Жаза тағайындау Бірінші сатыдағы сот сотталушыға жаза тағайындағанда қылмыстық жауаптылық пен жазаны ауырлататын мән-жайларды дұрыс ескермеген
Шымкент қаласы Қаратау аудандық сотының 2018 жылғы 07 ақпандағы үкімімен: Б. бұрын сотталмаған, Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің (бұдан әрі – ҚК) 345-бабының 3-бөлігімен кінәлі деп танылып, 4 жылға көлік құралын басқару құқығынан айырыла отырып, 3 жылға бас бостандығынан айыруға, ҚК-нің 347-бабымен - 3 жылға көлік құралын басқару құқығынан айырыла отырып, 2 жылға бас бостандығын шектеуге, ҚК-нің 58-бабының 2-бөлігі негізінде онша қатаң емес жазаны неғұрлым қатаң жазаға сіңіру арқылы түпкілікті 4 жылға көлік құралын басқару құқығынан айырыла отырып, 3 жылға бас бостандығынан айыруға, ҚК-нің 63-бабы негізінде, шартты түрде сотталған. Сотталған Б.-ға тағайындалған жаза мерзіміне пробациялық бақылау белгіленіп, тиісті міндеттер жүктелген. Азаматтық талап арыз және процестік шығындарға қатысты шешім қабылданған. Іс апелляциялық тәртіппен қаралмаған. Сот үкімімен Б. 2017 жылғы 27 қарашада сағат 17:00-лер шамасында автокөлік құралын Шымкент қаласы, Қайнар бұлақ саяжайы, Степная көшесімен алкогольдік масаң күйде басқарып келе жатып, Қазақстан Республикасы «Жол жүрісі қағидаларының» 2.4.2, 10.1, 9.2 және 2.1.8-тармақтарын өрескел бұзып, жолдың қарама-қарсы жағына шығып кетіп, жаяу жүргіншілерге арналған жолда келе жатқан жәбірленуші А.-ны қағып кетіп, абайсызда оның өліміне әкеп соққан іс-әрекеттері және жол-көлік оқиғасы болған жерден кетіп қалғаны үшін кінәлі деп танылған.
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сот Төрағасы ұсынуында аталған қылмыстық құқық бұзушылық бойынша Б.-ның кінәсінің дәлелденуі мен оның әрекетінің саралануын дауламай, оның бұл қылмыстық құқық бұзушылықтарды алкогольдік масаң күйде жасауын соттың жауаптылық пен жазаны ауырлататын мән-жай ретінде негізсіз тануы себепті, алынып тасталуға жататындығын, ҚК-нің 55-бабы 2-бөлігінің 1) тармағының талаптары негізінде ол кінәлі деп танылған осы Кодекстің 345-бабының 3-бөлігінде көзделген негізгі жазаның мөлшерінің жартысынан аспауы тиіс екендігін көрсетіп, оған қатысты үкімді кассациялық тәртіппен қайта қарауды сұраған. Сот іс бойынша заңның талаптарын сақтай отырып, сот тергеуін жан-жақты жүргізіп, сотқа дейінгі тергеп-тексеру органымен жинақталған және сот отырысында тікелей зерттеліп-сараланған, объективті бағаланған, дәйектілігі жағынан ешбір күмән келтірмейтін нанымды дәлелдемелер жиынтығын негізге алып, Б.-ның үкімде сипатталған қылмыстық әрекеттерді жасағаны үшін кінәлі деген тұжырымға дұрыс келген. Бұл қылмыстық құқық бұзушылықты жасаудағы Б.-ның кінәсі, оның бұл қылмыс бойынша өзінің кінәсін мойындап берген жауаптарымен қатар, жәбірленуші А.-ның және куәлардың жауаптарымен, беттестіру, оқиға орнын қарап-тексеру, көлік құралын қарау хаттамаларымен, сот-дәрігерлік куәландырумен, сараптама қорытындыларымен және басты сот талқылауында зерттелген басқа да дәлелдемелермен толығымен анықталған. Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің (бұдан әрі – ҚПК) 125-бабында бекітілген талаптарға сәйкес, сот дәлелдемелердің әрқайсысына – олардың қатыстылығы, жол берілетіндігі, анықтығы, ал жинақталған барлық дәлелдемелердің жиынтығына қылмыстық істі шешу үшін жеткіліктілігі тұрғысынан негізді баға берген. Істің мұндай тұрғысында, Б.-ның қылмыстық құқық бұзушылық әрекеттеріне заң тұрғысынан негізді баға беріліп, оның әрекеттері ҚК-нің 345-бабының 3-бөлігі және 347-бабымен дұрыс сараланған. Оның аталған қылмыстық құқық бұзушылықтар бойынша кінәсінің дәлелденуі мен әрекеттерінің саралануы ұсынуда дауланбаған. Сот Б.-ға жаза тағайындағанда, ҚК-нің 52-бабының талаптарын басшылыққа алып, оның жасаған қылмыстық құқық бұзушылық әрекетінің сипаты мен қоғамдық қауiптiлiк дәрежесiн, жеке басын, жауаптылығы мен жазасын жеңiлдететiн мән-жайларды дұрыс ескерген. Алайда, сот оның аталған қылмыстық құқық бұзушылықтарды алкогольдік масаң күйде жасауын, іс бойынша қылмыстық жауаптылық пен жазаны ауырлататын мән-жай ретінде тануын заңға негіздемеген. ҚПК-нің 340-бабының 1-бөлігіне сәйкес басты сот талқылауы тек сотталушыға қатысты және оның сотқа берілген айыптау шектерінде ғана жүргiзiледi. «Қылмыстық жаза тағайындаудың кейбір мәселелері туралы» Жоғарғы Соттың 2015 жылғы 25 маусымдағы № 4 нормативтік қаулысының 4-тармағына сәйкес, сот талқылауының шегі айыптау актісін жасау кезінде тұжырымдалып тағылған айыппен шектеледі. Жауаптылық пен жазаны жеңілдететін және ауырлататын мән-жайлар айыптың мазмұнына енгізіледі. Айыптау актісінде көрсетілмеген, жауаптылықты ауырлататын мән-жайлардың бар болуы үкімде белгіленіп көрсетілсе, ол ҚПК-нің 340-бабының талаптарына сәйкес сотталушының жағдайын ауырлатады және сот талқылауының шегін бұзу болып табылады. Іс бойынша анықталғандай, айыптау актісінде қылмыстық құқық бұзушылықтарды Б.-ның алкогольдік масаң күйде жасауы, оның жауаптылығы мен жазасын ауырлататын мән-жай ретінде айыптың мазмұнына енгізілмеген. Сондықтан бұл мән-жай үкімнен алып тастауға жатады. ҚК-нің 55-бабы 2-бөлігінің 1) тармағына сәйкес, жасалған қылмыс белгісі ретінде көзделмеген жеңiлдететiн мән-жай болған және ауырлататын мән-жайлар болмаған кезде, жазаның негізгі түрінің мерзімін немесе мөлшерін осы Кодекстiң Ерекше бөлiгiнiң тиiстi бабында көзделген ең жоғары мерзімнің немесе мөлшердің, онша ауыр емес немесе ауырлығы орташа қылмыс жасаған кезде, жартысынан асыруға болмайды. Осыған орай, сотталған Б.-ның әрекетінде қылмыстық жауаптылық пен жазаны ауырлататын мән-жайлардың болмауына байланысты ҚК-нің 55-бабы 2-бөлігінің 1) тармағы талаптары негізінде ҚК-нің 345-бабының 3-бөлігімен тағайындалған бас бостандығынан айыру жазасының мөлшері 2 жыл 6 айдан, ал 347-бабы бойынша бас бостандығын шектеу жазасының мөлшері 1 жылдан аспауы тиіс. ҚПК-нің 485-бабы 1-бөлігінің 5) тармағына сәйкес, заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға істі тергеп-тексеру немесе сотта қарау кезінде жол берілген заң бұзушылықтар, оның ішінде жазаның дұрыс тағайындалмауы негіз болып табылады.
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы сотталған Б.-ға қатысты бірінші сатыдағы соттың үкімін өзгертіп, үкімнен Б.-ның қылмыстық жауаптылығы мен жазасын ауырлататын мән-жай ретінде танылған – қылмыстық құқық бұзушылықтарды алкогольдік масаң күйде жасауы алып тасталды. ҚК-нің 55-бабы 2-бөлігінің 1) тармағын қолданып Б.-ға ҚК-нің 345-бабының 3-бөлігімен тағайындалған бас бостандығынан айыру жазасының мөлшері 2 жыл 6 айға дейін, ҚК-нің 347-бабы бойынша тағайындалған бас бостандығын шектеу жазасының мөлшері 1 жылға дейін төмендетілді. ҚК-нің 58-бабының 2-бөлігі негізінде Б.-ға онша қатаң емес жазаны неғұрлым қатаң жазаға сіңіру арқылы түпкілікті 4 жылға көлік құралын басқару құқығынан айыра отырып, 2 жыл 6 айға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалып, ҚК-нің 63-бабы қолданылып, оған тағайындалған негізгі жаза шартты деп есептелді. Б.-ға белгіленген пробациялық бақылау күшінде қалдырылып, сот үкімінің қалған бөлігі өзгеріссіз қалдырылды. Қазақстан Республикасы Жоғарғы Соты Төрағасының ұсынуы қанағаттандырылды.
Назар аударыңыз!
«Заң және Құқық» адвокаттық кеңсесі, бұл құжаттың жалпылама екендігіне және нақты сіздің жағдайыңыздың талаптарына сәйкес келмеуі мүмкіндігіне көңіл бөлуіңізді сұрайды. Біздің заңгерлер сіздің нақты жағдайыңызға сәйкес келетін кез келген құқықтық құжатты әзірлеп көмектесуге дайын.
Қосымша ақпарат алу үшін Заңгер/Адвокат телефонына хабарласуыңызға болады: +7 (708) 971-78-58; +7 (700) 978 5755, +7 (700) 978 5085.
Адвокат Алматы Заңгер Қорғаушы Заң қызметі Құқық қорғау Құқықтық қөмек Заңгерлік кеңсе Азаматтық істері Қылмыстық істері Әкімшілік істері Арбитраж даулары Заңгерлік кеңес Заңгер Адвокаттық кеңсе Қазақстан Қорғаушы Заң компаниясы
Құжатты жүктеп алу
-
Жаза тағайындау Бірінші сатыдағы сот сотталушыға жаза тағайындағанда қылмыстық жауаптылық пен жазаны ауырлататын мән-жайларды дұрыс ескермеген
100 рет жүктеп алынды -
Жаза тағайындау Бірінші сатыдағы сот сотталушыға жаза тағайындағанда қылмыстық жауаптылық пен жазаны ауырлататын мән-жайларды дұрыс ескермеген
104 рет жүктеп алынды