Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 59-бабына түсініктеме. Қылмыстардың қайталануы, қылмыстардың қауіпті қайталануы кезінде жаза тағайындау
Қылмыстардың қайталануы немесе қылмыстардың қауіпті қайталануы кезінде жаза тағайындау барысында бұрын жасалған қылмыстардың саны, сипаты және қоғамдық қауіптілік дәрежесі, алдыңғы жазаның түзету ықпалы неліктен жеткіліксіз болғанын көрсететін мән-жайлар, сондай-ақ жаңадан жасалған қылмыстардың сипаты мен қоғамдық қауіптілік дәрежесі ескеріледі.
Заң шығарушы ҚК-нің 14-бабында қылмыстардың қайталануының екі түрін айқындайды: қылмыстардың қайталануы және қылмыстардың қауіпті қайталануы.
Қылмыстардың қайталануы кезінде әділ жаза тағайындау үшін қылмыстардың қайталануын, қылмыстардың қауіпті қайталануын заңға сәйкес дәл анықтаудың маңызы зор.
ҚК-нің 14-бабының 1-бөлігіне сәйкес, егер адам бұрын ауыр қылмыс жасағаны үшін бас бостандығынан айыруға сотталған болса, оның ауыр қылмыс жасауы қылмыстардың қайталануы деп танылады.
Қылмыстардың қауіпті қайталануы деп адамның:
егер адам бұрын ауыр қылмыс жасағаны үшін екі рет бас бостандығынан айыруға сотталған болса немесе аса ауыр қылмыс жасағаны үшін сотталған болса, оның ауыр қылмыс жасауын;
егер ол бұрын ауыр немесе аса ауыр қылмыс жасағаны үшін бас бостандығынан айыруға сотталған болса, оның аса ауыр қылмыс жасауын таниды (ҚК-нің 14-бабының 2-бөлігі).
Адамның он сегіз жасқа толғанға дейін жасаған қылмыстары үшін сотталғандығы, сондай-ақ ҚР ҚК-де белгіленген тәртіппен алып тасталған немесе өтелген сотталғандығы қылмыстардың қайталануын және қылмыстардың қауіпті қайталануын тану кезінде есепке алынбайды (ҚК-нің 14-бабының 3-бөлігі).
Қылмыстардың қайталануы және қылмыстардың қауіпті қайталануы ҚК-де көзделген негіздер мен шектерде неғұрлым қатаң жаза тағайындауға әкеп соғады (ҚК-нің 14-бабының 4-бөлігі).
ҚР Қылмыстық кодексінде қылмыс жасағаны үшін сотталған адам айыптау үкімі заңды күшіне енген күннен бастап сотталғандығы өтелген немесе алып тасталған кезге дейін сотталған болып есептелетіні белгіленген. ҚР ҚК-не сәйкес сотталғандық қылмыстардың қайталануын, қылмыстардың қауіпті қайталануын айқындау және жаза тағайындау кезінде ескеріледі (ҚК-нің 79-бабының 1-бөлігі).
Осылайша, сотталғандық дегеніміз – адамның қылмыс жасағаны үшін сот үкімімен сотталуына және оған жаза тағайындалуына байланысты туындайтын әрі осы адам қылмысты бірнеше рет жасаған жағдайда қылмыстық заңнамада белгіленген құқықтық салдарға әкеп соғатын құқықтық жағдай; адамның өтелмеген немесе алып тасталмаған сотталғандығы қылмыстық-құқықтық реттеу негізінде қалыптасатын мемлекетпен ерекше жария-құқықтық қатынастардың туындауына себеп болады. Мұндай қатынастар осы адамның жаңа қылмыс жасауы кезінде оның жеке басын және жасаған қылмыстарын қоғамдық қауіптілігі жоғары деп бағалауға негіз болып, соның салдарынан оған қылмыстық жауаптылықтың неғұрлым қатаң шараларын қолдануды көздейді.
ҚР Жоғарғы Сотының «Қылмыстық жаза тағайындаудың кейбір мәселелері туралы» нормативтік қаулысының 2-тармағында былай делінген: «Соттардың қылмыстық құқық бұзушылықтарды қылмыстық топ құрамында, сыбайлас жемқорлық, террористік, экстремистік қылмыстарды, сондай-ақ кәмелетке толмағандардың жыныстық тиіспеушілігіне қарсы қылмыстарды жасағаны үшін кінәлі деп танылған және бұрын сотталған, түзелу жолына түскісі келмейтін адамдарға заңда көзделген қатаң жаза шараларын міндетті түрде талқылап, қолдануы қажеттігіне соттардың назары аударылсын.
Жасалған қылмыстық құқық бұзушылықтың қоғамдық қауіптілік дәрежесін айқындау кезінде соттар ҚК-нің 11-бабында көзделген оның ауырлығын және ол жасалған жағдайлардың жиынтығын (жасалу тәсілі, кінәнің нысаны, себептері мен мақсаттары, әрекеттің аяқталу сатысы, туындаған зардаптардың қоғамдық қауіптілік дәрежесі және т.б.) ескеруі тиіс».
Қылмыстардың қайталануын немесе қауіпті қайталануын анықтау кезінде бұрын бас бостандығынан айыруға сотталған деп, ауыр немесе аса ауыр қылмыс жасағаны үшін заңды күшіне енген сот үкімі бойынша бұрын бас бостандығынан айыру түріндегі жаза тағайындалған және ол қылмыстық-атқару жүйесінің мекемелерінде өтелуге тиіс болған адамды, оның ішінде бұл жазаны нақты өтемеген жағдайларда да (мысалы, оны өтеуден жалтарған немесе ҚК-нің 75-бабы «Науқастануына байланысты жазадан босату» негізінде жазаны өтеуден босатылған) түсіну қажет.
Қылмыстардың қайталануын тану кезінде адамның ауыр және аса ауыр қылмыс жасағаны үшін бұрынғы алып тасталмаған және өтелмеген сотталғандығы, бас бостандығынан айыру жазасы шартты түрде (ҚК-нің 63-бабын қолдана отырып) не үкімнің орындалуы кейінге қалдырылып (ҚК-нің 74 және 76-баптары) тағайындалған жағдайларда да ескерілуге тиіс. Бұл адам жаңа қылмысты пробациялық бақылау кезеңінде немесе үкімнің орындалуы кейінге қалдырылған кезеңде жасаған болса не шартты түрде соттау немесе үкімнің орындалуын кейінге қалдыру күші жойылып, ол сот үкімі бойынша тағайындалған бас бостандығынан айыру жазасын өтеу үшін тиісті мекемеге жіберілген болса да, осы ереже қолданылады.
Қылмыстардың қайталануы және қауіпті қайталануы кезінде жаза ҚК-нің 54-бабы 1-бөлігінің 1) тармағының және ҚК-нің 59-бабының ережелері ескеріле отырып тағайындалады.
ҚК-нің 59-бабында қылмыстардың қайталануы кезінде жаза тағайындау барысында ескерілетін мән-жайлардың тізбесі қамтылған: «бұрын жасалған қылмыстардың саны, сипаты және қоғамдық қауіптілік дәрежесі; алдыңғы жазаның түзету ықпалы неліктен жеткіліксіз болғанын көрсететін мән-жайлар, сондай-ақ жаңадан жасалған қылмыстардың сипаты мен қоғамдық қауіптілік дәрежесі». Заңның осы талаптары жасалған қылмыс пен кінәлі адамның жеке басы туралы барлық мәліметтерді ескере отырып, жазаны дараландыруға мүмкіндік береді. Адамның әрекеттерінде қылмыстардың қайталануы немесе қылмыстардың қауіпті қайталануының болуы кінәлі адамның жеке басының қоғамдық қауіптілігінің жоғары екенін көрсетеді.
ҚР Жоғарғы Соты да осы мәселелерге назар аударады. Мәселен, 2007 жылғы 25 желтоқсандағы «Соттардың қылмыстардың қайталануы туралы заңнаманы қолдануы туралы» нормативтік қаулысының 24-тармағында былай делінген: «ҚК-нің 54-бабы бірінші бөлігінің 1) тармағына сәйкес қылмыстардың қайталануының болуы қылмыстық жауаптылық пен жазаны ауырлататын мән-жай ретінде ескеріледі. Қылмыстардың қайталануы немесе қылмыстардың қауіпті қайталануы кезінде ҚК-нің 59-бабына сәйкес жаза тағайындау барысында бұрын жасалған қылмыстық құқық бұзушылықтардың саны, сипаты және қоғамдық қауіптілік дәрежесі, алдыңғы жазаның түзету ықпалы неліктен жеткіліксіз болғанын көрсететін мән-жайлар, сондай-ақ жаңадан жасалған қылмыстық құқық бұзушылықтардың сипаты мен қоғамдық қауіптілік дәрежесі ескеріледі».
Бұрын жасалған қылмыстардың саны – адамның бұрынғы қылмыстық әрекетінің сандық сипаттамасы. Ол адамның бұрын қанша рет сотталғанын және осы сотталғандықтардың артында қанша қылмыс тұрғанын анықтауды көздейді, өйткені түсіндіріліп отырған баптың диспозициясында бұрын жасалған қылмыстардың саны туралы айтылған.
Қылмыстың қоғамдық қауіптілік сипаты қылмыстық заңмен айқындалады және сот белгілеген қылмыс құрамының белгілеріне байланысты болады. Қылмыстың қоғамдық қауіптілік сипатын ескеру кезінде соттар, ең алдымен, әрекеттің қылмыстық заңмен қорғалатын әлеуметтік құндылықтарға бағытталуын және келтірілген зиянды назарға алуы тиіс.
Қылмыстың қоғамдық қауіптілік дәрежесін сот жасалған әрекеттің нақты мән-жайларына, атап айтқанда, туындаған зардаптардың сипаты мен мөлшеріне, қылмысты жасау тәсіліне, сыбайлас қатысушылықпен жасалған қылмыста сотталушының рөліне, қасақаналықтың түріне (тікелей немесе жанама) қарай белгілейді. Қылмысқа қатысты жазаны жеңілдететін немесе ауырлататын мән-жайлар (ҚК-нің 53 және 54-баптары), мысалы, ауыр жеке, отбасылық немесе өзге де мән-жайлардың тоғысуы салдарынан не жанашырлық себептері бойынша қылмыстық құқық бұзушылық жасау, қылмыстық құқық бұзушылықты жасау кезінде ерекше белсенді рөл атқару да қылмыстық құқық бұзушылықтың қоғамдық қауіптілік дәрежесін айқындау кезінде ескеріледі.
Жаза тағайындаудың бірінші өлшемінің мазмұны бұрын жасалған қылмыстардың ауырлығын қамтитындықтан, адамның бұрын қандай қылмыстар үшін сотталғанын (әрекеттері қай бап бойынша сараланғанын), қандай жазаға (түріне, мерзіміне немесе мөлшеріне) сотталғанын анықтау қажет.
Бұрынғы жазаның түзету ықпалының нәтижесіз болуына себеп болған мән-жайларды анықтау сотталған адамның одан арғы мінез-құлқын болжау және таңдалатын жазаның ҚК-нің 39-бабында көзделген мақсаттарға (әлеуметтік әділеттілікті қалпына келтіру, сотталған адамды түзеу және сотталған адамның да, басқа адамдардың да жаңа қылмыстық құқық бұзушылықтар жасауының алдын алу) қол жеткізу құралы ретіндегі жеткіліктілігін айқындау тұрғысынан маңызды. Бұл тиісті жазаны орындау органының қолданған түзету-тәрбиелік ықпал ету шараларының түрі мен ұзақтығы, сотталған адамның осы шараларға көзқарасы және т.б. туралы мәліметтердің болуын білдіреді.
Жоғарғы Соттың жоғарыда аталған нормативтік қаулысының 29-тармағына сәйкес: «Қылмыстардың қайталануы туралы істерді қарау кезінде өтелмеген және алып тасталмаған сотталғандығы бар адамдардың қылмыстарды бірнеше рет жасауына ықпал еткен себептер мен жағдайларды анықтау, үкімдерді орындауға және сотталғандарды түзеу мен қайта тәрбиелеу жөніндегі жұмысты жүзеге асыруға жауапты органдар қызметіндегі кемшіліктерге назар аудару қажет». Атап айтқанда, жазаны өтеу кезеңінде және жазадан босатылғаннан кейін олармен тәрбиелік-профилактикалық жұмыс жүргізілген-жүргізілмегенін, бұрын сотталған адамдардың мінез-құлқына бақылау жүзеге асырылған-асырылмағанын және қажетті жағдайларда әкімшілік қадағалау белгіленген-белгіленбегенін, оларға жұмысқа орналасу және тұрмыстық жағдайын реттеу мәселелерінде көмек көрсетілген-көрсетілмегенін және басқа да мән-жайларды анықтау қажет. Қажет болған жағдайларда ҚІЖК-нің 53-бабының 4-бөлігіне сәйкес жеке қаулылар шығарылуға тиіс.
Жаңадан жасалған қылмыстардың қоғамдық қауіптілік сипаты мен дәрежесін ескеру жасалған қылмыстар үшін жаза тағайындау және жаңадан жасалған әрекеттің сипатын бұрын жасалған әрекеттің сипатымен салыстыру үшін қажет: жазадан босатылған кез бен жаңа қылмыс жасалған уақыттың арасында қанша уақыт өткенін, бұрынғы және жаңа әрекеттердің біртектес немесе әртектес екенін және т.б. анықтау қажет.
«Жоғарғы Соттың жоғарыда аталған нормативтік қаулысының 28-тармағында айтылғандай, соттарға қылмыстық істерді апелляциялық, кассациялық тәртіппен қарау кезінде, сондай-ақ қылмыстық жазаны орындауға байланысты материалдарды қарау барысында қылмыстардың қайталануын тану және оның түрін анықтау бөлігінде үкімнің заңдылығына, қылмыстардың қайталануы кезінде жаза тағайындаудың дұрыстығына назар аудару және сот қателерін уақтылы жою шараларын қабылдау қажет.
Апелляциялық сатыдағы соттың ҚІЖК-нің 442-бабы бірінші бөлігінің 6) тармағында көзделген шешімді қабылдауына бірінші сатыдағы сот іс материалдарында жеткілікті негіздер болған кезде қылмыстардың қайталануын тану мәселесін қарастырмаған немесе қарастырғанымен, қабылданған шешімді үкімнің қарар бөлігінде көрсетпеген не дұрыс емес шешім қабылдаған жағдайларда ғана, әрі үкімнің осы бөлігін өзгерту қажеттігі туралы прокурордың өтінішхатында немесе айыптау тарапының шағымында көрсетілген жағдайда жол беріледі.
Егер сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысында күдіктінің әрекетін саралау туралы қаулыда және айыптау актісінде тиісті қайталану кезінде қылмыстық құқық бұзушылық жасалғаны ауырлататын мән-жай ретінде көрсетілмесе немесе бұл мән-жай көрсетілгенімен, іс материалдарымен расталмаса және сот отырысында айыптау тарапы оны толықтырмаса, істерді апелляциялық тәртіппен қарау кезінде айыптау тарапының шағымдары мен прокурордың сотталған адамда қылмыстардың қайталануын тану және үкімді өзгерту туралы өтінішхаттары қанағаттандырылуға жатпайды».
Осы жерде ҚР Жоғарғы Сотының «Сот үкімі туралы» нормативтік қаулысының 15-тармағын келтіру орынды: «Сотталушының жеке басы туралы іс үшін маңызы бар өзге де мәліметтерге жаза тағайындау, қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінің түрін айқындау, қайталану түрін белгілеу, әрекеттерді саралау кезінде ескерілетін деректер жатуы мүмкін. Атап айтқанда, бұл өтелмеген және алып тасталмаған сотталғандықтар туралы, рақымшылық жасау актісінің қолданылғаны туралы, сотталушының мүгедектігі туралы және басқа да мәліметтер...».
ҚК-нің 63-бабының 6-бөлігіне сәйкес шартты түрде соттау қылмыстардың қайталануы, қылмыстардың қауіпті қайталануы кезінде адамдарға қолданылмайды.
Қылмыстардың қайталануы және қылмыстардың қауіпті қайталануы жазаны өтеу режиміне әсер етеді (ҚК-нің 46-бабының 5-бөлігіне түсініктемені қараңыз).
Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексіне 2021 жылғы түсініктеме, авторы – Исидор Шамилұлы Борчашвили, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, заң ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Ұлттық жаратылыстану ғылымдары академиясының академигі, ҚР Конституциялық Кеңесі және ҚР Жоғарғы Соты жанындағы Ғылыми-консультативтік кеңестердің мүшесі, ҚР Қауіпсіздік Кеңесі жанындағы құқық қорғау жүйесін реформалау жөніндегі жұмыс тобының мүшесі, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген ІІМ қызметкері.
Конституция Заң Кодекс Нормативтік акт Указ Бұйрық Шешім Қаулы Адвокат Алматы Заңгер Заңгерлік қызмет Заңгерлік кеңес беру Азаматтық Қылмыстық Әкімшілік істер даулар Қорғау Арбитраждық Қазақстан заң компаниясы Адвокаттық кеңсе Сот істері Декларация Жарлық Бұйрық Қаулы Шешім Баяндама Қорытынды Өтініш Қорытынды Конвенция Шарт Меморандум Әдістеме Нормалар Нота Қағидалар Бағдарлама Жарғы Хартия Бап Түсініктеме Резолюция Регламент Хаттама Жоба Бағдарлама Қағидалар Жолдаулар