Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 365-бабына түсініктеме. Заңды кәсіпкерлік қызметпен айналысуға кедергі жасау
1. Жеке кәсіпкердің немесе ұйымдық-құқықтық нысанына не меншік нысанына қарамастан коммерциялық ұйымның құқықтары мен заңды мүдделерін шектеу, дербестігін шектеу не олардың қызметіне өзге де заңсыз араласу, оның ішінде тексерулер жүргізу тәртібін бұзу, белгілі бір қызмет түрін жүзеге асыруға арналған арнайы рұқсатты (лицензияны) беруден заңсыз бас тарту немесе оны беруден жалтару, кәсіпкерлік субъектісінің қызметін және (немесе) оның банк шоты бойынша операцияларды заңсыз тоқтата тұру, жеке кәсіпкерлік субъектісін қайырымдылыққа және өзге де іс-шараларға мәжбүрлеп, құқыққа қайшы түрде тарту, жеңілдіктер мен преференцияларды қолданудан заңсыз бас тарту, оларды қолдануға кедергі жасау немесе оларды заңсыз қолданбау, егер бұл әрекеттерді мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілеттік берілген адам не оған теңестірілген адам немесе лауазымды адам өз қызметтік өкілеттіктерін қызмет мүдделеріне қайшы пайдалана отырып, басқа адамдарға немесе ұйымдарға зиян келтіру не өзі немесе басқа адамдар не ұйымдар үшін пайда мен артықшылықтар алу мақсатында жасаған болса және бұл азаматтардың немесе ұйымдардың құқықтары мен заңды мүдделеріне не қоғамның немесе мемлекеттің заңмен қорғалатын мүдделеріне елеулі зиян келтіруге әкеп соқса, —
үш мың айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына, не сегіз жүз сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға, не үш жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге, не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға, мүлкін тәркілеумен, белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан өмір бойына айырумен жазаланады.
2. Дәл сол әрекеттер:
1) 2018 жылғы 12 шілдедегі № 180-VI ҚР Заңымен алып тасталды;
2) адамдар тобының алдын ала сөз байласуы бойынша;
3) ірі мөлшерде;
4) құқық қорғау органының қызметкері жасаған болса, —
алты жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға, мүлкін тәркілеумен, белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан өмір бойына айырумен жазаланады.
3. Осы баптың бірінші немесе екінші бөліктерінде көзделген әрекеттерді:
1) жауапты мемлекеттік лауазымды атқаратын адам;
2) аса ірі мөлшерде;
3) қылмыстық топ немесе қылмыстық топтың мүддесі үшін;
4) «Қазақстан Республикасы азаматтарының, қандастардың және Қазақстан Республикасында тұруға ықтиярхаты бар адамдардың мүлікті жария етуіне байланысты рақымшылық жасау туралы» Қазақстан Республикасының Заңында белгіленген қызметтік міндеттерді орындау кезінде мүлікті жария ету процесінде алынған ақпаратты пайдалана отырып жасаған болса, —
мүлкін тәркілеумен, белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан өмір бойына айыра отырып, сегіз жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
4. Осы баптың бірінші, екінші немесе үшінші бөліктерінде көзделген әрекеттерді құқық қорғау органында жауапты мемлекеттік лауазымды атқаратын адам немесе судья жасаған болса, —
мүлкін тәркілеумен, белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан өмір бойына айыра отырып, алты жылдан он жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
Қазақстан Республикасы Конституциясының 26-бабының 4-тармағында әркімнің кәсіпкерлік қызмет бостандығына құқығы бар екендігі белгіленген. Кәсіпкерлік қызметтің құқықтық негіздері мен қағидаттары Азаматтық, Кәсіпкерлік кодекстермен және өзге де заңнамалық актілермен реттеледі.
Талданып отырған қылмыстың қоғамдық қауіптілігі оны жасау нәтижесінде әркімнің заңды кәсіпкерлік қызмет бостандығына деген конституциялық құқығының шектелуінен көрінеді, соның салдарынан мемлекеттің беделіне және тұтастай алғанда оның экономикасына зиян келтіріледі.
Кәсіпкерлік кодекстің 320-бабының 3-тармағына сәйкес, заңды кәсіпкерлік қызметке кедергі жасау Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жауаптылыққа әкеп соғады.
Кәсіпкерлік субъектісі өзінің заңды кәсіпкерлік қызметіне кедергі жасау салдарынан шеккен барлық залалдар Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасына сәйкес өтелуге жатады (КК-нің 320-бабының 4-тармағы).
Осыны ескере отырып, заң шығарушы заңды кәсіпкерлік қызметке кедергі жасау құрамын сыбайлас жемқорлық қылмыстар тізбесіне енгізді (ҚК-нің 3-бабының 29) тармағы).
Осы қылмыстың объектісі Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген қалыпты экономикалық қызмет, оның еркіндігі, сондай-ақ мемлекеттік қызмет мүдделері болып табылады.
Талданып отырған қылмыстың объективтік жағын заңды кәсіпкерлік қызметке кедергі жасауға бағытталған әрекеттер құрайды.
Осы бапта кінәлі адамның өзінің қызметтік жағдайын пайдалана отырып жасайтын заңды кәсіпкерлік қызметке кедергі жасаудың негізгі түрлері аталған:
ұйымдық-құқықтық нысанына немесе меншік нысанына қарамастан, жеке кәсіпкердің немесе коммерциялық ұйымның құқықтары мен заңды мүдделерін шектеу;
жеке кәсіпкердің немесе коммерциялық ұйымның дербестігін шектеу;
жеке кәсіпкердің немесе коммерциялық ұйымның қызметіне өзге де заңсыз араласу.
ҚР АК-нің 10-бабының 1-тармағына сәйкес, кәсіпкерлік — азаматтардың, қандастардың және заңды тұлғалардың таза кіріс алуға бағытталған, мүлікті пайдалану, тауар өндіру, сату, жұмыстарды орындау, қызметтер көрсету арқылы жүзеге асырылатын, жеке меншік құқығына (жеке кәсіпкерлік) не мемлекеттік кәсіпорынның шаруашылық жүргізу немесе жедел басқару құқығына (мемлекеттік кәсіпкерлік) негізделген бастамашылық қызметі.
Кәсіпкерлердің құқықтары мен заңды мүдделерін шектеу, мысалы, кәсіпкердің мемлекеттік сатып алуларға қатысу шеңберінде берген конкурстық өтінімін негізсіз қабылдамау, жекелеген коммерциялық ұйымдарға басқа кәсіпкерлермен салыстырғанда артықшылықтар беру, лицензиялар мен рұқсаттарды беруде созбалаңға салу және т.б. арқылы көрініс табуы мүмкін.
Кәсіпкер қызметінің дербестігін шектеу, мысалы, қызметтің белгілі бір түрлерін жүзеге асыруға, белгілі бір тауарларды өндіруге және т.б. жасанды кедергілер мен тыйымдар жасау арқылы жүзеге асырылуы мүмкін.
Кәсіпкердің қызметіне өзге де заңсыз араласу кәсіпкерлік субъектілеріне заңсыз тексерулер жүргізу және т.б. түрінде көрініс табуы мүмкін.
Бұл ретте жоғарыда аталған барлық әрекеттер тексерулер жүргізу тәртібін бұзу, белгілі бір қызмет түрін жүзеге асыруға арналған арнайы рұқсатты (лицензияны) беруден заңсыз бас тарту немесе оны беруден жалтару, кәсіпкерлік субъектісінің қызметін және (немесе) оның банк шоты бойынша операцияларды заңсыз тоқтата тұру, жеке кәсіпкерлік субъектісін қайырымдылыққа және өзге де іс-шараларға мәжбүрлеп, құқыққа қайшы түрде тарту, жеңілдіктер мен преференцияларды қолданудан заңсыз бас тарту, оларды қолданбау немесе оларды қолдануға кедергі жасау арқылы жүзеге асырылуы мүмкін.
Тексерулер жүргізу тәртібі ҚР Кәсіпкерлік кодексінің 140-бабымен регламенттелген.
Тексерулер мынадай түрлерге бөлінеді: 1) тәуекел дәрежесін бағалау негізінде ерекше тәртіп бойынша жүргізілетін тексерулер; 2) жоспардан тыс тексерулер.
ҚР «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» кодексінде (Салық кодексінде) белгіленбеген өзге де тексеру түрлерін жүргізуге, осы ҚР Кодексінде көзделген тексерулерді қоспағанда, тыйым салынады (аталған Кодекстің 144-бабы).
Кәсіпкерлік кодекстің 320-бабына сәйкес, заңды кәсіпкерлік қызметке кедергі жасау Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жауаптылыққа әкеп соғады.
Кәсіпкерлік субъектісі өзінің заңды кәсіпкерлік қызметіне кедергі жасау салдарынан шеккен барлық залалдар Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасына сәйкес өтелуге жатады.
Құрылымы бойынша бұл қылмыс құрамы материалдық болып табылады. Қылмысты аяқталған деп тану үшін диспозицияда көрсетілген салдардың — азаматтардың немесе ұйымдардың құқықтары мен заңды мүдделеріне не қоғамның немесе мемлекеттің заңмен қорғалатын мүдделеріне елеулі зиян келтірудің туындауы талап етіледі.
Осы бапта елеулі зиян деп адамның және азаматтың конституциялық құқықтары мен бостандықтарының, ұйымдардың құқықтары мен заңды мүдделерінің, қоғам мен мемлекеттің заңмен қорғалатын мүдделерінің бұзылуы; елеулі залал келтіру; жәбірленуші тұлғаның қиын өмірлік жағдайға тап болуы; ұйымдардың немесе мемлекеттік органдардың қалыпты жұмысының бұзылуы; келтірілген зиянның елеулілігін куәландыратын өзге де салдарлар түсініледі.
Қылмыстың субъективтік жағы тікелей қасақаналықпен сипатталады. Кінәлі адамның жеке кәсіпкердің немесе коммерциялық ұйымның заңды кәсіпкерлік қызметіне кедергі келтіріп отырғанын сезінеді, құқыққа қайшы салдардың туындауын алдын ала біледі және олардың туындауын қалайды.
Осы құрамның субъективтік жағының міндетті белгісі арнайы мақсат — басқа адамдарға немесе ұйымдарға зиян келтіру не өзі немесе басқа адамдар үшін пайда мен артықшылықтар алу болып табылады. Бұл дегеніміз, субъектінің өз өкілеттіктерін қызмет мүдделеріне қайшы пайдалануы, егер кінәлі адам жоғарыда аталған мақсаттарды көздемесе, өздігінен заңды кәсіпкерлік қызметке кедергі жасау қылмысының аяқталған құрамын құра алмайды.
Қарастырылып отырған қылмыс құрамы тұрғысынан басқа адамдарға немесе ұйымдарға зиян келтіру ұғымы бағалау санаты болып табылады және әрбір нақты жағдайда істің мән-жайларына қарай айқындалады. Бұл ретте басқа адамдарға немесе ұйымдарға зиян келтіру мүліктік залал келтірумен қатар іскерлік беделге нұқсан келтіру арқылы да көрініс табуы мүмкін.
Пайда мен артықшылықтар алу деп қылмыс субъектісіне жататын адамның өтеусіз көрсетілетін немесе ақысы төленуге тиіс әртүрлі қызметтерді қабылдауы не меншікке, құрылыс және жөндеу жұмыстарын жүргізуге, санаторийлік немесе туристік жолдамалар алуға, жол жүру билеттерін алуға, жеңілдік шарттарымен қарыздар немесе кредиттер алуға және т.б. басым құқық беретін жеңілдіктерді заңсыз пайдалануы түсініледі.
Қылмыстың себептері әртүрлі болуы мүмкін және қылмысты саралауға әсер етпейді.
Қылмыстың субъектісі арнайы болып табылады — тек мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілеттік берілген адам не оған теңестірілген адам немесе заңды кәсіпкерлік қызметке кедергі жасау үшін өзінің қызметтік жағдайын пайдаланатын лауазымды адам (ҚК-нің 361-бабына берілген түсініктемені қараңыз).
ҚК-нің 365-бабының 2-бөлігінде қылмыстың мынадай саралаушы белгілері көзделген:
адамдар тобының алдын ала сөз байласуы бойынша жасау;
ірі мөлшерде жасау;
құқық қорғау органының қызметкері жасауы.
Қылмысты адамдар тобының алдын ала сөз байласуы бойынша жасау белгісімен саралау үшін заңды кәсіпкерлік қызметке кедергі жасауды бірлесіп жасау туралы алдын ала уағдаласқан екі немесе одан да көп адамның қатысуын анықтау қажет.
ҚК-нің 365-бабының 2-бөлігінің 3) тармағына қатысты ірі мөлшер деп азаматқа екі жүз айлық есептік көрсеткіштен асатын мөлшерде келтірілген залал не ұйымға немесе мемлекетке екі мың айлық есептік көрсеткіштен асатын мөлшерде келтірілген залал танылады (ҚК-нің 3-бабының 38) тармағы).
Құқық қорғау органының қызметкері ұғымы ҚК-нің 361-бабының 2-1-бөлігіне берілген түсініктемеде келтірілген.
ҚК-нің 365-бабының 3-бөлігінде заңды кәсіпкерлік қызметке кедергі жасаудың мынадай аса сараланған құрамдары көзделген:
жауапты мемлекеттік лауазымды атқаратын адам жасаған болса (ҚК-нің 3-бабының 16) тармағы);
аса ірі мөлшерде жасалған болса;
қылмыстық топ жасаған немесе қылмыстық топтың мүддесі үшін жасалған болса (ҚК-нің 3-бабының 24) тармағы);
«Қазақстан Республикасы азаматтарының, қандастардың және Қазақстан Республикасында тұруға ықтиярхаты бар адамдардың мүлікті жария етуіне байланысты рақымшылық жасау туралы» ҚР Заңында белгіленген қызметтік міндеттерді орындау кезінде мүлікті жария ету процесінде алынған ақпаратты пайдалана отырып жасалған болса.
Жауапты мемлекеттік лауазымды атқаратын адам ұғымы ҚК-нің 361-бабына берілген түсініктемеде келтірілген.
Осы нормада аса ірі мөлшер деп азаматқа екі мың айлық есептік көрсеткіштен асатын мөлшерде келтірілген залал не ұйымға немесе мемлекетке он мың айлық есептік көрсеткіштен асатын мөлшерде келтірілген залал танылады (ҚК-нің 3-бабының 3) тармағы).
Қылмыстық топ ұғымы ҚК-нің 3-бабының 24) тармағында және 31-бабының 3-бөлігінде берілген.
Қатысушылықтың аталған қауіпті нысандарының ұғымы мен белгілері ҚК-нің 3-бабында егжей-тегжейлі регламенттелген.
Қылмыстық топтың мүддесі үшін заңды кәсіпкерлік қызметке кедергі жасау ҚК-нің 365-бабының 1-бөлігінде көрсетілген әрекеттерді қылмыстық топтың ниеттері мен қажеттіліктерін қанағаттандыру мақсатында жасаудан көрінеді.
Түсіндіріліп отырған баптың 3-бөлігінің 4) тармағында көзделген саралаушы белгілер ҚК-нің 361-бабының 4-бөлігінің 2) тармағына берілген түсініктемеде сипатталған.
Түсіндіріліп отырған баптың 4-бөлігінде ҚК-нің 365-бабының 1, 2 немесе 3-бөліктерінде көзделген әрекеттерді құқық қорғау органында жауапты мемлекеттік лауазымды атқаратын адамның немесе судьяның жасағаны үшін қылмыстық жауаптылық белгіленген (ҚК-нің 361-бабының 4-бөлігінің 4) тармағына берілген түсініктемені қараңыз).
ҚК-нің 365-бабының 1-бөлігінде көзделген әрекет орташа ауырлықтағы қылмыстарға жатады.
ҚК-нің 365-бабының 2, 3 және 4-бөліктерінде көзделген әрекеттер ауыр қылмыстарға жатады.
Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексіне 2021 жылғы түсініктеме, авторы — Исидор Шамилович Борчашвили, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, заң ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Ұлттық жаратылыстану ғылымдары академиясының академигі, ҚР Конституциялық Кеңесі мен ҚР Жоғарғы Соты жанындағы Ғылыми-консультативтік кеңестердің мүшесі, Қауіпсіздік Кеңесі жанындағы құқық қорғау жүйесін реформалау жөніндегі жұмыс тобының мүшесі, Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің еңбек сіңірген қызметкері.
Конституция Заң Кодекс Нормативтік акт Указ Бұйрық Шешім Қаулы Адвокат Алматы заңгері Заң қызметі Құқықтық заң консультациясы Азаматтық Қылмыстық Әкімшілік істер мен даулар Қорғау Төрелік Қазақстан заң компаниясы Адвокаттық кеңсе Сот істері Декларация Жарлық Бұйрық Қаулы Шешім Баяндама Қорытынды Өтініш Қорытынды Конвенция Шарт Меморандум Әдістеме Нормалар Нота Ережелер Бағдарлама Жарғы Хартия Бап Түсініктеме Резолюция Регламент Хаттама Жоба Бағдарлама Ережелер Жолдаулар