36-бап. Әскери қызметке және әскери жиындарға шақырудан босату Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы Заңы
1. Бейбiт уақытта әскери қызметке шақырудан:
1) денсаулық жағдайы бойынша әскери қызметке жарамсыз деп танылған;
2) жиырма жеті жасқа толған, заңды негiздер бойынша мерзiмдi әскери қызметке шақырылмаған;
3) туыстарының бiрi (әкесi, анасы, аға-інілерi немесе апа-сіңлілері) әскери қызмет өткеру кезеңiнде қызметтік мiндеттерiн атқару кезiнде қаза тапқан, қайтыс болған немесе оған бірінші немесе екінші топтағы мүгедектік белгіленген;
4) басқа мемлекетте әскери (баламалы) қызмет өткерген;
4-1) "Қазақстан Республикасының арнаулы мемлекеттік органдары туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 51-бабының 9-тармағында көзделген жағдайларды қоспағанда, Қазақстан Республикасының арнаулы мемлекеттік органдарында қызмет өткергендер;
5) ғылыми дәрежесi бар азаматтар;
6) тіркелген діни бірлестіктердің дін қызметкерлері босатылады.
2. Әскери жиындарға шақырудан:
1) Қазақстан Республикасының мемлекеттiк органдарында қорғанысты, қауiпсiздiк пен құқықтық тәртiпті қамтамасыз етуге байланысты лауазымдарда жұмыс iстейтiн адамдар;
2) мемлекеттiк, азаматтық және эксперименттік авиацияның авиациялық персоналы;
3) ауыл шаруашылығында және ауыл шаруашылығы техникасын жөндеу ұйымдарында жұмыс iстейтiн адамдар, егіс және егiн жинау жұмыстары кезеңiне;
4) күндiзгi нысанда оқытатын бiлiм беру ұйымдарының педагогтері, оқу жылы кезеңiне;
5) күндiзгi нысанда оқытатын бiлiм беру ұйымдарында оқитындар;
6) әскери мiндеттi әйелдер;
7) әскери мiндеттілер, запасқа шығарылғаннан кейiнгі екi жыл ішінде;
8) он сегiз жасқа дейiнгі үш және одан да көп баласы бар адамдар;
9) оларға қатысты анықтау, алдын ала тергеу жүргiзiлiп жатқан немесе сот қылмыстық iсін қарап жатқан адамдар;
10) Қазақстан Республикасы Парламентiнiң немесе жергіліктi өкілді органдардың депутаттары, аудандардың, облыстық маңызы бар қалалардың, аудандық маңызы бар қалалардың, ауылдардың, кенттердің, ауылдық округтердің әкімдері болып сайланған әскери міндеттілер босатылады.
3. Осы баптың 2-тармағының 7) тармақшасында көрсетілген әскери міндеттілер арнаулы әскери жиындардан өтуден босатылмайды.
4. Денсаулық жағдайы бойынша әскери қызметке жарамсыз деп танылған азаматтар жұмылдыру бойынша, соғыс жағдайы кезінде және соғыс уақытында әскери қызметке шақырудан босатылады.
5. Осы баптың 1-тармағының 1) тармақшасында аталған азаматтарды қоспағанда, әскери қызметке шақырудан босатылуға құқығы бар азаматтар азаматтарды әскерге шақыруды ұйымдастыру және жүргізу қағидаларында айқындалатын тәртіппен өздерінің қалауы бойынша әскери қызметке шақырылуы мүмкін.
Осы баптың 2-тармағының 9) тармақшасында аталған адамдарды қоспағанда, әскери жиындарға шақырудан босатылуға құқығы бар азаматтар азаматтарды әскерге шақыруды ұйымдастыру және жүргізу қағидаларында және әскери міндеттілерді курстық даярлықтан өткізу қағидаларында айқындалатын тәртіппен тиісінше өздерінің қалауы бойынша әскери жиындарға шақырылуы мүмкін не әскери міндеттілердің курстық даярлығынан өте алады.
6. Соттылығы бар азаматтар бейбiт уақытта әскери қызметке шақырылуға жатпайды.
7. Осы баптың 1-тармағының 1) тармақшасында көзделген әскерге шақырудан босату үшін негiздерiнің күші жойылған азаматтар осы Заңда белгiленген тәртіппен әскерге шақырылуға жатады.
Қазақстан Республикасының 2012 жылғы 16 ақпандағы № 561-IV Заңы.
Осы Заң Қазақстан Республикасы азаматтарының әскери қызметті өткеруі саласындағы қоғамдық қатынастарды реттейді және әскери қызметшілерді әлеуметтік қамсыздандыру жөніндегі мемлекеттік саясат негіздерін айқындайды.
Қазақстан Республикасының
Президенті
© 2012. Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің «Қазақстан Республикасының Заңнама және құқықтық ақпарат институты» ШЖҚ РМК
Конституция Заң Кодекс Норматив Жарлық Бұйрық Шешім Қаулы Адвокат Алматы Заңгер Қорғаушы Заң қызметі Құқық қорғау Құқықтық қөмек Заңгерлік кеңсе Азаматтық істері Қылмыстық істері Әкімшілік істері Арбитраж даулары Заңгерлік кеңес Заңгер Адвокаттық кеңсе Қазақстан Қорғаушы Заң компаниясы