100-бап. Мүліктік массаны бөлудің кезектілігі Оңалту және банкроттық туралы Заңы
1. Әкiмшiлiк және сот шығыстары банкрот мүлкiнің есебiнен кезектен тыс жабылады.
Банкроттық рәсімін жүргізуге байланысты әкiмшiлiк шығыстар әкімшілердің негізгі сыйақысын, төлеу міндеті банкроттық туралы іс қозғалған күннен бастап және одан кейінгі кезең ішінде туындаған, тартылатын мамандардың көрсететін қызметтеріне ақы төлеу, еңбек шарты бойынша жұмыс істейтін адамдардың еңбегіне ақы төлеу жөніндегі шығындарды қамтиды.
Әкімшілік шығыстарға соттың банкрот деп тану және банкроттық рәсімін қозғай отырып, оны тарату туралы шешімі заңды күшіне енген салықтық кезеңнен кейінгі салықтық кезеңдер үшін салықтық есептілікке сәйкес борышкер есептеген, мемлекеттік кіріс органы салықтық тексерулердің нәтижелері бойынша есепке жазған салықтар және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер де жатады.
Құрылтайшыны (қатысушыны) және (немесе) лауазымды адамды субсидиарлық жауаптылыққа тарту туралы сот актісінің орындалуы нәтижесінде банкорттың мүліктік массасына келіп түскен ақша кредиторлардың талаптарын қанағаттандыруға жіберуге жатады. Мұндай ақшаның есебінен әкімшілік шығыстарды өтеуге жол берілмейді.
2. Бiрiншi кезекте өмiріне немесе денсаулығына келтiрiлген зиянның орнын толтыру бойынша; алименттердi өндiрiп алу бойынша; Мемлекеттiк әлеуметтiк сақтандыру қорына әлеуметтiк аударымдар бойынша, мiндеттi зейнетақы жарналары, мiндеттi кәсiптiк зейнетақы жарналары бойынша, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруға аударымдар және (немесе) жарналар бойынша берешектердi төлей отырып, еңбек шарты бойынша жұмыс iстеген адамдардың еңбегіне ақы төлеу және оларға өтемақылар төлеу бойынша; қызметтік өнертабыс, пайдалы модель, өнеркәсіптік үлгі үшін авторларға сыйақылар төлеу бойынша талаптар қанағаттандырылады.
Бiрiншi кезектегі талаптарды өтеу осы тармақта жазылған кезектілік тәртiбімен жүзеге асырылады.
Өмiріне немесе денсаулығына келтiрiлген зиянның орнын толтыру бойынша кредиторлар талаптарын өтеу үшiн мүлiк жеткiлiксiз болған жағдайда, мүлiк кредиторлар арасында олардың тiзiлiмге енгiзiлген талаптарының сомаларына пропорционал бөлiнедi. Осы бөлiктің ережелерi алименттердi өндiрiп алу бойынша, Мемлекеттiк әлеуметтiк сақтандыру қорына әлеуметтiк аударымдар, мiндеттi зейнетақы жарналары, мiндеттi кәсiптiк зейнетақы жарналары бойынша берешектердi төлей отырып, еңбек шарты бойынша жұмыс iстеген адамдардың еңбегіне ақы төлеу және оларға өтемақылар төлеу бойынша, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруға аударымдар және (немесе) жарналар бойынша, қызметтік өнертабыс, пайдалы модель, өнеркәсіптік үлгі үшін авторларға сыйақылар төлеу бойынша кредиторлар талаптарын өтеу кезiнде қолданылады.
3. Екінші кезекте осы Заңның 104-1-бабының 7-тармағында көзделген жағдайларда кепілді кредиторлардың талаптары, банкроттық рәсімін жүргізу кезеңінде банкроттықты басқарушының қарыз алуының нәтижесінде туындаған талаптар, сондай-ақ орталық контрагенттің функцияларын жүзеге асыратын клирингтік ұйымның осы клирингтік ұйымның клирингтік қатысушысы болып табылатын банкроттың орталық контрагенттің қатысуымен бұрын жасаған және орындамаған мәмілелердің салдарынан туындаған талаптары және кредиторлардың мүлік кепілімен қамтамасыз етілген цифрлық қаржы активтері бойынша талаптары қанағаттандырылады.
4. Үшінші кезекте салықтық берешек, сондай-ақ кедендік төлемдер, арнайы, демпингке қарсы, өтемақы баждары, пайыздар бойынша берешек өтеледі.
5. Төртінші кезекте азаматтық-құқықтық және өзге де міндеттемелер бойынша басқа кредиторлармен есеп айырысу жүргізіледі, сондай-ақ кредиторлардың:
1) осы Заңның 104-1-бабы 6-тармағының үшінші абзацында көзделген жағдайда;
2) бірінші кезек құрамына кірмеген авторлық шарттардан;
3) соттың мәмілені жарамсыз деп тануы және мүлікті банкроттың мүліктік массасына қайтару туралы шешім қабылдауы нәтижесінде туындаған талаптары қанағаттандырылады.
6. Бесінші кезекте залалдардың орнын толтыру және тұрақсыздық айыбын (айыппұлдарды, өсімпұлдарды) өндіріп алу бойынша, сондай-ақ осы Заңның 102-бабының 5 және 6-тармақтарына сәйкес еңбекке ақы төлеу және өтемақылар төлеу бойынша кредиторлар талаптары қанағаттандырылады.
7. Алтыншы кезекте, өмiріне немесе денсаулығына келтiрiлген зиянның орнын толтыру бойынша; алименттердi өндiрiп алу бойынша; Мемлекеттiк әлеуметтiк сақтандыру қорына әлеуметтiк аударымдар бойынша, мiндеттi зейнетақы жарналары, мiндеттi кәсiптiк зейнетақы жарналары бойынша, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруға аударымдар және (немесе) жарналар бойынша берешектердi төлей отырып, еңбек шарты бойынша жұмыс iстеген адамдардың еңбегіне ақы төлеу және оларға өтемақылар төлеу бойынша; қызметтік өнертабыс, пайдалы модель, өнеркәсіптік үлгі үшін авторларға сыйақыларды төлеу бойынша талаптарды қоспағанда, кредиторлардың осы Заңның 90-бабы 3-тармағының бірінші бөлігінде белгіленген мерзімнен кеш мәлімделген талаптары қанағаттандырылады.
Қазақстан Республикасының Заңы 2014 жылғы 7 наурыздағы № 176-V ҚРЗ.
Осы Заң кредиторлардың талаптарын борышкер толық көлемде қанағаттандыруға қабілетсіз болған кезде туындайтын қоғамдық қатынастарды реттейді, берешекті қайта құрылымдау рәсімін, оңалту рәсімін қолдану және борышкерді банкрот деп тану, борышкерді банкроттық рәсімін қозғамай тарату үшін негіздерді белгілейді, сондай-ақ оларды жүргізу тәртібі мен шарттарын айқындайды.
Қазақстан Республикасының
Президенті
© 2012. Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің «Қазақстан Республикасының Заңнама және құқықтық ақпарат институты» ШЖҚ РМК
Конституция Заң Кодекс Норматив Жарлық Бұйрық Шешім Қаулы Адвокат Алматы Заңгер Қорғаушы Заң қызметі Құқық қорғау Құқықтық қөмек Заңгерлік кеңсе Азаматтық істері Қылмыстық істері Әкімшілік істері Арбитраж даулары Заңгерлік кеңес Заңгер Адвокаттық кеңсе Қазақстан Қорғаушы Заң компаниясы