57-бап. Тәртіптік жаза қолданудың негіздері мен шарттары Құқық қорғау қызметі туралы Заңы
1. Қызметкердің тәртіптік теріс қылық жасауы тәртіптік жаза қолданудың негізі болып табылады.
2. Тәртіптік жаза қолдану және оның түрін айқындау кезінде мынадай өлшемшарттар ескеріледі:
1) жасалған теріс қылықтың мазмұны мен сипаты;
2) жасалған теріс қылықтың ауырлығы мен мән-жайлары;
3) қызметкердің жеке басын және оның қызметке қатынасын сипаттайтын деректер;
4) қызметкердің уәжі және кінәсінің дәрежесі (қасақана, абайсызда);
5) қызметкердің тәртіптік жауаптылығын жеңілдететін мән-жайлар;
6) қызметкердің тәртіптік жауаптылығын ауырлататын мән-жайлар.
2-1. Тәртіптік жауаптылықты жеңілдететін мән-жайлар деп мыналар танылады:
1) теріс қылық жасаған қызметкердің өкінуі;
2) қызметкердің теріс қылық жасағаны туралы басшыға ерікті түрде хабарлауы;
3) теріс қылықты бірінші рет жасау және теріс қылықты жасау фактісімен келісуінің болуы;
4) жеке немесе отбасылық ауыр мән-жайлар болған кезде теріс қылық жасау;
5) мәжбүрлеу салдарынан теріс қылық жасау;
6) тәртіптік теріс қылық жасау салдарынан жағымсыз әсердің болмауы және құқық қорғау органының имиджіне нұқсан келтірілмеуі.
Қызметкерге жаза қолданатын құқық қорғау органының басшысы немесе уәкілетті басшы не тәртіптік комиссия қызметтік тергеп-тексеруді жүргізу кезінде өзге де мән-жайларды жеңілдететін деп тануы мүмкін.
2-2. Тәртіптік жауаптылықты ауырлататын мән-жайлар деп мыналар танылады:
1) егер бірінші теріс қылығы үшін қызметкерге жаза қолданылған және ол белгіленген тәртіппен алынбаса, дәл сондай теріс қылықты қайталап жасау;
2) қарамағындағы адамды теріс қылық жасауға тарту;
3) төтенше жағдай немесе өзге де шектеу шаралары енгізілген кезеңде теріс қылық жасау;
4) алкогольдік және (немесе) есірткілік және (немесе) психотроптық және (немесе) уытқұмарлық масаң күйде теріс қылық жасау;
5) тәртіптік теріс қылық жасау салдарынан жағымсыз әсердің болуы және құқық қорғау органының имиджіне нұқсан келтірілуі;
6) өзіне жүктелген міндеттерді орындауына байланысты лауазымды адамға немесе оның жақын туыстарына ықпал ету арқылы теріс қылық жасау.
3. Қызметкер тәртіптік теріс қылық жасаған кезде одан жазбаша түсініктеме талап етіледі. Егер жазбаша түсініктемесінде қызметкер өзінің тәртіптік теріс қылықты жасау фактісімен келіссе, онда құқық қорғау органының басшысы немесе уәкiлеттi басшы қызметтік тергеу жүргізбей жаза қолдануға құқылы.
Егер қызметкер өзінің жазбаша түсініктемесінде өзінің тәртіптік теріс қылық жасау фактісімен келіспесе, онда құқық қорғау органы басшысының немесе уәкiлеттi басшының бұйрығымен қызметтік тергеу жүргізілуге тиіс.
4. Қызметіне толық сәйкес еместігі туралы ескерту, атқарып отырған лауазымынан босату, құқық қорғау органдарының білім беру ұйымынан шығару және босату түріндегі жаза жүргізілген қызметтік тергеп-тексеру нәтижелері мен тәртіптік комиссияның тиісті ұсынымдары бойынша қолданылады.
Қызметіне толық сәйкес еместігі туралы ескерту, атқарып отырған лауазымынан босату түріндегі жаза қызметтік тергеп-тексеру жүргізілмей және тәртіптік комиссияның тиісті ұсынымдарынсыз, алқаның немесе құқық қорғау органы бірінші басшысының жанындағы жедел кеңестің шешімі және қызметкердің өзі жасаған тәртіптік теріс қылық фактісімен келісетіні туралы жазбаша түсініктемесінің болуы, сондай-ақ оны жасау мән-жайларының толық және объективті анықталуын растайтын материалдар негізінде қолданылуы мүмкін.
5. Бірнеше қызметкер бірлесіп тәртіптік теріс қылық жасаған кезде жаза әр кінәліге жеке-жеке қолданылады.
6. Қызметтік тәртiптiң бұзылуының әрбiр жағдайы үшiн бір тәртіптік жаза ғана қолданылуы мүмкiн.
7. Жаза қолдану тәртіптік теріс қылық жасаған қызметкерді атқармағаны немесе тиісінше атқармағаны үшін тәртіптік жаза қолданылған міндетті атқарудан босатпайды.
8. Тәртiптiк жаза қолдану туралы бұйрық ол шығарылған күннен бастап үш жұмыс күні ішінде тәртіптік жазаға тартылған қызметкерге қолын қойдырып, жария етіледі.
9. Тәртiптiк жаза қолдану туралы бұйрықпен танысудан бас тарту құқық қорғау органының кадр қызметі жасайтын актiде ресiмделедi және арнайы журналда тiркеледi.
Қызметкерді тәртіптік жаза қолдану туралы бұйрықпен жеке таныстыру мүмкін болмаған жағдайда, құқық қорғау органының кадр қызметі тәртіптік жаза қолдану туралы бұйрықтың көшірмесін қызметкерге хабарламасы бар хатпен жіберуге міндетті.
10. Тәртiптiк жаза тәртіптік терiс қылық мәлiм болған күннен бастап бiр айдан және тәртіптік теріс қылық жасалған күннен бастап алты айдан кешiктiрiлмей қолданылады.
Қызмет бабында қызметкер бағынатын адамға тәртіптік жаза қолдану құқығы берілгеніне не берілмегеніне қарамастан, тәртіптік теріс қылық жасалғаны туралы белгілі болған, мерзім басталатын күн тәртіптік теріс қылық байқалған күн болып есептеледі.
Осы Заңда көзделген, құқық қорғау органына кір келтіретін теріс қылық жасағаны және қызметтік тәртіпті өрескел бұзғаны үшін, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Президенті бекітетін Қазақстан Республикасы құқық қорғау органдары, азаматтық қорғау органдары мен мемлекеттік фельдъегерлік қызметі қызметкерлерінің әдеп кодексін бұзғаны үшін тәртіптік жаза тәртіптік теріс қылық анықталған күннен бастап үш айдан кешіктірілмей қолданылады және оны тәртіптік теріс қылық жасалған күннен бастап бір жылдан кешіктіріп қолдануға болмайды.
Адамды қылмыстық жауаптылыққа заңсыз тартуға алып келген теріс қылық жасағаны үшін тәртіптік жаза ақтау үкімі заңды күшіне енген немесе қылмыстық іс Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 35-бабы бірінші бөлігінің 1), 2), 5), 6), 7) және 8) тармақтарында көзделген негіздер бойынша тоқтатылған күннен бастап үш айдан кешіктірілмей қолданылады.
Сот ақтау үкімінің не ақтау негіздері бойынша істі тоқтату туралы қаулының күшін жойған жағдайда, құқық қорғау органының қызметкеріне осы іске байланысты әрекеттері үшін бұрын қолданылған тәртіптік жаза қайта қарауға жатады. Егер қызметкердің әрекеті Қазақстан Республикасы заңнамасының нормаларына сай келетіні анықталса, тәртіптік жазаның күші жойылады.
Бұл ретте қызметкерге осындай жазаның салдарынан алынбаған сыйақылардың, үстемеақылардың және басқа да жеңілдіктердің өтелу құқығы беріледі. Кезекті атақ немесе сыныптық шен беру мәселесі тәртіптік жаза есепке алынбай, оны берудің тиісті күні ескеріле отырып шешіледі.
11. Қызметкерге қатысты қызметтік тергеп-тексеру не сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілген немесе сот қараған әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс қозғалған жағдайларда, кінәлінің ауырғанына байланысты жұмыста болмауы немесе демалыста, іссапарда болуы уақытын есептемегенде, тиісінше тергеп-тексеру аяқталған, қылмыстық істі немесе әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс бойынша іс жүргізуді тоқтату туралы процестік шешім қабылданған күннен бастап бір айдан кешіктірілмей тәртіптік жазалау қолданылады.
12. Сотқа дейінгі тергеп-тексеру тоқтатылған жағдайларда, бірақ қызметкердің әрекеттерінде тәртіптік теріс қылық, әкімшілік құқық бұзушылық белгілері болған кезде, жазалау сотқа дейінгі тергеп-тексеруді тоқтату туралы шешім қабылданған күннен бастап бір айдан кешіктірілмей, сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық белгілері болған кезде үш айдан кешіктірілмей қолданылады.
12-1. Құқық қорғау органының білім беру ұйымдары осы Заңның 56-бабы 3-тармағының 3) тармақшасында және 4-тармағының 4) тармақшасында көзделген тәртіптік жазаны қолданған жағдайда, жаза қолдану туралы бұйрық тәртіптік теріс қылық жасаған қызметкер кадрында тұрған құқық қорғау органына үш жұмыс күні ішінде жіберіледі.
13. Алып тасталды - ҚР 18.11.2015 № 411-V Заңымен (01.01.2016 бастап қолданысқа енгізіледі).
14. Қызметкерге тәртіптік жазаны:
1) еңбекке уақытша жарамсыздық;
2) осы Заңның 75-бабының 9-тармағында көзделген демалысты қоспағанда, демалыста болу;
3) іссапарға жіберу оны тәртіптік жауаптылыққа тартуға байланысты болатын жағдайларды қоспағанда, іссапарда болу кезеңінде қолдануға болмайды.
15. Еңбекке уақытша жарамсыздық кезеңi, демалыста, iссапарда болу, уәкілетті органдардың және лауазымды адамдардың шешімдеріне, актілері мен ұсынымдарына, тәртіптік жаза қолдану үшін негіз болып табылатын қызметтік тексеру актілеріне (қорытындыларына, нәтижелеріне) шағым жасау кезеңінде, егер жасалған тәртіптік терiс қылық туралы осы кезеңде немесе ол басталғанға дейiн белгiлi болса, жаза қолдану мерзімі тоқтатыла тұрады. Сотқа дейінгі тергеп-тексерудің немесе арнайы зерттеулердің (сараптамалардың) нәтижелері болмаған кезде қызметтік тергеп-тексеру және жаза қолдану мерзімінің қолданысы тоқтатыла тұруы мүмкін.
Жаза қолдану мерзімінің қолданысы арнаулы атағын немесе сыныптық шенін бір сатыға төмендету түріндегі тәртіптік жазаны қолдану туралы мәселені қарау үшін жоғары басшы құрамға қатысты қызметтік тергеп-тексеру материалдарын Қазақстан Республикасының Президентіне жіберу кезеңіне тоқтатыла тұрады.
16. Қызметкер өзін тәртіптік жауапкершілікке тартумен байланысты барлық материалдармен танысуға құқылы.
17. Қызметкерге қолданылған тәртiптiк жазаның мерзiмi оның қолданылған күнiнен бастап алты айдан аспайды. Егер осы мерзiм iшiнде қызметкер жаңадан тәртiптiк жазаға тартылмаса, онда оның тәртiптiк жазасы жоқ деп есептеледi.
18. Егер қызметкерге, тікелей басшының құқықтары шегiнен шығатын жазалау шараларын қолдану қажет болса, онда ол бұл туралы жазалау шараларын қолдануға уәкілетті жоғары тұрған лауазымды адамға өтiнiш жасайды.
19. Жоғары тұрған басшының, егер бұрын жарияланған жаза жасалған тәртіптік терiс қылықтың ауырлығына сәйкес келмесе, төмен тұрған басшы қолданған тәртiптiк жазаны алып тастауға құқығы бар.
20. Тәртіптік жазалар қолдану жөнiнде өзiне берiлген құқықтарын асыра пайдаланған басшы бұл үшiн тәртiптiк жауапкершілiкке тартылады, ал жазалау шараларын қолдануға уәкілеттi адам жазалау туралы бұйрықтардың күшін жояды.
21. Қызметкер өзіне қолданылған тәртіптік жазаға жоғары тұрған органға, сотқа Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген тәртіппен шағым жасауға құқылы.
Қазақстан Республикасының 2011 жылғы 6 қаңтардағы № 380-IV Заңы.
Осы Заң Қазақстан Республикасының құқық қорғау қызметіне тұруға, оны өткеруге және тоқтатуға байланысты қоғамдық қатынастарды реттейді, сондай-ақ Қазақстан Республикасының құқық қорғау органдары қызметкерлерінің құқықтық жағдайын (мәртебесін), материалдық қамтамасыз етілуін және әлеуметтік қорғалуын айқындайды.
Қазақстан Республикасының
Президенті
© 2012. Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің «Қазақстан Республикасының Заңнама және құқықтық ақпарат институты» ШЖҚ РМК
Конституция Заң Кодекс Норматив Жарлық Бұйрық Шешім Қаулы Адвокат Алматы Заңгер Қорғаушы Заң қызметі Құқық қорғау Құқықтық қөмек Заңгерлік кеңсе Азаматтық істері Қылмыстық істері Әкімшілік істері Арбитраж даулары Заңгерлік кеңес Заңгер Адвокаттық кеңсе Қазақстан Қорғаушы Заң компаниясы