133-бап. Мемлекеттік кәсіпорынды құру, қайта ұйымдастыру және тарату Мемлекеттік мүлік туралы Заңы
1. Республикалық мемлекеттік кәсіпорынды – Қазақстан Республикасының Үкіметі, коммуналдық мемлекеттік кәсіпорынды жергілікті атқарушы орган немесе аудан (облыстық маңызы бар қала) әкімімен және жергілікті қоғамдастық жиналысымен келісу бойынша аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент, ауылдық округ әкімінің аппараты құрады.
2. Мемлекет мынадай:
1) мемлекеттің ұлттық қауіпсіздігін, қорғаныс қабілетін немесе қоғамның мүдделерін қорғауды қамтамасыз етудің өзге мүмкіндігі болмаған;
2) мемлекетке тиесілі стратегиялық объектілер пайдаланылған және күтіп-ұсталған;
3) мемлекеттік монополияға жатқызылған салалардағы қызмет жүзеге асырылған;
4) тиісті тауар нарығында бәсекелестік болмаған не даму деңгейі төмен болған жағдайларда мемлекеттік кәсіпорындар құрады.
5) алып тасталды – ҚР 03.01.2022 № 101-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.
3. Осы баптың 2-тармағының 1) тармақшасында көрсетілген жағдайларда мемлекеттік кәсіпорындарды Қазақстан Республикасының Үкіметі және Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі құрады.
Осы баптың 2-тармағының 3) тармақшасында көрсетiлген жағдайларда, мемлекеттiк кәсiпорындар Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімімен құрылады.
Қалған жағдайларда мемлекеттік кәсіпорындарды Қазақстан Республикасының Үкіметі және Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі (республикалық кәсіпорындарды) немесе жергілікті атқарушы орган не аудан (облыстық маңызы бар қала) әкімімен және жергілікті қоғамдастық жиналысымен келісу бойынша аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент, ауылдық округ әкімінің аппараты (коммуналдық кәсіпорындарды) құрады.
Мемлекеттік кәсіпорындарды құру осы Заңның 134-бабында белгіленген шектеулер ескеріле отырып, Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексінде және Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында айқындалған тәртіппен жүзеге асырылады.
4. Мемлекеттік кәсіпорынды қайта ұйымдастыру және тарату осы бапта белгіленген ерекшеліктерімен қоса, осы Заңның 130-бабында көзделген тәртіппен жүзеге асырылады.
5. Шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорынды қазыналық кәсіпорын етіп қайта құру – мемлекеттік мүлік жөніндегі уәкілетті органмен келісілген тиісті саланың уәкілетті органының ұсынуы бойынша Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімімен, шаруашылық жүргізу құқығындағы коммуналдық мемлекеттік кәсіпорынды қазыналық кәсіпорын етіп қайта құру жергілікті атқарушы органның шешімімен немесе жергілікті қоғамдастық жиналысымен келісу бойынша аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент, ауылдық округ әкімі аппаратының шешімімен жүргізіледі.
6. Шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік кәсіпорынды қазыналық кәсіпорын етіп қайта құру бойынша барлық шығыстар, сондай-ақ мемлекеттік кәсіпорынның өзінде жеткілікті қаражат болмаған кезде қайта құрылатын мемлекеттік кәсіпорынның өз кредиторларымен есеп айырысулары тиісті бюджет есебінен жүзеге асырылады.
7. Шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік кәсіпорынның негізінде құрылатын қазыналық кәсіпорын оған бұрын бөлінген мемлекеттік мүлік және ақша бойынша, сондай-ақ жер пайдалану, табиғат пайдалану, жер қойнауын пайдалану, квоталар, лицензиялар беру және бұрын жасалған шарттар бөлігінде, егер осылар жаңадан құрылған қазыналық кәсіпорын қызметінің нысанасы мен мақсаттарына сәйкес келетін болса, қайта құрылатын мемлекеттік кәсіпорынның құқықтық мирасқоры болып табылады.
8. Шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік кәсіпорынды қазыналық кәсіпорын етіп қайта құру кезінде оған бекітіліп берілген мүліктің құқықтық режимі мемлекеттік кәсіпорынды қайта құру туралы шешім қабылданған кезден бастап шаруашылық жүргізу құқығынан жедел басқару құқығына ауысады.
Қазақстан Республикасының 2011 жылғы 1 наурыздағы N 413-IV Заңы.
Осы Заң мемлекеттік мүліктің құқықтық режимін, мемлекеттік мүлікті, оның ішінде мемлекеттік заңды тұлғаларға бекітіліп берілген мүлікті және заңды тұлғалардың жарғылық капиталындағы мемлекетке тиесілі акциялар мен қатысу үлестерін басқарудың құқықтық негіздерін, мемлекеттік мүлікке құқықтарға ие болудың және оларды тоқтатудың құқықтық негіздерін айқындайды және мемлекеттің мемлекеттік мүлікке меншік иесінің құқықтарын және өзге де құқықтарды иеленушінің тиімді жүзеге асыруын қамтамасыз етуге бағытталған.
Қазақстан Республикасының
Президенті
© 2012. Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің «Қазақстан Республикасының Заңнама және құқықтық ақпарат институты» ШЖҚ РМК
Конституция Заң Кодекс Норматив Жарлық Бұйрық Шешім Қаулы Адвокат Алматы Заңгер Қорғаушы Заң қызметі Құқық қорғау Құқықтық қөмек Заңгерлік кеңсе Азаматтық істері Қылмыстық істері Әкімшілік істері Арбитраж даулары Заңгерлік кеңес Заңгер Адвокаттық кеңсе Қазақстан Қорғаушы Заң компаниясы