117-бап. Ерікті түрде тарату Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы Заңы
1. Банк акционерлерінің жалпы жиналысы оны ерікті түрде тарату туралы шешім қабылдағаннан кейін банк жеке тұлғалардың депозиттерін оларды тікелей төлеу арқылы қайтару не оларды депозиттерге міндетті кепілдік беру жүйесіне қатысушылар болып табылатын басқа банкке немесе Қазақстан Республикасы бейрезидент банкінің филиалына аудару бойынша шаралар қабылдауға міндетті.
Жеке тұлғалардың депозиттерін Қазақстан Республикасы бейрезидент банкінің филиалына аудару осы Заңның 22-бабы 7-тармағының екінші бөлігінде көзделген шарттар сақтала отырып жүзеге асырылады.
Банкті ерікті түрде таратуға арналған рұқсатты беру тәртібі, сондай-ақ жеке тұлғалардың депозиттерін қайтару, оларды басқа банкке немесе Қазақстан Республикасы бейрезидент банкінің филиалына аудару тәртібі уәкілетті органның нормативтік құқықтық актісінде айқындалады.
2. Жеке тұлғалардың депозиттерін қайтаруды жүзеге асырғаннан кейін банк уәкілетті органға өзін ерікті түрде таратуға арналған рұқсатты беру туралы өтінішхатпен жүгінуге құқылы.
Көрсетілген өтінішхатқа:
іске асыру мерзімдері көрсетіле отырып, банктің өз қызметін тоқтатуы жөніндегі іс-шаралардың банк акционерлерінің жалпы жиналысында бекітілген тізбесі;
банктің өз міндеттемелері бойынша есеп айырысуды жүзеге асыру үшін қаражатының жеткілікті екенін куәландыратын банктің баланстық есебі;
басқа да қажетті мәліметтер қоса берілуге тиіс.
Банкті ерікті түрде таратуға арналған рұқсатты беру туралы өтінішхатқа қоса берілетін құжаттар мен мәліметтер тізбесі уәкілетті органның нормативтік құқықтық актісінде белгіленеді.
3. Банктi ерiктi түрде таратуға арналған рұқсатты беру туралы өтiнiшхатты уәкiлеттi орган банкті ерікті түрде таратуға арналған рұқсатты алуға өтініш қабылданған күннен бастап екi ай iшiнде қарауға тиiс.
Банктi ерiктi түрде таратуға арналған рұқсатты беруден бас тартқан жағдайда уәкiлеттi орган бұл туралы уәжді шешiм шығарады, оны банктің назарына жеткізеді.
4. Уәкілетті орган банкті ерікті түрде таратуға арналған рұқсатты беруден бас тартуды мынадай негіздердің кез келгені бойынша жүргізеді:
1) ұсынылған құжаттардың толық болмауы немесе тиісінше ресімделмеуі;
2) өз міндеттемелері бойынша есеп айырысу үшін банк қаражатының жеткіліксіз болуы;
3) жеке тұлғалардың депозиттерін оларды тікелей төлеу арқылы қайтару не оларды депозиттерге міндетті кепілдік беру жүйесіне қатысушылар болып табылатын басқа банкке немесе Қазақстан Республикасы бейрезидент банкінің филиалына аудару бойынша шаралар қабылдамауы.
5. Банк ерiктi түрде таратуға арналған рұқсатты алған кезде тарату комиссиясын құрады, оған банктiң мүлкi мен iстерiн басқару жөнiндегi өкiлеттiктер ауысады.
Ерiктi түрде таратылатын банктiң тарату комиссиясы қызметiнiң ерекшелiктерi уәкiлеттi органның нормативтiк құқықтық актiлерiнде айқындалады.
6. Уәкілетті орган ерікті түрде таратылатын банктің тарату комиссиясының қызметіне бақылауды жүзеге асырады.
7. Банк ерiктi түрде таратуға арналған рұқсатты алғаннан кейiн бұл жөнінде ақпаратты Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында таратылатын екі мерзімді баспасөз басылымында қазақ және орыс тілдерінде жариялауға, сондай-ақ банктің интернет-ресурсында орналастыруға мiндеттi.
8. Тарату комиссиясы тарату балансы мен банктi тарату туралы есеп бекiтілгеннен кейiн күнтізбелік жеті күн ішінде оларды Мемлекеттік корпорацияға және уәкiлеттi органға ұсынуға мiндеттi.
Тарату комиссиясы банктi тарату аяқталған кезде архивке құжаттарды сақтау үшiн белгiленген тәртiппен тапсыруға және бұл жөнiнде уәкiлеттi органды хабардар етуге мiндеттi.
9. Ерікті түрде таратылатын банктің барлық кредиторының талаптарын қанағаттандыруға қаражаты жеткiлiксiз болған жағдайда, банк мәжбүрлеп таратылуға жатады.
Ерiктi түрде тарату процесiн аяқтаудың мүмкiн болмауына байланысты уәкiлеттi орган банктi мәжбүрлеп тарату туралы арызбен сотқа жүгiнеді.
Қазақстан Республикасының Заңы 2026 жылғы 16 қаңтардағы № 258-VIII ҚРЗ.
Қазақстан Республикасының
Президенті
© 2012. Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің «Қазақстан Республикасының Заңнама және құқықтық ақпарат институты» ШЖҚ РМК
Конституция Заң Кодекс Норматив Жарлық Бұйрық Шешім Қаулы Адвокат Алматы Заңгер Қорғаушы Заң қызметі Құқық қорғау Құқықтық қөмек Заңгерлік кеңсе Азаматтық істері Қылмыстық істері Әкімшілік істері Арбитраж даулары Заңгерлік кеңес Заңгер Адвокаттық кеңсе Қазақстан Қорғаушы Заң компаниясы