Кассациялық практика банкрот деп тану әне оңалту рәсімін қолдану туралы істерінде
Соттардың осы санаттағы істерді дұрыс қарауы Қазақстандағы нарықтық қатынастардың дамуына тікелей әсер етеді.
Тексерілетін кезеңде кассациялық тәртіппен сот актілерінің күшін жоюдың және өзгеруінің негізгі себептері:
- іс үшін маңызы бар мән-жайлар шеңберін дұрыс анықтамау және нақтыламау;
- шешімде (қаулыда) баяндалған тұжырымдардың істің мән-жайларына сәйкес келмеуі;
- материалдық немесе іс жүргізу құқығының нормаларын бұзу немесе дұрыс қолданбау.
Практикада соттар осы санаттағы істі қараудың процестік жағына мән бере бермейді.
Істерді қарау кезінде АПК-нің 15-бабының үшінші және төртінші бөліктерін басшылыққа алу керек.
Судьялардың сот актілерін жасауда формальді көзқарасы бар. Борышкерді банкрот деп тану, оңалту рәсімін қолдану туралы шешімдердәі бәрінде борышкердің қаржылық-шаруашылық жағдайы туралы егжей-тегжейлі талдау, сондай-ақ оның төлемге қабілетсіздігін немесе уақытша төлем қабілетсіздігін негізделген бағалау бола бермейді. Сот қолданған нормативтік құқықтық актілердің атаулары толық көрсетілмейді.
АПК-нің 35-бабының сегізінші бөлігіне сәйкес оңалту рәсімі мен банкроттық рәсім шеңберінде туындайтын даулар бойынша істерді оңалту рәсімін қолдану (банкрот деп тану) туралы шешім шығарған сол судья қарайды.
Бұл ретте, егер мұндай шешімді бірінші (апелляциялық) сатыдағы соттың шешімі жойылғаннан кейін жоғары тұрған саты қабылдаса, осы рәсімнің барысында туындайтын дауларды қандай сот шешетінін заңнамалық түрде көзделмеген.
Мұндай жағдайда Заңның 67, 86-баптарында белгіленген өкілеттіктерді жүзеге асыру мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотқа (дұрыс шешім шығаруға тиісті бірінші сатыдағы сот) жүктелетіні дұрыс болып көрінеді. Осы мәселе бойынша кассациялық және апелляциялық практика бар
Бұл ретте, НҚ-да тиісті түсініктеме қажет.
Борышкердің орнықты төлем қабілетсіздігі туралы апелляциялық сатыдағы соттың қорытындылары істің нақты мән-жайларына сәйкес келмейді
1) «LA ESPERANZA» ЖШС 73 421 489 теңге сомасында мерзімі өткен салық берешегінің, банк алдындағы 2 475 498 993 теңге сомасында берешегінің болуына сілтеме жасай отырып, банкрот деп тану туралы өтінішпен сотқа жүгінді.
Алматы облысы МАЭС-нің 2019 жылғы 10 шілдедегі шешімімен борышкердің сотта дәрменсіздігі дәлелденбегенін; өтініш беруші дебиторлық берешекті өндіріп алу бойынша тиісті түрде жұмыс жүргізбегенін; кредитор «Банк ЦентрКредит» АҚ-ның атқарушылық іс жүргізу шеңберінде жұмыс жүргізіп жатқанын негізге алынып, өтінішті қанағаттандырудан бас тартылды.
2019 жылғы 26 қыркүйектегі апелляциялық қаулымен сот шешімнің күші жойылып, өтінішті қанағаттандыру туралы жаңа шешім шығарылды, өйткені өтініш берушінің төлем қабілетсіздігі мен дәрменсіздігі уақытша басқарушының қорытындысымен расталды.
Кассациялық сатының 2020 жылғы 3 наурыздағы қаулысымен апелляциялық қаулының күші жойылып, сот шешімі күшінде қалдырылды.
Негіз:
Өтініш беруші қаржылық-шаруашылық жай-күйі туралы қосымша мәліметтер бөлігінде өзінің дәрменсіздігінің дәлелдерін сотқа ұсынбаған; апелляциялық қаулыда серіктестіктің қаржылық-шаруашылық жай-күйі туралы егжей-тегжейлі талдау жоқ; оның төлем қабілетсіздігіне негізделген баға берілмеген.
2) Мирзо ДК «Бахус-Центр» ЖШС-ны банкрот деп тану туралы өтінішпен сотқа жүгінді.
Сот ЖШС-ның 579 117 193 теңге мөлшерінде кредиторлық берешегі бар екенін анықтады, оның ішінде Мирзо ДК алдында – 3 432 278 теңге, бюджет алдында -121 017 105 теңге (2019 жылғы маусымда жүргізілген салықтық тексеру нәтижелері бойынша есептелген) берешегі бар.
Уақытша басқарушының қорытындысы бойынша ЖШС төлемге қабілетсіз.
Павлодар облысы МАЭС-нің 2019 жылғы 6 қарашадағы шешімімен борышкердің төлемге қабілетсіздігі туралы нақты дәлелдемелердің болмауына және борышкер ұсынған қаржылық құжаттарда сәйкессіздіктердің болуына байланысты өтінішті қанағаттандырудан бас тартылды.
Апелляциялық алқаның 2020 жылғы 14 қаңтардағы қаулысымен өтінішті қанағаттандыру туралы жаңа шешім шығарумен соттың шешімінің күші жойылды, өйткені борышкер төлемге орнықты қабілетсіз болып табылады; борышкердің өтелмеген кредиторлық берешегінің сомасы қолда бар активтердің құнынан 2 еседен асады; төлем қабілеттілігін қалпына келтіру перспективасы мүлдем жоқ.
Кассациялық сатының 2020 жылғы 13 қазандағы қаулысымен апелляциялық қаулының күші жойылды, сот шешімі күшінде қалдырылды.
Негіз:
Салық есептілігіне сәйкес борышкердің 2018 жылғы жылдық жиынтық кірісі 7 213 837 293 теңгені құрады; бухгалтерлік балансқа сәйкес кәсіпорынның 2018 жылы 4 093 239 895 теңге сомасында активтері болған; бақылау-касса аппараттарының көрсеткіштері 2018-2019 жылдардағы орнықты айналымдар туралы куәландырған; қолдағы бар жылжымалы және жылжымайтын мүлік туралы ақпарат толық көлемде тексерілмеген.
Жергілікті соттардың қорытындылары материалдық және іс жүргізу құқығының нормаларын дұрыс қолданбауға негізделген мерзімінен бұрын болып табылады
1) «Проблемалық кредиттер қоры» АҚ «Альфарма» ЖШС-ны банкрот деп тану туралы өтінішпен сотқа жүгініп, борышкердің 2008 жылдан бастап банктік қарызды қайтару бойынша міндеттемелері орындалмайтындығын; 2020 жылғы 24 ақпандағы жағдай бойынша берешегі 5 884 870 АҚШ долларын құрағанын; серіктестіктің есеп айырысу шоттарында ақша қаражаты жоқ екенін дәлелдеді.
Апелляциялық сатыдағы сот күшінде қалдырған Алматы облысы МАЭС-нің 2020 жылғы 31 желтоқсандағы шешімімен салық органының борышкерге қатысты мерзімінде орындалмаған салық міндеттемесін және мәжбүрлеп өндіріп алу шараларын қамтамасыз ету жөніндегі барлық тәсілдерді қолданбағанына (оның ішінде дебиторлар бойынша және борышкерлер бойынша тақырыптық салықтық тексеру жүргізілмегеніне) сілтеме жасай отырып, өтінішті қанағаттандырудан бас тартылды. Борышкер дәрменсіздігі туралы дәлелдерін растайтын қаржылық құжаттарды ұсынбаған; кредитордың салықтар бойынша өтінішіне оның әкімшілік шығыстарын өтеу туралы өтінішхат қоса беріледі, оны өтініш беруші ұсынбаған.
Кассациялық алқаның 2021 жылғы 3 тамыздағы қаулысымен сот актілерінің күші жойылып, іс апелляциялық сатыға жаңа қарауға жіберілді.
Негіз:
- шешімді орындау шеңберінде кепіл мүлкін сату бойынша шаралар қабылданды, сонымен бірге атқарушылық құжат орындаусыз қайтарылды;
- іс бойынша өтініш беруші (Қор) салық бойынша кредитор болып табылмайды, осыған байланысты Заңның 45-бабының талаптары қолданылмайды және, бұдан басқа, бұл норма алып тасталды;
- соттар банкроттық рәсімді қозғамай борышкерді тарату тәртібін реттейтін заң нормаларына сілтеме жасады, ал Қор банкроттық рәсімді қозғай отырып, серіктестікті банкрот деп тану туралы сотқа өтініш берді;
- соттар сілтеме жасаған Заңның 57-бабы да алынып тасталды;
- борышкер міндеттемелерін 2008 жылдан бастап орындалмай келе жатқанына құқықтық баға берілмеген, заңды мекенжайы бойынша ол жоқ, жіберілетін хабарламалар мен хаттарға жауап бермейді;
- басқа кредиторлардың болуы немесе болмауы туралы мәселе нақтыланбаған, төлем қабілеттігі мен жұмыс істеу жай-күйін жақсарту және сауықтыру үшін активтер мен мүмкіндіктер (алғышарттар) бойынша талдау жүргізілмеген.
Жаңадан қаралған кезде апелляцияның 2021 жылғы 7 қазандағы қаулысымен өтінішті қанағаттандырудан бас тартылды.
Борышкердің кредиторлардың талаптарын қанағаттандыру мүмкіндігіне, оның ішінде іс материалдарында елеулі маңызы бар құжаттардың болмауына байланысты тиісті баға берілмеген
1) «SD-Invest» ЖШС «GeoGuide» ЖШС-ны банкрот деп тану туралы өтінішпен сотқа жүгініп, өтінішінде мұнайды өткізу жөніндегі міндеттемелерді орындамау салдарынан туындаған 112 792 710 теңге мөлшеріндегі берешектің болуына, бұл салыстыру актісімен расталатынына уәж келтірген.
Алматы қаласы МАЭС-нің 2020 жылғы 30 желтоқсандағы шешімімен өтініш қанағаттандырылды, өйткені өтініш беруші мен уақытша басқарушы ұсынған құжаттардан борышкердің кредиторлар алдындағы өз міндеттемелерін орындау мүмкін еместігі анықталды.
Апелляциялық сатының 2021 жылғы 19 сәуірдегі қаулысымен шешім өзгеріссіз қалдырылды.
Жоғарғы Сот апелляциялық қаулының күшін жойып, істі жаңа қарауға жіберді
Негіз:
«GeoGuide» ЖШС жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарттың негізінде көмірсутек шикізатын барлау жөніндегі қызметті жүзеге асырғаны анықталды. Бұл ретте, ЖШС ұзақ мерзімді активтерге (11,3 млрд. теңге), оның ішінде дебиторлық берешекке ие; өндірістік қызмет 2020 жылдың шілде айының соңына дейін жүзеге асырылды; банкроттыққа қарсы шыққан кредиторлар талаптарының мөлшері кредиторлар талаптарының жалпы сомасының басым бөлігін құрайды; келісімшарт бойынша жер қойнауын пайдалану құқығының 48,6 млрд.теңге сомасында бағасы бар.
Алайда соттар бұл бағалауды аяқталмаған құрылыс объектісін (2,7 млрд.теңге); ажырамас жақсартуларының құнын (3 млрд. теңге), сондай-ақ борышкердің өндіріп алу кезеңіне өту кезінде кредиторлардың талаптарын қанағаттандыру қабілетін ескермеді.
Бұдан басқа, соттың іс жүргізу заңнамасының нормаларын бұзғаны (оның ішінде іс материалдарында елеулі маңызы бар құжаттардың болмауы) анықталды.
Жаңа қарау нәтижелері бойынша апелляцияның 2021 жылғы 1 қыркүйектегі қаулысымен МАЭС шешімнің күші жойылды, өтінішті қанағаттандырудан бас тартылды.
Жоғарғы Сот судьясының 2022 жылғы 11 сәуірдегі қаулысымен сот актісін кассациялық тәртіппен қайта қарау туралы өтінішхат беруден бас тартылды.
Сот қолдануға жататын материалдық құқық нормаларын қолданбаған, қорытындылар «оңалту және банкроттық туралы»Заңның күші жойылған нормаларымен негізделген
1) «Қоныс спорт сарайының мүліктік кешені» ЖШС сотқа уақытша төлем қабілетсіздігіне, кредиторлар алдындағы міндеттемелерді орындау мүмкіндігінің болмауына байланысты оңалту рәсімін қолдану туралы өтінішпен жүгінді.
Апелляциялық алқаның 2022 жылғы 18 қаңтардағы қаулысымен өзгеріссіз қалдырылған Ақтөбе облысы МАЭС-нің 2021 жылғы 27 қыркүйектегі шешімімен өтінішті қанағаттандырудан бас тартылды.
Сот кредиторлық берешектің 212 687 397 теңгені, оның ішінде салықтар бойынша - 3 804 413 теңгені, «Қоныс» СК ЖШС алдында - 130 792 984 теңгені, Бережная ДК алдында - 78 090 000 теңгені құрайтынын анықтады.
Берешек COVID-19 пандемиясынан туындаған шектеулерге байланысты спорт нысандарын жалға беру мүмкін еместігі салдарынан пайда болды.
Соттардың өтінішті қанағаттандырудан бас тартуға келтірілген уәжі бойынша борышкердің қаржылық-шаруашылық жағдайын және оның төлем қабілеттілігін қалпына келтіру мүмкіндігін егжей-тегжейлі талдаудың болмауы, сондай-ақ Серіктестік әрекеттерінің мүлікке өндіріп алу туралы сот актісін орындауды кейінге қалдыруға бағытталуы.
Кассациялық сатының 2022 жылғы 12 сәуірдегі қаулысымен сот актілерінің күші жойылып, өтінішті қанағаттандыру туралы жаңа шешім шығарылды.
Негіз:
Борышкер берген өтініш Заңның 41-бабының талаптарына сәйкес келеді. Уақытша әкімшінің қорытындысы бойынша борышкер қаржылық орнықтылықтың II сыныбына жатады. Оңалту рәсімін қолданудан бас тартуға әкелетін мән-жайлар жоқ.
Жергілікті соттар материалдық құқықтың қолданылуға жататын нормаларын қолданбай, НҚ ережелеріне сілтеме жасай отырып, өз тұжырымдарын күші жойылған Заң нормаларымен негіздеді.
2) МАЭС-нің 2021 жылғы 6 тамыздағы шешімімен «Chilisai Chemicals» ЖШС-ның борышкер «Темір-Сервис» ЖШС-ға қатысты оңалту рәсімін қолдану туралы өтінішін қанағаттандырудан бас тартылды. Апелляция-өзгеріссіз қалдырды.
Уақытша әкімшінің қорытындысына сәйкес «Темір-Сервис» ЖШС-ның кредиторлық берешегінің жалпы сомасы 2 183 753 650 теңгені, оның ішінде өтініш берушінің алдында - 1 332 080 767 теңгені, борышкер қызметкерлері - 154 119 816 теңгені, мердігер ұйымдар - 697 553 067 теңгені, салық берешегі - 35 555 795 теңгені құрады.
«Chilisai Chemicals» ЖШС-ның алдындағы берешек 2013 және 2016 жылдары қалыптасты.
Бас тарту негіздемесі: өтініш беруші борышкердің берешек сомасын негіздейтін мәмілелердің нақты жасалғанын растайтын нақты дәлелдемелер ұсынбаған; өтініш беруші борышкерден туындаған берешекті өндіріп алу туралы талап қоюмен сотқа жүгінбеген.
Жеткізу шартын орындау арқылы төлем қабілеттілігін қалпына келтіру мүмкіндігі қабылданбады, өйткені сот орындаушылары қызметкерлердің талаптары бойынша теміржол тұйығы мен арнайы техникаға тыйым салды, борышкердің лицензияларының, рұқсаттарының және арнайы құқықтарының қолданылуы тоқтатылды.
Жоғарғы Соттың 2022 жылғы 1 наурыздағы қаулысымен іс бойынша өткен сот актілерінің күші жойылды, іс апелляциялық сатыдағы соттың жаңа қарауына жіберілді.
Негіз:
Соттардың қорытындылары қолданылмайтын, күші жойылған заң нормаларына негізделген. Соттың оңалту рәсімін қолданудан бас тарту туралы шешім қабылдауы үшін негіздердің тізбесі толық болып табылады.
Соттың мәлімделген талаптардың мерзімінен бұрын болуы туралы қорытындылары істің мән-жайларын толық және объективті зерттеуге және олардың жиынтығында ұсынылған дәлелдемелерді талдауға негізделуге тиіс
1) «Қазақ бидайы» ЖШС орнықты төлемге қабілетсіздігін, кредиторлар алдында жалпы сомасы 5 836 899 303 теңгеге берешегінің бар екендігін көрсете отырып, банкрот деп тану туралы өтінішпен жүгінді.
Апелляцияның 2022 жылғы 17 наурыздағы қаулысымен өзгеріссіз қалдырылған Алматы қаласы МАЭС-нің 2021 жылғы 30 қарашадағы шешімімен өтінішті қанағаттандырудан бас тартылды.
Сот талаптардың мерзімінен бұрын мәлімделгендігін негізге алған, өйткені ірі дебитор «Агротехмаш» ЖШС-ның дебиторлық берешекті қайтару бойынша банкроттық рәсімі аяқталмаған. ЖШС-да кредиторлық берешектің болуы борышкерді банкрот деп тану үшін, сөзсіз, негіз болып табылмайды.
Кассацияның 2022 жылғы 28 маусымдағы қаулысымен сот актілерінің күші жойылып, өтінішті қанағаттандыру туралы жаңа шешім шығарылды.
Негіз:
Серіктестіктің төлемге қабілетсіздігі орнықты болып табылатыны, дәрменсіздігі уақытша басқарушының қорытындысымен расталғаны, дебиторлық берешекті өндіріп алу мүмкіндігі алынып тасталғаны анықталды.
2) «Проблемалық кредиттер қоры» АҚ сотқа «TRAMONTANA» ЖШС-ны банкрот деп тану туралы өтінішпен сотқа жүгінді.
Сот «Цеснабанк» АҚ 2014-2015 жылдары үш компания - «Айыртау мұнай базасы» ЖШС-ға, «Агротехника-2030» ЖШС-ға, «Гилмор»ЖШС-ға жалпы сомасы 82 млн. Теңгеге кредит қаражатын бергенін анықтады.
«TRAMONTANA» ЖШС 2017 жылғы 17 қаңтарда заңды тұлға ретінде тіркелген, кейін қатысушылар құрамының, басшысының, орналасқан жерінің өзгеруіне байланысты бірнеше рет қайта тіркелді.
2017 жылғы 22 ақпанда жоғарыда аталған компаниялардан банктік қарыз шарттары бойынша міндеттемелер Серіктестікке ақша кепілі туралы шарттарды қамтамасыз ету ретінде (жинақ шотында сақталатын және болашақта түсетін) ұсына отырып аударылды.
2018 жылғы 25 қыркүйекте Қор банктен борышкерге қатысты талап ету құқығын сатып алды және соттың 2019 жылғы 23 тамыздағы шешімімен «TRAMONTANA» ЖШС-дан өтініш берушінің пайдасына жалпы сомасы 35 933 238 681 теңге берешек өндіріп алды. Сот шешімі орындалмады.
Борышкердің төлемге қабілетсіз екендігіне, қаржы-шаруашылық қызметті жүзеге асырмайтындығына сілтеме жасай отырып, Қор оны банкрот деп тану туралы талап қоюмен сотқа жүгінді.
Апелляцияның 2022 жылғы 6 сәуірдегі қаулысымен өзгеріссіз қалдырылған Нұр-Сұлтан қаласы МАЭС-нің 2022 жылғы 11 қаңтардағы шешімімен өтінішті қанағаттандырудан бас тартылды.
Осы соттың жекеше ұйғарымымен Серіктестікке қатысты анықталған фактілер туралы Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі Қаржы мониторингі комитетінің Экономикалық тергеу қызметінің назарына жеткізілді.
Жергілікті соттар өздерінің қорытындыларына мынадай уәж келтіріген: борышкердің қаржы-шаруашылық қызметі және бастапқы бухгалтерлік құжаттамасы туралы мәліметтер жоқ; есеп айырысу шоттарында ақша қаражатының қозғалысын тексеру бойынша жұмыс тиісті түрде жүргізілмеген; төлем қабілетсіздігінің себебі анықталмаған; борышкердің және басқа не болуы мүмкін кредиторлардың (оның ішінде екінші деңгейдегі банктердің) пікірі нақтыланбаған, бұл оның дәрменсіздігі туралы мәселені шешуге әсер етеді.
Кассациялық сатының 2022 жылғы 5 шілдедегі қаулысымен аталған сот актілері күшінде қалдырылды.
Негіз:
Бірінші сатыдағы сотқа ұсынылған дәлелдемелер борышкердің төлем қабілетсіздігі мен дәрменсіздігін ресми түрде растайтынымен келісе отырып, сот алқасы бұл жағдайда қарыздың туындау жағдайлары назар аударуға тұрарлық екенін көрсетті.
Борышкердің Қор алдындағы берешегі оған бастапқы қарыз алушылардың борышын аудару нәтижесінде ғана қалыптасқаны сенімді түрде анықталды.
Сонымен қатар борышты аударудан бір ай бұрын құрылған Серіктестікке шамамен 36 млрд. теңге көлемінде борышты аударудың негізділігі; оның сол кездегі қаржылық орнықтылығы, берешекті өтеу бойынша кепілдіктердің болуы; борышты аударуға рұқсат беру жөніндегі Банктің іс-қимылдары, сондай-ақ активтерді өтеулі сатып алу жөніндегі Қордың іс-қимылдарының заңдылығы туралы тиісті мәліметтер жоқ (борышкерге қатысты борыш талап ету құқығы).
Осылайша, кредиттерді алу және оларды аудару кезінде әдейі банкроттық немесе алаяқтық әрекеттер мәселесі шешілмеген. Жоғарыда аталған мәселелерді анықтау Серіктестікті банкрот деп тану туралы мәселені шешу үшін айтарлықтай маңызға ие.
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2020-2021 жылдар кезеңінде және 2022 жылғы 1-жартыжылдықта соттар қараған істер бойынша оңалту және банкроттық туралы заңнаманы қолданудың сот практикасына қорыту
Назар аударыңыз!
«Заң және Құқық» адвокаттық кеңсесі, бұл құжаттың жалпылама екендігіне және нақты сіздің жағдайыңыздың талаптарына сәйкес келмеуі мүмкендігіне көңіл бөлуіңізді сұрайды.
Біздің заңгерлер сіздің нақты жағдайыңызға сәйкес келетін кез келген құқықтық құжатты әзірлеп көмектесуге дайын.
Қосымша ақпарат алу үшін Заңгер/Адвокат телефонына хабарласуыңызға болады: +7 (708) 971-78-58; +7 (700) 978 5755, +7 (700) 978 5085.
Құжатты жүктеп алу
-
Оңалту және банкроттық туралы заңнаманы қолданудың сот практикасын ҚОРЫТУ
13 рет жүктеп алынды