146-бабына түсініктеме. Сайлау құқықтарын немесе сайлау комиссияларының жұмысына кедергі келтіру Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің
1. Азаматтың өзінің сайлау құқықтарын немесе референдумға қатысу құқығын еркін жүзеге асыруына кедергі келтіру, сондай-ақ сайлау комиссияларының немесе референдум өткізу жөніндегі комиссиялардың жұмысына заңсыз араласу және дауыс беруге, кандидаттарды, партиялық тізімдерді тіркеуге, сайлауда немесе референдумда дауыстарды санауға және дауыс беру нәтижелерін анықтауға байланысты міндеттерді орындауға кедергі келтіру —
елу айлық есептік көрсеткіштен жүз айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салуға не сотталған адамның бір айға дейінгі кезеңдегі жалақысы немесе өзге де табысы мөлшерінде айыппұл салуға, не жүз жиырмадан жүз сексен сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға, не бір жылға дейінгі мерзімге түзеу жұмыстарына жазаланады.
2. Дәл сол әрекеттер:
а) сатып алумен, алдаумен, күш қолданумен не оны қолдану қатерімен ұштасқан;
б) адам өзінің лауазымдық немесе қызметтік жағдайын пайдалана отырып жасаған;
в) адамдар тобы алдын ала сөз байласу арқылы немесе ұйымдасқан топ жасаған;
г) электрондық сайлау жүйесінің жұмыс істеуінің белгіленген тәртібін бұзу арқылы жасалған болса, —
екі жүз айлық есептік көрсеткіштен бес жүз айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салуға не сотталған адамның екі айдан бес айға дейінгі кезеңдегі жалақысы немесе өзге де табысы мөлшерінде айыппұл салуға, не бір жылдан екі жылға дейінгі мерзімге түзеу жұмыстарына, не алты айға дейінгі мерзімге қамауға, не бес жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге, не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
Адам құқықтарының жалпыға бірдей декларациясының (1948 жылғы 10 желтоқсан) 21-бабында былай делінген: «1. Әрбір адам өз елін басқаруға тікелей немесе еркін сайланған өкілдері арқылы қатысуға құқылы.
2. Әрбір адам өз елінде мемлекеттік қызметке тең дәрежеде қол жеткізу құқығына ие.
3. Халықтың еркі үкімет билігінің негізі болуы тиіс; бұл ерік жалпыға бірдей және тең сайлау құқығы негізінде жасырын дауыс беру арқылы немесе дауыс беру бостандығын қамтамасыз ететін басқа да тең мәнді нысандар арқылы өткізілетін мерзімді және бұрмалаусыз сайлауларда көрініс табуы тиіс».
Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пактіде (1966 жылғы 16 желтоқсан) былай делінген: «Әрбір азамат қандай да бір кемсітусіз және негізсіз шектеулерсіз мынадай құқықтар мен мүмкіндіктерге ие болуы тиіс:
а) мемлекеттік істерді жүргізуге тікелей де, еркін сайланған өкілдері арқылы да қатысуға;
б) жалпыға бірдей және тең сайлау құқығы негізінде жасырын дауыс беру арқылы өткізілетін және сайлаушылардың еркін ерік білдіруін қамтамасыз ететін шынайы әрі мерзімді сайлауларда дауыс беруге және сайлануға;
в) өз елінде жалпы теңдік шарттарында мемлекеттік қызметке жіберілуге».
ҚР Конституциясының 33-бабына сәйкес, Қазақстан азаматтары сот әрекетке қабілетсіз деп таныған адамдарды, сондай-ақ сот үкімі бойынша бас бостандығынан айыру орындарында отырған адамдарды қоспағанда, мемлекеттік органдар мен жергілікті өзін-өзі басқару органдарына сайлауға және сайлануға, сондай-ақ республикалық референдумға қатысуға құқылы. Сайлау құқықтары саяси құқықтарға жатады, олар өзінің табиғаты бойынша ажыратылмайтын болып табылады, әрбір адамға туғаннан бастап тиесілі және мемлекеттің азаматтығына ие болумен байланысты.
Қазақстан Республикасының 1995 жылғы 28 қыркүйектегі «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңы Қазақстан Республикасы Президентін, Парламент Сенаты мен Мәжілісінің депутаттарын, мәслихаттар мен Қазақстан Республикасының жергілікті өзін-өзі басқару органдары мүшелерін сайлауды әзірлеу және өткізу кезінде туындайтын қатынастарды реттейді, сондай-ақ республика азаматтарының еркін ерік білдіруін қамтамасыз ететін кепілдіктерді белгілейді.
Республикадағы сайлау республика азаматының сайлау және сайлану құқығын еркін жүзеге асыруына негізделеді (Заңның 2-бабы).
Заңның 3-бабының 3-бөлігіне сәйкес, республика азаматтарының сайлауға қатысуы ерікті болып табылады. Ешкім азаматты сайлауға қатысуға немесе қатыспауға мәжбүрлеуге, сондай-ақ оның ерік білдіруін шектеуге құқылы емес.
Сайлауға сот әрекетке қабілетсіз деп таныған азаматтар, сондай-ақ сот үкімі бойынша бас бостандығынан айыру орындарында отырған азаматтар қатыспайды (Заңның 4-бабының 3-бөлігі).
Қазақстан Республикасының 1995 жылғы 2 қарашадағы «Республикалық референдум туралы» Конституциялық заңының 1-бабына сәйкес (кейінгі өзгерістер мен толықтыруларымен), республикалық референдум — Қазақстан Республикасының мемлекеттік өмірінің неғұрлым маңызды мәселелері бойынша Конституцияның, конституциялық заңдардың, заңдардың жобалары және шешімдер бойынша бүкілхалықтық дауыс беру болып табылады. Референдум республиканың бүкіл аумағында өткізіледі (2-бөлік).
Референдум өткізу мынадай қағидаттарға негізделеді: 1) референдумға қатысудың еріктілігі және азаматтардың еркін ерік білдіруі; 2) азаматтардың референдумға қатысуға жалпыға бірдей, тең және төте құқығы, жасырын дауыс беру; 3) жариялылық (Заңның 4-бабы).
ҚР Конституциялық заңының 5-бабына сәйкес, референдумға қатысу құқығына шыққан тегіне, әлеуметтік, лауазымдық және мүліктік жағдайына, жынысына, нәсіліне, ұлтына, тіліне, дінге көзқарасына, сеніміне, тұрғылықты жеріне немесе кез келген өзге де мән-жайларға қарамастан, он сегіз жасқа толған республика азаматтары ие болады.
Референдумға сот әрекетке қабілетсіз деп таныған, сондай-ақ сот үкімі бойынша бас бостандығынан айыру орындарында отырған азаматтардың қатысуға құқығы жоқ. Республика азаматтарының референдумға қатысу құқығын қандай да бір тікелей немесе жанама шектеуге жол берілмейді және заң бойынша жазаланады (1-бөлік). Азаматтар референдумға тікелей, тең негізде қатысады және олардың әрқайсысы тиісінше бір дауысқа немесе тең дауыс санына ие болады (2, 3-бөліктер).
Қоғамдық қауіптілігі талданып отырған әрекеттің Қазақстан Республикасы азаматтарының мемлекеттік органдар мен жергілікті өзін-өзі басқару органдарына сайлану және сайлау, сондай-ақ республикалық референдумға қатысу жөніндегі конституциялық құқықтарын бұзуында көрініс табады.
Қылмыстың объектісі болып аталған конституциялық құқық табылады.
Жекелеген жағдайларда қылмыстың нысанасы сайлаудың немесе референдумның сайлау құжаттары, мысалы, сайлаушылар тізімдері болуы мүмкін.
Қылмыстың объективтік жағы мынадай әрекет немесе әрекетсіздік арқылы көрініс табады:
- Азаматтың өзінің сайлау құқықтарын еркін жүзеге асыруына кедергі келтіру;
- Азаматтың референдумға қатысуына кедергі келтіру;
- Сайлау комиссияларының немесе референдум өткізу жөніндегі комиссиялардың жұмысына заңсыз араласу;
- Дауыс беруге, кандидаттарды, партиялық тізімдерді тіркеуге, дауыстарды санауға және сайлауда немесе референдумда дауыс беру нәтижелерін анықтауға байланысты міндеттерді орындауға кедергі келтіру.
Кедергі келтіру әртүрлі бөгеттер жасау дегенді білдіреді.
Атап айтқанда, азаматтың өзінің сайлау құқықтарын еркін жүзеге асыруына кедергі келтіру ретінде кінәлі адамның өзінің сайлау құқығын жүзеге асырып жатқан азаматқа сайлау бойынша еркін ерік білдіруіне кедергі келтіретін қандай да бір ықпал ету әрекеттері бағалануы мүмкін. Мысалы, кандидаттарды сайлау алдындағы науқанға қатысудан шеттету; нақты кандидаттарды ұсыну кезінде кедергілер мен қиындықтар жасау; тұрғылықты жерін ауыстыруына байланысты дауыс беру құқығына арналған куәлікті беруден бас тарту.
Азаматтың референдумға қатысу құқығын жүзеге асыруына кедергі келтіру бастамашыл топтың қызметіне қарсы әрекет етуден, азаматтың референдумға қатысу құқығын заңсыз шектеуден көрінеді. Мысалы, референдум өткізу жөніндегі бастамашыл топтың құрылуына немесе қызметіне қарсы әрекет ету, азаматтарды сауалнамаға қатысушылар тізімінен заңсыз алып тастау және т.б.
Сайлау комиссияларының немесе референдум өткізу жөніндегі комиссиялардың жұмысына заңсыз араласу деп кінәлі адамның сайлау комиссияларының немесе референдум өткізу жөніндегі комиссиялардың жалпы жұмысына, сондай-ақ олардың жекелеген мүшелерінің жұмысына кедергі келтіретін құқыққа қайшы әрекеттерін бағалау керек (мысалы, сайлау комиссиясының мүшесіне оның отырыстарына қатысуға тыйым салу, сайлау комиссияларын үй-жайдан айыру немесе олардың заңды талаптарын елемеу, референдум өткізу жөніндегі бастамашыл топты тіркеуден негізсіз бас тарту).
Сайлауда немесе референдумда дауыс беруге, кандидаттарды, партиялық тізімдерді тіркеуге, дауыстарды санауға және дауыс беру нәтижелерін анықтауға байланысты міндеттерді орындауға кедергі келтіру байқаушылардың дауыс беру кезінде немесе дауыстарды санау кезінде қатысу мүмкіндігінен айыру, қоғамдық тәртіпті бұзу және тағы басқа осындай әрекеттерден көрініс табуы мүмкін.
Қылмыс мынадай әрекеттер жасалған сәттен бастап аяқталған болып танылады: азаматтың өзінің сайлау құқықтарын еркін жүзеге асыруына кедергі келтіру; азаматтың референдумға қатысуына кедергі келтіру; сайлау комиссияларының немесе референдум өткізу жөніндегі комиссиялардың жұмысына заңсыз араласу; дауыс беруге, кандидаттарды, партиялық тізімдерді тіркеуге, дауыстарды санауға және сайлауда немесе референдумда дауыс беру нәтижелерін анықтауға байланысты міндеттерді орындауға кедергі келтіру.
Әрекеттің субъективтік жағы тікелей қасақаналықпен сипатталады, өйткені адам өз әрекетінің қоғамдық қауіпті сипатын, яғни оның ҚР Конституциясымен кепілдік берілген азаматтардың сайлау құқықтарын бұзатынын түсінеді, осы құқықтардың бұзылу мүмкіндігін немесе болмай қоймайтынын алдын ала біледі және соны қалайды. Ниеттері жеке сипатта (кек алу, қызғаныш және т.б.), сондай-ақ саяси сипатта (белгілі бір партияның мүшесі болып табылатын адамды кандидат ретінде ұсынуды қаламау, «өз» кандидатын қолдау және т.б.) болуы мүмкін.
Талданып отырған қылмыстық әрекеттің субъектісі жалпы болып табылады — он алты жасқа толған, есі дұрыс жеке тұлға.
ҚР ҚК-нің 146-бабының 2-бөлігінде саралаушы белгілер көзделген:
а) сатып алумен, алдаумен, күш қолданумен не оны қолдану қатерімен ұштасқан сайлау құқықтарын жүзеге асыруға немесе сайлау комиссияларының жұмысына кедергі келтіру;
б) адамның өзінің қызметтік жағдайын пайдалана отырып жасаған сайлау құқықтарын жүзеге асыруға немесе сайлау комиссияларының жұмысына кедергі келтіруі;
в) адамдар тобының алдын ала сөз байласу арқылы немесе ұйымдасқан топ болып жасаған сайлау құқықтарын жүзеге асыруға немесе сайлау комиссияларының жұмысына кедергі келтіруі;
г) электрондық сайлау жүйесінің жұмыс істеуінің белгіленген тәртібін бұзу арқылы жасалған әрекет.
Сатып алу деп сайлауға, референдумға қатыспағаны үшін, оның ішінде сайлауда кандидатурасын алып тастағаны үшін, аталған комиссиялардың жұмысына қатыспағаны үшін немесе адамның өзінің ерік білдіруіне қайшы дауыс бергені үшін, комиссияда өзінің міндеттерін емес, сатып алушының нұсқауы бойынша міндеттерді орындағаны үшін кез келген мүліктік игіліктер мен артықшылықтарды уәде етуді немесе беруді түсіну керек. Сайлау комиссиясының немесе референдум өткізу жөніндегі комиссияның лауазымды адамын сатып алу кезінде бұдан да ауыр басқа қылмыс — пара беру жасалады, яғни қылмыстар жиынтығы орын алады.
Алдау — сайлау науқанына қатысушыны әртүрлі нақты мән-жайларға, атап айтқанда, кандидаттың жеке басына, сайлаудың, референдумның өткізілу уақыты мен орнына, дауыс беру рәсіміне және тағы басқаларға қатысты жаңылыстыру.
Зорлық-зомбылық осы қылмыстың саралаушы белгісі ретінде ұрып-соғумен, денсаулыққа жеңіл немесе ауырлығы орташа зиян келтірумен, заңсыз бас бостандығынан айырумен сипатталуы мүмкін. Денсаулыққа ауыр зиян келтіру ҚР ҚК-нің 146-бабы 2-бөлігінің «а» тармағы және ҚР ҚК-нің 103-бабы бойынша қылмыстар жиынтығын құрайды.
Зорлық-зомбылық қолдану қатері деп жәбірленушіге қатысты дене күшін қолдану ниеті туралы хабарлау арқылы оған психикалық ықпал етуді түсіну керек. Бұл ретте жәбірленуші мұның жай ғана қорқыту емес, қазіргі уақытта немесе болашақта шын мәнінде жүзеге асырылуы мүмкін екенін түсінеді.
Өзінің қызметтік жағдайын пайдалана отырып жасалған сайлау құқықтарын жүзеге асыруға немесе сайлау комиссияларының жұмысына кедергі келтіру құрамының субъектісі әртүрлі кедергілер жасау үшін заңмен берілген өкілеттіктерін пайдаланатын лауазымды адам болып табылады.
Сайлау құқықтарын жүзеге асыруға немесе сайлау комиссияларының жұмысына кедергі келтіру, егер оны екі немесе одан да көп адам осы әрекетті бірлесіп жасау туралы алдын ала уағдаласып жасаған болса, адамдар тобының алдын ала сөз байласуы арқылы жасалған деп танылады.
Сайлау құқықтарын жүзеге асыруға немесе сайлау комиссияларының жұмысына кедергі келтіру, егер оны бір немесе бірнеше қылмыс жасау үшін алдын ала біріккен, тұрақты адамдар тобы жасаған болса, ұйымдасқан топ жасаған деп танылады.
Сайлау құқықтарын жүзеге асыруға немесе сайлау комиссияларының жұмысына кедергі келтіру, егер кінәлі адамның әрекеттері автоматтандырылған сайлау жүйесі бағдарламасының (мысалы, АИС «Сайляу») істен шығуына немесе физикалық тұтастығы сақталған жағдайда есептеу техникасының жұмысының бұзылуына (мысалы, компьютердің, компьютерлік жүйенің, сервердің толық немесе ішінара істен шығуына) не электрондық жүйенің қауіпсіздігінің бұзылуына әкеп соқса, электрондық сайлау жүйесінің жұмыс істеуінің белгіленген тәртібін бұзу арқылы жасалған деп танылады.
Қылмыс аталған құқықтарды жүзеге асыруға немесе комиссиялардың жұмысына кедергі келтірудің нәтижесіне қол жеткізілгеніне немесе жеткізілмегеніне қарамастан, әрекет жасалған сәттен бастап аяқталған болып танылады.
ҚР ҚК-нің 146-бабының 1-бөлігінде көзделген қылмыс онша ауыр емес қылмыстар санатына жатады.
ҚР ҚК-нің 146-бабының 2-бөлігінде көзделген қылмыс ауырлығы орташа қылмыстар санатына жатады.
Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексіне 2007 жылғы түсініктеме. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, заң ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Ұлттық жаратылыстану ғылымдары академиясының академигі И.Ш. БОРЧАШВИЛИДЕН.
Актінің өзгертілген күні: 02.08.2007Актінің қабылданған күні: 02.08.2007Қабылданған орны: ЖОҚАктіні қабылдаған орган: 180000000000Қолданылу өңірі: 100000000000Нормашығармашылық орган берген нормативтік құқықтық актінің тіркеу нөмірі: 167Актінің мәртебесі: newҚұқықтық қатынастар саласы: 028000000000Актінің нысаны: КОММЗаңдық күші: 1900Актінің тілі: rus
Қылмыстық кодекс, Қылмыстық кодекске түсініктемелер, Жоғарғы Соттың нормативтік қаулысы, Қылмыстық заңнама, Қазақстан Республикасының Нормативтік құқықтық актілері.
Назар аударыңыз!
«Заң және Құқық» адвокаттық кеңсесі, бұл құжаттың жалпылама екендігіне және нақты сіздің жағдайыңыздың талаптарына сәйкес келмеуі мүмкіндігіне көңіл бөлуіңізді сұрайды. Біздің заңгерлер сіздің нақты жағдайыңызға сәйкес келетін кез келген құқықтық құжатты әзірлеп көмектесуге дайын.
Қосымша ақпарат алу үшін Заңгер/Адвокат телефонына хабарласуыңызға болады: +7 (708) 971-78-58; +7 (700) 978 5755, +7 (700) 978 5085.
Конституция Заң Кодекс Норматив Жарлық Бұйрық Шешім Қаулы Адвокат Алматы Заңгер орғаушы Заң қызметі Құқық қорғау Құқықтық қөмек Заңгерлік кеңсе Азаматтық істері Қылмыстық істері Әкімшілік істері Арбитраж даулары Заңгерлік кеңес Заңгер Адвокаттық кеңсе Қазақстан Қорғаушы Заң компаниясы Декларация Жарлық Бұйрық Қаулы Шешім Баяндама Қорытынды Өтініш Конвенция Келісімшарт Меморандум Әдістеме Нормалар Нота Ережелер Бағдарлама Жарғы Мақала Түсініктеме Қарар Регламент Хаттама Жоба Жолдау