Атқарушылық іс жүргізуде борышкердің жылжымайтын мүлкіне өндіріп алуды қолдану туралы арыздарды қарау практикасы (АПК-нің 250-1-бабы)
№ 342-VI ҚРЗ Заңымен АПК нормалары атқарушылық іс жүргізуде борышкердің жылжымайтын мүлкіне өндіріп алуды қолдану тәртібін көздейтін 250-1-баппен толықтырылды.
Атап айтқанда, берешекті өзге мүлік есебінен өтеу мүмкін болмаған кезде не мүлік жеткіліксіз болған кезде сот шешімін мәжбүрлеп орындату барысында өндіріп алушы не сот орындаушысы сотқа борышкердің жылжымайтын мүлкінен өндіріп алуды қолдану туралы өтініш жасауға құқылы.
Аталған өзгеріс АПК-ге енгізілгенге дейін сот орындаушысы мен атқарушылық іс жүргізу тараптары АПК-нің 246-бабының негізінде жылжымайтын мүлікке өндіріп алуды қолдану арқылы сот шешімін орындау тәсілі мен тәртібін өзгерту туралы сотқа арыз берген.
Сонымен бірге, сот актісінде нақты анықталған орындау әдісі мен тәртібі өзгермейді, сот тек мүлікті өндіріп алады. Осыған байланысты АПК-ні нақтылау үшін 250-1-баппен толықтырылды.
Сот арызды жылжымайтын мүлік орналасқан жердегі сотқа арыз келіп түскен күннен бастап он жұмыс күні ішінде қарайды.
Мұндай арыздарды қараудың соттылығы заңнамалық түрде бекітілген.
Жеке сот орындаушы А.К.Кайроллаева Павлодар қалалық сотына берешек сомасын «Банк Центр Кредит» АҚ пайдасына өндіріп алу туралы сот шешімін орындау мақсатында борышкер Е.М.Акмалованың жылжымайтын мүлкін өндіріп алу туралы арызбен жүгінді.
Ұсынылған материалдардан ЖСО өндіріп алуды сұраған мүлік Павлодар облысының Ақсу қаласында пәтер түрінде екені анықталды.
Осыған байланысты ЖСО осы ұсыныспен Ақсу қалалық сотына жүгінуге құқылы.
«Соттардың атқарушылық іс жүргізу туралы заңнаманың кейбір нормаларын қолдануы туралы» Жоғарғы Соттың 2017 жылғы 31 наурыздағы № 1 нормативтік қаулысының 8-тармағында сот орындаушысының арызы не өндіріп алушының талабы бойынша сот тәртібімен борышкердің ортақ мүліктегі үлесінен жалпы мүлікті бөлу, үлесті анықтау немесе үлесті бөліп шығару жолымен өндіріп алу көзделгені түсіндірілген.
Павлодар қалалық сотының 2020 жылғы 28 қазандағы ұйғарымымен ЖСО А.К.Дайырованың пәтердегі М.И.Орумбаевтың 1/10 үлесін өндіріп алуды қолдану туралы арызы қанағаттандырылды.
Сот М.И.Орумбаевтан мемлекет кірісіне 1,2 млн. теңге өндіріп алынғанын анықтады. Осы соттың ұйғарымымен М.И.Орумбаевтың пәтердегі үлесі 1/10 ретінде айқындалған.
Сот актісінің 2017 жылдан бері орындалмағанын, сот шешімін орындауға болатын басқа мүлік борышкерде жоқ екенін назарға ала отырып, сот ортақ бірлескен мүліктегі оған тиесілі 1/10 үлесінен өндіріп алды.
Жылжымайтын мүлікті өндіріп алуды қолдану туралы арыздарды қанағаттандырудан бас тарту мысалдары.
Орал қаласының № 2 сотының ұйғарымымен Б.М.Мажитовтың З.Г.Айдналиеваның тұрғын үй түріндегі жылжымайтын мүлкін өндіріп алу туралы арызын қанағаттандырудан бас тартылды, өйткені оның пайдасына 729 475 теңге мөлшеріндегі соманы өндіріп алу туралы атқарушылық іс жүргізу материалдарында мүлікті бағалау жөніндегі құжаттар жоқ және сот мүлік құнының борышкердің қалған берешегінің мөлшеріне мөлшерлестігін айқындау мүмкіндігінен айырылды.
Қостанай облысының Қарабалық аудандық соты МСО Әлшімбаевтың «Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі» ММ пайдасына 2 970 056 теңге мөлшеріндегі соманы өндіріп алу туралы атқарушылық іс жүргізу шеңберінде борышкерлер Козьминдердің тұрғын үйінен өндіріп алуды қолдану туралы арызын қанағаттандырудан бас тартты. Сот орындаушысының «Атқарушылық іс жүргізу және сот орындаушыларының мәртебесі туралы» Заңның 72-бабы талаптарының орындалуына және өндіріп алу қолданылуы мүмкін мүліктің кезектілігін сақтауға дәлелдемелерді ұсынбауы соттың бас тартуына негіз болды деп көрсетті.
Ақтөбе қаласы № 3 сотының 2020 жылғы 10 қарашадағы ұйғарымымен жеке сот орындаушысы М.Н.Бахытжанованың Д.Ю.Атабаеваның пайдасына кәмелетке толған балаларды күтіп-бағуға алименттерді өндіріп алу туралы атқарушылық іс жүргізу шеңберінде борышкер А.С.Джумашевтің жылжымайтын мүлкінен өндіріп алуды қолдану туралы ұсынымын қанағаттандырудан бас тартылды, өйткені пәтер түріндегі мүлік тараптардың ортақ бірлескен меншігі болып табылады және сот орындаушысы олардың үлестерін айқындау жөнінде шаралар қолданбаған.
Өндіріп алушының немесе сот орындаушысының арызы мазмұны бойынша АПК-нің 148-бабы екінші бөлігінің 1), 2), 3), 5), 7), 8) тармақшаларындағы талаптарға (талап арызға қойылатын талаптар) сәйкес келуі тиіс.
Сотқа берілген өндіріп алушының немесе сот орындаушысының арызы сәйкес келмеген жағдайда ол АПК-нің 152-бабының екінші бөлігінде (талап арызды қайтару тәртібі) белгіленген тәртіппен қараусыз қайтарылуға жатады.
Өскемен қалалық соты АПК-нің 246-бабындағы тәртіпен сот шешімін орындау тәсілі мен тәртібін өзгерту және З.В.Высокихтің жылжымайтын мүлкінен өндіріп алуды қолдану туралы ЖСО Д.Ж.Сүлейменовтің өтінішхатын қайтарды.
Сот борышкердің арыз беру арқылы жылжымайтын мүлкін өндіріп алуды қолдану тәртібі АПК-нің 246-бабының негізінде өтінішхат беру арқылы емес, АПК-нің 250-1-бабында регламенттелгенін атап өтті.
Солтүстік Қазақстан облысы Ғабит Мүсірепов атындағы аудандық соттың 2020 жылғы 02 қыркүйектегі ұйғарымымен жеке сот орындаушы К.Т.Тәуекеловтің атқарушылық іс жүргізуде борышкердің жылжымайтын мүлкін өндіріп алуды қолдану туралы арызы қайтарылды, өйткені онда борышкердің ЖСО өндіріп алуды қолдануды сұрап отырған жылжымайтын мүлікке меншік құқығын растайтын мәліметтер жоқ.
Өндіріп алушының борышкер болып табылмайтын кепіл берушінің жылжымайтын мүлкінен не егер жылжымайтын мүлікті борышкер ипотекалық тұрғын үй қарызы бойынша сатып алған болса, өндіріп алуды қолдану туралы арызы осы баптың қағидалары бойынша қаралуға жатпайды.
ЖСО Р.Т.Ольжибаев сотқа «АгроКазРосКус» ЖШС-ның жылжымайтын мүлкіне өндіріп алуды қолдану туралы арызбен жүгініп, Нұр-Сұлтан қаласы Алматы аудандық сотының 2017 жылғы 31 тамыздағы шешімімен борышкерден «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ пайдасына 41 795 503 теңге берешек өндіріп алынғанын атап өтті.
Солтүстік Қазақстан облысы Тайынша ауданы № 2 аудандық сотының 2020 жылғы 04 желтоқсандағы ұйғарымымен «Жылжымайтын мүлік ипотекасы туралы» Заңның 21-бабы негізінде мүлік «Аграрлық несие корпорациясы»АҚ кепілінде болғандықтан, арызды қанағаттандырудан бас тартылды.
АПК-нің 250-1-бабындағы тәртіппен соттарға сот орындаушылары ғана емес, өндіріп алушылар да жүгінуге құқылы.
Көрсетілген норма өндіріп алушыға сот орындаушысы тарапынан белгілі бір іс-әрекеттерді күтпестен, борышкердің жылжымайтын мүлкінен өндіріп алуды қолдану туралы арызбен сотқа дербес жүгіну құқығын береді. Бұл атқарушылық іс жүргізудегі ықтимал әуре-сарсаңға салуды болдырмайды және борышкерді тәртіпке келтіреді, оның мүлікті жасыру арқылы құқықты теріс пайдалану мүмкіндігін шектейді.
Осылайша, А.А.Дубин атқарушылық іс жүргізу шеңберінде Е.Г.Якимовадан оның пайдасына 1 000 000 теңге мөлшеріндегі соманы және сот шығыстарын борышкердің жылжымайтын мүлкінен өндіріп алуды қолдану туралы арызбен сотқа жүгінді.
Борышкердің атына құны анықталмаған тұрғын үй түріндегі мүлік, сондай-ақ құны 3 000 000 теңге тұратын дүкен тіркелген.
Солтүстік Қазақстан облысы Ғабит Мүсірепов атындағы ауданның № 2 аудандық сотының 2020 жылғы 21 желтоқсандағы ұйғарымымен Е.Г.Якимованың дүкен түріндегі жылжымайтын мүлкінен өндіріп алу қолданылды.
«Байқоңыр» аудандық сотының 2020 жылғы 08 желтоқсандағы ұйғарымымен өндіріп алушы Н.А. Шукееваның Ақмола облысы Целиноград ауданының аумағында мүліктің болуына байланысты «Асыл-Арман» ТК мүлкінен өндіріп алуды қолдану туралы арызы қайтарылды.
Назар аударыңыз!
«Заң және Құқық» адвокаттық кеңсесі, Бұл құжаттың жалпылама екендігіне және нақты сіздің жағдайыңыздың талаптарына сәйкес келмеуі мүмкендігіне көңіл бөлуіңізді сұрайды. Біздің заңгерлер сіздің нақты жағдайыңызға сәйкес келетін кез келген құқықтық кеңесті, құжатты әзірлеп көмектесуге дайын.
Қосымша ақпарат алу үшін Заңгер/Адвокат телефонына хабарласуыңызға болады: +7 (708) 971-78-58; +7 (700) 978 5755, +7 (700) 978 5085.
Құжатты жүктеп алу
-
ҚР АПК соттар жұмысының заманауи форматтарын ендіру, артық сот рәсімдері ҚОРЫТУ
18 рет жүктеп алынды