Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 158-бабына түсініктеме. Журналистің заңды кәсіби қызметіне кедергі жасау
1. Журналисті ақпаратты таратуға не оны таратудан бас тартуға мәжбүрлеу жолымен, сондай-ақ журналистің заңды кәсіби қызметін жүзеге асыруына кедергі келтіретін немесе оны осы мүмкіндіктен толық айыратын жағдайлар жасау жолымен оның заңды кәсіби қызметіне кедергі жасау —
айлық есептік көрсеткіштің жүз еселенген мөлшеріне дейінгі мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына, не жүз жиырма сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға, не қырық бес тәулікке дейінгі мерзімге қамаққа алуға жазаланады.
2. Осы әрекетті адам өзінің қызмет бабын пайдалана отырып, сол сияқты журналистке немесе оның жақындарына қатысты күш қолдану немесе оны қолдану қатерін төндіру арқылы не олардың мүлкін бүлдіру немесе жою арқылы жасаған жағдайда —
айлық есептік көрсеткіштің екі мың еселенген мөлшеріне дейінгі мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына, не екі жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге, не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға, белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан үш жылға дейінгі мерзімге айыра отырып немесе онсыз жазаланады.
Түсіндіріліп отырған қылмыстық құқық бұзушылықтың қоғамдық қауіптілігі (1-бөлік — қылмыстық теріс қылық, 2-бөлік — қылмыс) сөз және баспасөз бостандығының бұзылуымен көрінеді. Журналистің заңды кәсіби қызметіне кедергі жасау арқылы кінәлі адам Қазақстан Республикасы Конституциясымен кепілдік берілген аталған құқықтар мен бостандықтарға қол сұғады.
Қазақстан Республикасы Конституциясының 20-бабында сөз және шығармашылық бостандығына кепілдік берілген, бұл әркімнің заңмен тыйым салынбаған кез келген тәсілмен ақпаратты еркін алу және тарату құқығын білдіреді.
Қазақстан Республикасының 1999 жылғы 23 шілдедегі «Бұқаралық ақпарат құралдары туралы» Заңына сәйкес сөз, шығармашылық, өз көзқарастары мен сенімдерін баспа және өзге де нысанда білдіру, Қазақстан Республикасының Конституциясында кепілдік берілген заңмен тыйым салынбаған кез келген тәсілмен ақпарат алу және тарату бостандығына кепілдік беріледі. Цензураға тыйым салынады (2-баптың 1-тармағы).
Аталған Заңның 20-бабына сәйкес журналист Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген жағдайларды қоспағанда, ақпаратты шектеусіз іздеуге, сұратуға, алуға және таратуға құқылы.
Қылмыстық құқық бұзушылықтың объектісі — сөз, баспасөз және шығармашылық бостандығы.
Талданып отырған әрекеттің объективтік жағын мыналар құрайды:
журналисті ақпаратты таратуға мәжбүрлеу жолымен оның заңды кәсіби қызметіне кедергі жасау;
журналисті ақпаратты таратудан бас тартуға мәжбүрлеу жолымен оның заңды кәсіби қызметіне кедергі жасау.
Кедергі жасау деп журналистің заңды кәсіби қызметін жүзеге асыруына бөгеттер немесе кедергілер жасауды түсіну қажет.
Мәжбүрлеу журналистке заңсыз психикалық немесе физикалық ықпал етуден тұрады. Көбінесе мәжбүрлеу қорқыту арқылы жүзеге асырылады. Журналистке өзіне белгілі болған мәліметтерді жарияламау туралы кеңес беру қарастырылып отырған қылмыстық құқық бұзушылық құрамын құрамайды.
Құрылымы бойынша құрамы формальды болып табылады, қылмыстық құқық бұзушылық баптың диспозициясында көрсетілген әрекеттер жасалған сәттен бастап аяқталған деп танылады.
Субъективтік жағынан әрекет тікелей қасақаналық түріндегі кінәмен сипатталады, яғни адам журналистің заңды қызметіне кедергі келтіріп отырғанын сезінеді, теріс салдардың туындау мүмкіндігін немесе болмай қоймайтынын алдын ала біледі және олардың туындауын қалайды.
Қарастырылып отырған қылмыстық құқық бұзушылықтың субъектісі жалпы субъект — он алты жасқа толған, есі дұрыс жеке тұлға.
Егер журналистің заңды кәсіби қызметіне кедергі жасау осы мақсатта өзінің қызмет бабын пайдаланған лауазымды адам тарапынан орын алса, жасалған әрекет ҚК-нің 158-бабының 2-бөлігі бойынша саралануға тиіс.
Заң шығарушы тағы бір саралаушы белгі ретінде журналисті, мысалы, оның еркіне қарсы ақпаратты жария етуге мәжбүрлеу не керісінше, ол мұны жүзеге асыруға ниеттенгеніне қарамастан, одан бас тартуға мәжбүрлеу мақсатында оған қатысты физикалық немесе психикалық зорлық-зомбылық қолдануды атайды. Бұл ретте зорлық-зомбылық журналистің денсаулығына жеңіл немесе ауырлығы орташа зиян келтіруден көрінуі мүмкін. Денсаулыққа ауыр зиян келтіру әрекетті қылмыстық құқық бұзушылықтар жиынтығы бойынша: ҚК-нің 158 және 106-баптары бойынша саралауды талап етеді.
ҚК-нің 158-бабының 1-бөлігінде көзделген әрекет қылмыстық теріс қылықтарға жатады.
ҚК-нің 158-бабының 2-бөлігінде көзделген әрекет онша ауыр емес қылмыстарға жатады.
Исидор Шамилұлы Борчашвилидің Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексіне 2021 жылғы түсіндірмесі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, заң ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Ұлттық жаратылыстану ғылымдары академиясының академигі, ҚР Конституциялық Кеңесі және ҚР Жоғарғы Соты жанындағы Ғылыми-консультативтік кеңестердің мүшесі, ҚР Қауіпсіздік Кеңесі жанындағы құқық қорғау жүйесін реформалау жөніндегі жұмыс тобының мүшесі, Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің еңбек сіңірген қызметкері.
Конституция Заң Кодекс Нормативтік Жарлық Бұйрық Шешім Қаулы Адвокат Алматы Заңгері Заңгерлік қызмет Заңгерлік кеңес беру Азаматтық Қылмыстық Әкімшілік істер, даулар Қорғау Арбитраждық Қазақстан заң компаниясы Адвокаттық кеңсе Сот істері Декларация Жарлық Бұйрық Қаулы Шешім Баяндама Қорытынды Өтініш Қорытынды Конвенция Шарт Меморандум Әдістеме Нормалар Нота Қағидалар Бағдарлама Жарғы Хартия Бап Түсініктеме Резолюция Регламент Хаттама Жоба Бағдарлама Қағидалар Жолдаулар