6-1-бап. Бақылау субъектісіне (объектісіне) бару арқылы тексеру жүргізу тәртібі Есiрткi, психотроптық заттар, сол тектестер мен прекурсорлар және олардың заңсыз айналымы мен терiс пайдаланылуына қарсы iс-қимыл шаралары туралы Заң
1. Есірткі, психотроптық заттар мен прекурсорлардың айналымын тексеру бақылау субъектілеріне (объектілеріне) бару арқылы жүргізіледі.
2. Бақылау субъектісіне (объектісіне) бару арқылы тексеру:
1) Қазақстан Республикасының ішкі істер органдары жүргізетін жедел-профилактикалық іс-шаралар;
2) өтініш берушінің берілген лицензия және (немесе) лицензияға қосымша бойынша біліктілік немесе рұқсат беру талаптарына сәйкестігін бақылау (бұдан әрі – өтініш берушінің біліктілік немесе рұқсат беру талаптарына сәйкестігін тексеру);
3) өтініш берушінің біліктілік немесе рұқсат беру талаптарына сәйкестігін тексеру қорытындылары бойынша анықталған бұзушылықтарды жою туралы нұсқамалардың орындалуын бақылау;
4) мемлекеттік органдардың, жеке және заңды тұлғалардың есірткі, психотроптық заттар мен прекурсорлардың айналымы саласында белгіленген талаптарды нақты бұзушылық фактілері бойынша жолданымдары негізінде жүзеге асырылады.
3. Қазақстан Республикасының ішкі істер органдары қызметкерінің (қызметкерлерінің) бақылау субъектісіне (объектісіне) бару арқылы тексеру жүргізу кезінде:
1) осы баптың 9-тармағында көрсетілген құжаттарды көрсеткен кезде тексеру нысанасына сәйкес бақылау субъектісінің (объектісінің) аумағына және үй-жайларына кедергісіз кіруге;
2) құжаттарды (мәліметтерді) бақылау субъектісіне (объектісіне) бару арқылы тексеру нәтижелері туралы актіге қоса тіркеу үшін қағаз және электрондық жеткізгіштерде не олардың көшірмелерін және анықталған бұзушылықтарды жою туралы нұсқаманы алуға, сондай-ақ мемлекеттік құпияларды және Қазақстан Республикасының заңдарымен қорғалатын құпияны құрайтын ақпаратты қоспағанда, тексеру нысанасына сәйкес автоматтандырылған дерекқорларға (ақпараттық жүйелерге) қол жеткізуге;
3) аудио-, фото- және бейнетүсірілімді жүзеге асыруға;
4) мемлекеттік органдардың, ведомстволық бағынысты және өзге де ұйымдардың мамандарын, консультанттары мен сарапшыларын тартуға құқығы бар.
4. Бақылау субъектілері бақылау субъектісіне (объектісіне) бару арқылы тексеру жүргізу кезінде:
1) Қазақстан Республикасы ішкі істер органдарының тексеру жүргізу үшін келген қызметкерін (қызметкерлерін) мынадай:
осы баптың 9-тармағында көзделген құжаттар болмаған;
бақылау субъектісіне (объектісіне) бару арқылы тексеруді тағайындау туралы актіде көрсетілген, осы бапта белгіленген мерзімдерге сәйкес келмейтін мерзімдер асып кеткен не өтіп кеткен жағдайларда тексеруге жібермеуге;
өздерінің мүдделері мен құқықтарын білдіру, сондай-ақ үшінші тұлғалардың тексеруді жүзеге асыру процесін, сондай-ақ Қазақстан Республикасы ішкі істер органдары қызметкерінің (қызметкерлерінің) тексеру шеңберінде жүргізетін жекелеген әрекеттерін ішкі істер органдары қызметкерінің (қызметкерлерінің) қызметіне кедергі келтірмей аудио- және бейнетехника құралдарының көмегімен тіркеп-белгілеуді жүзеге асыруы мақсатында үшінші тұлғаларды тексеруге қатысу үшін тартуға;
2) бақылау субъектісіне (объектісіне) бару арқылы тексеру нәтижелері туралы актіге, анықталған бұзушылықтарды жою туралы нұсқамаға Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен шағым жасауға құқылы.
5. Бақылау субъектілері бақылау субъектісіне (объектісіне) бару арқылы тексеру жүргізу кезінде:
1) Қазақстан Республикасының ішкі істер органдары қызметкерінің (қызметкерлерінің) бақылау субъектісінің (объектісінің) аумағына және үй-жайларына кедергісіз кіруін қамтамасыз етуге;
2) құжаттарды (мәліметтерді) Қазақстан Республикасы ішкі істер органдарының қызметкеріне (қызметкерлеріне) бақылау субъектісіне (объектісіне) бару арқылы тексеру нәтижелері туралы актіге қоса тіркеу үшін қағаз және электрондық жеткізгіштерде не олардың көшірмелерін және мемлекеттік құпиялар және Қазақстан Республикасының заңымен қорғалатын өзге де құпия туралы талаптарды сақтай отырып, анықталған бұзушылықтарды жою туралы нұсқаманы ұсынуға;
3) тексеру аяқталған күні бақылау субъектісіне (объектісіне) бару арқылы тексеру нәтижелері туралы актінің және анықталған бұзушылықтарды жою туралы нұсқаманың екінші данасына алғаны туралы белгі қоюға;
4) тексеру жүргізу кезеңінде бақылау субъектілерінің (объектілерінің) тексерілетін құжаттарына (мәліметтеріне) өзгерістер мен толықтырулар енгізуге жол бермеуге;
5) тексеру жүргізуге келген адамдардың осы объект үшін белгіленген нормативтерге сәйкес зиянды және қауіпті өндірістік әсер ету факторларынан қауіпсіздігін қамтамасыз етуге міндетті.
6. Бақылау субъектісіне (объектісіне) бару арқылы тексеру бақылау субъектісіне (объектісіне) бару арқылы тексеруді тағайындау туралы актінің негізінде жүзеге асырылады.
7. Бақылау субъектісіне (объектісіне) бару арқылы тексеру осы баптың 8-тармағында өзгеше көзделмесе, бақылау субъектілерін алдын ала хабардар етпестен және бақылау субъектісіне (объектісіне) бару арқылы тексеруді тағайындау туралы актіні тіркеместен, оны кейіннен келесі жұмыс күні ішінде өз құзыреті шегінде мемлекеттік құқықтық статистика және арнайы есепке алу саласындағы қызметті жүзеге асыратын мемлекеттік органға ұсына отырып жүргізіледі.
8. Өтініш берушінің біліктілік немесе рұқсат беру талаптарына сәйкестігін бақылау субъектісіне (объектісіне) бару арқылы тексеру бақылау субъектілерін алдын ала хабардар етпестен және бақылау субъектісіне (объектісіне) бару арқылы тексеруді тағайындау туралы актіні өз құзыреті шегінде мемлекеттік құқықтық статистика және арнайы есепке алу саласындағы қызметті жүзеге асыратын мемлекеттік органда тіркеместен жүргізіледі.
9. Қазақстан Республикасы ішкі істер органдарының қызметкері (қызметкерлері) бақылау субъектісіне (объектісіне) бару арқылы тексеру кезінде:
1) бақылау субъектісіне (объектісіне) бару арқылы тексеруді тағайындау туралы актіні;
2) қызметтік куәлігін көрсетуге міндетті.
10. Бақылау субъектісіне (объектісіне) бару арқылы тексеруді тағайындау туралы актіде мыналар көрсетіледі:
1) актінің күні мен нөмірі;
2) мемлекеттік органның атауы;
3) Қазақстан Республикасы ішкі істер органының тексеру жүргізуге уәкілеттік берілген қызметкерінің тегі, аты, әкесінің аты (егер ол жеке басты куәландыратын құжатта көрсетілсе) және лауазымы;
4) болған жағдайда, мемлекеттік органдар мен ұйымдардың тексеру жүргізу үшін тартылатын мамандары, консультанттары мен сарапшылары туралы мәліметтер;
5) өзіне қатысты тексеру жүргізу тағайындалған бақылау субъектісінің атауы, оның тұрған жері, сәйкестендіру нөмірі, объектілердің тізбесі, аумақтың учаскесі;
6) тағайындалған тексерудің нысанасы;
7) тексеру жүргізу мерзімі;
8) тексеру жүргізу негіздері, оның ішінде Қазақстан Республикасының міндетті талаптары тексерілуге жататын нормативтік құқықтық актілері;
9) тексерілетін кезең;
10) бақылау субъектісінің осы бапта көзделген құқықтары мен міндеттері;
11) Қазақстан Республикасы ішкі істер органдарының актілерге қол қоюға уәкілеттік берілген қызметкерінің қолтаңбасы, Қазақстан Республикасының ішкі істер органының мөрі;
12) заңды тұлға басшысының не оның уәкілетті адамының бақылау субъектісіне (объектісіне) бару арқылы тексеруді тағайындау туралы актіні алғаны туралы немесе алудан бас тартқаны туралы қолтаңбасы.
11. Бақылау субъектісіне (объектісіне) бару арқылы тексеруді тағайындау туралы акт тексеруді тағайындаған Қазақстан Республикасы ішкі істер органдарының бақылау субъектісіне (объектісіне) бару арқылы тексерулерді тіркеу журналында тіркеледі.
12. Бақылау субъектісіне (объектісіне) бару арқылы тексеру жүргізу мерзімі алдағы жұмыстардың көлемі, қойылған міндеттер ескеріле отырып белгіленеді және бес жұмыс күнінен аспауға тиіс.
13. Бақылау субъектісіне (объектісіне) бару арқылы тексеру жүргізу мерзімін Қазақстан Республикасы ішкі істер органының басшысы не оны алмастыратын адам күрделі және (немесе) ұзақ сараптамалар жүргізу қажет болған жағдайда ғана тек бір рет ұзарта алады.
Бақылау субъектісіне (объектісіне) бару арқылы тексеруді ұзарту мерзімі сараптама нәтижелері алынған күннен бастап үш жұмыс күнінен аспауға тиіс.
14. Бақылау субъектісіне (объектісіне) бару арқылы тексеру жүргізу мерзімін ұзарту тексеруді ұзарту туралы қосымша актімен ресімделеді.
Бақылау субъектісіне (объектісіне) бару арқылы тексеру мерзімін ұзарту туралы қосымша актіде бақылау субъектісіне (объектісіне) бару арқылы тексеруді тағайындау туралы алдыңғы актінің тіркелген күні, нөмірі және ұзартудың себебі көрсетіледі.
Бақылау субъектісіне (объектісіне) бару арқылы тексеру мерзімін ұзарту туралы хабарлама бақылау субъектісіне мерзім ұзартылардан бір жұмыс күні бұрын табыс ету туралы хабарламамен бірге табыс етіледі.
15. Бақылау субъектісіне (объектісіне) бару арқылы тексеруді тағайындау туралы акт бақылау субъектісіне не оның уәкілетті адамына табыс етілген күн бақылау субъектісіне (объектісіне) бару арқылы тексеру жүргізудің басталуы деп есептеледі.
16. Бақылау субъектісінің не оның уәкілетті адамының бақылау субъектісіне (объектісіне) бару арқылы тексеруді тағайындау туралы актіні қабылдаудан бас тартуы не бақылау субъектісіне (объектісіне) бару арқылы тексеру жүргізуге қажетті материалдар мен мәліметтерді ұсынбауы Қазақстан Республикасы ішкі істер органдары қызметкерінің (қызметкерлерінің) бақылау объектісіне кіруіне кедергі болмайды.
17. Қазақстан Республикасы ішкі істер органының тексеруді жүзеге асыратын қызметкері (қызметкерлері) бақылау субъектісіне (объектісіне) бару арқылы тексеру нәтижелері бойынша бақылау субъектісіне (объектісіне) бару арқылы тексеру нәтижелері туралы акт және анықталған бұзушылықтарды жою туралы нұсқама жасайды.
Тексеру нәтижелері туралы актінің және анықталған бұзушылықтарды жою туралы нұсқаманың бірінші данасы электрондық нысанда өз құзыреті шегінде мемлекеттік құқықтық статистика және арнайы есепке алу саласындағы қызметті жүзеге асыратын мемлекеттік органға және оның аумақтық органдарына тапсырылады, екінші данасы бақылау субъектісінде (объектісінде) түпнұсқада болатын құжаттардың көшірмелерін қоспағанда, қосымшалардың көшірмелерімен бірге қағаз жеткізгіште қолын қойғызып немесе электрондық нысанда бақылау субъектісіне (заңды тұлғаның басшысына не оның уәкілетті адамына) танысу және анықталған бұзушылықтарды жою жөнінде шаралар қабылдау және басқа да әрекеттер жасау үшін беріледі, үшінші данасы Қазақстан Республикасының тексеру жүргізген ішкі істер органдарында қалады.
18. Бақылау субъектісіне (объектісіне) бару арқылы тексеру нәтижелері туралы актіде мыналар көрсетіледі:
1) актінің жасалған күні, нөмірі, уақыты және орны;
2) мемлекеттік органның атауы;
3) бақылау субъектісіне (объектісіне) бару арқылы тексеруді тағайындау туралы актінің күні мен нөмірі;
4) Қазақстан Республикасы ішкі істер органдарының тексеру жүргізген қызметкерінің (қызметкерлерінің) тегі, аты, әкесінің аты (егер ол жеке басты куәландыратын құжатта көрсетілсе) және лауазымы;
5) мемлекеттік органдар мен ұйымдардың тексеру жүргізу үшін тартылатын мамандары, консультанттары мен сарапшылары туралы мәліметтер;
6) өзіне қатысты тексеру жүргізу тағайындалған бақылау субъектісінің атауы, оның тұрған жері, сәйкестендіру нөмірі, объектілердің тізбесі, аумақтың учаскесі;
7) тексеру жүргізілген күн, орын және кезең;
8) тексеру нәтижелері туралы, оның ішінде анықталған бұзушылықтар, олардың сипаты туралы мәліметтер;
9) бақылау субъектісінің немесе оның уәкілетті адамының актімен танысқаны немесе танысудан бас тартқаны туралы мәліметтер, олардың қолтаңбалары немесе қол қоюдан бас тартуы, сондай-ақ жүргізілген тексеру нәтижелері бойынша ескертулердің және (немесе) қарсылықтардың бар-жоғы туралы белгі;
10) Қазақстан Республикасы ішкі істер органдарының тексеру жүргізген қызметкерінің (қызметкерлерінің) қолтаңбасы.
19. Бақылау субъектісіне (объектісіне) бару арқылы тексеру жүргізу кезінде есірткі, психотроптық заттар мен прекурсорлар айналымы саласында белгіленген талаптарды бұзушылықтар болмаған жағдайда, бақылау субъектісіне (объектісіне) бару арқылы тексеру нәтижелері туралы актіде тиісті жазба жасалады.
20. Қазақстан Республикасының ішкі істер органдары өткізілетін жедел-профилактикалық іс-шаралар шеңберінде бақылау субъектісіне (объектісіне) бару арқылы тексеру қорытындылары бойынша бақылау субъектісінің (объектісінің) есірткі, психотроптық заттар мен прекурсорлар айналымы саласында белгіленген міндеттерді орындамау және (немесе) тиісінше орындамау фактілерін анықтаған жағдайларда Қазақстан Республикасы ішкі істер органдарының қызметкері (қызметкерлері) өкілеттіктері шегінде бақылау субъектісін (объектісін) Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жауаптылыққа тарту бойынша шаралар қабылдайды.
21. Өтініш берушінің біліктілік немесе рұқсат беру талаптарына сәйкестігіне тексеру жүргізу кезінде бұзушылықтар анықталған жағдайда, тексеру аяқталғаннан кейін бақылау субъектісіне анықталған бұзушылықтарды жою туралы нұсқама табыс етіледі.
22. Анықталған бұзушылықтарды жою туралы нұсқамада көрсетілген анықталған бұзушылықтарды жою мерзімдері оны орындаудың нақты мүмкіндігіне әсер ететін мән-жайлар ескеріле отырып, бірақ анықталған бұзушылықтарды жою туралы нұсқама табыс етілген күннен бастап күнтізбелік отыз күннен асырылмай айқындалады.
Бақылау субъектісі анықталған бұзушылықтарды жою туралы нұсқамада айқындалған мерзім аяқталғаннан кейін он жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасының нұсқаманы берген ішкі істер органына бұзушылықтың жойылу фактісін дәлелдейтін материалдарды қоса бере отырып (қажет болған кезде), анықталған бұзушылықтардың жойылғаны туралы ақпаратты жіберуге міндетті.
23. Егер анықталған бұзушылықтарды жою туралы нұсқамалардың орындалуы бойынша бақылау субъектісіне (объектісіне) бару арқылы тексеру жүргізу нәтижесінде бақылау субъектісінің (объектісінің) есірткі, психотроптық заттар мен прекурсорлар айналымы саласында белгіленген міндеттерді орындамау және (немесе) тиісінше орындамау фактілері анықталса, Қазақстан Республикасы ішкі істер органдарының қызметкері (қызметкерлері) өкілеттіктері шегінде бақылау субъектісін (объектісін) Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген тәртіппен жауаптылыққа тарту бойынша шаралар қабылдайды.
24. Анықталған бұзушылықтарды жою туралы нұсқамада мыналар көрсетіледі:
1) нұсқаманың жасалған күні, уақыты және орны;
2) Қазақстан Республикасы ішкі істер органдарының тексеруді жүргізген қызметкерінің (қызметкерлерінің) тегі, аты, әкесінің аты (егер ол жеке басты куәландыратын құжатта көрсетілсе) және лауазымы;
3) өзіне қатысты бақылау субъектісіне (объектісіне) бару арқылы тексеру жүргізу тағайындалған бақылау субъектісінің атауы, бақылау субъектісіне (объектісіне) бару арқылы тексеру жүргізу кезінде қатысқан уәкілетті адамның лауазымы (бар болған кезде);
4) тұрған жері көрсетіле отырып, бақылау объектісі;
5) бақылау субъектісіне (объектісіне) бару арқылы тексеру нәтижелері туралы актінің күні мен нөмірі;
6) анықталған бұзушылықтардың тізбесі және анықталған бұзушылықтарды жою мерзімі көрсетіле отырып, оларды жою туралы талаптар;
7) бақылау субъектісінің немесе оның уәкілетті адамының нұсқамамен танысқаны немесе танысудан бас тартқаны туралы мәліметтер, олардың қолтаңбалары немесе қол қоюдан бас тартуы;
8) Қазақстан Республикасы ішкі істер органдарының тексеру жүргізген қызметкерінің (қызметкерлерінің) қолтаңбасы.
25. Бақылау субъектісіне (объектісіне) бару арқылы тексеру нәтижелері бойынша ескертулер және (немесе) қарсылықтар болған жағдайда, бақылау субъектісі оларды жазбаша түрде баяндайды және бақылау субъектісіне (объектісіне) бару арқылы тексеру нәтижелері туралы актіні және анықталған бұзушылықтарды жою туралы нұсқаманы алған күннен бастап үш жұмыс күнінен кешіктірмей Қазақстан Республикасының тексеруді жүргізген ішкі істер органына жібереді.
26. Қазақстан Республикасының ішкі істер органдары бақылау субъектісінің бақылау субъектісіне (объектісіне) бару арқылы тексеру нәтижелері туралы актіге және анықталған бұзушылықтарды жою туралы нұсқамаға, әкімшілік ықпал ету шараларына ескертулерін және (немесе) қарсылықтарын қарауға және отыз жұмыс күні ішінде қабылданған шаралар туралы уәжді жауап беруге тиіс.
27. Бақылау субъектісіне (объектісіне) бару арқылы тексеру нәтижелері туралы актіні және анықталған бұзушылықтарды жою туралы нұсқаманы қабылдаудан бас тартылған жағдайда хаттама жасалады, оған Қазақстан Республикасы ішкі істер органдарының тексеруді жүзеге асырған қызметкері, бақылау субъектісінің басшысы не оның уәкілетті өкілі қол қояды.
28. Бақылау субъектісі бас тарту себебі туралы жазбаша түсініктеме бере отырып, хаттамаға қол қоюдан бас тартуға құқылы.
29. Бақылау субъектісіне (объектісіне) бару арқылы тексеру нәтижелері туралы актіні және анықталған бұзушылықтарды жою туралы нұсқаманы бақылау субъектісіне (объектісіне) бару арқылы тексеруді тағайындау туралы актіде (бар болса, тексеру мерзімін ұзарту туралы қосымша актіде) көрсетілген тексерудің аяқталу мерзімінен кешіктірмей бақылау субъектісіне табыс ету күні бақылау субъектісіне (объектісіне) бару арқылы тексеру және өтініш берушінің біліктілік немесе рұқсат беру талаптарына сәйкестігін тексеру мерзімінің аяқталуы болып есептеледі.
30. Бақылау субъектісіне (объектісіне) бару арқылы тексеру нәтижелері туралы актіге және (немесе) анықталған бұзушылықтарды жою туралы нұсқамаға Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінде белгіленген тәртіппен жоғары тұрған әкімшілік органға, лауазымды адамға шағым жасалуы мүмкін.
31. Жоғары тұрған әкімшілік орган, лауазымды адам немесе сот жарамсыз деп таныған бақылау субъектісіне (объектісіне) бару арқылы тексеру нәтижелері туралы акт және (немесе) анықталған бұзушылықтарды жою туралы нұсқама бақылау субъектісінің (объектісінің) есірткі, психотроптық заттар мен прекурсорлар айналымы саласында белгіленген талаптарды бұзуының дәлелі бола алмайды.
32. Бақылау субъектісіне (объектісіне) бару арқылы тексерулерді ұйымдастыруға және жүргізуге қойылатын талаптарды бұзушылықтарға:
1) бақылау субъектісіне (объектісіне) бару арқылы тексеру жүргізу негіздерінің болмауы;
2) бақылау субъектісіне (объектісіне) бару арқылы тексеруді тағайындау туралы актінің болмауы;
3) Қазақстан Республикасы ішкі істер органының құзыретіне кірмейтін мәселелер бойынша бақылау субъектісіне (объектісіне) бару арқылы тексеруді тағайындау;
4) бақылау субъектісіне (объектісіне) бару арқылы тексеру жүргізудің осы бапта көзделген мерзімін бұзу жатады.
Ескерту. 6-1-баппен толықтырылды – ҚР 06.04.2024 № 71-VIII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.
Қазақстан Республикасының 1998 жылғы 10 шiлдедегi N 279 Заңы.
Осы Заң есiрткi, психотроптық заттар, сол тектестер мен прекурсорлар айналымы саласындағы мемлекеттiк саясаттың құқықтық негiздерiн реттейдi және наркологиялық жәрдем көрсету мен азаматтардың денсаулығын, қоғамдық және мемлекет қауiпсiздiгiн қорғау мақсатында олардың заңсыз айналымына қарсы iс-қимыл шараларын белгiлейдi.
© 2012. Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің «Қазақстан Республикасының Заңнама және құқықтық ақпарат институты» ШЖҚ РМК
Конституция Заң Кодекс Норматив Жарлық Бұйрық Шешім Қаулы Адвокат Алматы Заңгер Қорғаушы Заң қызметі Құқық қорғау Құқықтық қөмек Заңгерлік кеңсе Азаматтық істері Қылмыстық істері Әкімшілік істері Арбитраж даулары Заңгерлік кеңес Заңгер Адвокаттық кеңсе Қазақстан Қорғаушы Заң компаниясы