826-3-бап. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс бойынша қаулыға, айыппұл төлеу қажеттігі туралы нұсқамаға шағымды, наразылықты қарау Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Қазақстан Республикасының Кодексі
1. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс бойынша қаулыға, айыппұл төлеу қажеттігі туралы нұсқамаға шағым, наразылық олар келіп түскен күннен бастап он тәулік ішінде қаралуға тиіс.
2. Жоғары тұрған орган (лауазымды адам) әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс бойынша қаулыға, айыппұл төлеу қажеттігі туралы нұсқамаға шағымды, наразылықты қарауға кіріскенде:
1) шағымды, наразылықты кім қарайтынын, қандай шағым, наразылық қаралуға жататынын; шағымды, наразылықты кім бергенін жариялайды; шағымды, наразылықты қарау оның құзыретіне жата ма, соны анықтайды; егер шағымды, наразылықты қарау оның құзыретіне жатпайтын болса, оларды барлық іс материалдарымен бірге ведомстволық бағыныстылығы бойынша жібереді;
2) өзіне қатысты іс бойынша қаулы шығарылған, нұсқама ресімделген тұлғаның немесе оның өкілінің, сондай-ақ шағымды, наразылықты қарауға қатысу үшін шақырылған тұлғалардың келгеніне көз жеткізеді;
3) іс жүргізуге қатысушылардың және олардың заңды өкілдерінің өкілеттіктерін тексереді;
4) іс бойынша іс жүргізуге қатысушылардың келмеу себептерін анықтайды және олар келмеген кезде шағымды, наразылықты қарау туралы не шағымды, наразылықты қарауды кейінге қалдыру туралы шешім қабылдайды;
5) шағымды, наразылықты қарауға қатысатын тұлғаларға құқықтары мен міндеттерін түсіндіреді;
6) әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс бойынша қаулыға, айыппұл төлеу қажеттігі туралы нұсқамаға шағымды, наразылықты, ал қажет болғанда істің өзге де материалдарын жария етеді;
7) мәлімделген қарсылықтар мен өтінішхаттарды шешеді, шағымды, наразылықты толық, жан-жақты және объективті қарау үшін қажетті өзге де мән-жайларды анықтайды.
3. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс бойынша қаулыға, айыппұл төлеу қажеттігі туралы нұсқамаға шағымды, наразылықты қарау кезінде істе бар және қосымша ұсынылған материалдар бойынша шығарылған қаулының, нұсқаманың заңдылығы мен негізділігі тексеріледі. Жоғары тұрған орган (лауазымды адам) жаңа фактілерді анықтауға және жаңа дәлелдемелерді зерттеуге құқылы.
Орган (лауазымды адам) әкімшілік құқық бұзушылық туралы істі қарау кезінде әкімшілік құқық бұзушылық жасалған ба, осы тұлға оны жасауға кінәлі ме, ол әкімшілік жауаптылыққа жата ма, жауаптылықты жеңілдететін және ауырлататын мән-жайлар бар ма, мүліктік залал келтірілген бе, соны анықтауға, осы Кодекстің 741 және 742-баптарында көзделген мән-жайларды, сондай-ақ істі дұрыс шешу үшін маңызы бар басқа да мән-жайларды анықтауға міндетті.
4. Жоғары тұрған орган (лауазымды адам) іс бойынша қосымша материалдарды талап етіп алдыруға, сараптаманың тағайындалуына байланысты және шағымды, наразылықты толық, жан-жақты және объективті қарау үшін қажет болатын басқа жағдайларда шағымды, наразылықты қарауды кейінге қалдыруға құқылы.
5. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс бойынша іс жүргізуге қатысушылардан өтінішхаттар келіп түскен не істің мән-жайларын қосымша анықтау қажеттігі болған жағдайда шағымды, наразылықты қарау мерзімін істі қарайтын жоғары тұрған орган (лауазымды адам) ұзартуы, бірақ он тәуліктен аспайтын мерзімге ұзартуы мүмкін. Орган (лауазымды адам) азаматтық, қылмыстық, әкімшілік сот ісін жүргізуде немесе әкімшілік құқық бұзушылық туралы істер бойынша іс жүргізуде қаралып жатқан басқа істі шешкенге дейін шағымды, наразылықты қарау мүмкін болмаған кезде, сондай-ақ әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс қозғауға негіз болған салықтық және (немесе) кедендік тексерулер нәтижелеріне жоғары тұрған органға шағым жасалған жағдайда не мемлекеттік органға іс үшін маңызы бар мәселелер бойынша сұрау салу жіберілген кезде оларды қарау мерзімін тоқтата тұруға міндетті. Мерзімді тоқтата тұру не ұзарту бойынша шешім ұйғарым түрінде шығарылады.
5-1. Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында немесе оның жекелеген жергілікті жерлерінде төтенше жағдай немесе соғыс жағдайы енгізілген кезде шағымды, әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс бойынша қаулыға, айыппұл төлеу қажеттігі туралы нұсқамаға наразылықты қарау мерзімі төтенше жағдай немесе соғыс жағдайы тоқтатылғанға дейін тоқтатыла тұруы мүмкін.
6. Егер әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс бойынша қаулыға, айыппұл төлеу қажеттігі туралы нұсқамаға шағым, наразылық сотқа және жоғары тұрған органға (лауазымды адамға) бір уақытта келіп түссе, онда жоғары тұрған органға берілген шағым, наразылық сотқа жіберілуге тиіс.
Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кәсіпкерлік Кодексі Еңбек Кодексі Салық және бюджетке төленетін басқада міндетті төлемдер туралы (Салық кодексі) Әкімшілік рәсімдік-процестік Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы Экология Әлеуметтік кодекс Азаматтық Қылмыстық-процестік Қылмыстық Қылмыстық кодекске түсініктеме (комментарий) Жоғарғы Соттың нормативтік қаулысы, Қазақстан Республикасы