79-бап. Арнаулы мемлекеттік органдардағы қызметтен шығарылған қызметкерлерді әлеуметтік қорғау Қазақстан Республикасының арнаулы мемлекеттік органдары туралы Заңы
1. Қызметкерлерге (курсанттардан, тыңдаушылардан басқа) арнаулы мемлекеттік органдардағы қызметтен:
1) қызметте болудың шекті жасына толуы, денсаулық жағдайы немесе штаттың қысқартылуы бойынша қызметтен шығарылғанда:
күнтізбелік есептеу бойынша мынадай еңбек сіңірген жылдары барларға:
10 жылдан 15 жылға дейін – төрт айлық ақшалай қаражат;
15 жылдан 20 жылға дейін – бес айлық ақшалай қаражат;
20 жылдан 25 жылға дейін – алты айлық ақшалай қаражат;
25 жылдан 30 жылға дейін – жеті айлық ақшалай қаражат;
30 жылдан жоғары – сегіз айлық ақшалай қаражат мөлшерінде біржолғы жәрдемақы төленеді;
2) 10 жылдан аспайтын еңбек сіңірген жылдары барларға денсаулық жағдайы және штаттың қысқартылуы бойынша шығарылғанда үш айлық ақшалай қаражат мөлшерінде біржолғы жәрдемақы төленеді.
1-1. Қызметте болудың шекті жасына толғаннан кейін, денсаулық жағдайы бойынша немесе штаттарды қысқартуға байланысты еңбек сіңірген жылдары үшін зейнетақы төлемін алу құқығынсыз қызметтен шығарылған офицерлік құрам қызметкерлеріне жұмыстан шығу жәрдемақысымен қатар арнаулы атақ бойынша айлықақылар төлеу қызметтен босатылған күннен бастап бір жыл бойына сақталады.
Бұл ретте, егер көрсетілген мерзім ішінде қызмет атқарып жүрген қызметкерлерге арнаулы атақ бойынша айлықақылары өсетін болса, тиісінше офицерлік құрамның қызметкерлеріне қызметтен шығарылғаннан кейін бір жыл өткенше төленетін осы айлықақылар мөлшерлері де ұлғаяды.
2. Әскери қызметке немесе арнаулы мемлекеттік органдарға қызметке қайтадан (кейіннен) қабылданған қызметкер қызметтен шығарылған кезде біржолғы жәрдемақы мөлшерін айқындау үшін қызметтің жәрдемақы төленбеген кезеңі қолданылады.
3. Арнаулы мемлекеттік органдарда қызмет өткеру кезеңінде Қазақстан Республикасының немесе бұрынғы Кеңестік Социалистік Республикалар Одағының мемлекеттік наградаларымен – ордендерімен марапатталған қызметкерлерге берілетін біржолғы жәрдемақының мөлшері екі айлық ақшалай қаражатқа ұлғайтылады.
4. Әскери-медициналық (медициналық) бөлімшелерде мемлекет есебінен медициналық қамтамасыз етілу және санаторийлік-курорттық емделу құқығы арнаулы мемлекеттік органдардағы қызметтен:
1) денсаулық жағдайына (қызметтік міндеттерін атқару кезінде алған ауруына, мертігуіне, мүгедектігіне) байланысты шығарылған;
2) денсаулық жағдайына (қызмет өткеру кезеңінде алған ауруына, мертігуіне, мүгедектігіне) байланысты шығарылған және күнтізбелік жиырма және одан да көп еңбек сіңірген жылдары бар;
3) қызметте болудың шекті жасына жеткеннен кейін шығарылған және күнтізбелік жиырма және одан да көп еңбек сіңірген жылдары бар;
4) штаттардың қысқартылуына байланысты шығарылған және күнтізбелік жиырма және одан да көп еңбек сіңірген жылдары бар қызметкерлерде сақталады.
Олардың тұрғылықты жерінде әскери-медициналық (медициналық) бөлімшелер немесе оларда тиісті бөлімшелер, мамандар не арнайы жабдық болмаған кезде медициналық көмекті денсаулық сақтау субъектілері:
1) "Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы" Қазақстан Республикасының Кодексіне сәйкес тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде;
2) "Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде көрсетеді.
Осы тармақта көрсетілген адамдарға медициналық көмек көрсету бойынша әскери-медициналық (медициналық) бөлімшелердің көрсетілетін қызметтеріне ақы төлеуді әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры:
1) "Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы" Қазақстан Республикасының Кодексіне сәйкес тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде;
2) "Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде жүзеге асырады.
Көрсетілген адамдарды санаториялық-курорттық емдеу және оларды дәрілік қамтамасыз ету арнаулы мемлекеттік органдарға көзделген бюджет қаражаты есебінен жүзеге асырылады.
5. 1941 – 1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысына қатысушылардың және 1941 – 1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысы кезеңінде жаралануы, контузия алуы, мертігуі немесе ауруға шалдығуы салдарынан болған мүгедектігі бар адамдардың, әскери іс-қимылдардың және бітімгершілік операцияларына басқа да қатысушылардың, арнаулы мемлекеттік органдардағы қызметтік міндеттерін атқару кезінде алған жаралануы, контузия алуы, жарақаттануы, мертігуі немесе ауруы салдарынан мүгедектік алып, арнаулы мемлекеттік органдардағы қызметтен шығарылғандардың медициналық қамтамасыз етуге және санаториялық-курорттық емделуге бірінші кезекті құқығы бар.
Қазақстан Республикасының 2012 жылғы 13 ақпандағы № 552-IV Заңы.
Осы Заң Қазақстан Республикасы арнаулы мемлекеттік органдарының (бұдан әрі – арнаулы мемлекеттік органдар) мәртебесін айқындайды, арнаулы мемлекеттік органдарға қызметке тұруға, оны өткеруге және тоқтатуға байланысты қоғамдық қатынастарды реттейді, сондай-ақ арнаулы мемлекеттік органдар қызметкерлерінің құқықтық жағдайын, материалдық қамтамасыз етілуі мен әлеуметтік қорғалуын айқындайды.
Қазақстан Республикасының
Президенті
© 2012. Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің «Қазақстан Республикасының Заңнама және құқықтық ақпарат институты» ШЖҚ РМК
Конституция Заң Кодекс Норматив Жарлық Бұйрық Шешім Қаулы Адвокат Алматы Заңгер Қорғаушы Заң қызметі Құқық қорғау Құқықтық қөмек Заңгерлік кеңсе Азаматтық істері Қылмыстық істері Әкімшілік істері Арбитраж даулары Заңгерлік кеңес Заңгер Адвокаттық кеңсе Қазақстан Қорғаушы Заң компаниясы