Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 60-бабына түсініктеме. Үкімдердің жиынтығы бойынша жаза тағайындау
1. Егер сотталған адам үкім шығарылғаннан кейін, бірақ жазаны толық өтегенге дейін жаңа қылмыстық құқық бұзушылық жасаса, сот соңғы сот үкімі бойынша тағайындалған жазаға алдыңғы сот үкімі бойынша жазаның өтелмеген бөлігін толық немесе ішінара қосады.
2. Егер үкімдердің жиынтығы бойынша түпкілікті жаза бас бостандығынан айыруға байланысты болмаса, ол осы Кодекстің Жалпы бөлігінде жазаның осы түрі үшін көзделген ең жоғары мерзімнен немесе мөлшерден аспауға тиіс.
3. Үкімдердің жиынтығы бойынша бас бостандығынан айыру түріндегі түпкілікті жаза жиырма бес жылдан аспауға тиіс. Егер үкімдердің жиынтығына адам кемінде бір аса ауыр қылмыс жасағаны үшін кінәлі деп танылған, оны жасағаны үшін осы Кодексте жиырма жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жаза көзделген үкім кірсе, үкімдердің жиынтығы бойынша бас бостандығынан айыру түріндегі түпкілікті жаза отыз жылдан аспауға тиіс. Егер жиынтыққа кіретін қылмыс үшін өмір бойына бас бостандығынан айыру немесе өлім жазасы тағайындалса, түпкілікті жаза тиісінше өмір бойына бас бостандығынан айыру немесе өлім жазасы түрінде тағайындалады.
4. Үкімдердің жиынтығы бойынша түпкілікті жаза жаңадан жасалған қылмыстық құқық бұзушылық үшін тағайындалған жазадан да, алдыңғы сот үкімі бойынша жазаның өтелмеген бөлігінен де артық болуға тиіс.
5. Үкімдердің жиынтығы бойынша жаза тағайындау кезінде қосымша жазалардың түрлерін қосу қылмыстық құқық бұзушылықтардың жиынтығы бойынша жаза тағайындау қағидаларына сәйкес жүргізіледі.
Қылмыстық құқық бұзушылықтардың жиынтығынан айырмашылығы, мұнда барлық қылмыстық құқық бұзушылықтар бірінші үкім шығарылғанға дейін жасалады, ҚК-нің 60-бабына сәйкес үкімдердің жиынтығы сотталған адам үкім шығарылғаннан кейін, бірақ жазаны толық өтегенге дейін жаңа қылмыстық құқық бұзушылық жасаған жағдайда орын алады. Үкімдердің жиынтығының белгілері мыналар болып табылады: адамға жаза тағайындалған үкімнің болуы; бұл жазаның сотталған адам тарапынан әлі толық өтелмеуі; жаңа қылмыстық құқық бұзушылықтың үкім шығарылғаннан кейін, бірақ жазаны толық өтегенге дейін жасалуы.
Егер қылмыстық құқық бұзушылықтардың жиынтығы кезінде жекелеген қылмыстар үшін тағайындалған барлық жазалар ішінара немесе толық қосылуы мүмкін болса, үкімдердің жиынтығы кезінде соңғы үкім бойынша тағайындалған жазаға алдыңғы үкім бойынша жазаның өтелмеген бөлігі ішінара немесе толық қосылады.
Үкімдердің жиынтығы бойынша жаза тағайындау алдыңғы үкім бойынша негізгі жаза бөлігінде де, қосымша жаза бөлігінде де жаза өтелмеген жағдайда ғана мүмкін болады.
Үкімдердің жиынтығы бойынша жаза тағайындаудың неғұрлым қатаң шарттары бұрынғы үкім бойынша жазаны өтемей тұрып жаңа қылмыс жасайтын кінәлі адамның жеке басының қоғамдық қауіптілігінің жоғары болуымен түсіндіріледі, демек, оған қолданылған түзеу ықпал ету шаралары кінәлі адамға оң әсер етпеген.
Үкімдердің жиынтығы кезінде жазаларды қосу шектері түпкілікті жазаның бас бостандығынан айыруға байланысты немесе байланысты еместігіне қарай айқындалады. Егер үкімдердің жиынтығы бойынша түпкілікті жаза бас бостандығынан айыруға байланысты болмаса, онда ол ҚК-нің Жалпы бөлігінде жазаның осы түрі үшін көзделген ең жоғары мерзімнен немесе мөлшерден аспауға тиіс (ҚК-нің 60-бабының 2-бөлігі).
Үкімдердің жиынтығы бойынша бас бостандығынан айыру түріндегі түпкілікті жаза жиырма бес жылдан аспауға тиіс. Егер үкімдердің жиынтығына адам кемінде бір аса ауыр қылмыс жасағаны үшін кінәлі деп танылған, оны жасағаны үшін жиырма жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жаза көзделген үкім кірсе, үкімдердің жиынтығы бойынша бас бостандығынан айыру түріндегі түпкілікті жаза отыз жылдан аспауға тиіс. Егер жиынтыққа кіретін қылмыс үшін өмір бойына бас бостандығынан айыру немесе өлім жазасы тағайындалса, түпкілікті жаза тиісінше өмір бойына бас бостандығынан айыру немесе өлім жазасы түрінде тағайындалады (ҚК-нің 60-бабының 3-бөлігі).
Үкімдердің жиынтығы бойынша жаза тағайындау кезінде тек қосу қағидаты қолданылады, бұл ретте жаза мөлшері бойынша соңғы үкіммен тағайындалған жазадан да, алдыңғы сот үкімі бойынша жазаның өтелмеген бөлігінен де артық болуға тиіс.
Үкімдердің жиынтығы бойынша жаза тағайындау кезінде қосымша жазалардың түрлерін қосу қылмыстық құқық бұзушылықтардың жиынтығы бойынша жаза тағайындау қағидаларына сәйкес жүргізіледі (ҚК-нің 60-бабының 5-бөлігі).
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының «Қылмыстық жаза тағайындаудың кейбір мәселелері туралы» нормативтік қаулысының 16-тармағына сәйкес:
«Үкімдердің жиынтығы бойынша жаза тағайындау кезінде соттар алдыңғы үкім бойынша жазаның өтелмеген бөлігінің түрі мен мөлшерін анықтап, үкімде көрсетуге тиіс, өйткені ҚК-нің 60-бабының негізінде бұл жаза жаңа үкім бойынша тағайындалған жазаға толық немесе ішінара қосылуға жатады.
Алдыңғы үкім бойынша жазаның өтелмеген бөлігі деп мыналарды түсіну қажет:
шартты түрде сотталған кезде, сондай-ақ ҚК-нің 74-бабында және 76-бабының екінші бөлігінде көзделген негіздер бойынша немесе ҚПК-нің 475-бабында көзделген тәртіппен не ҚК-нің 75-бабының үшінші бөлігін қолдану кезінде жазаны орындауды кейінге қалдырған жағдайда — адамды ұстауға немесе оған қамауға алу, үйқамақ түріндегі бұлтартпау шарасын таңдауға байланысты не жазаны орындауға байланысты немесе мәжбүрлеп медициналық сипаттағы шараларды қолдануға байланысты емдеу мекемесінде болған уақытты қоспағанда, жазаның бүкіл мерзімі;
ҚК-нің 72-бабында көзделген негіздер бойынша жазадан шартты түрде мерзімінен бұрын босатылған кезде — сотталған адам жазаны өтеуден нақты шартты түрде мерзімінен бұрын босатылған жаза бөлігі;
бас бостандығын шектеуге, қоғамдық жұмыстарға тартуға, түзеу жұмыстарына немесе айыппұлға сотталған кезде — үкім шығарылған күнгі жағдай бойынша өтелмеген жаза. Алдыңғы үкім бойынша жаза толық өтелген жағдайда ҚК-нің 60-бабының қағидалары қолданылмайды.
Үкімдердің жиынтығы бойынша жаза тағайындау кезінде соттар ҚК-нің 61-бабында көзделген жазаларды қосу қағидаларын ескеруге тиіс.
Егер алдыңғы үкім бойынша адам бас бостандығынан айыруға шартты түрде сотталып, пробациялық бақылау мерзімі ішінде оған бас бостандығынан айыру түріндегі жаза тағайындалатын жаңа қылмыстық құқық бұзушылық жасаса, үкімдердің жиынтығы бойынша жазаларды толық немесе ішінара қосу ҚК-нің 64-бабына сәйкес бірінші үкім бойынша шартты түрде соттаудың күші жойылған жағдайларда ғана мүмкін болады.
Адамның бірінші үкім шығарылғанға дейін жасалған қылмысқа кінәлі екені анықталған және шартты түрде соттаудың күшін жоюға негіздер болмаған жағдайларда не ҚК-нің 61-бабына сәйкес бірнеше үкім бойынша тағайындалған жазалар қосылуға жатпайтын кезде үкімде әрбір үкім бойынша жазаны дербес орындау қажеттігі көрсетілуге тиіс.
Бас бостандығынан айыру түріндегі жазаны өтеп жүрген адамның жаңа қылмыс жасаған жағдайында жазаның өтелмеген бөлігі деп жаңадан жасалған қылмыс үшін күзетпен ұстау түріндегі бұлтартпау шарасы таңдалған сәтте қалған мерзімді есептеу қажет. Егер аталған бұлтартпау шарасы таңдалмаса, жазаның өтелмеген бөлігі соңғы үкім шығарылған уақытқа қарай қалған мерзім болып табылады».
Аталған Нормативтік қаулының 17-тармағында былай деп түсіндіріледі:
«Қылмыстық құқық бұзушылықтардың жиынтығы немесе үкімдердің жиынтығы бойынша жазаларды толық немесе ішінара қосу кезінде соттар оларды қосу кезінде жаза мерзімдерін айқындаудың ҚК-нің 61-бабында белгіленген тәртібін сақтауға тиіс. Аталған баптың мағынасына сәйкес алдыңғы үкім бойынша өтелмеген қосымша жаза түпкілікті негізгі жазаға толық немесе ішінара қосылады не жаңа үкім бойынша тағайындалған нақ сондай қосымша жазамен осы қосымша жаза түрі үшін белгіленген мерзім шегінде толық немесе ішінара қосылады. ҚК-нің 61-бабының екінші бөлігінде көрсетілген жазалар дербес орындалады.
Егер қылмыстық құқық бұзушылықтардың жиынтығына немесе үкімдердің жиынтығына кіретін қылмыстар үшін сот әртүрлі негізгі жаза түрлерін тағайындаса, оларды толық немесе ішінара қосу кезінде түпкілікті жаза оның неғұрлым қатаң түріне қарай тағайындалуға тиіс.
Егер бас бостандығынан айыруға сотталған адам үкім шығарылғаннан кейін, бірақ жазаны толық өтегенге дейін қылмыстық теріс қылық жасаса, ҚК-нің 60-бабының қағидалары қолданылмайды. Мұндай жағдайларда үкімдер дербес орындалуға жатады.
Егер бірінші үкім бойынша адам бас бостандығынан айыруға, түзеу жұмыстарына немесе орындалуға жататын басқа жазаға сотталып, ал екінші үкім бойынша ҚК-нің 63-бабын қолдана отырып шартты жаза тағайындалса, сот мұндай жағдайларда жазаларды қосу кезінде үкімде олардың дербес орындалуға жататынын көрсетуге тиіс».
Жоғарыда көрсетілген Нормативтік қаулының 18-тармағына сәйкес:
«Сотталған адамның алдыңғы үкім бойынша жазаны орындауды кейінге қалдыру кезеңінде жаңа қылмыстық құқық бұзушылық жасаған жағдайында сот ҚК-нің 60-бабына сәйкес жаңа қылмыстық құқық бұзушылық үшін тағайындалған жазаға алдыңғы үкім бойынша өтелмеген жазаны толық немесе ішінара қосуға тиіс. Бұл ретте бірінші үкім бойынша жазаны орындауды кейінге қалдырудың күшін жою туралы қаулы шығару талап етілмейді.
Жаңа қылмыс жазаны өтеуді кейінге қалдыру мерзімі өткеннен кейін және ҚК-нің 74-бабының үшінші бөлігіне сәйкес сотталған адамды жазаны өтеу үшін тиісті мекемеге жіберу туралы сот қаулысы заңды күшіне енгеннен кейін жасалған кезде сот жаңа қылмыс үшін жаза тағайындай отырып, ҚК-нің 60-бабында көзделген үкімдердің жиынтығы бойынша жаза тағайындау қағидаларын қолдануға міндетті.
Егер жазаны орындауды кейінге қалдыру мерзімі өткеннен кейін жаңа іс бойынша үкім шығарылған сәтке қарай сот сотталған адамды жазаны өтеуден босату немесе оны жазаны өтеу үшін тиісті мекемеге жіберу туралы мәселені шешпеген болса, сот тек жаңадан жасалған қылмыс үшін жаза тағайындайды. Мұндай жағдайларда басқа орындалмаған үкімдер болған кезде үкімді орындау мәселесі ҚР ҚПК-нің 476, 477, 478-баптарында көзделген тәртіппен шешілуі мүмкін».
Жоғарыда аталған Нормативтік қаулының 19-тармағында былай деп түсіндіріледі:
«Қосымша жазалар сотталушы кінәлі деп танылған ҚК бабының санкциясында белгіленген шектерде тағайындалады. Егер қосымша жаза ҚК-нің 49 немесе 50-баптарының негізінде қолданылса, оның мерзімі жазаның осы түрі үшін заңда белгіленген шектерден аспауға тиіс.
Қылмыстық заңның санкциясында қосымша жазаны қолдану немесе қолданбау мүмкіндігі көзделген кезде соттар оны тағайындау мәселесін талқылауға және қабылданған шешімнің себептерін үкімде көрсетуге міндетті. Мұндай жағдайларда қосымша жазаны қолданбау үкімнің қарар бөлігінде көрсетілмейді.
Қосымша жазаны тағайындау міндетті болып табылатын қылмыстық заң баптары бойынша адам сотталған кезде сот ҚК-нің 55-бабында көзделген шарттар болған жағдайда ғана оны тағайындамауы мүмкін, бұл ретте қабылданған шешімнің себептері үкімде міндетті түрде көрсетілуге тиіс».
Үкімдердің жиынтығы бойынша жаза тағайындау қағидалары қылмыстық құқық бұзушылықтарды жасаған кезде он сегіз жасқа толған ересек адамдарға да, он сегіз жасқа толмаған адамдарға да қатысты қолданылады. Айырмашылығы, белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан айыру түріндегі жаза қосылған кезде кәмелетке толмағандарға үкімдердің жиынтығы бойынша екі жылға дейінгі мерзімге, айыппұл және түзеу жұмыстары — жүз айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде, қоғамдық жұмыстарға тарту — жетпіс бес сағатқа дейін, бас бостандығын шектеу — екі жылға дейін, ал бас бостандығынан айыру түріндегі жазаның өтелмеген бөлігін бас бостандығын шектеумен ауыстырған жағдайда — жазаның қалған өтелмеген бөлігінің бүкіл мерзіміне, бас бостандығынан айыру — он жылдан аспайтын мерзімге, ал ауырлататын мән-жайлар кезінде адам өлтіру немесе терроризм актісі не жиынтығына ауырлататын мән-жайлар кезінде адам өлтіру немесе терроризм актісі кіретін қылмыстық құқық бұзушылықтардың жиынтығы бойынша — он екі жылдан аспайтын мерзімге тағайындалады. Егер бірінші сатыдағы сот үкімдердің жиынтығы бойынша жаза тағайындау кезінде бір жазаны екіншісімен сіңіру қағидатын заңды бұза отырып қолданса немесе ҚК-нің 60-бабының 2-бөлігінде көзделген қағидаларға сәйкес жазаның өтелмеген бөлігін қосу мүмкін болмағандықтан осындай шешім қабылдаса, үкімдерге, қаулыларға берілген шағымдар мен өтінішхаттарды, наразылықтарды қарайтын соттар соңғы үкім бойынша жазаны жеңілдеткен жағдайда, түпкілікті жаза кейінгі сатылар енгізген өзгерістерді ескере отырып, үкім бойынша тағайындалған жаза мөлшерінен аспау шартымен алдыңғы үкім бойынша өтелмеген жазаны ішінара немесе толық қосуға құқылы.
Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексіне 2021 жылғы түсініктеме, авторы — Исидор Шамилович Борчашвили, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, заң ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Ұлттық жаратылыстану ғылымдары академиясының академигі, ҚР Конституциялық Кеңесі және ҚР Жоғарғы Соты жанындағы Ғылыми-консультативтік кеңестердің мүшесі, ҚР Қауіпсіздік Кеңесі жанындағы құқық қорғау жүйесін реформалау жөніндегі жұмыс тобының мүшесі, Қазақстан Республикасы ІІМ-нің еңбек сіңірген қызметкері.
Конституция Заң Кодекс Нормативтік акт Указ Бұйрық Шешім Қаулы Адвокат Алматы Заңгер Заңгерлік қызмет Заңгерлік консультация Азаматтық Қылмыстық Әкімшілік істер даулар Қорғау Төрелік Қазақстанның заң компаниясы Адвокаттық кеңсе Сот істері Декларация Жарлық Бұйрық Қаулы Шешім Баяндама Қорытынды Өтініш Қорытынды Конвенция Шарт Меморандум Әдістеме Нормалар Нота Қағидалар Бағдарлама Жарғы Хартия Статья Түсініктеме Резолюция Регламент Хаттама