Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 151-бабына түсініктеме. Сайлау құжаттарын, референдум құжаттарын бұрмалау немесе дауыстарды дұрыс есептемеу
1. Сайлау құжаттарын немесе референдум құжаттарын бұрмалау, бюллетеньдерге немесе қол қою парақтарына жалған жазбалар енгізу, дауыстарды көрінеу дұрыс есептемеу не сайлау нәтижелерін немесе референдум қорытындыларын көрінеу дұрыс белгілемеу, не дауыс беру құпиясын бұзу, егер бұл әрекеттерді Қазақстан Республикасы Президенттігіне кандидаттың сенім білдірілген адамы немесе депутаттыққа кандидаттың сенім білдірілген адамы, сондай-ақ сайлау комиссиясының немесе референдум өткізу жөніндегі комиссияның мүшесі жасаған болса, —
төрт мың айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына, не төрт жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге, не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға, белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан үш жылға дейінгі мерзімге айыра отырып немесе онсыз жазаланады.
2. Осы әрекеттер электрондық сайлау жүйесінің жұмыс істеуінің белгіленген тәртібін бұзу арқылы жасалған болса, —
жеті жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
Қылмыстың қоғамдық қауіптілігі ҚР Конституциясының 33-бабында бекітілген азаматтардың саяси құқықтары мен бостандықтарын бұзудан көрінеді (ҚР ҚК-нің 150-бабына түсініктемені қараңыз).
Қылмыстың объектісі болып дауыс беру мен референдум өткізудің заңнамада белгіленген тәртібі табылады.
Республикалық референдум өткізу тәртібі ҚР-ның 1995 жылғы 2 қарашадағы «Республикалық референдум туралы» Конституциялық заңының III тарауымен реттеледі.
Қылмыстың объективтік жағын мынадай баламалы әрекеттер құрайды:
сайлау құжаттарын, референдум құжаттарын бұрмалау;
бюллетеньдерге немесе қол қою парақтарына жалған жазбалар енгізу;
дауыстарды көрінеу дұрыс есептемеу не сайлау нәтижелерін немесе референдум қорытындыларын көрінеу дұрыс белгілемеу;
дауыс беру құпиясын бұзу.
Сайлау құжаттарын бұрмалау деп оларға жалғандық жасауды, яғни сайлау құжаттарына көрінеу жалған мәліметтер енгізуді не осындай мәліметтері бар құжаттарды толығымен дайындауды, мысалы, сайлаушылардың немесе референдумға қатысушылардың тізімдерін; құжатты бұрмалауды; бір құжатты екінші құжатпен ауыстыруды, сайлау құжаттарын жалған тұлғалардың атынан жасауды түсіну қажет.
Бюллетеньдерге немесе қол қою парақтарына жалған жазбалар енгізу бюллетеньдерге немесе қол қою парақтарына көрінеу жалған мәліметтер енгізуді білдіреді.
Дауыстарды көрінеу дұрыс есептемеу не сайлау нәтижелерін немесе референдум қорытындыларын көрінеу дұрыс белгілемеу дауыс беру нәтижелерін ол бойынша дауыс беру өткізілген мәселені шешуге берілген дауыстар санын азайту немесе көбейту жағына қарай қасақана бұрмалауды білдіреді.
Дауыс беру құпиясын бұзу дауыс беру құпиясын қамтамасыз ететін жағдайларды бұзуды немесе дауыс берушілердің ерік білдіруін бақылауға мүмкіндік беретін жағдайлар жасауды білдіреді. Мұндай әрекеттер сайлау учаскесінде сайлаушыға жасырын дауыс беруді жүзеге асыруға мүмкіндік бермейтін жағдайлар жасаудан (дауыс беруге арналған кабиналардың болмауы, дауыс беруге арналған кабиналарда сайлаушының ерік білдіруін көзбен шолып тіркейтін арнайы аппаратураны орнату, дауыс беру бюллетеньдеріне әртүрлі белгілер қою, «әлеуметтанулық сауалнама», «қоғамдық бақылау» деген желеумен өз таңдауын хабарлауды талап ету және басқа да әрекеттер) көрінуі мүмкін.
Қылмыс құрамы құрылымы бойынша формальды болып табылады. Қылмыс баптың диспозициясында көрсетілген әрекеттердің (әрекетсіздіктердің) кем дегенде біреуі осы бапта көрсетілген адамдар тарапынан жасалған сәттен бастап, сайлау немесе референдум нәтижелері бұрмаланған-бұрмаланбағанына қарамастан, аяқталған деп танылады.
Субъективтік жағынан қылмыс тікелей қасақаналықпен сипатталады, яғни адам өзінің сайлау науқанының демократиялық қағидатын бұзатынын сезінеді, зардаптардың туындау мүмкіндігін немесе болмай қоймайтынын алдын ала біледі және соны қалайды.
Субъект — арнайы, яғни Президенттікке кандидаттың сенім білдірілген адамы немесе депутаттыққа кандидаттың сенім білдірілген адамы, сайлау комиссиясының немесе референдум өткізу жөніндегі комиссияның мүшесі.
Түсіндіріліп отырған баптың 2-бөлігінде электрондық сайлау жүйесінің жұмыс істеуінің белгіленген тәртібін бұзу арқылы жасалған дәл сол әрекеттер үшін жауаптылық көзделген. Мұнда электрондық сайлау жүйесіне сайлау құжаттарының, сайлаудың немесе референдум қорытындыларының нәтижелерін бұрмалайтын көрінеу бұрмаланған, жалған деректерді енгізу түсініледі.
ҚР-ның 1995 жылғы 28 қыркүйектегі «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңының 50-1-бабына сәйкес: «Электрондық сайлау жүйесі — сайлауды дайындау және өткізу кезінде ақпараттық процестерді автоматтандыруға арналған ақпараттық технологиялардың, ақпараттық желілердің және оларды бағдарламалық-техникалық қамтамасыз ету құралдарының жиынтығы.
Электрондық сайлау жүйесінде пайдаланылатын бағдарламалық-техникалық құралдар Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес сертификатталуға тиіс».
Электрондық сайлау жүйесінің жұмыс істеу тәртібі Конституциялық заңмен (9-1-тарау) реттеледі.
Сайлауда электрондық сайлау жүйесін пайдалану кезіндегі заңнамалық шектеулер 50-2-баптың 3-тармағында көзделген, оған сәйкес мыналарға жол берілмейді: Орталық сайлау комиссиясы айқындаған жүйелерден басқа өзге электрондық жүйелерді пайдалануға; оны жалпыға қолжетімді телекоммуникациялық желілерге және электрондық сайлау жүйесінде қолданылмайтын өзге де ақпараттық жүйелер мен байланыс желілеріне қосуға; электрондық дауыс беру, дауыстарды санау, сайлау нәтижелері туралы ақпаратты беру кезінде заңсыз араласуға және бақылауға.
ҚР ҚК-нің 151-бабының 1-бөлігінде көзделген әрекет ауырлығы орташа қылмыстарға жатады.
ҚР ҚК-нің 151-бабының 2-бөлігінде көзделген әрекет ауыр қылмыстарға жатады.
Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексіне 2021 жылғы түсініктеме авторы — Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, заң ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Ұлттық жаратылыстану ғылымдары академиясының академигі, ҚР Конституциялық Кеңесі мен ҚР Жоғарғы Соты жанындағы Ғылыми-консультативтік кеңестердің мүшесі, ҚР Қауіпсіздік Кеңесі жанындағы құқық қорғау жүйесін реформалау жөніндегі жұмыс тобының мүшесі, Қазақстан Республикасы ІІМ-нің еңбек сіңірген қызметкері Исидор Шамилұлы Борчашвили.
Конституция Заң Кодекс Нормативтік қаулы Бұйрық Шешім Қаулы Адвокат Алматы заңгері Заңгерлік қызмет Заңгерлік кеңес Азаматтық Қылмыстық Әкімшілік істер мен даулар Қорғау Арбитраждық Қазақстан заң компаниясы Адвокаттық кеңсе Сот істері Декларация Жарлық Бұйрық Қаулы Шешім Баяндама Қорытынды Өтініш Қорытынды Конвенция Келісімшарт Меморандум Әдістеме Нормалар Нота Қағидалар Бағдарлама Жарғы Хартия Бап Түсініктеме Резолюция Регламент Хаттама Жоба Бағдарлама Қағидалар Жолдаулар