120-бап. Тауарларға арналған декларацияларды бергенге дейін кедендік операцияларды жасаудың және тауарларды шығарудың ерекшеліктері Еуразиялық экономикалық одақтың Кеден кодексі
1. Ішкі тұтыну үшін шығару кедендік рәсіміне сәйкес:
1) осы Кодекстің 81-бабының 1-тармағында көрсетілген, сондай-ақ Комиссия осы Кодекстің 81-бабының 2-тармағына сәйкес айқындаған тауарлар;
2) мүше мемлекеттердің заңнамасына сәйкес айқындалған инвестициялық жобаларды іске асыру шеңберінде әкелінетін тауарлар;
3) Комиссия айқындайтын өлшемшарттарға сай келетін, заңды тұлғалардың жекелеген санаттары әкелетін, Комиссия бекітетін тізбе бойынша тауарлардың санаттары тауарға арналған декларация берілгенге дейін тауарларды шығаруға мәлімделуі мүмкін.
2. Тауарлар кеден аумағындағы кедендік қайта өңдеу рәсіміне, еркін кеден аймағы кедендік рәсіміне, еркін қойма кедендік рәсіміне, кедендік баждарды (салықтарды) төлемей, кедендік уақытша әкелу (рұқсат етілу) рәсіміне сәйкес, егер бұл мүше мемлекеттердің заңнамасында көзделген болса, сондай-ақ Комиссия айқындайтын өзге де кедендік рәсімдерге сәйкес Тауарларға арналған декларация берілгенге дейін шығаруға мәлімделуі мүмкін.
Мүше мемлекеттердің заңнамасында кеден аумағындағы кедендік қайта өңдеу рәсіміне, еркін кеден аймағының кедендік рәсіміне, еркін қойманың кедендік рәсіміне, кедендік баждарды (салықтарды) төлемей кедендік уақытша әкелу (рұқсат етілу) рәсіміне сәйкес тауарларға арналған декларация берілгенге дейін шығаруға мәлімделуі мүмкін тауарлар санаттарының тізбесі белгіленуі мүмкін.
3. Тауарларға арналған декларация берілгенге дейін тауарларды шығаруға тауарларды мәлімделген кезде тауарларға арналған декларацияны беру кезінде тауарлар декларанты болып әрекет ететін тұлға кеден органына тауарларға арналған декларацияны бергенге дейін электрондық құжат немесе қағаз жеткізгіштегі құжат түрінде тауарларды шығару туралы өтініш береді.
Тауарларға арналған декларация берілгенге дейін тауарларды шығару туралы өтінішті тауарлар декларанты болып әрекет ететін тұлға (осы бапта бұдан әрі - тауарларға арналған декларация берілгенге дейін тауарларды шығару туралы өтініш берген тұлға) береді.
Тауарларға арналған декларация берілгенге дейін тауарларды шығару туралы өтініш декларант болып әрекет ететін тұлға, таңдалған кедендік рәсім туралы мәліметтерді және декларант болып әрекет ететін тұлғаның тауарларға арналған декларация берілгенге дейін тауарларды шығару туралы өтінішінің түріне, тауарлардың санаттарына және кедендік рәсімдерге байланысты Комиссия айқындайтын тауарларды шығару үшін қажетті өзге де мәліметтерді қамтуға тиіс.
Тауарларға арналған декларация берілгенге дейін тауарларды шығару туралы өтініштің нысанын, мұндай өтініштің құрылымы мен электрондық құжат түріндегі форматын, оларды толтыру тәртібін Комиссия айқындайды.
4. Тауарларға арналған декларация берілгенге дейін тауарларды шығару туралы қағаз жеткізгіштегі құжат түрінде берілетін өтінішпен бірге:
1) шарттарды сақтаған жағдайда осы баптың 13-тармағына сәйкес кеден органы тауарларға арналған декларация берілгенге дейін тауарларды шығаруды жүргізетін, осы шарттардың сақталуын растайтын құжаттар;
2) тауарларды жөнелтуші және алушы туралы, тауарларды жөнелтуші ел және межелі ел, тауарлар туралы (атауы, тауар белгісі, мүше мемлекеттердің зияткерлік меншік объектілерінің бірыңғай кедендік тізіліміне енгізілген зияткерлік меншік объектісі болып табылатын тауардың шығарылған жерінің атауы және (немесе) кеден органына тауарларға арналған декларация берілгенге дейін тауарларды шығару туралы өтініш берілетін мүше мемлекеттің кеден органы жүргізетін зияткерлік меншік объектілерінің ұлттық кедендік тізілімі, Сыртқы экономикалық қызметтің тауар номенклатурасына сәйкес сипаттамасы, бірінші 6 белгіден кем емес деңгейдегі коды, саны, брутто салмағы және құны) мәліметтерді қамтитын коммерциялық немесе өзге де құжаттар ұсынылуы керек. Осы тармақшада көрсетілген құжаттарда қажетті мәліметтер болмаған кезде, мұндай мәліметтер тауарларға арналған декларация берілгенге дейін тауарларды шығару туралы өтініште көрсетіледі.
5. Осы баптың 4-тармағында көрсетілетін құжаттар, егер мұндай құжаттар туралы мәліметтер және (немесе) олардан алынатын мәліметтер осы Кодекстің 80-бабының 2-тармағына сәйкес алынуы мүмкін болса, кеден органына ұсынылмайды.
6. Егер мұндай құжаттар туралы мәліметтерді және (немесе) олардан алынатын мәліметтерді осы Кодекстің 80-бабының 2-тармағына сәйкес кеден органы ала алмайтын болса, тауарларға арналған декларация берілгенге дейін тауарларды шығару туралы электрондық құжат түрінде берілетін өтінішті беру тыйым салулар мен шектеулердің сақталуын растайтын құжаттарды, кедендік баждарды, салықтарды төлеу міндетінің орындалуын қамтамасыз етудің ұсынылуын растайтын құжаттарды ұсынумен сүйемелденеді.
7. Тауарларға арналған декларация берілгенге дейін тауарларды шығару туралы өтініш кейіннен тауарларға арналған декларация берілетін мүше мемлекеттің кедендік декларацияларды тіркеуге құқылы кеден органына беріледі.
8. Тауарларға арналған декларация берілгенге дейін тауарлар шығаруға мәлімделген кезде мұндай тауарлар кеден органына тауарларға арналған декларация берілгенге дейін тауарларды шығару туралы өтініш берілетін мүше мемлекеттің аумағында болуға тиіс.
9. Тауарларға арналған декларация берілгенге дейін тауарларды шығару туралы өтінішті берген тұлға мүше мемлекеттердің заңнамасына сәйкес, халықаралық шарттар мен кедендік реттеу саласындағы актілердің талаптарын сақтамағаны үшін, оның ішінде тауарларға арналған декларация берілгенге дейін тауарларды шығару туралы өтініште анық емес мәліметтерді көрсеткені, жарамсыз құжаттарды, оның ішінде қолдан жасалған және (немесе) көрінеу анық емес (жалған) мәліметтері бар құжаттарды ұсынғаны, белгіленген мерзімде тауарларға арналған декларацияны бермегені үшін жауапты болады.
10. Кеден органы тауарларға арналған декларация берілгенге дейін тауарларды шығару туралы өтінішті тіркейді немесе Комиссия айқындайтын тәртіппен, Комиссия реттемейтін бөлігінде — мүше мемлекеттердің кедендік реттеу туралы заңнамасына сәйкес белгіленетін тәртіппен осындай өтініш берілген кезден бастап кеден органының жұмыс уақытынан 1 сағатқа кешіктірмей, оны тіркеуден бас тартады.
11. Тауарларға арналған декларация берілгенге дейін тауарларды шығару туралы өтініш тіркелген сәтінен бастап заңды мәні бар фактілер туралы куәландыратын құжат болады.
12. Кеден органы мынадай негіздер бойынша:
1) тауарларға арналған декларация берілгенге дейін тауарларды шығару туралы өтініш кедендік декларацияларды тіркеуге құқылы емес кеден органына берілсе;
2) тауарларға арналған декларация берілгенге дейін тауарларды шығару туралы өтінішті уәкілеттік берілмеген адам берсе не қол қойылмаса немесе тиісінше куәландырылмаса;
3) қағаз жеткізгіштегі тауарларға арналған декларация берілгенге дейін тауарларды шығару туралы өтініш белгіленген нысанда жасалмаса, электрондық құжат түріндегі өтініштің құрылымы мен форматы осындай өтініштің белгіленген құрылымы мен форматына сәйкес келмесе;
4) тауарларға арналған декларация берілгенге дейін тауарларды шығару туралы өтініште осы баптың 3-тармағының үшінші абзацына сәйкес көрсетуге жататын мәліметтер көрсетілмесе;
5) қағаз тасымалдағыштағы құжат түрінде берілетін тауарларға арналған декларация берілгенге дейін тауарларды шығару туралы өтінішпен бірге осы баптың 4-тармағында көрсетілген құжаттар берілмесе;
6) электрондық құжат түрінде берілетін тауарларға арналған декларация берілгенге дейін тауарларды шығару туралы өтінішпен бірге осы баптың 6-тармағында көрсетілген құжаттар берілмесе;
7) тауарларға арналған декларация берілгенге дейін тауарларды шығару туралы өтінішті берген күнге, осындай өтініш берген адамда, осы баптың 16-тармағында және осы Кодекстің 441-бабының 4-тармағында белгіленген мерзімде тауарларға арналған декларация берілгенге дейін бұрын шығарылған тауарларға қатысты тауарларға арналған декларацияны беру жөнінде opындалмаған міндетінің болуы;
8) тауарларға арналған декларация берілгенге дейін тауарларды шығару туралы өтініш берілген тауарлар кеден органына тауарларға арналған декларация берілгенге дейін тауарларды шығару туралы өтініш берілетін мүше мемлекеттің аумағында болмаса, тауарларға арналған декларация берілгенге дейін тауарларды шығару туралы өтінішті тіркеуден бас тартады.
13. Тауарларға арналған декларация берілгенге дейін тауарларды шығару туралы өтініш берген тұлға:
1) егер тауарларға арналған декларация берілгенге дейін тауарларды шығару туралы өтінішті уәкілетті экономикалық оператор берген болса, осы баптың 1 және 2-бабының ережелерін немесе осы Кодекстің 441-бабының 1-тармағының ережелерін сақтаған;
2) кедендік баждарды, салықтарды, арнайы, демпингке қарсы, өтем баждарды төлеу шарттарын, сондай-ақ Одақ туралы шартқа және (немесе) мүше мемлекеттердің заңнамасына сәйкес, тыйым салулар мен шектеулерді сақтау сияқты шарт тауарларды шығарғаннан кейін расталуы мүмкін жағдайларды қоспағанда, тауарларды мәлімделген кедендік рәсіммен орналастыру шарттарын сақтаған;
3) осы баптың 14-тармағында көрсетілген тауарларды қоспағанда, сондай-ақ осы Кодекстің 441-бабының 5-тармағына сәйкес кедендік баждарды, салықтарды, арнайы, демпингке қарсы, өтем баждарын төлеу міндеттемесінің орындалуын қамтамасыз етуді ұсыну талап етілмейтін жағдайды қоспағанда, осы баптың 1-тармағында көрсетілген тауарларға қатысты кедендік баждарды, салықтарды, арнайы, демпингке қарсы, өтем баждарын төлеу жөніндегі міндетінің орындалуын қамтамасыз етуді ұсынған ретте, кеден органы тауарларға арналған декларация берілгенге дейін тауарларды шығаруды жүргізеді.
14. Кедендік баждарды, салықтарды, арнайы, демпингке қарсы, өтем баждарын төлеу жөніндегі міндетінің орындалуын қамтамасыз етуді ұсыну мыналарға қатысты:
1) дүлей апаттардың, табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлардың салдарларын жою үшін қажетті тауарларға;
2) бейбітшілікті сақтап қалу акцияларын орындауға не оқу-жаттығулар жүргізуге қажетті соғыс мақсатындағы өнімдерге;
3) гуманитарлық және техникалық көмекке;
4) мүше мемлекеттердің валютасына, шетелдік валютаға, өзге де валюталық құндылықтарға, бағалы металдарға, оның ішінде мүше мемлекеттердің ұлттық (орталық) банктері мен олардың филиалдары әкелетін алтынға;
5) мүше мемлекеттердің заңнамасына сәйкес айқындалатын өзге де тауарларға қатысты талап етілмейді.
15. Кедендік баждарды, салықтарды, арнайы, демпингке қарсы, өтем баждарын төлеу жөніндегі міндетінің орындалуын қамтамасыз ету осы Кодекстің 9-тарауына және 75-бабына сәйкес ұсынылады.
16. Осы бапқа сәйкес шығарылған тауарларға қатысты тауарларға арналған декларацияны тауарларға арналған декларация берілгенге дейін тауарларды шығару туралы өтініш берген тұлға тауарлар шығарылған айдан кейінгі айдың 10-ынан кешіктірмей не осы Кодекстің 441-бабының 4-тармағында айқындалған мерзімде беруге тиіс.
Осы тармақта көрсетілген мерзімді есептеу осы Кодекстің 4-бабы 6-тармағының ережелері ескеріле отырып жүргізіледі.
17. Кеден органы осы Кодекстің 111-бабына сәйкес тауарларға арналған декларацияны тексеру және осы баптың 13-тармағының 2-тармақшасына сәйкес тауарларды шығарған кезде сақталмаған тауарларды мәлімделген кедендік рәсіммен орналастыру шарттарын сақтау, сондай-ақ осы Кодекстің 118-бабы 1-тармағының 2-тармақшасында көзделген шарттарды сақтау нәтижелері бойынша электрондық құжат жасайды және оны декларантқа жібереді не қағаз тасымалдағышта берілген тауарларға арналған декларацияда және (немесе) тауарларға арналған декларация берілгенге дейін тауарларды шығару туралы мәліметтерді қамтитын коммерциялық, көліктік (тасымалдау) құжаттарға тиісті белгілер қояды.
18. Кедендік операцияларды жасау және тауарларға арналған декларация берілгенге дейін тауарларды шығару кезінде кедендік-тарифтік реттеу шаралары, мүше мемлекеттердің салық салу саласындағы заңнамалық актілері, арнайы, демпингке қарсы, өтем баждарының мөлшерлемелері және кеден органы тауарларға арналған декларация берілгенге дейін тауарларды шығару туралы өтінішті тіркеген күнге әрекет ететін валюталар бағамы қолданылады.
19. Тауарларға арналған декларация берілгенге дейін тауарларды шығару осы Кодекстің 119-бабында белгіленген мерзімдерде жүргізіледі. Бұл ретте тауарларға арналған декларация берілгенге дейін тауарларды шығару мерзімдері тауарларға арналған декларация берілгенге дейін тауарларды шығару туралы өтінші тіркелген күннен бастап есептеледі.
20. Тауарларға арналған декларация берілгенге дейін тауарларды шығарумен байланысты кедендік операциялар жасаудың өзге ерекшеліктерін Комиссия айқындауы мүмкін және Комиссия айқындағанға дейін мүше мемлекеттердің кедендік реттеу туралы заңнамасында не Комиссия көздеген жағдайларда айқындалуы мүмкін.
21. Декларанты уәкілетті экономикалық оператор болатын тауарларға арналған декларация берілгенге дейін тауарларды шығарумен байланысты кедендік операциялар осы Кодекстің 441-бабы ескеріле отырып жасалады.
2017 жылғы 11 сəуірде Еуразиялық экономикалық одақтың Кеден кодексі.
Қазақстан Республикасының Заңы 2017 жылғы 13 желтоқсандағы № 115-VI ҚРЗ-ен Ратификацияланған.
Қазақстан Республикасының
Президенті
© 2012. Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің «Қазақстан Республикасының Заңнама және құқықтық ақпарат институты» ШЖҚ РМК
Конституция Заң Кодекс Норматив Жарлық Бұйрық Шешім Қаулы Адвокат Алматы Заңгер Қорғаушы Заң қызметі Құқық қорғау Құқықтық қөмек Заңгерлік кеңсе Азаматтық істері Қылмыстық істері Әкімшілік істері Арбитраж даулары Заңгерлік кеңес Заңгер Адвокаттық кеңсе Қазақстан Қорғаушы Заң компаниясы