаң жазаға сіңіру жолымен тағайындаған. Апелляциялық сатыдағы сот төменгі сатыдағы соттың орын алған бұл қарама-қайшылығын дер кезінде түзетіп, заң талаптарына сәйкестендірмей, С.-ға қатысты сот үкімін өзгеріссіз қалдырған. Үкім заңды күшіне енгеннен кейін, бірінші сатыдағы сот өзінің 2017 жылғы 5 маусымдағы қаулысымен С.-ға тағайындалған түпкілікті жаза онша қатаң емес жазаны неғұрлым қатаң жазаға сіңіру арқылы тағайындалғандығын түсіндірген. Бірінші сатыдағы соттың бұл шешімі де заңсыз, өйткені ол ҚПК-нің 476-бабының талабына сай үкімді орындау кезінде туындаған кез келген түрдегі күмәндар мен түсiнiксiз жайттарды түсіндіруге қатысты мәселелер қатарына жатпайды. Сондықтан бұл қаулының күші жойылуға, ал сот актілері заң талаптарына сәйкестендіріліп, С.-ға түпкілікті өтеуге тағайындалған негізгі жаза ҚК-нің 58-бабының 3-бөлігі негізінде онша қатаң емес жазаны неғұрлым қатаң жазаға сіңіру жолымен тағайындалуға жатады. Сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысында сотталғандардың меншігінде, қылмыстық жолмен табылған не қылмыстық жолмен табылған қаражатқа сатып алынған мүліктердің бар екендігі анықталмаған. ҚК-нің 48-бабының талаптарына сай мүлікті тәркілеу дегеніміз - сотталған адамның меншігіндегі, қылмыстық жолмен табылған не қылмыстық жолмен табылған қаражатқа сатып алынған мүлікті мәжбүрлеп өтеусіз алып қою және мемлекеттің меншігіне айналдыру. «Қылмыстық жаза тағайындаудың кейбір мәселелері туралы» Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2015 жылғы 20 маусымдағы № 4 нормативтік қаулысының 20-тармағының талабына сай тәркілеу сотталғанның және (немесе) үшінші тұлғалардың меншігінде тұрған, заңсыз тәсілмен табылған не заңсыз тәсілмен табылған қаражатқа сатылып алынған мүлікке ғана қолданылуы мүмкін. Егер істе мүліктің шығу тегінің қылмыстық сипаты туралы мәліметтер болмаса немесе мүлік мүлдем анықталмаса, мүлікті тәркілеу, оның ішінде қосымша жазаның осы түрінің міндетті түрде тағайындалуын көздейтін Қылмыстық кодекстің Ерекше бөлігінің баптары бойынша тағайындалмайды. Соттың мүлікті тәркілеу жөнінде қабылдаған шешімі үкімде ҚК-нің 48-бабында көзделген негіздердің болуына немесе болмауына сілтеме жасалып, барлық жағдайда уәжді болуға тиіс. Сондықтан да сотталғандарға мүлікті тәркілеу түріндегі міндетті қосымша жаза тағайындалуға жатпайды. Жоғарыда баяндалғандардың негізінде, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы сотталған С. мен Р.-ға қатысты жергілікті соттардың сот актілерін өзгертіп, С. мен Р.-ға тағайындалған материалдық жауаптылыққа байланысты қызметпен айналысу құқығынан өмір бойына айыру қосымша жазасын тағайындау, С.-ға түпкілікті өтеу үшін ҚК-нің 58-бабының 3-бөлігі негізінде жазаларды толық қосу тәртібімен тағайындау бөліктерінің және оған осы тәртіппен тағайындалған жазаны түсіндіру туралы Ақтөбе облысы Мұғалжар аудандық сотының 2017 жылғы 05 маусымдағы қаулысының күшін жойып, ҚК-нің 58-бабының 3-бөлігі негізінде қылмыстық құқық бұзушылықтар жиынтығы бойынша, онша қатаң емес жазаны неғұрлым қатаң жазаға сiңiру арқылы С.-ны түпкілікті 8 жылға бас бостандығынан айырып, С. мен Р.-ны материалдық жауаптылыққа байланысты қызметпен айналысу құқығынан 10 жылға айырып, оларға тағайындалған мүлікті тәркілеу қосымша жазасының күшін жойып, сот актілерінің қалған бөліктерін өзгеріссіз қалдырды.
Назар аударыңыз!
«Заң және Құқық» адвокаттық кеңсесі, бұл құжаттың жалпылама екендігіне және нақты сіздің жағдайыңыздың талаптарына сәйкес келмеуі мүмкіндігіне көңіл бөлуіңізді сұрайды. Біздің заңгерлер сіздің нақты жағдайыңызға сәйкес келетін кез келген құқықтық құжатты әзірлеп көмектесуге дайын.
Қосымша ақпарат алу үшін Заңгер/Адвокат телефонына хабарласуыңызға болады: +7 (708) 971-78-58; +7 (700) 978 5755, +7 (700) 978 5085.
Адвокат Алматы Заңгер Қорғаушы Заң қызметі Құқық қорғау Құқықтық қөмек Заңгерлік кеңсе Азаматтық істері Қылмыстық істері Әкімшілік істері Арбитраж даулары Заңгерлік кеңес Заңгер Адвокаттық кеңсе Қазақстан Қорғаушы Заң компаниясы