Әрекетінде қылмыстық құқық бұзушылық құрамы болмағандықтан, сот үкімінің күші жойылып, сотталғанға қатысты қылмыстық іс тоқтатылды
Көкшетау қалалық сотының 2018 жылғы 23 сəуірдегі үкімімен: Қ. бұрын сотталмаған, Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің (бұдан әрі – ҚК) 191-бабы екінші бөлігінің 1), 3) тармақтарымен 3 жылға бас бостандығынан айырылған. Жазасын қылмыстық-атқару жүйесінің орташа қауіпсіз мекемесінде өтеу тағайындалған. Р. бұрын сотталмаған, ҚК-нің 191-бабы екінші бөлігінің 1), 3) тармақтарымен 3 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылған. Жазасын қылмыстық-атқару жүйесінің орташа қауіпсіз мекемесінде өтеу тағайындалған. Сот үкімімен Қ. мен Р. адамдар тобы болып алдын ала сөз байласып, жәбірленуші К.-нің өмірі мен денсаулығына қауіпті емес күш қолданып, оның мүлкін ашық жымқырғаны үшін кінəлі деп танылған. Ақмола облыстық сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының 2018 жылғы 27 маусымдағы қаулысымен сот үкімі өзгертіліп, ҚК-нің 63-бабының негізінде сотталғандар Қ. мен Р.-ға тағайындалған жаза шартты жаза деп есептеліп, пробациялық бақылау тағайындалған. Сотталғандардың айыбынан жәбірленушінің 35 000 теңгесін ашық жымқырғандары дəлелденбегендіктен алып тасталып, моральдық зиян 30 000 теңгеге дейін азайтылған. Үкімнің қалған бөлігі өзгеріссіз қалдырылған. Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры өзінің наразылығында Қ.-ның кінәсін дәлелдейтін ешқандай дәлелдемелер болмауына байланысты сот актілерін өзгертіп, Қ.-ның іс-әрекетінде қылмыс құрамы болмағандықтан оған қатысты істі тоқтатуды, Р.-ның айыбынан «адамдар тобымен алдын ала сөз байласқан» деген саралау белгісін алып тастап, оған тағайындалған жазаны ҚК-нің 63-бабының негізінде шартты жаза деп есептеуді сұраған. Сотталған Қ.-ның адвокаты Т.-ның өтінішхатында Қ.-ның іс-әрекетінде қылмыс құрамының жоқ екендігін, судья залға кіріп үкімді жариялағанда, аудармашының алдында сот үкімінің аудармасы болғандығын, сондықтан үкім шығарудың құпиясы бұзылғанын көрсетіп, Қ.-ның іс-әрекетінде қылмыс құрамы болмағандықтан оған қатысты істі тоқтатуды сұраған.
Әрекетінде қылмыстық құқық бұзушылық құрамы болмағандықтан, сот үкімінің күші жойылып, сотталғанға қатысты қылмыстық іс тоқтатылды
Қылмыстық іс кассациялық сот алқасына Бас Прокурордың наразылығымен түскендіктен, адвокат Т.-ның өтінішхаты кассациялық сот алқасының отырысында наразылықпен бірге қаралуға жатады. Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Ассамблеясының 1966 жылғы 16 желтоқсандағы 2200А (XXI) резолюциясымен қабылданған Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пактінің 14-бабының 5-тармағына сәйкес кейбір қылмыс үшін сотталғандардың қай-қайсысы болмасын өзінің айыпталуы және шығарылған үкімінің, заң бойынша жоғарғы сот сатыларында қайта қаралуын талап етулеріне құқықтары бар. «Сот үкімі туралы» Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2018 жылғы 20 сәуірдегі № 4 нормативтік қаулысының 17-тармағына және Қазақстан Республикасы Конституциясының 77-бабы 3-тармағының 9) тармақшасына сәйкес ешкімді өз мойындауы негізінде ғана соттауға болмайды. Осыған байланысты сотталушының өз кінәсін мойындауы іс бойынша жиналған өзге дәлелдердің жиынтығымен кінәлілігі расталған жағдайда ғана айыптау үкімінің негізіне алынатынын ескеру қажет. Ал, осы қаулының 18-тармағына сәйкес кінәсіздік презумпциясына орай және Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің (бұдан әрі – ҚПК-нің) 19-бабына сәйкес айыптау үкімін болжамдарға негіздеуге болмайды және ол анық дәлелдердің жеткілікті жиынтығымен расталуы тиіс. Іс бойынша туындаған барлық болжамдар зерттелуі қажет. Дәлелдемелердің арасындағы қайшылықтар анықталуға әрі бағалануға жатады. Сотталушының кінәлілігі жөнінде сейілмеген күдік, сондай-ақ қылмыстық және қылмыстық-процестік заңдарды қолданған кезде туындайтын күмәндар оның пайдасына шешілуге жатады. Сонымен қатар «Қылмыстық істер бойынша дәлелдемелерді бағалаудың кейбір мәселелері туралы» Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2006 жылғы 20 сәуірдегі № 4 нормативтік қаулысының 12-тармағына сәйкес егер соттың үкімі сотталушы мен жәбірленушінің талданбаған, ақиқаты салыстырылмаған және басқа дәлелдемелермен: куәлардың айғақтарымен, іс жүргізу әрекеттерінің хаттамаларымен, сарапшылардың қорытындыларымен, заттай дәлелдемелермен және өзге де құжаттармен расталмаған айғақтарының негізінде ғана шығарылса, оны заңды деп тануға болмайды. Осы талаптарға қарамастан Қ. адамдар тобы болып алдын ала сөз байласып, жәбірленуші К.-нің өмірі мен денсаулығына қауіпті емес күш қолданып, оның мүлкін ашық жымқырғаны үшін кінəлі екендігі туралы сот тұжырымдары жəбірленуші К.-нің тұрақсыз, қарама-қайшы əрі басқа объективті дəлелдермен расталмаған айғақтарының негізінде ғана шығарылған. Жəбірленуші К. 2017 жылғы 27 маусымда берген айғағында алкогольдік масаң күйде болғандықтан сол күнгі оқиға толық есінде жоқтығын, саябақта кетіп бара жатқан кезде оған белгісіз 3-4 адам жабылып, қолсөмкесін (барсетка) тартып алып кеткенін көрсеткен. К. 2017 жылғы 17 тамыздағы қосымша берген жауабында өзіне жабылған адамдардың ішінен Қ.-ның түр сипатын танығаны туралы айғақ берген. Жəбірленуші К. 2017 жылғы 21 жəне 22 тамызда Р.-мен, Қ.-мен беттестіру жүргізген кезде өзіне қанша адамның жабылғаны туралы есіне түсіре алмаған. Сонымен қатар К.-ге қатысыты куəлар Н., А., Е., яғни «Алматы» дəмханасының қызметкерлері берген айғақтарында, оны жақсы білетінін, тұрақты клиент болғандықтан ол алкогольдік масаң күйде дəмханаға бірнеше рет келіп, өзін дұрыс ұстамай, басқа клиенттерге ұрынғанын атап көрсеткен. Сотталған Қ. сотқа дейінгі тергеп-тексеру, сотта берген айғақтарында алкогольдік ішімдік ішіп алған жəбірленуші К. мен Р. екеуін балағаттағанын, Р. оны бетінен ұрып жібергенін, өзі екі рет ұрғанын, сол кезде ол қорғанға соғылып, қолсөмкесін түсіріп алғанын, ал Р. оның қолсөмкесін жерден көтеріп алғанын, одан соң кетіп қалғандарын, жолда кетіп бара жатқанда қолсөмкені Р.-ның қолынан көргенін көрсеткен. Сотталған адамдардың олардың арасында жымқыру жөнінде алдын ала уағдаластықтың болмағаны туралы айғақтарын теріске шығаратын дəлелдемелер алдын ала тергеп-тексеру барысында да, істі сотта қарау кезінде де табылмаған. Қылмыстық заңның мағынасы бойынша тонау субъективтік жағынан тек тікелей ниетпен сипатталады. Мұндай кезде кінəлі адам бөтеннің мүлкін ашық иеленуді ұғынады, оның жасаған əрекетінің нəтижесінде мүліктің өзінің қолына көшетінін алдын ала біледі жəне баю мақсатында тап осыны қалайды.
Әрекетінде қылмыстық құқық бұзушылық құрамы болмағандықтан, сот үкімінің күші жойылып, сотталғанға қатысты қылмыстық іс тоқтатылды
Қылмыстық істің материалдарына сәйкес Қ. іс жүзінде жəбірленушіге соққылар жұмсаған кезде Р.-ның жәбірленушінің мүлкін жымқыратынын білмегені, əрі көрмегені байқалады. Жəбірленушіге соққы беру кезінде тек Р.-ның ғана мүлікті жымқыру ниеті болған жəне мұны оның өзі іске асырған. Осындай нақты деректер кезінде Р.-ның əркеттерінен ҚК-нің 30-бабына сəйкес сыбайлас қатысушының шектен шығуы байқалады. Егер адамдар тобының жəбірленушіге дене жарақатын салуы кезінде қатысушының бірінде жəбірленушінің мүлкін жымқыру ниеті туындаса (сыбайлас қатысушының шектен шығуы), онда оның əрекетін жымқыру деп, ал қатысушының əрекетін тиісінше жəбірленушінің денсаулығына зиян келтіру деп саралаған жөн. Сотта зерттелген дәлелдемелерге сәйкес Қ.-ның іс-əрекеттерінде жымқыру емес тек жəбірленушінің денсаулығына қасақана жеңіл зиян келтіру байқалады. Сондықтан Қ. өзінің жасаған әрекеті үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылуы тиіс (Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің (бұдан әрі – ӘҚБтК-нің) 73-1-бабы). Алайда ӘҚБтК-нің 62-бабына сəйкес Қ.-ны әкімшілік жауапқа тарту мерзімі өтіп кеткен. ҚПК-нің 35-бабы бірінші бөлiгiнiң 2) тармағының талабына сәйкес жасаған іс-әрекетте қылмыстық құқық бұзушылық құрамы болмаса, онда қылмыстық іс тоқтатылады. Қ.-ның іс-әрекетінде қылмыстық құқық бұзушылық құрамы болмағандықтан, сот үкімінің күші жойылып, оған қатысты қылмыстық іс тоқтатылуға жатады. ҚПК-нің 37-бабы бірінші бөлігінің талабына сәйкес сот бойынша ақталған адам, сол сияқты өздеріне қатысты қылмыстық iстi осы Кодекстiң 35-бабы бірінші бөлiгiнiң 1), 2), 5), 6), 7) және 8) тармақтарында көзделген негiздер бойынша тоқтату туралы соттың, қылмыстық қудалау органының қаулысы шығарылған күдікті, айыпталушы, сотталушы ақталуға, яғни олардың құқықтары қалпына келтірілуге тиіс және оның Қазақстан Республикасының Конституциясында кепiлдiк берілген құқықтары мен бостандықтарын қандай да бiр шектеуге болмайды. ҚПК-нің 39-бабы бірінші бөлігінің талабына сәйкес қылмыстық процестi жүргiзетін орган адамды толық немесе iшiнара ақтау туралы шешiм қабылдай отырып, оның зиянды өтеткізу құқығын тануға тиiс. Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы сотталған Қ. мен Р.-ға қатысты жергілікті соттардың сот актілерін өзгертіп, Қ.-ны ҚК-нің 191-бабы екінші бөлігінің 1), 3) тармақтарымен кінәлі деп таныған сот актілерінің күшін жойды. ҚПК-нің 35-бабы бірінші бөлігінің 2) тармағына сәйкес Қ.-ның әрекетінде қылмыстық құқық бұзушылық құрамы болмағандықтан қылмыстық іс тоқтатылды. ҚПК-нің 4-тарауына сәйкес Қ.-ның қылмыстық процесті жүргізетін органның заңсыз әрекеттері салдарынан келтірілген зиянды өтеткізуге құқығы бар деп танылды. Сотталған Р.-ның айыбынан «адамдар тобының алдын ала сөз байласуымен» деген саралау белгісі алып тасталды. Р. ҚК-нің 191-бабы екінші бөлігінің 1) тармағымен 3 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айырылып, ҚК-нің 63-бабы қолданылып, шартты жазаға сотталған деп есептелді. Тағайындалған бүкіл жаза мерзіміне пробациялық бақылау белгіленіп, сот актілерінің қалған бөлігі өзгеріссіз қалдырылды. Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының наразылығы қанағаттандырылды. Адвокат Т.-ның өтінішхаты ішінара қанағаттандырылды.
Назар аударыңыз!
«Заң және Құқық» адвокаттық кеңсесі, бұл құжаттың жалпылама екендігіне және нақты сіздің жағдайыңыздың талаптарына сәйкес келмеуі мүмкіндігіне көңіл бөлуіңізді сұрайды. Біздің заңгерлер сіздің нақты жағдайыңызға сәйкес келетін кез келген құқықтық құжатты әзірлеп көмектесуге дайын.
Қосымша ақпарат алу үшін Заңгер/Адвокат телефонына хабарласуыңызға болады: +7 (708) 971-78-58; +7 (700) 978 5755, +7 (700) 978 5085.
Адвокат Алматы Заңгер Қорғаушы Заң қызметі Құқық қорғау Құқықтық қөмек Заңгерлік кеңсе Азаматтық істері Қылмыстық істері Әкімшілік істері Арбитраж даулары Заңгерлік кеңес Заңгер Адвокаттық кеңсе Қазақстан Қорғаушы Заң компаниясы