156-бап. Теңізде, ішкі су айдындарында және сақтық аймағында мұнайдың төгілуін жою бойынша әзірлікті және іс-қимылды қамтамасыз ету Қазақстан Республикасының Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы кодексі
1. Кемелерді қоспағанда, мыналарсыз:
1) мұнайдың төгілу тәуекелін бағалауды өткізусіз;
2) бекітілген объектілік жоспарсыз;
3) өзінің жеке немесе шарт негізінде тартылатын ресурстардың болуынсыз;
4) осы баптың 2 және 3-тармақтарында көзделген талаптарды орындаусыз мұнайдың төгілу тәуекеліне әкелетін объектілерге операцияларды жүргізуге тыйым салынады.
2. Кемелерді қоспағанда, мұнайдың төгілу тәуекеліне әкелетін объектілердің меншік иелері:
1) теңізде мұнайдың бірінші деңгейдегі төгілуін жою үшін – теңіз объектісінде не отыз минуттық қолжетімді шекте осындай мұнайдың төгілуін толық жою үшін қажетті ресурстарға ие болуға;
2) теңізде мұнайдың екінші деңгейдегі төгілуін жою үшін:
теңіз объектісінде не отыз минуттық қолжетімді шекте жергілікті жағалау қызметтерінің ресурстары келгенге дейінгі кезеңге жеткілікті болатын көлемде осы тармақтың 1) тармақшасында көрсетілген ресурстарға ие болуға;
қажеттілік болған жағдайда жергілікті жағалау қызметтері ресурстарының келуін қамтамасыз етуге міндетті.
Кемелерді қоспағанда, мұнайдың төгілу тәуекелі бар объектілердің меншік иелері бірінші және екінші деңгейдегі мұнайдың төгілуін жою үшін өздерінің жеке ресурстары болмаған кезде теңізде мұнайдың төгілуін жою жөніндегі мамандандырылған ұйымдармен шарт жасасуға міндетті.
Қажет болған жағдайда мұнайдың төгілу тәуекелі бар объектілердің меншік иелері мұнайдың төгілуін жою кезінде ынтымақтастық және өзара көмек туралы келісімдер шеңберінде ресурстарды тартуға құқылы.
Теңізде, су айдындарында және сақтық аймағында мұнайдың төгілуін жою үшін қажетті ресурстарға қойылатын ең төменгі нормативтер мен талаптарды көмірсутектер саласындағы уәкілетті орган белгілейді.
3. Кемелерді қоспағанда, мұнайдың төгілу тәуекелі бар объектінің меншік иесі үшінші деңгейдегі мұнайдың төгілуін жою үшін ресурстармен қамтамасыз ету мақсатында халықаралық деңгейде танылған, білікті персоналы және тиісті жабдығы бар, теңізде мұнайдың төгілуін жою жөніндегі мамандандырылған ұйыммен шарт жасасуға міндетті.
4. Теңізде, су айдындарында және сақтық аймағында мұнайдың төгілуі анықталған жағдайда мұнайдың төгілу тәуекелі бар объектілердің меншік иелері қоршаған ортаны қорғау саласындағы және азаматтық қорғау саласындағы уәкілетті органдардың аумақтық бөлімшелеріне тез арада хабарлауға міндетті.
Кемелер үшін мұнайдың төгілуі туралы ақпараттандыру тәртібі Қазақстан Республикасының сауда мақсатында теңізде жүзу саласындағы заңнамасында айқындалады.
5. Теңізде, ішкі су айдындарында және сақтық аймағында мұнайдың төгілуін жою кезінде жиынтық экологиялық пайданы талдау негізінде адамдардың денсаулығын барынша сақтауға және қоршаған ортаны қорғауға бағытталған әдістерді таңдауға басымдық беру керек. Жиынтық экологиялық пайданы талдау негізінде Қазақстан Республикасының теңізінде, ішкі су айдындарында және сақтық аймағында мұнайдың авариялық төгілуін жоюдың оңтайлы әдістерін айқындау және келісу қағидаларын қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган бекітеді.
6. Мұнайдың төгілу көзін оқшаулау және мұнайдың төгілуін жою жөніндегі іс-шараларды, авариялар, тосын оқиғалар себептерін тергеп-тексеру жүргізілгеннен кейін мұнайдың төгілу тәуекелі бар объектілердің меншік иелері және (немесе) мұнайдың төгілуін жою жөніндегі мамандандырылған ұйымдар қоршаған ортаны қорғау саласындағы және азаматтық қорғау саласындағы уәкілетті органдарға жүргізілген жұмыс туралы есепті ұсынады.
Теңіз объектілерінің меншік иелері көмірсутектер саласындағы уәкілетті органға есепті қосымша береді.
7. Мұнайдың төгілу тәуекелі бар объектінің меншік иесі теңізде, су айдындарында және сақтық аймағында мұнайдың төгілуі салдарынан экологиялық залалды толық көлемде жоюға және үшінші тұлғаларға келтірілген зиянды, сондай-ақ мемлекеттің мұнайдың төгілуін жою жөніндегі шығыстарын толық көлемде өтеуге міндетті.
8. Осы баптың талаптары объектілеріне 1973 жылғы Кемелерден ластанудың алдын алу жөніндегі 1978 жылғы Хаттамамен (МАРПОЛ 73/78) өзгертілген халықаралық конвенцияның қолданысы қолданылатын тұлғаларды қоспағанда, теңізде мұнайдың төгілу тәуекелімен байланысты қызметті жүзеге асыратын жеке және заңды тұлғаларға да қолданылады.
Ескерту. 156-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 02.01.2021 № 401-VI (01.07.2021 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңымен.
Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексі Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы Экология кодексі Әлеуметтік кодекс Азаматтық кодексi Қылмыстық-процестік кодексi, Қылмыстық кодекс, Қылмыстық кодекске түсініктеме (комментарии), Жоғарғы Соттың нормативтік қаулысы, Қазақстан Республикасы