Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 154-бабы. Жұмыскерлер өкілдерінің заңды қызметіне кедергі жасау туралы түсініктеме
Лауазымды адамның өзінің қызметтік жағдайын пайдалана отырып, жұмыскерлер өкілдерінің заңды қызметіне кедергі жасауы, сол сияқты лауазымды адамның өзінің қызметтік жағдайын пайдалана отырып жасаған, олардың заңды қызметіне араласуы, олардың құқықтары мен заңды мүдделерінің елеулі түрде бұзылуына әкеп соққан әрекеттері –
бір жүз алпыс айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не бір жүз алпыс сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға не қырық тәулікке дейінгі мерзімге қамаққа алуға, белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан үш жылға дейінгі мерзімге айыра отырып жазаланады.
Қылмыстық теріс қылықтың қоғамдық қауіптілігі Қазақстан Республикасы Конституциясымен кепілдік берілген ҚР азаматтарының кәсіптік одақтарға және жұмыскерлердің мүдделерін білдіретін өзге де бірлестіктерге бірігу құқығының бұзылуынан көрінеді.
ҚР Конституциясының 23-бабына сәйкес Қазақстан Республикасы азаматтарының бірлесу бостандығына құқығы бар. Әскери қызметшілер, ұлттық қауіпсіздік органдарының, құқық қорғау органдарының қызметкерлері және судьялар партияларда, кәсіптік одақтарда болмауға, қандай да бір саяси партияны қолдап сөз сөйлемеуге тиіс. Кәсіптік одақтардың қызметі ҚР-ның 2014 жылғы 27 маусымдағы «Кәсіптік одақтар туралы» Заңымен реттеледі.
Қарастырылып отырған қылмыстық теріс қылықтың объектісі аталған конституциялық құқық болып табылады.
Еңбек кодексінің 1-бабы 1-тармағының 44) тармақшасына сәйкес жұмыскерлердің өкілдері — кәсіптік одақтар және олардың бірлестіктері, ал олар болмаған кезде, осы Кодексте көзделген жағдайларда, жұмыскерлердің жалпы жиналысына (конференциясына) қатысушылардың кемінде үштен екісі қатысқан кезде олардың көпшілік даусымен жалпы жиналыста (конференцияда) сайланған және өкілеттік берілген сайланбалы өкілдер.
ҚР «Кәсіптік одақтар туралы» Заңының 1-бабының 6) тармақшасына сәйкес кәсіптік одақ (кәсіподақ) — Қазақстан Республикасы азаматтарының еңбек, өндірістік-кәсіптік мүдделерінің ортақтығы негізінде өз мүшелерінің еңбек және әлеуметтік-экономикалық құқықтары мен мүдделерін білдіру және қорғау үшін ерікті түрде құрылатын, тұрақты мүшелігі бар қоғамдық бірлестік.
Еңбек кодексінің 1-бабы 1-тармағының 41) тармақшасына сәйкес жұмыс берушінің актілері — жұмыс беруші шығаратын бұйрықтар, өкімдер, нұсқаулықтар, қағидалар, ережелер, ауысым кестелері, вахталық жұмыс кестелері, демалыс кестелері.
Еңбек кодексінің 11-бабына сәйкес жұмыс беруші өз құзыреті шегінде Еңбек кодексіне және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілеріне, еңбек шартына, келісімдерге, ұжымдық шартқа сәйкес актілер шығарады.
Жұмыс берушінің актілерін шығару кезінде жұмыскерлер өкілдерінің пікірін есепке алу немесе олармен келісу тәртібі ҚР Еңбек кодексінің 12-бабымен реттеледі.
Қылмыстық теріс қылықтың объективтік жағын мыналар құрайды: а) лауазымды адамның өзінің қызметтік жағдайын пайдалана отырып, жұмыскерлер өкілдерінің заңды қызметіне кедергі жасауға бағытталған әрекеттері немесе әрекетсіздігі; б) лауазымды адамның өзінің қызметтік жағдайын пайдалана отырып жасаған, олардың заңды қызметіне араласуы; в) олардың құқықтары мен заңды мүдделерінің елеулі түрде бұзылуы түріндегі зардаптар; г) кінәлі адамдардың әрекеті мен зардаптардың туындауы арасындағы себепті байланыс.
Кедергі жасау деп жұмыскерлер өкілдерінің заңды қызметін жүзеге асыруына түрлі бөгеттер мен кедергілер жасауды түсіну керек. Мысалы, кәсіптік одақты тіркеуден негізсіз бас тарту не оның қызметіне немесе бірлестіктердің және (немесе) жұмыскерлер уәкілеттік берген жеке және (немесе) заңды тұлғалардың қызметіне негізсіз тыйым салу.
Жұмыскерлер өкілдерінің заңды қызметіне араласу деп кәсіптік одақтардың, бірлестіктердің басшыларына және (немесе) жұмыскерлер уәкілеттік берген жеке және (немесе) заңды тұлғаларға немесе олардың мүшелеріне осындай бірлестіктің қызмет бағытын өзгерту мақсатында жасалатын кез келген ықпалды түсіну керек. Ықпал ету кез келген нысанда: ауызша, жазбаша, телефон арқылы, қызметтік жағдайда да, қызметтен тыс жағдайда да берілуі мүмкін. Жұмыскерлер өкілдерінің қызметіне қатысты жалпы сипаттағы сыни ескертулер, кеңестер мен тілектер талданып отырған әрекеттің құрамын құрамайды.
Қылмыстық теріс қылық құрамы құрылымы бойынша материалдық болып табылады. Ол жұмыскерлер өкілдерінің құқықтары мен заңды мүдделерінің елеулі түрде бұзылған сәтінен, яғни олар үшін жағымсыз зардаптар туындаған кезден, мысалы, осы себеппен заңды ереуілдің өтпей қалуынан бастап аяқталған деп танылады.
Субъективтік жағынан әрекет тікелей қасақаналық түріндегі кінәмен сипатталады, яғни адам ҚР Конституциясымен кепілдік берілген кәсіптік одақтар мен жұмыскерлер өкілдерінің өзге де бірлестіктерінің заңды қызмет бостандығына құқығын бұзып отырғанын сезінеді, өзі жасаған әрекеттердің нәтижесінде жағымсыз зардаптардың туындауы мүмкін немесе сөзсіз екенін алдын ала біледі және олардың туындауын тілейді.
Арнайы субъект — қоғамдық бірлестіктердің заңды қызметіне бөгеттер мен кедергілер жасау үшін өзінің қызметтік жағдайын пайдаланатын лауазымды адам.
Субъектінің өкілеттіктері оның Еңбек кодексінде және өзге де нормативтік құқықтық актілерде белгіленген құзыретімен айқындалады. Аталған актілерде белгілі бір лауазымды атқаратын не уақытша немесе арнайы өкілеттік бойынша осы лауазымның міндеттерін атқаратын адамның құқықтары мен міндеттері регламенттеледі. Сондықтан адамның өзінің қызметтік өкілеттіктерін пайдалануы деп тек оның өкілеттіктерінен туындайтын және осы адамға атқаратын лауазымына байланысты берілген әрекетті ғана түсіну керек.
ҚР ҚК-нің 154-бабында көзделген әрекет қылмыстық теріс қылықтарға жатады.
Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексіне Исидор Шамилович Борчашвилидің 2021 жылғы түсіндірмесі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, заң ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Ұлттық жаратылыстану ғылымдары академиясының академигі, ҚР Конституциялық Кеңесі мен ҚР Жоғарғы Соты жанындағы Ғылыми-консультативтік кеңестердің мүшесі, ҚР Қауіпсіздік Кеңесі жанындағы құқық қорғау жүйесін реформалау жөніндегі жұмыс тобының мүшесі, Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің еңбек сіңірген қызметкері.
Конституция Заң Кодекс Нормативтік акт Указ Бұйрық Шешім Қаулы Адвокат Алматы Заңгер Заңгерлік қызмет Заңгерлік кеңес беру Азаматтық Қылмыстық Әкімшілік істер мен даулар Қорғау Арбитраждық Қазақстан заң компаниясы Адвокаттық кеңсе Сот істері Декларация Жарлық Бұйрық Қаулы Шешім Баяндама Қорытынды Өтініш Қорытынды Конвенция Шарт Меморандум Әдістеме Нормалар Нота Қағидалар Бағдарлама Жарғы Хартия Бап Түсініктеме Резолюция Регламент Хаттама Жоба Бағдарлама Қағидалар Жолдаулар