Құрылысты заңсыз деп тану үшін ол өз бетінше салынған құрылыс болуы тиіс
Өз бетінше салынған құрылысқа құқықты тану туралы талап қою талап қою ісін жүргізу тәртібімен қаралады, өйткені мүдделі тұлға құқық туралы дауды шешу арқылы өзінің бұзылған немесе дауланып отырған құқығын не заңды мүддесін қорғау туралы талаппен жүгінеді.
«Тұрғын үйге меншік құқығын қорғауға байланысты дауларды шешудің кейбір мәселелері туралы» нормативтік қаулының 11-тармағында осы мәселе бойынша жан-жақты түсіндірмелер берілген.
Осылайша, өз бетінше салынған құрылысқа құқықты тану туралы талап қоюлардың барлығы соттарда талап қою ісін жүргізу тәртібімен беріледі және қаралады.
Соттылық
Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) 31-бабының 1-бөлігіне сәйкес жер учаскелеріне, ғимараттарға, үй-жайларға, құрылыстарға, жермен берік байланыстағы басқа да объектілерге (жылжымайтын мүлікке) және басқа да объектілерге құқықтар туралы талап қоюлар осы объектілердің орналасқан жері бойынша беріледі.
Яғни, өз бетінше салынған құрылысқа меншік құқығын тануға байланысты даулар даулы жылжымайтын мүлік объектісінің аумақтық орналасқан жері бойынша қаралады.
Егер іс тараптарының бірі азамат болса, мұндай талап қоюлар аудандық соттарда қаралады.
Іс тараптары заңды тұлға құрмай жеке кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыратын жеке тұлғалар және заңды тұлғалар болған жағдайларда, талап қою АПК-нің 27-бабының 1-бөлігіне сәйкес мамандандырылған ауданаралық экономикалық соттарға соттылықта болады.
Іске қатысатын тұлғалардың шеңбері
Өз бетінше салынған құрылысқа меншік құқығын тану туралы талап қоюлар соттарда талап қою ісін жүргізу тәртібімен қаралады және жергілікті атқарушы органға қойылады.
Мұндай істер бойынша жауапкерлер тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктің жергілікті атқарушы органын басқаратын әкімдер болуы тиіс.
Даудың санатына қарай мұндай талап қоюлар жер учаскесінің меншік иесіне немесе құрылыс салушыға (өз бетінше салынған құрылысты тұрғызған тұлғаға) қойылуы мүмкін.
Соттар өз бетінше салынған құрылыс мердігерлік ұйымдармен жүзеге асырылған жағдайда, жауапкер ретінде өз тапсырмасы бойынша өз бетінше салынған құрылыс жүзеге асырылған тапсырыс беруші тұлға танылатынын ескеруі қажет.
Әрбір нақты жағдайда істі дұрыс шешу үшін іске қатысуы қажет үшінші тұлғалардың құрамы талап қоюшының талаптарының нысаны мен негіздеріне, жауапкердің қарсылықтарына және қолданылуға жататын заңдарға қарай сотпен айқындалады.
Іс бойынша қабылданған шешім осы тұлғалардың құқықтары мен міндеттерінің көлеміне әсер етуі мүмкін екенін ескеру қажет.
Мемлекеттік баж
Қазақстан Республикасы Салық кодексінің 607-бабына сәйкес мемлекеттік баж уәкілетті мемлекеттік органдар немесе лауазымды адамдар заңдық маңызы бар іс-әрекеттерді жасау және (немесе) құжаттарды беру үшін өндіріп алатын міндетті төлем болып табылады.
АПК-нің 149-бабына сәйкес талап қою арызына мемлекеттік баждың төленгенін растайтын құжат қоса беріледі.
АПК-нің 104-бабы 1-бөлігінің 11) тармақшасында жылжымайтын мүлік объектілеріне меншік құқығы туралы талап қоюларда талап қою бағасы талап қою берілген күндегі олардың орналасқан жеріндегі осындай объектілердің нарықтық құны бойынша айқындалатыны көзделген.
Өз бетінше салынған құрылысқа меншік құқығына қатысты азаматтық-құқықтық даулар мүліктік сипаттағы, тиісінше бағалауға жататын талаптарға жатады.
Даулы объект материалдық сипатқа ие және ақшалай құны бар, сондықтан оның талап қою бағасы нарықтық құны бойынша айқындалады.
Салық кодексінің 610-бабы 1-тармағының 1) тармақшасына сәйкес, егер осы тармақта өзгеше белгіленбесе, мүліктік сипаттағы талап қою арыздарынан мемлекеттік баж:
- жеке тұлғалардан – талап қою сомасының 1 пайызы;
- заңды тұлғалардан – талап қою сомасының 3 пайызы мөлшерінде алынады.
Өз бетінше салынған құрылысқа меншік құқығын тану туралы талап қою берілген кезде мемлекеттік баж мүліктің құны негізінде төленуге тиіс, бұл ретте талап қою арызына оның нарықтық құнын растайтын құжаттар (бағалау туралы есеп, жылжымайтын мүліктің нарықтық құны туралы ақпараттық анықтамалар) қоса беріледі.
АПК-нің 109-бабының 1-бөлігінде көзделген, сот шығыстарын шешім пайдасына шығарылған тарапқа өндіріп беру арқылы бөлу туралы ережелер жергілікті атқарушы органға өз бетінше салынған құрылысқа меншік құқығын тану туралы қойылған талап қоюлар санатына қолданылмайды және соттар жергілікті атқарушы органдардан талап қоюшылардың пайдасына мемлекеттік баж төлеуге жұмсалған шығыстарды өндіріп алмауы тиіс.
Мұндай істер бойынша талап қоюшы жауапкер өзінің материалдық құқықтарын бұзбаған жағдайда өз құқықтарын сот арқылы қорғауды таңдаған деген ұстанымды негізге алу қажет.
Бұған дейін Жоғарғы Сот осы мәселеге қатысты, оның ішінде «Азаматтық істер бойынша сот шығыстары туралы Қазақстан Республикасы соттарының заңнаманы қолдануы туралы» нормативтік қаулыда түсіндірмелер берген.
Аталған түсіндірмелер өңірлер бойынша жасалған жинақтауларда да көрсетілген, бұл олардың сот практикасында кеңінен қолданылатынын және соттарда осы мәселе бойынша қиындықтардың жоқ екенін көрсетуі мүмкін.
Сонымен бірге, соттардың жылжымайтын мүлік объектісінің нарықтық құны бағаланбастан талап қоюларды өндіріске қабылдап, істерді қараған немесе жылжымайтын мүлікті бағалау туралы есептің тек титулдық парағы болған кезде істерді қараған жағдайлар да кездеседі. Бұл ретте бағалау есебінің зерттеу бөлімі, онда бағ
Материалдық құқық нормаларын қолдану практикасы
Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) 23-бабына сәйкес, егер заңға сәйкес оларды қорғау өзге тәртіппен жүзеге асырылмаса, соттар азаматтық сот ісін жүргізу тәртібімен бұзылған немесе дауланып отырған құқықтарды, бостандықтар мен заңды мүдделерді қорғау туралы істерді қарайды және шешеді.
Өз бетінше салынған құрылысқа меншік құқығын сот тәртібімен тану – құқықты қорғаудың айрықша тәсілі болып табылады. Ол сотқа жүгінген тұлғаға қала құрылысы қызметіне байланысты қатынастарды және жерді пайдалану қатынастарын реттейтін нормативтік құқықтық актілерде белгіленген тәртіппен жаңадан құрылған немесе реконструкцияланған жылжымайтын мүлік объектісіне құқық белгілейтін құжаттарды қандай да бір өзіне байланысты емес себеппен алу мүмкіндігі болмаған жағдайда қолданылуы мүмкін.
Мұндай талап қоюды жаңадан құрылған жылжымайтын мүлік объектісіне құқықтарды тіркеуді жеңілдету мақсатында, жаңа жылжымайтын мүлік заттарын құру және азаматтық айналымға енгізу үшін арнайы заңнамада көзделген рұқсат беру тәртібін айналып өту үшін пайдалануға болмайды.
«Қазақстан Республикасындағы сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы» Заңға сәйкес объектілер мен олардың кешендерін салу (реконструкциялау, реставрациялау, кеңейту, техникалық қайта жарақтандыру, жаңғырту, күрделі жөндеу) елді мекеннің бас жоспарының (немесе тұрғындарының саны бес мың адамға дейінгі елді мекендерді дамыту мен салудың оны алмастыратын схемасының) негізінде әзірленген, белгіленген тәртіппен бекітілген егжей-тегжейлі жоспарлау жобаларына, құрылыс салу жобасына сәйкес әзірленген жобалау (жобалау-сметалық) құжаттамасы (бұдан әрі – ЖСҚ) бойынша жүзеге асырылады.
Заңның 63-бабы 1-тармағына сәйкес жаңа ғимараттар мен құрылыстарды, олардың кешендерін салудың ЖСҚ-сында объектінің орналасқан жерінің қала құрылысы тұрғысынан негізделуі, экономикалық, сәулеттік, көлемдік-жоспарлау, функционалдық, технологиялық, конструкциялық, инженерлік, табиғатты қорғау, энергия үнемдеу және құрылысты жүргізу және құрылысы аяқталған объектіні пайдалануға беру үшін қажетті көлемдегі өзге де шешімдер қамтылуға тиіс.
Заңның 73-бабының 2, 4-тармақтарында салынған объектіні қабылдау және пайдалануға беру тапсырыс беруші объект толық дайын болған кезде бекітілген жобаға сәйкес және сәйкестік туралы декларация, құрылыс-монтаждау жұмыстарының сапасы туралы және орындалған жұмыстардың бекітілген жобаға сәйкестігі туралы қорытындылар болған жағдайда жүзеге асырылатыны көзделген.
Бұл ретте салынған объектінің толық дайындығы құрылыс салуды ұйымдастыру және құрылыс саласы бойынша рұқсат беру рәсімдерінен өту қағидаларына сәйкес айқындалады.
Салынған объектіні пайдалануға қабылдау актімен ресімделеді. Салынған объектіні пайдалануға қабылдау актісі бекітілуге тиіс. Қабылдау актісін бекітуді тапсырыс беруші жүзеге асырады. Объектіні пайдалануға қабылдау актісіне қол қойылған күн оның бекітілген күні және объектінің пайдалануға енгізілген күні болып есептеледі.
Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрінің 2017 жылғы 13 желтоқсандағы № 867 бұйрығымен меншік иесінің салынған объектіні өз бетінше пайдалануға қабылдау қағидалары, сондай-ақ қабылдау актісінің нысандары бекітілген.
Осылайша, Заңның ережелеріне сәйкес жер учаскесінің меншік иелері құрылысы аяқталған тұрғын үйді пайдалануға қабылдауды өз бетінше жүзеге асырады. Тұрғызылған құрылысқа құқықтарды тіркеуге негіз салынған объектіні пайдалануға қабылдау туралы акт болып табылады.
Салынған объектіні меншік иесінің өз бетінше пайдалануға қабылдау тәртібі, қабылдау актісінің нысаны сәулет, қала құрылысы және құрылыс істері жөніндегі уәкілетті органдармен бекітіледі.
Меншік иесінің салынған объектіні өз бетінше пайдалануға қабылдау туралы актісі сәулет, қала құрылысы және құрылыс саласындағы функцияларды жүзеге асыратын жергілікті атқарушы органдарда міндетті түрде есепке алынуға тиіс.
Жоғарыда баяндалғандардан өз бетінше салынған құрылыс иесі Заңның 9-тарауында көзделген тәртіппен сәулет, қала құрылысы және құрылыс саласындағы уәкілетті органдарға жүгінуге тиіс екендігі туындайды.
Сәулет, қала құрылысы және құрылыс саласындағы уәкілетті орган құрылыс объектісінің белгіленген қала құрылысы, құрылыс нормалары мен қағидаларына сәйкестігін растайтын техникалық құжаттаманы беруден бас тартқан жағдайда, құрылыс иесі мемлекеттік органдардың әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінде (бұдан әрі – ӘРПК) көзделген тәртіппен сотқа шағымдануға құқылы.
Соттар өз шешімдерін негізінен Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің 244-бабында қамтылған нормаға сүйеніп негіздейді, талап қоюшы ұсынған тұрғын үй құрылысының сенімділігі мен орнықтылығына жүргізілген техникалық зерттеу нәтижелеріне және өз бетінше салынған құрылысқа меншік құқығын танудың өзге мүмкіндігінің болмауына сілтеме жасайды.
Сонымен бірге, мұндай істер даудың болмауына байланысты сотта қаралуға жатпайды.
Нормативтік-құқықтық база
Өз бетінше салынған құрылысқа құқықты тануды реттейтін және осы санаттағы істерді қарау кезінде қолданылуға жататын негізгі нормативтік құқықтық актілер мыналар болып табылады:
- Қазақстан Республикасының Конституциясы;
- Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексі (бұдан әрі – АК);
- Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексі (бұдан әрі – АПК);
- Қазақстан Республикасының Жер кодексі (бұдан әрі – Жер кодексі);
- «Қазақстан Республикасындағы сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы» Қазақстан Республикасының Заңы (бұдан әрі – Сәулет туралы заң);
- «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» Қазақстан Республикасының Заңы (бұдан әрі – Жергілікті басқару туралы заң);
- Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексі (бұдан әрі – ӘҚБтК);
- Қазақстан Республикасының «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» кодексі (Салық кодексі) (бұдан әрі – Салық кодексі);
- Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 1999 жылғы 9 шілдедегі №10 «Тұрғын үйге меншік құқығы туралы заңнаманы қолданудың кейбір мәселелері туралы» нормативтік қаулысы (бұдан әрі – «Тұрғын үйге меншік құқығы туралы заңнаманы қолданудың кейбір мәселелері туралы» нормативтік қаулы);
- Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2007 жылғы 16 шілдедегі №5 «Тұрғын үйге меншік құқығын қорғауға байланысты дауларды шешудің кейбір мәселелері туралы» нормативтік қаулысы (бұдан әрі – «Тұрғын үйге меншік құқығын қорғауға байланысты дауларды шешудің кейбір мәселелері туралы» нормативтік қаулы);
- Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2007 жылғы 16 шілдедегі №6 «Соттардың жер заңнамасын қолдануының кейбір мәселелері туралы» нормативтік қаулысы (бұдан әрі – «Соттардың жер заңнамасын қолдануының кейбір мәселелері туралы» нормативтік қаулы);
- Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2006 жылғы 25 желтоқсандағы №9 «Қазақстан Республикасы соттарының азаматтық істер бойынша сот шығыстары туралы заңнаманы қолдануы туралы» нормативтік қаулысы (бұдан әрі – «Қазақстан Республикасы соттарының азаматтық істер бойынша сот шығыстары туралы заңнаманы қолдануы туралы» нормативтік қаулы);
- Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2009 жылғы 29 маусымдағы №5 «Соттардың мұрагерлік туралы заңнаманы қолдануының кейбір мәселелері туралы» нормативтік қаулысы (бұдан әрі – «Соттардың мұрагерлік туралы заңнаманы қолдануының кейбір мәселелері туралы» нормативтік қаулы);
- Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің 2015 жылғы 30 қарашадағы №750 бұйрығымен бекітілген Құрылыс салуды ұйымдастыру және құрылыс саласындағы рұқсат беру рәсімдерінен өту қағидалары (бұдан әрі – Құрылыс салуды ұйымдастыру қағидалары);
- сәулет, қала құрылысы және құрылыс саласындағы қатынастарды реттейтін ҚР ҚНжЕ-лері.
Дауларды қарау кезінде тиісті құқықтық қатынастар туындаған сәтте қолданыста болған нормативтік құқықтық актілер қолданылуға жатады.
Назар аударыңыз!
«Заң және Құқық» адвокаттық кеңсесі, бұл құжаттың жалпылама екендігіне және нақты сіздің жағдайыңыздың талаптарына сәйкес келмеуі мүмкіндігіне көңіл бөлуіңізді сұрайды. Біздің заңгерлер сіздің нақты жағдайыңызға сәйкес келетін кез келген құқықтық құжатты әзірлеп көмектесуге дайын.
Қосымша ақпарат алу үшін Заңгер/Адвокат телефонына хабарласуыңызға болады: +7 (708) 971-78-58; +7 (700) 978 5755, +7 (700) 978 5085.
Адвокат Алматы Заңгер Қорғаушы Заң қызметі Құқық қорғау Құқықтық қөмек Заңгерлік кеңсе Азаматтық істері Қылмыстық істері Әкімшілік істері Арбитраж даулары Заңгерлік кеңес Заңгер Адвокаттық кеңсе Қазақстан Қорғаушы Заң компаниясы