Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 318-бабына түсініктеме. Клиникалық зерттеулерді жүргізу және профилактиканың, диагностиканың, емдеудің және медициналық оңалтудың жаңа әдістері мен құралдарын қолдану тәртібін бұзу
1. 2020 жылғы 7 шілдедегі № 361-VI Қазақстан Республикасының Заңымен алып тасталды.
2. Клиникалық зерттеулерді жүргізу және профилактиканың, диагностиканың, емдеудің және медициналық оңалтудың жаңа әдістері мен құралдарын қолдану тәртібін лауазымды адамның бұзуы не ауыр зардаптарға әкеп соққан бұзуы —
төрт мың айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына, не бір мың сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға, не төрт жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге, не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады, белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан бес жылға дейінгі мерзімге айыра отырып.
318-бапта көзделген қылмыстың қоғамдық қауіптілігі адамның өмірі мен денсаулығына қол сұғумен байланысты клиникалық зерттеулер мен адамға жүргізілетін эксперименттерді өткізудің белгіленген тәртібін бұзудан көрінеді.
Қылмыстың объектісі клиникалық зерттеулер жүргізу саласында белгіленген қағидалар мен стандарттардың сақталуын қамтамасыз етуге бағытталған қоғамдық қатынастар болып табылады. Қосымша объект ретінде науқастың өмірі мен денсаулығын қорғауға кепілдік беретін қоғамдық қатынастар танылады.
ҚР ҚК-нің 318-бабында көзделген қылмыстың объективтік жағы медициналық қызметкердің клиникалық зерттеулер жүргізу және профилактиканың, диагностиканың, емдеудің және медициналық оңалтудың жаңа әдістері мен құралдарын қолдану тәртібін лауазымды адам жасаған не ауыр зардаптарға әкеп соққан бұзуынан көрінеді.
ҚР ҚК-нің 318-бабының диспозициясы бланкеттік сипатқа ие және басқа нормативтік құқықтық құжаттарға, атап айтқанда, Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2020 жылғы 11 желтоқсандағы «Дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарға клиникалық зерттеулер, тірі организмнен тыс диагностикаға арналған медициналық бұйымдарға клиникалық-зертханалық сынақтар жүргізу қағидаларын және клиникалық базаларға қойылатын талаптарды және фармакологиялық және дәрілік заттарға, медициналық бұйымдарға клиникалық зерттеу және (немесе) сынақ жүргізуге рұқсат беру мемлекеттік қызметін көрсету қағидаларын бекіту туралы» бұйрығына, 2020 жылғы 27 қарашадағы «Диагностиканың, емдеудің және медициналық оңалтудың жаңа әдістерін қолдану қағидаларын бекіту туралы» бұйрығына сілтеме жасайды.
«Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Қазақстан Республикасы Кодексінің 1-бабы 1-тармағының 129) тармақшасына сәйкес, клиникалық зерттеу деп аурулардың профилактикасы, диагностикасы және емдеудің құралдарының, әдістері мен технологияларының қауіпсіздігі мен тиімділігін анықтау немесе растау мақсатында адамды субъект ретінде қатыстыра отырып жүргізілетін зерттеу түсініледі.
Клиникалық зерттеулер жүргізу қағидалары Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2020 жылғы 11 желтоқсандағы «Дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарға клиникалық зерттеулер, тірі организмнен тыс диагностикаға арналған медициналық бұйымдарға клиникалық-зертханалық сынақтар жүргізу қағидаларын және клиникалық базаларға қойылатын талаптарды және фармакологиялық және дәрілік заттарға, медициналық бұйымдарға клиникалық зерттеу және (немесе) сынақ жүргізуге рұқсат беру мемлекеттік қызметін көрсету қағидаларын бекіту туралы» бұйрығында бекітілген.
«Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Қазақстан Республикасы Кодексінің 227-бабына сәйкес, биомедициналық зерттеулер тірі адамдар мен жануарларға (зерттеу субъектілері), тірі және қайтыс болған адамның және жануардың биологиялық үлгілеріне, сондай-ақ клиникалық-эпидемиологиялық деректер мен өзге де медициналық ақпаратты пайдалану негізінде жүргізілуі мүмкін.
Биомедициналық зерттеулер іргелі және қолданбалы биомедициналық зерттеулерді қамтиды. Қолданбалы биомедициналық зерттеулерге медициналық-биологиялық эксперименттер, клиникаға дейінгі (клиникалық емес) зерттеулер, клиникалық зерттеулер және қоғамдық денсаулық сақтау саласындағы зерттеулер жатады.
Қолданбалы биомедициналық зерттеулер мынадай талаптар бір мезгілде сақталған жағдайда ғана жүргізілуі мүмкін: биомедициналық зерттеулер жаңа ғылыми деректер алуға және оларды практикалық денсаулық сақтауға енгізуге бағытталған; зерттеу субъектісінің мүдделерін қорғау және оның медициналық ақпаратының құпиялылығы қамтамасыз етілген; зерттеуге қатысуға немесе биологиялық үлгілері мен медициналық ақпаратын, оның ішінде ғылыми мақсаттарда биобанкіні толтыру үшін пайдалануға зерттеу субъектісінің немесе оның заңды өкілінің келісімі алынған; дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарға интервенциялық клиникалық зерттеулер уәкілетті органның рұқсатымен жүргізіледі.
Биомедициналық зерттеулерге қатысатын кәмелетке толмаған адамның, оның заңды өкілінің, әрекетке қабілетсіз адамның қамқоршысының, пациенттің немесе еріктінің талабы бойынша, сондай-ақ еріктінің немесе пациенттің, кәмелетке толмаған адамның, әрекетке қабілетсіз адамның өмірі мен денсаулығына қауіп туындаған жағдайда биомедициналық зерттеулер кез келген кезеңде тоқтатылады.
«Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Қазақстан Республикасы Кодексінің 227-бабының 6-тармағында биомедициналық зерттеулер жүргізілетін, басқа адамдарға жүргізу мүмкін болмаған жағдайда және мұндай биомедициналық зерттеулерге қатысу олар үшін биомедициналық зерттеуге байланысты тәуекелдер мен қолайсыздықтардан басым түсетін тікелей пайда әкеледі деп күтуге ғылыми негіздер болған кезде ғана зерттеулерге қатысуға рұқсат етілетін адамдар санаттары да айқындалған: кәмелетке толмағандар; жүкті әйелдер; әрекетке қабілетсіз адамдар; биомедициналық зерттеулерге қатысуы олардың оқуымен байланысты болған жағдайларда білім алушылар; бөгде адамның көмегіне мұқтаж жасы бойынша зейнеткерлер; әскери қызметшілер және құқық қорғау және арнаулы мемлекеттік органдардың қызметкерлері; биомедициналық зерттеулер жүргізілетін медициналық ұйымдардың персоналы; қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінде ұсталатын адамдар.
Жоғарыда аталған Кодекстің 1-бабы 1-тармағының 121) тармақшасына сәйкес, интервенциялық зерттеу — дәрігер-зерттеуші интервенциялық клиникалық зерттеу жүргізу тәртібіне сәйкес келетін интервенциялық клиникалық зерттеу хаттамасының негізінде зерттеу субъектісіне арнайы араласуды тағайындайтын, адамды зерттеу субъектісі ретінде қатыстыра отырып жүргізілетін зерттеу.
Кәмелетке толмағандар, жүкті әйелдер, әрекетке қабілетсіз адамдар, биомедициналық зерттеулерге қатысуы олардың оқуымен байланысты болған жағдайларда білім алушылар, бөгде адамның көмегіне мұқтаж жасы бойынша зейнеткерлер сияқты адамдар санаттарына интервенциялық клиникалық зерттеулер тек емдік әсерін зерттеу мақсатында ғана жүргізіледі (аталған Кодекстің 227-бабының 6-тармағы).
Әскери қызметшілер мен құқық қорғау және арнаулы мемлекеттік органдардың қызметкерлері; биомедициналық зерттеулер жүргізілетін медициналық ұйымдардың персоналы; қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінде ұсталатын адамдар сияқты санаттарға интервенциялық клиникалық зерттеулер жүргізуге тыйым салынады.
Өз кезегінде, клиникалық зерттеулер жүргізу тәртібін бұзу олардың жүргізілу қағидалары мен шарттарын бұзуды білдіреді.
Профилактиканың, диагностиканың, емдеудің және медициналық оңалтудың жаңа әдістері мен құралдарын қолдану қағидалары Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2020 жылғы 27 қарашадағы «Диагностиканың, емдеудің және медициналық оңалтудың жаңа әдістерін қолдану қағидаларын бекіту туралы» бұйрығында бекітілген.
Профилактика дегеніміз — аурулардың пайда болуының, аурулардың ерте сатыларда үдеуінің алдын алуға және дамып кеткен асқынуларды, ағзалар мен тіндердің зақымдануын бақылауға бағытталған медициналық және медициналық емес іс-шаралар кешені (аталған Кодекстің 1-бабы 1-тармағының 207) тармақшасы).
Тиісінше, профилактиканың жаңа әдістері мен құралдарын қолдану тәртібін бұзу деп аурулардың және олардың үдеуінің алдын алуға бағытталған медициналық іс-шараларды сақтамауды, орындамауды түсіну қажет.
Аталған Кодекстің 1-бабы 1-тармағының 98) тармақшасына сәйкес, диагностика — аурудың бар немесе жоқ екендігін анықтауға бағытталған медициналық қызметтер кешені. Демек, диагностиканы бұзу деп аурудың бар-жоғын анықтауға бағытталған медициналық қызметтер кешенін көрсетпеу танылады.
Емдеу — аурудың ағымын жоюға, тоқтатуға және (немесе) жеңілдетуге, сондай-ақ оның үдеуінің алдын алуға бағытталған медициналық қызметтер кешені (аталған Кодекстің 1-бабы 1-тармағының 103) тармақшасы). Осылайша, емдеу тәртібін бұзу аурудың ағымын жоюға, тоқтатуға және (немесе) жеңілдетуге, сондай-ақ оның үдеуінің алдын алуға бағытталған медициналық қызметтер кешенін көрсетпеуді білдіреді.
«Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Қазақстан Республикасы Кодексінің 1-бабы 1-тармағының 187) тармақшасына сәйкес, медициналық оңалту — пациенттің организмінің бұзылған және (немесе) жоғалған функцияларын сақтауға, ішінара немесе толық қалпына келтіруге бағытталған медициналық қызметтер кешені. Демек, медициналық оңалтуды бұзу деп пациенттің организмінің бұзылған және (немесе) жоғалған функцияларын сақтауға, ішінара немесе толық қалпына келтіруге бағытталған медициналық қызметтер кешенін сақтамауды түсіну қажет.
Клиникалық зерттеулер жүргізу және профилактиканың, диагностиканың, емдеудің және медициналық оңалтудың жаңа әдістері мен құралдарын қолдану тәртібін бұзғаны үшін қылмыстық жауаптылық осы әрекетті лауазымды адам жасаған немесе ол ауыр зардаптарға әкеп соққан жағдайларда ғана көзделген.
Мәселен, клиникалық зерттеулер жүргізу және профилактиканың, диагностиканың, емдеудің және медициналық оңалтудың жаңа әдістері мен құралдарын қолдану тәртібін бұзу лауазымды адам тарапынан жасалған жағдайда, қылмыс құрамы өзінің құрылымы бойынша формальды болып табылады, тиісінше, адамды қылмыстық жауаптылыққа тарту үшін қандай да бір теріс салдардың туындауы талап етілмейді, клиникалық зерттеулер жүргізу және профилактиканың, диагностиканың, емдеудің және медициналық оңалтудың жаңа әдістері мен құралдарын қолдану тәртібін бұзу фактісінің өзі жеткілікті.
Клиникалық зерттеулер жүргізу және профилактиканың, диагностиканың, емдеудің және медициналық оңалтудың жаңа әдістері мен құралдарын қолдану тәртібін бұзу ауыр зардаптарға әкеп соққан жағдайда, қылмыс құрамы өзінің құрылымы бойынша материалдық болып табылады. Осыған байланысты бұл әрекеттің объективтік жағы үш міндетті белгіні қамтуы тиіс. Біріншіден, бұл клиникалық зерттеулер жүргізу және профилактиканың, диагностиканың, емдеудің және медициналық оңалтудың жаңа әдістері мен құралдарын қолдану тәртібін бұзудан көрінетін қоғамға қауіпті әрекет; екіншіден, ауыр зардаптарға әкеп соққан қоғамға қауіпті салдарлар; үшіншіден, клиникалық зерттеулер жүргізу және профилактиканың, диагностиканың, емдеудің және медициналық оңалтудың жаңа әдістері мен құралдарын қолдану тәртібін бұзу мен заңда көрсетілген салдарлар арасындағы себепті байланыс. Осылайша, әрекет қоғамға қауіпті салдарлар туындаған сәттен бастап аяқталған болып есептеледі.
Ауыр зардаптардың тізбесі ҚК-нің 3-бабының 4) тармағында бекітілген. Ауыр зардаптардың осы тізбесінен қарастырылып отырған қылмыстық құқық бұзушылық құрамына қатысты мыналарды бөліп көрсетуге болады: адамның қайтыс болуы; екі немесе одан да көп адамның қайтыс болуы; жәбірленушінің (жәбірленуші әйелдің) немесе оның жақындарының өзіне-өзі қол жұмсауы; денсаулыққа ауыр зиян келтіру; екі немесе одан да көп адамның денсаулығына ауыр зиян келтіру; адамдардың жаппай ауруға шалдығуы, жұқтыруы, сәулеленуі немесе улануы; халықтың және қоршаған ортаның денсаулық жағдайының нашарлауы; қалаусыз жүктіліктің басталуы; ірі немесе аса ірі мөлшерде залал келтіру; келтірілген зиянның ауырлығын куәландыратын өзге де зардаптар.
ҚР ҚК-нің 318-бабында көзделген қылмыс құрамының субъективтік жағы кінәнің қасақана нысанымен (тікелей немесе жанама қасақаналықпен) сипатталады, өйткені медициналық қызметкер не лауазымды адам клиникалық зерттеулер жүргізу және профилактиканың, диагностиканың, емдеудің және медициналық оңалтудың жаңа әдістері мен құралдарын қолдану тәртібін бұзып отырғанын сезінеді және мұны жасауды қалайды не оған саналы түрде жол береді немесе оған немқұрайлы қарайды.
Жасалған әрекеттің зардаптарына психикалық қатынас кінәнің абайсыздық нысанымен сипатталуы тиіс. Ауыр зардаптарға қатысты кінәнің қасақана нысаны болған жағдайда, қоғамдық қауіптілік дәрежесі жоғары болатын мұндай әрекеттер медициналық қызметкердің іс-әрекеттері ҚК-нің «Жеке адамға қарсы қылмыстық құқық бұзушылықтар» деп аталатын 1-тарауында көзделген ҚК-нің тиісті бабы бойынша саралануы тиіс.
Қарастырылып отырған қылмыс құрамына қатысты ниет пен мақсат субъективтік жақтың факультативтік белгілері мәртебесіне ие, тиісінше, олар қылмысты саралауға әсер етпейді. Ниеттер әртүрлі болуы мүмкін және жаза тағайындау кезінде ескерілуі тиіс.
Қылмыстың субъектісі арнайы — медициналық қызметкер немесе лауазымды адам.
«Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Қазақстан Республикасы Кодексінің 1-бабы 1-тармағының 154) тармақшасына сәйкес, медициналық қызметкер — кәсіптік медициналық білімі бар және медициналық қызметті жүзеге асыратын жеке тұлға.
Қарастырылып отырған қылмысқа қатысты лауазымды адамдардың тобы «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Қазақстан Республикасы Кодексінің «Денсаулық сақтау саласындағы мемлекеттік бақылау және қадағалау» деп аталатын 5-тарауының 31, 37 және 54-баптарында бекітілген. Атап айтқанда, медициналық қызметтерді (көмекті) көрсету саласында мемлекеттік бақылауды жүзеге асыратын лауазымды адамдарға мыналар жатады: Қазақстан Республикасының бас мемлекеттік медициналық инспекторы және (немесе) оның орынбасары; медициналық қызметтерді (көмекті) көрсету саласындағы мемлекеттік органның басшысы айқындайтын тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктердің бас мемлекеттік медициналық инспекторлары және олардың орынбасарлары; медициналық қызметтерді (көмекті) көрсету саласындағы мемлекеттік органның мамандары.
Халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласында мемлекеттік бақылау мен қадағалауды жүзеге асыратын лауазымды адамдарға мыналар жатады: Қазақстан Республикасының бас мемлекеттік санитариялық дәрігері және (немесе) оның орынбасары; халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы мемлекеттік органның басшысы айқындайтын тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктердің (көліктегі) бас мемлекеттік санитариялық дәрігерлері, олардың орынбасарлары; халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы мемлекеттік органның мамандары; Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің, ұлттық қауіпсіздік және ішкі істер органдарының, Қазақстан Республикасы Президенті Іс басқармасы ведомствосының халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласында қызметті жүзеге асыратын құрылымдық бөлімшелерінің бас мемлекеттік санитариялық дәрігерлері мен олардың орынбасарлары, басшылары және мамандары.
Дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың айналысы саласында мемлекеттік бақылауды жүзеге асыратын лауазымды адамдар: Қазақстан Республикасының бас мемлекеттік фармацевтикалық инспекторы және (немесе) оның орынбасары; дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың айналысы саласындағы мемлекеттік органның құрылымдық бөлімшелерінің мемлекеттік фармацевтикалық инспекторлары; дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың айналысы саласындағы мемлекеттік органның басшысы айқындайтын тиісті аумақтардағы бас мемлекеттік фармацевтикалық инспекторлар; дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың айналысы саласындағы мемлекеттік органның аумақтық бөлімшелерінің мемлекеттік фармацевтикалық инспекторлары.
Сонымен бірге клиникалық зерттеулер жүргізетін немесе профилактиканың, диагностиканың, емдеудің және медициналық оңалтудың жаңа құралдарын қолданатын және лауазымды адамдар болып табылатын медициналық қызметкерлер тек олардың құқыққа қайшы әрекеттері ұйымдастырушылық-өкімдік (қызмет бойынша бағынысты адамдар үшін міндетті бұйрықтар мен өкімдер шығару, бағынысты қызметкерлерге қатысты көтермелеу және тәртіптік жаза шараларын қолдану құқығы) немесе әкімшілік-шаруашылық (ұйымның балансындағы мүлікті басқару және оған билік ету құқығы) сипатта болған жағдайда ғана лауазымды адам ретінде қылмыстық жауаптылыққа тартылуы мүмкін екенін атап өткен жөн.
ҚР ҚК-нің 318-бабының 2-бөлігінде көзделген әрекет орташа ауырлықтағы қылмыстар санатына жатады.
Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексіне 2021 жылғы түсініктеме. Авторы — Исидор Шамилович Борчашвили, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, заң ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Ұлттық жаратылыстану ғылымдары академиясының академигі, ҚР Конституциялық Кеңесі және ҚР Жоғарғы Соты жанындағы Ғылыми-консультативтік кеңестердің мүшесі, ҚР Қауіпсіздік Кеңесі жанындағы құқық қорғау жүйесін реформалау жөніндегі жұмыс тобының мүшесі, Қазақстан Республикасы ІІМ-нің еңбек сіңірген қызметкері.
Конституция Заң Кодекс Нормативтік акт Бұйрық Шешім Қаулы Адвокат Алматы Заңгері Заңгерлік қызмет Заңгерлік консультация Азаматтық Қылмыстық Әкімшілік істер мен даулар Қорғау Төрелік Қазақстанның заң компаниясы Адвокаттық кеңсе Сот істері Декларация Жарлық Бұйрық Қаулы Шешім Баяндама Қорытынды Өтініш Қорытынды Конвенция Шарт Меморандум Әдістеме Нормалар Нота Қағидалар Бағдарлама Жарғы Хартия Бап Түсініктеме Резолюция Регламент Хаттама Жоба Бағдарлама Қағидалар