Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 381-бабына түсініктеме. Прокурордың қызметіне кедергі жасау және оның заңды талаптарын орындамау
1. Прокурорлық қадағалау актілерін орындамау, сол сияқты оның қызметіне кедергі жасау, егер бұл азаматтардың немесе ұйымдардың құқықтары мен заңды мүдделеріне не қоғамның немесе мемлекеттің заңмен қорғалатын мүдделеріне елеулі зиян келтіруге әкеп соқса, —
бір жүз алпыс айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не бір жүз алпыс сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға не қырық тәулікке дейінгі мерзімге қамаққа алуға жазаланады.
ҚК-нің 381-бабында көзделген қылмыстық теріс қылықтың қоғамдық қауіптілігі оны жасау кезінде прокуратураның жоғары қадағалауды жүзеге асыруының Қазақстан Республикасы Конституциясымен кепілдік берілген қағидатының бұзылуында болып табылады.
ҚР Конституциясының 83-бабының 1-тармағына сәйкес, прокуратура мемлекет атынан заңда белгіленген шектер мен нысандарда Қазақстан Республикасының аумағында заңдылықтың сақталуына жоғары қадағалауды жүзеге асырады, сотта мемлекеттің мүдделерін білдіреді және мемлекет атынан қылмыстық қудалауды жүзеге асырады.
Осындай сипаттағы әрекеттер жасалған жағдайларда прокуратура органдары заңдылықтың бұзылу фактілеріне жедел әрі уақтылы ден қоя алмайды.
Қарастырылып отырған қылмыстық теріс қылықтың объектісі Конституциямен, 2017 жылғы 30 маусымдағы ҚР «Прокуратура туралы» Заңымен регламенттелген прокуратура органдарының қызметін қамтамасыз ететін қоғамдық қатынастар болып табылады.
Қарастырылып отырған қылмыстық теріс қылықтың объективтік жағы прокурорлық қадағалау актілерін орындамаудан, сол сияқты оның қызметіне кедергі жасаудан, егер бұл азаматтардың немесе ұйымдардың құқықтары мен заңды мүдделеріне не қоғамның немесе мемлекеттің заңмен қорғалатын мүдделеріне елеулі зиян келтіруге әкеп соқса, көрініс табады.
Орындамау (атқармау) — көзделген, тапсырылған және т.б. қандай да бір әрекетті жүзеге асырмау, жұмыстың орындалуының бұзылуы.
Прокурорлық қадағалау актілері — прокурор өз өкілеттіктерін іске асыру тәртібімен ғана енгізетін, сол арқылы ол құзыретті органдарға заң бұзушылықтарды жою және кінәлі адамдарды жауаптылыққа тарту туралы талап қоятын арнайы құқықтық актілер.
ҚР «Прокуратура туралы» Заңының 23-бабына сәйкес, прокурорлық қадағалаудың негізгі актілері наразылықтар, санкциялар, нұсқаулар, ұсынулар, қаулылар болып табылады.
Жоғарыда аталған Заңға сәйкес, прокурор Конституцияға, заңдарға, ҚР Президентінің актілеріне және Республика ратификациялаған халықаралық шарттарға қайшы келетін нормативтік және өзге де құқықтық актілерге, сондай-ақ мемлекеттік органдар мен лауазымды адамдардың әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) наразылық келтіреді.
Прокурорлар заңнамалық актілерге, ҚР Президентінің актілеріне, ҚР Президенті Әкімшілігінің актілеріне, Конституциялық Кеңестің актілеріне, Жоғарғы Соттың нормативтік қаулыларына, Жоғары Сот Кеңесінің актілеріне, Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің актілеріне (жүргізілген тексерулердің қорытындылары бойынша), техникалық сипаттағы нормативтік актілерге наразылық келтіре алмайды.
Наразылықты заңсыз актіні, шешімді қабылдаған органға немесе лауазымды адамға не жоғары тұрған органға немесе жоғары тұрған лауазымды адамға енгізеді. Органның немесе лауазымды адамның заңсыз әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) де осындай тәртіппен наразылық келтіріледі.
Прокурордың наразылығы тиісті орган немесе лауазымды адам тарапынан күнтізбелік он күн ішінде қаралуға тиіс.
Прокурор наразылық бойынша шешім дайындау және қабылдау қажеттілігіне байланысты оны қараудың өзге мерзімін белгілеуге құқылы, бірақ ол күнтізбелік он күннен кем болмауға тиіс.
Орган немесе лауазымды адам наразылықты қарау уақыты мен орны туралы прокурорды хабардар етуге міндетті.
Наразылықта прокурор заңсыз актінің күшін жоюды не оны Конституцияға, заңдарға, ҚР Президентінің актілеріне және Республика ратификациялаған халықаралық шарттарға сәйкес келтіруді, сондай-ақ лауазымды адамның заңсыз әрекетін (әрекетсіздігін) тоқтатуды және бұзылған құқықты қалпына келтіруді талап етеді.
Наразылық бойынша шешім қабылданғанға дейін Бас Прокурор, Бас Прокурордың орынбасарлары, облыс прокурорлары және оларға теңестірілген прокурорлар, егер наразылық білдірілген құқықтық актіні немесе әрекетті орындау адамдардың өмірі мен денсаулығы үшін не Қазақстан Республикасының қауіпсіздігі үшін орны толмас салдарға әкеп соқса немесе әкеп соғуы мүмкін болса, оның орындалуын тоқтата тұруға құқылы.
Заңды күшіне енген сот актілеріне наразылық келтірудің негіздері, тәртібі мен мерзімдері, сондай-ақ олардың орындалуын тоқтата тұру тәртібі қылмыстық-процестік, азаматтық процестік заңнамамен және әкімшілік құқық бұзушылық туралы заңнамамен айқындалады (аталған Заңның 24-бабы).
Прокурор заңда белгіленген жағдайларда құқықтарды шектеу сипатындағы жекелеген әрекеттерді жасауға, заңмен қорғалатын құпияны қамтитын мәліметтерді алуға санкция (келісім) береді.
Санкция (келісім) беру немесе оны беруден бас тарту прокурордың санкция сұратылатын материалдарды зерделегеннен кейін лауазымды адамның қаулысына қарар мен қол қоюы арқылы ресімделеді.
Санкция (келісім) беруден бас тартылған жағдайда оның себептері мен негіздері көрсетіледі.
Санкция (келісім) электрондық құжат және электрондық цифрлық қолтаңба туралы заңнамаға сәйкес электрондық цифрлық қолтаңба арқылы да куәландырылуы мүмкін (Заңның 25-бабы).
Прокурор сотқа дейінгі тергеп-тексеру мәселелері бойынша; жедел-іздестіру қызметі және жасырын тергеу әрекеттері бойынша; заңда көзделген өзге де жағдайларда жазбаша нұсқаулар береді.
Прокурордың өз құзыреті шегінде берген нұсқаулары сотқа дейінгі тергеп-тексеруді, жедел-іздестіру қызметін, жасырын тергеу әрекеттерін жүзеге асыратын органдардың басшылары мен қызметкерлері үшін міндетті болып табылады (Заңның 26-бабы).
Прокурор өз құзыреті шегінде заңдылықтың бұзылуын жою туралы; қылмыстық және өзге де құқық бұзушылықтар жасауға ықпал ететін себептер мен жағдайларды жою туралы; ҚР Конституциясына сәйкес осындай құқыққа ие адамдарды қолсұғылмаушылықтан айыру мәселелері бойынша; заңда белгіленген өзге де жағдайларда ұсыну енгізеді.
Ұсыну лауазымды адам немесе орган тарапынан күнтізбелік отыз күн ішінде, ал адам мен азаматтың өмірі мен денсаулығына, мемлекеттің қауіпсіздігіне орны толмас салдарлар туындауы мүмкін жағдайларда прокурор белгілеген мерзімде қаралуға тиіс.
Прокурор ұсынуды қарауға қатысуға құқылы. Ұсынуды қарау уақыты мен орны туралы прокурорға мемлекеттік орган немесе лауазымды адам ұсынуды қарау күніне дейін үш жұмыс күнінен кешіктірмей хабарлауға тиіс.
Ұсынуды қарау нәтижелері және қабылданған шаралар туралы прокуратураға ол қаралған күннен бастап үш жұмыс күні ішінде хабарланады (Заңның 27-бабы).
Прокурор қылмыстық-процестік заңнамада, әкімшілік құқық бұзушылық туралы заңнамада көзделген, тәртіптік іс жүргізуді қозғау, тексеру жүргізу, күштеп әкелу, құқықтық актінің қолданылуын тоқтата тұру туралы, сондай-ақ заңда көзделген өзге де жағдайларда қаулылар шығарады.
Прокурордың қаулысы уәкілетті орган немесе лауазымды адам тарапынан міндетті түрде орындалуға тиіс (Заңның 28-бабы).
Осылайша, прокурорлық қадағалау актілерін орындамау прокурордың жеке құқықтық актілерінде: наразылықта, санкцияда, нұсқауда, ұсынуда, қаулыда көзделген талаптарды (нұсқамаларды) орындамаудан (жүзеге асырмаудан) көрініс табады.
Прокуратура қызметінің тәртібі Конституциямен және ҚР «Прокуратура туралы» Заңымен айқындалады.
Прокурор — прокуратураның функцияларын іске асыру мақсатында аталған Заңда белгіленген өкілеттіктерді жүзеге асыратын прокуратура органдарының қызметкері.
ҚР «Прокуратура туралы» Заңының 44-бабына сәйкес, прокурор өз құзыретіне сәйкес: қылмыстық-процестік заңда белгіленген негіздер мен тәртіп бойынша іс-әрекеттер жасауға және процестік шешімдер қабылдауға; заңнамада көзделген жағдайларда және тәртіппен жедел-іздестіру қызметінің материалдарын, әкімшілік құқық бұзушылық туралы істерді талап етуге, басшылардан және басқа да лауазымды адамдардан заңдылықтың жай-күйі және оны қамтамасыз ету жөнінде қабылданып жатқан шаралар туралы қажетті құжаттарды, материалдарды, статистикалық ақпаратты және өзге де мәліметтерді алуға; заңда белгіленген негіздер мен тәртіп бойынша сот отырысына қатысуға және іс бойынша қорытынды беруге, соттан сот істерін сұратуға, сот актілерін қайта қарау туралы өтінішхаттар мен наразылықтар келтіруге; заңда көзделген тәртіппен тексерулер жүргізуге, оларға қатысу және қорытынды беру үшін мамандар тартуға, сондай-ақ қауіпсіздік пен қадағалау қызметін қамтамасыз ету мақсатында тексерулер жүргізуге басқа құқық қорғау органдарының қызметкерлерін тартуға; сараптамалар тағайындауға, прокуратураға келіп түскен материалдар мен өтініштер бойынша уәкілетті органдардан тексерулер жүргізуді талап етуге және олардың нәтижелері туралы хабарлауды міндеттеуге; заңнамада белгіленген негіздер мен тәртіп бойынша құқық қорғау, арнаулы мемлекеттік және өзге де органдардың ақпарат алмасу жүйесімен интеграцияланған ақпараттық жүйелер мен ресурстарда қамтылған мәліметтерге қол жеткізуге; жүргізіліп жатқан тексеру және қаралып жатқан өтініш мәселелері бойынша түсініктемелер алу үшін лауазымды адамдарды, жеке тұлғаларды және заңды тұлғалардың өкілдерін шақыруға; лауазымды адамдар қолданған тыйым салу немесе шектеу сипатындағы шаралардың күшін жоюды талап етуге, заңда көзделген негіздер мен тәртіп бойынша заңсыз актінің қолданысын толық немесе ішінара тоқтата тұруға; әкімшілік құқық бұзушылық туралы заңнамада көзделген тәртіппен әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс бойынша іс жүргізуді қозғауға және тоқтатуға; заңнамада белгіленген тәртіппен тексерулер жүргізуге байланысты құжаттар мен материалдарға қол жеткізуге; нормативтік құқықтық актілер жобаларын әзірлеуге және қарауға қатысуға; басқа мемлекеттердің мекемелерімен және халықаралық ұйымдармен ынтымақтасуға; заңдылық пен құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету, қылмыстылықпен күресу мақсатында құқықтық статистика және арнайы есепке алу саласындағы ақпараттық жүйелерді құруға және жетілдіруге қатысуға; заңда көзделген өзге де әрекеттерді орындауға құқылы.
Прокурордың қызметіне кедергі жасау прокурордың Конституцияда және ҚР «Прокуратура туралы» Заңында белгіленген тәртіп пен шектерде өз қызметін толық немесе ішінара жүзеге асыра алмауына, яғни оны Конституциямен және жоғарыда аталған Заңмен берілген мүмкіндіктерден (өкілеттіктерден) айыруға әкеп соғатын қасақана құқыққа қайшы әрекеттер жасау немесе әрекетсіздік таныту болып табылады.
Кедергі жасау прокурордың қызметіне жол бермеуге, оны тоқтатуға, өзгертуге бағытталған әрекет жасауға талпыну түрінде көрініс табуы мүмкін.
Кедергі жасау әртүрлі нысандарда: өтініш жасау, бопсалау, көндіру және т.б. түрінде көрініс табуы мүмкін.
Талданып отырған қылмыстық теріс қылық құрамының болуы үшін кедергі жасау прокурордың заңды қызметіне қатысты болуы, ал орындамау прокурордың заңды талаптарын орындамаумен байланысты болуы қажет.
Қылмыстық теріс қылық құрамы өзінің құрылымы бойынша материалдық құрамға жатады, осыған байланысты бұл әрекеттің объективтік жағы үш міндетті белгіні қамтиды. Біріншіден, бұл прокурорлық қадағалау актілерін орындамаудан, сол сияқты оның қызметіне кедергі жасаудан көрінетін қоғамдық қауіпті әрекет; екіншіден, азаматтардың немесе ұйымдардың құқықтары мен заңды мүдделеріне не қоғамның немесе мемлекеттің заңмен қорғалатын мүдделеріне елеулі зиян келтіруден көрінетін қоғамдық қауіпті зардаптар; үшіншіден, заңда көрсетілген бұзушылықтар мен зардаптар арасындағы себепті байланыс. Тиісінше, әрекет қоғамдық қауіпті зардаптар туындаған сәттен бастап аяқталған болып есептеледі.
Елеулі зиян ұғымы ҚК-нің 3-бабының 14) тармағында берілген. Прокурордың қызметіне кедергі жасау және оның заңды талаптарын орындамау салдарынан елеулі зиян туындамаған жағдайда, адам ҚР ӘҚБтК-нің 667-бабы «Прокурордың, тергеушінің, анықтаушының, сот приставының, сот орындаушысының заңды қызметіне кедергі жасау» бойынша әкімшілік жауаптылыққа тартылады.
Мәселен, Рудный қаласының прокуратурасына пәтер кезегінде тұрған адамдардан шағымдар келіп түскен. Тұрғындар пәтер кезегінің жылжымай тұрғанын мәлімдеген. Тексеру барысында «Рудный қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі» ММ-нің бастығы С. прокуратура қызметкерлеріне әртүрлі себептерді алға тартып, құжаттарды ұсынудан бас тартқан. С. әкімшілік жауаптылыққа негізді түрде тартылды, өйткені прокурордың заңды қызметіне кедергі жасау қоғамның немесе мемлекеттің құқықтары мен заңды мүдделеріне елеулі зиян келтіруге әкеп соққан жоқ.
Осы қылмыстық теріс қылық құрамының диспозициясында қылмыстық құқық бұзушылықты жасау уақыты, орны, тәсілі, жағдайы, құралдары мен заттары сияқты объективтік жақтың белгілері қамтылмаған. Демек, ҚК-нің 381-бабында көзделген қылмыстық теріс қылықты саралау кезінде жоғарыда аталған белгілердің маңызы болмайды, алайда жаза тағайындау кезінде оларды ескеру қажет.
ҚК-нің 381-бабында көзделген қылмыстық теріс қылық құрамының субъективтік жағы кінәнің қасақана нысанымен сипатталады. Бұл ретте қасақаналық тікелей де, жанама да болуы мүмкін. Кінәлі адам прокурорлық қадағалау актілерін орындамаудың және (немесе) прокурордың қызметіне кедергі жасаудың қоғамдық қауіпті сипатын сезінеді, азаматтардың немесе ұйымдардың құқықтары мен заңды мүдделеріне не қоғамның немесе мемлекеттің заңмен қорғалатын мүдделеріне елеулі зиян келтіру мүмкіндігін немесе болмай қоймайтынын алдын ала біледі, оның туындауын қалайды не оған саналы түрде жол береді немесе оған немқұрайлы қарайды.
Қарастырылып отырған әрекеттің міндетті субъективтік белгісі (арнайы мақсаты) — прокурордың қызметіне кедергі жасау, яғни кінәлі адамның осындай қызметті үзуге немесе тоқтатуға ұмтылуы болып табылады.
Талданып отырған қылмыстық теріс қылықтың субъектісі 16 жасқа толған, есі дұрыс кез келген адам болуы мүмкін.
ҚК-нің 381-бабында көзделген әрекет қылмыстық теріс қылықтарға жатады.
Исидор Шамилович Борчашвилидің Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексіне 2021 жылғы түсініктемесі. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, заң ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Ұлттық жаратылыстану ғылымдары академиясының академигі, ҚР Конституциялық Кеңесі және ҚР Жоғарғы Соты жанындағы Ғылыми-консультативтік кеңестердің мүшесі, ҚР Қауіпсіздік Кеңесі жанындағы құқық қорғау жүйесін реформалау жөніндегі жұмыс тобының мүшесі, Қазақстан Республикасы ІІМ-нің еңбек сіңірген қызметкері.
Конституция Заңы Кодекс Нормативтік акт Указ Бұйрық Шешім Қаулы Адвокат Алматы Заңгері Заң қызметі Заңгерлік кеңес Азаматтық Қылмыстық Әкімшілік істер мен даулар Қорғау Арбитраждық Қазақстанның заң компаниясы Адвокаттық кеңсе Сот істері Декларация Жарлық Бұйрық Қаулы Шешім Баяндама Қорытынды Өтініш Қорытынды Конвенция Шарт Меморандум Әдістеме Нормалар Нота Қағидалар Бағдарлама Жарғы Хартия Бап Түсініктеме Резолюция Регламент Хаттама Жоба Бағдарлама Қағидалар Жолдаулар