Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 79-бабына түсініктеме. Сарапшы
1. Сарапшы ретінде іске мүдделі емес, арнайы ғылыми білімі бар адам шақырылуы мүмкін. Сараптама жүргізу тапсырылуы мүмкін адамға қойылатын өзге де талаптар осы Кодекстің 273-бабының бірінші бөлігінде белгіленеді.
2. Сарапшыны шақыру, сараптама тағайындау және жүргізу осы Кодекстің 35-тарауында, сондай-ақ 373-бабында көзделген тәртіппен жүзеге асырылады.
3. Сарапшының:
1) сараптама нысанасына қатысты іс материалдарымен танысуға;
2) қорытынды беру үшін қажетті қосымша материалдарды ұсыну, сондай-ақ қауіпсіздік шараларын қабылдау туралы өтінішхаттар мәлімдеуге;
3) қылмыстық процесті жүргізетін органның рұқсатымен процестік әрекеттерді жүргізуге және сот отырысына қатысуға, сондай-ақ оларға қатысатын адамдарға сараптама нысанасына қатысты сұрақтар қоюға;
4) өзі қатысқан процестік әрекеттің хаттамасымен, сондай-ақ сот отырысы хаттамасының тиісті бөлігімен танысуға және өзінің әрекеттері мен айғақтарының толықтығы мен дұрыстығының хаттамаларда тіркелуіне қатысты хаттамаларға енгізілуге жататын ескертулер жасауға;
5) сараптаманы тағайындаған органмен келісу бойынша өз құзыреті шегінде сот-сараптамалық зерттеу барысында анықталған, іс үшін маңызы бар, сот сараптамасын тағайындау туралы қаулыда қамтылған сұрақтардың шегінен шығатын мән-жайлар бойынша қорытынды беруге;
6) қорытынды мен айғақтарды ана тілінде немесе өзі білетін тілде ұсынуға; аудармашының тегін көмегін пайдалануға; аудармашыға қарсылық білдіруге;
7) қылмыстық процесті жүргізетін органның және іс бойынша іс жүргізуге қатысатын өзге де адамдардың сараптама жүргізу кезінде оның құқықтарына нұқсан келтіретін шешімдері мен әрекеттеріне шағым жасауға;
8) сараптама жүргізу кезінде жұмсаған шығындарының өтелуін және орындалған жұмысы үшін сыйақы алуға, егер сот сараптамасын жүргізу оның лауазымдық міндеттерінің аясына кірмесе, құқығы бар.
4. Сарапшының:
1) қылмыстық процесті жүргізетін органның хабарынсыз сараптама жүргізуге байланысты мәселелер бойынша процеске қатысушылармен келіссөздер жүргізуге;
2) зерттеу үшін материалдарды өз бетінше жинауға;
3) егер қылмыстық процесті жүргізетін органның арнайы рұқсаты болмаса, объектілердің толық немесе ішінара жойылуына не олардың сыртқы түрінің немесе негізгі қасиеттерінің өзгеруіне әкеп соғуы мүмкін зерттеулер жүргізуге құқығы жоқ.
5. Сарапшы:
1) қылмыстық процесті жүргізетін органның шақыруы бойынша келуге;
2) өзіне ұсынылған объектілерге жан-жақты, толық және объективті зерттеу жүргізуге, қойылған сұрақтар бойынша негізделген және объективті жазбаша қорытынды беруге;
3) осы Кодекстің 284-бабында көзделген жағдайларда қорытынды беруден бас тартуға және қорытынды берудің мүмкін еместігі туралы дәлелді жазбаша хабарлама жасап, оны қылмыстық процесті жүргізетін органға жіберуге;
4) жүргізілген зерттеуге және берілген қорытындыға байланысты мәселелер бойынша айғақтар беруге;
5) зерттеуге ұсынылған объектілердің сақталуын қамтамасыз етуге;
6) іс мән-жайлары туралы және сараптама жүргізуге байланысты өзіне белгілі болған өзге де мәліметтерді жария етпеуге;
7) сараптаманы тағайындаған органға сараптама жүргізуге байланысты шығыстар сметасын және жұмсалған шығыстар туралы есепті ұсынуға міндетті.
6. Көрінеу жалған қорытынды бергені үшін сарапшы заңда белгіленген қылмыстық жауаптылықта болады.
7. Сот сараптамасы органдарының қызметкері болып табылатын сарапшы өзінің қызметтік сипатына қарай өз құқықтары мен міндеттерімен таныс деп есептеледі және көрінеу жалған қорытынды бергені үшін қылмыстық жауаптылық туралы ескертілген болып саналады.
Сарапшы — бұл адам қызметінің белгілі бір саласында (медицина, техника, ауыл шаруашылығы және т.б.) жүйелі арнайы ғылыми білімі бар, іске мүдделі емес тұлға.
Қазақстан Республикасының Жоғарғы Соты 2004 жылғы 26 қарашадағы № 16 «Қылмыстық істер бойынша сот сараптамасы туралы» нормативтік қаулысының 1-тармағында ҚПК-нің 270-бабына сәйкес сараптама қылмыстық іс бойынша дәлелдеудің ерекше процестік нысаны ретінде іс үшін маңызы бар нақты деректерді сарапшының арнайы ғылыми білім негізінде жүргізетін іс материалдарын зерттеу нәтижесінде ғана алуға болатын жағдайларда тағайындалатынын түсіндірді (сондай-ақ Қазақстан Республикасы Әділет министрінің 2017 жылғы 27 сәуірдегі № 484 бұйрығымен бекітілген Сот сараптамасы органдарында сот сараптамалары мен зерттеулерін ұйымдастыру және жүргізу қағидаларының 2-тармағын қараңыз).
«Арнайы ғылыми білім» деген сөз тіркесі 2017 жылғы 10 ақпандағы «Сот-сараптама қызметі туралы» Заңда бекітілген және мазмұнын сот-сараптамалық зерттеулер әдістемелерінде іске асырылған ғылыми білім құрайтын арнайы білім саласы ретінде түсіндіріледі (1-баптың 1-тармағы). Ал сот-сараптамалық зерттеу әдістемесі — сот сараптамасы объектілерін зерттеу кезінде сот сараптамасының нысанасына жататын нақты деректерді анықтау үшін қолданылатын әдістер жүйесі (Қазақстан Республикасының «Сот-сараптама қызметі туралы» Заңының 1-бабының 6) тармақшасын қараңыз; Қазақстан Республикасы Әділет министрінің 2017 жылғы 30 наурыздағы № 331 «Қазақстан Республикасының сот-сараптамалық зерттеулер әдістемелерінің мемлекеттік тізілімін қалыптастыру, жүргізу және пайдалану қағидаларын бекіту туралы» бұйрығы); Қазақстан Республикасы Әділет министрінің 2017 жылғы 30 наурыздағы № 330 «Сот-сараптамалық зерттеулер әдістемелерін әзірлеу, сынақтан өткізу және енгізу қағидаларын бекіту туралы» бұйрығы.
ҚПК-нің 79-бабы 1-бөлігінің екінші сөйлемінде айтылған сот сараптамасын жүргізуге қойылатын өзге де талаптар оның тек мына тұлғаларға тапсырылуы мүмкін екендігінде:
— Әділет министрлігінің Сот сараптамасы орталығы мен Денсаулық сақтау министрлігінің Сот медицинасы орталығының сот сараптамасы органдарының қызметкерлеріне (Қазақстан Республикасы Президентінің 1997 жылғы 22 сәуірдегі № 3465 «Қазақстан Республикасының құқық қорғау органдары жүйесін одан әрі реформалау жөніндегі шаралар туралы» Жарлығын; Қазақстан Республикасы Үкіметінің 1997 жылғы 11 тамыздағы № 1245 «Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің «Сот сараптамасы орталығы» мемлекеттік мекемесін құру туралы» қаулысын; Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2004 жылғы 28 қазандағы № 1120 «Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің мәселелері» қаулысын; Қазақстан Республикасы Әділет министрінің 2017 жылғы 27 наурыздағы № 306 «Сот сараптамасы органдары жүргізетін сот сараптамалары түрлерінің және Қазақстан Республикасы Әділет министрлігі біліктілік беретін сарапшылық мамандықтардың тізбесін бекіту туралы» бұйрығын; Қазақстан Республикасы Әділет министрінің 2017 жылғы 30 наурыздағы № 335 «Сот сарапшысы біліктілігін беру үшін емтихандар қабылдау қағидаларын бекіту туралы» бұйрығын; Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2009 жылғы 11 қыркүйектегі № 1352 «Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің жекелеген ведомстволық бағынысты ұйымдарын қайта ұйымдастыру туралы» қаулысын және т.б. қараңыз);
— лицензия негізінде сот-сараптама қызметін жүзеге асыратын жеке тұлғаларға (Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2015 жылғы 26 қыркүйектегі № 790 «Адвокаттық және нотариаттық қызметті лицензиялаудың кейбір мәселелері туралы» қаулысын; Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2018 жылғы 23 қазандағы № 669 «Медициналық және фармацевтикалық қызметті лицензиялаудың кейбір мәселелері туралы» қаулысын қараңыз); заңда көзделген тәртіппен және шарттарда біржолғы тәртіппен өзге де тұлғаларға (жоғарыда аталған тұлғалардан басқа) (автордың ескертпесі — М.К.) (ҚПК-нің 273-бабының 1-бөлігі).
Сараптама жүргізу біржолғы тәртіппен мынадай жағдайларда тапсырылуы мүмкін: 1) Қазақстан Республикасының Әділет министрлігі белгілеген сот сараптамалары түрлерінің тізбесінде көзделмеген сот сараптамасын тағайындау; 2) сот сараптамасы органдарының қызметкерлері болып табылатын тиісті мамандықтағы сот сарапшыларына, сондай-ақ лицензия негізінде сот-сараптама қызметімен айналысатын адамдарға негізделген қарсылық білдіруді қанағаттандыру не тұтастай сот сараптамасы органын сот сараптамасын жүргізуден дәлелді түрде шеттету; 3) шет мемлекеттің сот сарапшысын тарту («Сот-сараптама қызметі туралы» Заңның 19-бабы 1-тармағының 3) тармақшасы, 3-тармағы, 62-бабы).
3. ҚПК-нің 79-бабына түсініктеме қылмыстық процестегі сарапшының процестік мәртебесіне қатысты болғандықтан, оны шақыру, тағайындау және сараптама жүргізу мәселелері ҚПК-нің «Сот сараптамасы» атты 35-тарауының нормаларына және 373-баптың «Сот талқылауында сараптама жүргізу», 374-баптың «Сарапшыдан жауап алу» нормаларына қатысты түсіндіріледі.
4. Қылмыстық процестің барлық өзге қатысушылары сияқты, сарапшы да қылмыстық іс бойынша өзіне жүктелген міндетті тиімді орындауға мүмкіндік беретін құқықтар жиынтығының иесі болып табылады. 2-бөлік сарапшының сараптама жүргізу кезіндегі 8 негізгі құқығын бекітеді. Олардың кейбірін қысқаша қарастырайық.
Осылайша, ҚПК-нің 79-бабы 3-бөлігінің 1—8-тармақтарында көзделген сарапшы құқықтары оның іс бойынша қорытындысының заңдылығы мен негізділігін қамтамасыз етеді, өйткені әртүрлі нысандарда оған қылмыстық іс материалдарының мазмұнын жақсырақ түсінуге және сот сараптамасы объектілерін зерттеудің тиісті әдістемелерін қолдануға мүмкіндік береді. Мысалы, ҚПК-нің 79-бабы 3-бөлігінің 1-тармағындағы ереже оған қылмыстық іс материалдарымен сараптама нысанасына қатысы бар бөлігінде танысуға мүмкіндік береді және сол арқылы оның құзыретіне жатпайтын құқықтық сипаттағы тұжырымдары бар қорытынды беруіне жол бермейді.
Сарапшының сараптама жүргізу кезіндегі өзге құқықтарының арасында қылмыстық процесті жүргізетін орган оған сұрақтар қоймаған, бірақ іс бойынша маңызы бар өзі анықтаған мән-жайларды қорытындыда көрсету құқығы бар (79-баптың 5-тармағы). Алайда бұл құқықты ол тек сараптаманы тағайындаған органмен келісу бойынша ғана іске асыра алады.
Сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысында сарапшы сараптама жүргізу кезінде оның құқықтарына нұқсан келтіретін қылмыстық процесті жүргізетін органның және өзге де адамдардың шешімдері мен әрекеттеріне тергеу судьясына, прокурорға, тергеу бөлімінің бастығына, анықтау органының бастығына шағым жасауға құқылы (ҚПК-нің 79-бабы 3-бөлігінің 7-тармағы, 276—278-баптары).
Заң сарапшыға сараптама жүргізуге байланысты шығыстардың өтелуіне, сондай-ақ еңбегінің ақы төленуіне кепілдік береді. Бұл мәселелер ҚПК-нің «Қылмыстық іс бойынша іс жүргізу барысында жұмсалған еңбекақыны төлеу және шығыстарды өтеу» атты 21-тарауының (175—176-баптар) және «Процестік шығындар» атты 22-тарауының (177—178-баптар) қағидаларымен реттеледі (сондай-ақ Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2018 жылғы 29 маусымдағы № 10 «Қылмыстық істер бойынша процестік шығындарды өндіріп алу туралы» нормативтік қаулысының 1, 3—8, 16—17-тармақтарын қараңыз). Қорғаушының және жәбірленуші өкілінің сұрау салуы бойынша сараптама жүргізілген жағдайларда шығыстарды өтеу сараптама кімнің мүддесі үшін жүргізілсе, сол адамның мойнына жүктеледі (ҚПК-нің 272-бабының 5-бөлігі).
ҚПК-нің 79-бабының 4-бөлігі сондай-ақ үш маңызды шектеуді белгілейді (сараптама мәселелері бойынша қылмыстық процесс қатысушыларымен келіссөздер жүргізбеу, сараптама барысында материалдарды өз бетінше жинамау, сараптама объектілерімен жұмыс істеу кезінде ұқыпты болу), оларды сарапшы сақтамаған жағдайда сараптаманың объективтілігіне және қылмыстық процесс тараптарының құқықтарының бұзылуына әсер етуі мүмкін. ҚПК-нің 4-бөлігінің нормаларында көрсетілген барлық әрекеттерді сарапшы тек қылмыстық процесті жүргізетін органның хабардар етуімен және рұқсатымен ғана жүзеге асыруға құқылы не сараптаманың сапасын қамтамасыз ету мүддесінде орган оны жүзеге асыруға міндеттеуі мүмкін. Атап айтқанда, заң процестің қатысушыларының сараптама жүргізу кезінде қатысуы, сарапшының сараптамалық зерттеудің бір бөлігі ретінде үлгілер алуы, сондай-ақ сараптама объектілерімен жұмыс істеу туралы нормаларды регламенттейді (ҚПК-нің 263, 278, 280-баптары).
Құқықтардың болуы тиісті міндеттердің де болуын білдіреді, олар сарапшының құқықсубъектілігінің құрамына кіреді. Олар ҚПК-нің 79-бабының 5-бөлігімен реттеледі және қылмыстық процесс пен сараптамалық практика қажеттіліктеріне жауап беретін 7 негізгі міндеттен тұрады. Бұл міндеттер сарапшыны тиісті сараптамалық зерттеу жүргізуге, қылмыстық процесті жүргізетін органның сұрақтарына толық жауаптары бар жан-жақты қорытынды ұсынуға бағыттайды. Сараптама жүргізу барысында құқықтарды заңды әрі негізді қолданумен ұштасқан міндеттерді тиімді орындау кейіннен қосымша немесе қайталама сараптамалар тағайындауды болдырмайды. Сарапшы міндеттерінің арасында бұрынғысынша қорытындыны уақтылы беру, сондай-ақ сараптама объектілерінің сақталуын қамтамасыз ету басым болып қала береді (Қазақстан Республикасы Әділет министрінің 2017 жылғы 27 наурыздағы № 305 «Сот сараптамасы объектілерімен жұмыс істеу қағидаларын бекіту туралы» бұйрығын қараңыз).
Сарапшының қорытындысы қылмыстық іс бойынша дәлелдеу нысанасына кіретін сұрақтар бойынша жасалады (ҚПК-нің 113-бабы), іс бойынша дәлелдемелерді жинаудың процестік құралдарының бірі болып табылады және іс бойынша дербес дәлелдеме көзі ретінде қарастырылады (ҚПК-нің 111-бабының 2-бөлігі). Іс бойынша сараптама жүргізу тәртібін бұзу (бұған құқығы жоқ адамның сараптама жүргізуі; сараптама жүргізу тәртібін елеулі түрде бұзу; қазіргі ғылыми білімге қайшы келетін әдістерді қолдану) сарапшы қорытындысының дәлелдемелік күші жоқ деп танылуына әкеп соғады (ҚПК-нің 112-бабы 3-бөлігінің 3), 5), 7) тармақтары).
Сарапшының объективтілігі, оның қылмыстық іске мүдделі болмауы, сараптама жүргізу кезіндегі кәсіби қасиеттері (құзыреттілігі) ҚПК мен ҚК нормаларының қорғауында болады. Мысалы, сарапшының біліксіздігі анықталып, оның іске қатысуын жоққа шығаратын өзге де мән-жайлар белгілі болған жағдайда, ол қылмыстық процесті жүргізетін орган тарапынан шеттетіледі (ҚПК-нің 93-бабы). Көрінеу жалған қорытынды беруге сатып алу немесе мәжбүрлеу ҚК-нің 422-бабы бойынша қылмыстық жауаптылыққа әкеп соғады. Сарапшының көрінеу жалған қорытынды беруі оның ҚК-нің 420-бабы бойынша қылмыстық жауаптылығына әкеп соғады және ҚПК-де белгіленген тәртіппен жаңадан ашылған мән-жайлар бойынша істі қайта қарауға негіз болады (ҚПК-нің 499-бабы 2-бөлігінің 1-тармағы).
Қылмыстық процесті жүргізетін органдарға қорытынды, түсініктемелер мен осы қорытынды бойынша айғақтар беру, тергеу әрекетін жүргізуге және сот талқылауына қатысу үшін шақырылатын сарапшылар қылмыстық іс бойынша орындалған жұмысы үшін сыйақы алуға және қылмыстық сот ісін жүргізу барысында жұмсаған шығыстарының өтелуіне құқылы (ҚПК-нің 71-бабы 4-бөлігінің, 175—176, 177—178-баптарының нормаларына түсініктемені; Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2014 жылғы 9 қазандағы «Қылмыстық іс бойынша іс жүргізу кезінде адамдар шеккен шығыстарды өтеудің кейбір мәселелері туралы» қаулысын; Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2018 жылғы 29 маусымдағы № 10 «Қылмыстық істер бойынша процестік шығындарды өндіріп алу туралы» нормативтік қаулысының 1, 3—8, 16—17-тармақтарын қараңыз).
Қазақстан Республикасының Қылмыстық-процестік кодексіне 2020 жылғы түсініктеме. Авторы: Марат Чекишевич Қоғамов, заң ғылымдарының докторы, Қазақстанның құрметті заңгері, профессор, Қазақстан Ұлттық жаратылыстану ғылымдары академиясының академигі, Қазақстан Республикасы ІІМ-нің еңбек сіңірген қызметкері.
Конституция Заң Кодекс Нормативтік акт Указ Бұйрық Шешім Қаулы Адвокат Алматы Заңгері Заң қызметі қызмет Заң консультациясы Азаматтық Қылмыстық Әкімшілік істер даулары Қорғау Арбитраждық Қазақстанның заң компаниясы Адвокаттық кеңсе Сот істері Декларация Жарлық Бұйрық Қаулы Шешім Баяндама Қорытынды Өтініш Қорытынды Конвенция Шарт Меморандум Әдістеме Нормалар Нота Қағидалар Бағдарлама Жарғы Хартия Статья Түсініктеме Резолюция Регламент Хаттама Жоба Бағдарлама Қағидалар