Еңбек даулары бойынша - еңбек шартын тоқтату жөніндегі бұйрықтарды заңсыз деп тану
Талап қоюшылар А., Е., П., У. жауапкер «К» ЖШС-ға еңбек шартын тоқтату жөніндегі бұйрықтарды заңсыз деп тану, бұрынғы жұмысқа қайта орналастыру, амалсыз бос жүрген уақыт үшін жалақы өндіру туралы талап қою арызымен сотқа жүгінген. Абай аудандық сотының 2019 жылғы 18 қыркүйектегі шешімімен талап қою арызын қанағаттандырудан бас тартылған. Шымкент қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2019 жылғы 12 желтоқсандағы қаулысымен бірінші сатыдағы сот шешімінің күші жойылып, талап қою арызын қанағаттандыру туралы жаңа шешім қабылданған: - А.-ның еңбек шартын тоқтату туралы 2018 жылғы 28 қыркүйектегі № 60-ж/қ бұйрықтың күші жойылып, ол «К» ЖШС-ның Шымкент өндірістік филиалының «Ақбұлақ» көлік учаскесінің жүк көлігі жүргізушісі қызметіне 2018 жылғы 28 қыркүйектен бастап қайта орналастырылған; - Е.-нің еңбек шартын тоқтату туралы 2018 жылғы 29 тамыздағы № 53-ж/қ бұйрықтың күші жойылып, ол «К» ЖШС-ның Шымкент өндірістік филиалының автотізбекті жөндеу бастығы қызметіне 2018 жылғы 28 тамыздан бастап қайта орналастырылған; - П.-ның еңбек шартын тоқтату туралы 2018 жылғы 28 қыркүйектегі № 67-ж/қ бұйрықтың күші жойылып, ол «К» ЖШС-ның Шымкент өндірістік филиалының «Ақбұлақ» көлік учаскесінің арнайы техника машинисі қызметіне 2018 жылғы 28 қыркүйектен бастап қайта орналастырылған; - У-дың. еңбек шартын тоқтату туралы 2018 жылғы 28 қыркүйектегі № 71-ж/қ бұйрықтың күші жойылып, ол «К» ЖШС-нің Шымкент өндірістік филиалының «Ақбұлақ» көлік учаскесінің құбыр төсегіш машинисті қызметіне 2018 жылғы 28 қыркүйектен бастап қайта орналастырылған; - «К» ЖШС-нан Е.-нің пайдасына 1 337 550 теңге, А.-ның, П.-ның және У.-дың пайдасына 757 104 теңгеден алты ай амалсыз бос жүрген уақыты үшін орташа жалақылары, жеке табыс салығы, зейнетақы жарнасы және әлеуметтік салығы шегеріліп өндірілген; - қаулының талап қоюшыларды жұмысқа қайта орналастыру және жалақыларын өндіру туралы бөліктері дереу орындауға жолданған; - мемлекет кірісіне төленген мемлекеттік баж Е.-ге 18 743 теңге, А.-ға, П.-ға және У.-ға 10 252 теңгеден қайтарылған; - жауапкерден мемлекет кірісіне 46 189 теңге мемлекеттік баж өндірілген. «К» ЖШС өтінішхатында Шымкент қалалық соты алқасының жасаған тұжырымдары істі қарау барысында зерттелген дәлелдемелерге және сот отырысында анықталған мән-жайларға қайшы келетінін, қолдануға жататын құқық нормалары қолданылмағанын көрсетіп, 2019 жылғы 12 желтоқсандағы қаулының күшін толығымен жойып, Абай аудандық сотының 2019 жылғы 18 қыркүйектегі шешімін күшінде қалдыруды сұраған.
Еңбек даулары бойынша - еңбек шартын тоқтату жөніндегі бұйрықтарды заңсыз деп тану
Іс құжаттарынан анықталғандай, 2015 жылғы 1 қазандағы № 165-л/с бұйрық және № 162 еңбек шарты негізінде А. «К» ЖШС-на жұмысқа бір жыл мерзімге, яғни 2016 жылғы 30 қыркүйекке дейін Ақбұлақ көлік учаскесінің автомобильдік кран жүргізушісі қызметіне қабылданған. Сонымен қатар тараптардың араларында қосымша еңбек шарты жасалған. 2016 жылғы 1 қазанда «К» ЖШС мен А.-ның араларында еңбек қатынастары 2017 жылғы 30 қыркүйекке дейін және 2017 жылғы 1 қазаннан – 2018 жылғы 30 қыркүйекке дейін ұзартылған. 2018 жылғы 28 қыркүйекте А. еңбек шарты мерзімінің аяқталуына байланысты тоқтатылатыны жөнінде хабарламаны алудан бас тартып, ол жөнінде «К» ЖШС-мен тиісті акт жасалған және хабарлама жұмыскердің мекенжайы бойынша пошта арқылы жолданған. «К» ЖШС-ның сол күнгі № 70-ж/қ бұйрығы негізінде А.-ның еңбек қатынастары 2018 жылғы 1 қазаннан бастап тоқтатылған. 2015 жылғы 25 тамыздағы № 3-л/с бұйрық негізінде Е. «К» ЖШС-на 13 тарифтік разрядты арнайы техникаларды пайдалану жөніндегі автотізбек бастығы қызметіне бір жыл мерзімге, яғни 2016 жылғы 24 тамызға дейін жұмысқа қабылданған. 2016 жылғы 25 тамызда «К» ЖШС мен А.-ның арасындағы еңбек қатынастары 2017 жылғы 24 тамызға, 2017 жылғы 25 тамыздан – 2018 жылғы 24 тамызға дейін ұзартылған. 2018 жылғы 6 тамыздағы № 217-о бұйрық негізінде Е. 2017-2018 жылғы жұмыс кезеңі үшін 2018 жылғы 15 тамыздан 30 тамызға дейін кезекті еңбек демалысы берілген. 2018 жылғы 29 тамызда жұмыс беруші Е.-ге еңбек шарты мерзімінің аяқталуына байланысты тоқтатылатыны жөнінде хабарлама мекенжайы бойынша пошта арқылы жолданған. «К» ЖШС-ның сол күнгі № 53-ж/қ бұйрығы негізінде Е.-мен еңбек қатынастары 2018 жылғы 29 тамыздан бастап тоқтатылған. 2015 жылғы 1 қазандағы № 184-л/с бұйрық және еңбек шарты негізінде П. «К» ЖШС-ға Ақбұлақ көлік учаскесінің арнайы техника машинисі қызметіне жұмысқа бір жыл мерзімге, яғни 2016 жылғы 30 қыркүйекке дейін қабылданған.
Сонымен қатар тараптардың араларында қосымша еңбек шарты жасалған. 2016 жылғы 1 қазанда «К» ЖШС-ның П.-мен еңбек қатынастары 2017 жылғы 30 қыркүйекке дейін, ал 2017 жылғы 1 қазаннан – 2018 жылғы 30 қыркүйекке дейін ұзартылған. 2018 жылғы 28 қыркүйекте П. еңбек шарты мерзімінің аяқталуына байланысты тоқтатылатыны жөнінде жазбаша түрде ескертілген, алайда ол хабарламаны алудан бас тартып, ол жөнінде жұмыс берушімен тиісті акт жасалған және хабарлама жұмыскердің мекен жайы бойынша пошта арқылы жолданған. «К» ЖШС-ның сол күнгі № 67-ж/қ бұйрығы негізінде П.-мен еңбек қатынастары 2018 жылғы 1 қазаннан бастап тоқтатылған. 2015 жылғы 1 қазандағы № 164-л/с бұйрық негізінде У. «К» ЖШС-ға Ақбұлақ көлік учаскесінің құбыр төсегіш машинисі қызметіне бір жыл мерзімге, яғни 2016 жылғы 30 қыркүйекке дейін жұмысқа қабылданған. 2016 жылғы 1 қазанда «К» ЖШС-ның У.-мен еңбек қатынастары 2017 жылғы 30 қыркүйекке, 2017 жылғы 1 қазаннан – 2018 жылғы 30 қыркүйекке дейін ұзартылған. 2018 жылғы 28 қыркүйекте У.-ға еңбек шарты мерзімінің аяқталуына байланысты тоқтатылатыны жөнінде жазбаша түрде ескертілген, алайда ол хабарламаны алудан бас тартып, жұмыс берушімен тиісті акт жасалған және хабарлама жұмыскердің мекен жайы бойынша пошта арқылы жолданған. «К» ЖШС-ның сол күнгі № 71-ж/қ бұйрығы негізінде У.-мен еңбек қатынастары 2018 жылғы 1 қазаннан бастап тоқтатылған. «К» ЖШС-ның келісу комиссиясының 2019 жылғы 22 сәуірдегі шешімімен талап қоюшылардың арыздары Қазақстан Республикасы Еңбек кодексінің (бұдан әрі – Еңбек кодексі) 159-бабымен белгіленген жүгіну мерзімнің өтуіне байланысты қараусыз қалдырылған. Алайда талап қоюшылар еңбек қатынастарының тоқтатылуымен келіспей сотқа жүгінген. Бірінші сатыдағы сот талап қою арызын қанағаттандырудан бас тарту туралы шешімін жұмыс беруші мен жұмыскерлердің араларындағы еңбек қатынастары Еңбек кодексінің 49-бабының 2) тармақшасына сәйкес еңбек шарттарының мерзімі аяқталуына байланысты заңды тоқтатылғаны жөніндегі қорытындымен негіздеген. Апелляциялық алқа соттың бұл шешімімен келіспей, төмендегідей тұжырымға келген. Еңбек кодексінің 4-бабы 1), 8) тармақшаларына сәйкес адам мен азаматтың еңбек саласындағы құқықтарының шектелуіне жол бермеу; жұмыскерлердің құқықтары мен мүмкіндіктерінің теңдігі Қазақстан Республикасы еңбек заңнамасының талаптары болып табылады. Еңбек кодексінің 30-бабы 1-тармағының 2) тармақшасына сәйкес еңбек шартының мерзімі өткен кезде тараптар оны белгіленбеген немесе бір жылдан кем емес белгілі бір мерзімге ұзартуға құқылы. Егер еңбек шартының қолданылу мерзімі өткен жағдайда тараптардың ешқайсысы соңғы жұмыс күні (ауысым) ішінде еңбек қатынастарын тоқтату туралы жазбаша хабардар етпесе, осы Кодекстің 51-бабының 2-тармағында көзделген жағдайларды қоспағанда, ол бұрын жасалған дәл сол мерзімге ұзартылған деп есептеледі. Бір жылдан кем емес белгілі бір мерзімге жасалған еңбек шартының мерзімін ұзартудың саны екі реттен аспайды.
Еңбек даулары бойынша - еңбек шартын тоқтату жөніндегі бұйрықтарды заңсыз деп тану
Еңбек қатынастары жалғастырылған кезде еңбек шарты белгіленбеген мерзімге жасалған деп есептеледі. 2018 жылғы 6 тамыздағы № 217-О бұйрық негізінде Е.-ге 2017 жылғы 25 тамыз бен 2018 жылғы 24 тамыз аралығында жұмыс жасаған кезеңіне 2018 жылғы 15 тамыз - мен 29 тамызды қоса алғанда күнтізбелік 15 күнге ақылы еңбек демалысы берілген. Серіктестіктің Шымкент өндірістік филиалының 2018 жылғы 29 тамыздағы № 53 ж/қ бұйрығымен, Е.-ні қолданыстағы еңбек заңнамасы талаптарына сәйкес алдын-ала еңбек шартының тоқтатылғаны жөнінде ескертпестен, онымен арада 2015 жылғы 25 тамызда жасалған № 1 еңбек шарты тоқтатылған. Е.-ге еңбек шартының мерзімі аяқталатыны және еңбек қатынасы тоқтатылатыны жөнінде хабарламаны 2018 жылғы 29 тамызда жолдаған. Дәл осы күні еңбек қатынасы тоқтатылған, яғни жұмыскер кезекті еңбек демалысында болған. Жауапкер тарапынан У.-ға, П.-ға және А.-ға 2018 жылғы 28 қыркүйекте олармен арада жасалған еңбек шарттарының тоқтатылғаны жөнінде жазбаша түрде ескертілген, бірақ, олар ескертуді алудан және бұйрықтармен танысудан бас тартқандықтан, сол жөнінде актілер түзілген деген уәждері апелляциялық сот алқасымен негізсіз деп танылған. Себебі У., П. және А. 2018 жылғы 28 қыркүйекте, яғни аптаның жұма күні өздерінің жұмыс орындарында болған және сол күні олар жұмыс берушінің кадр бөліміне шақыртылып, алдын ала еңбек шартының тоқтатылатыны жөнінде ескертілмеген. Сондай-ақ олар 2018 жылғы 1 қазанда түске дейінгі уақытта жұмыс орындарында болып, өздеріне жүктелген еңбек міндеттерін атқарған. Осылайша, іс құжаттарынан және алқа отырысында белгілі болған мән-жайлардан, жауапкердің талап қоюшылармен арадағы еңбек шарттарын тоқтату кезінде қолданыстағы еңбек заңнамасы нормаларын өрескел бұзғаны анықталған. Яғни жұмыс берушілер талап қоюшыларға еңбек қатынастарының тоқтатылатындығы туралы тиісті түрде ескертпеген. Істің мұндай тұрғысында, апелляциялық сот алқасының талап қоюшылармен жасалған еңбек шарттарын тоқтату кезінде жұмыс берушінің тарапынан қолданыстағы еңбек заңнамасының өрескел бұзылуы, жұмыскерлердің еңбек саласындағы құқықтарының шектелуіне және құқықтары мен мүмкіндіктері теңдігінің сақталмауына жол берілгені туралы тұжырымы дұрыс және іс материалдарымен дәлелденген. Жоғарыда баяндалғанның негізінде Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының азаматтық істер жөніндегі кассациялық сот алқасы талап қоюшылар А.-ның, Е.-нің, П.-ның, У.-дың жауапкер «К» ЖШС-на бұйрықтарды заңсыз деп тану, жұмысқа қайта орналастыру, амалсыз бос жүрген уақыт үшін жалақы өндіру туралы апелляциялық сатыдағы соттың қаулысын күшінде, «К» ЖШС-ның өтінішхатын қанағаттандырусыз қалдырды.
Назар аударыңыз!
«Заң және Құқық» адвокаттық кеңсесі, бұл құжаттың жалпылама екендігіне және нақты сіздің жағдайыңыздың талаптарына сәйкес келмеуі мүмкіндігіне көңіл бөлуіңізді сұрайды. Біздің заңгерлер сіздің нақты жағдайыңызға сәйкес келетін кез келген құқықтық құжатты әзірлеп көмектесуге дайын.
Қосымша ақпарат алу үшін Заңгер/Адвокат телефонына хабарласуыңызға болады: +7 (708) 971-78-58; +7 (700) 978 5755, +7 (700) 978 5085.
Адвокат Алматы Заңгер Қорғаушы Заң қызметі Құқық қорғау Құқықтық қөмек Заңгерлік кеңсе Азаматтық істері Қылмыстық істері Әкімшілік істері Арбитраж даулары Заңгерлік кеңес Заңгер Адвокаттық кеңсе Қазақстан Қорғаушы Заң компаниясы
Құжатты жүктеп алу
-
Еңбек даулары бойынша - еңбек шартын тоқтату жөніндегі бұйрықтарды заңсыз деп тану
229 рет жүктеп алынды