279-бап. Көмірсутектерді барлау және (немесе) өндіру жөніндегі операциялар объектілерін консервациялауға және жоюға қойылатын экологиялық талаптар Қазақстан Республикасының Экология кодексі
1. Теңізде көмірсутектерді барлау және (немесе) өндіру, барлау, оның ішінде пайдалы қатты қазбаларды, минералдық және (немесе) ауызсуларды барлау жөніндегі операциялар объектілерін консервациялау немесе жою Қазақстан Республикасының жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.
2. Сынақтар аяқталғаннан кейін ұңғымалар консервацияланған жағдайда жер қойнауын пайдаланушы консервациялау жөніндегі жұмысты жүргізуге, жұмыс қайта басталатын кезге дейін бұрғылау негіздерінің сақталуын және ұңғымалардың берік герметикалануын қамтамасыз етуге міндетті.
3. Үйінді негізден (су асты бермасынан немесе аралдан) бұрғыланған ұңғымаларды жою кезінде жер қойнауын пайдаланушы олардың герметикалануын және жасанды негізді көмірсутектермен және өзге де химиялық заттармен ықтимал ластанудан тазартуды алдын ала жүргізе отырып, оның жай-күйін бақылауды қамтамасыз етуге міндетті. Аралды (берманы) су шайып кеткен жағдайда жер қойнауын пайдаланушы негізді түбегейлі тегістегенге дейін оны қадамен немесе бакенмен белгілеуге және кеме қатынасының қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында теңіз карталарына түсіру үшін координаттарын жер қойнауын зерттеу жөніндегі, ішкі су көлігі саласындағы уәкілетті мемлекеттік органдарға беруге міндетті.
4. Кез келген типтегі платформалардан бұрғыланған ұңғымаларды жою кезінде платформалардың конструкциялары толық бөлшектелуге және жойылуға, ал герметикаланған ұңғымалардың басы балық аулауға, балық өсіруге және кеме қатынасына кедергі келтірмеуі үшін түбінен кесіп тасталуға тиіс.
5. Пайдаланудан шығарылған өндіруге арналған үйінді аралдарды жою туралы шешім жою жөніндегі жұмыстарды жүргізудің қоршаған ортаға әсер етуіне жүргізілген бағалау негізінде қабылдануға тиіс.
6. Су жайылған және су басқан ескі ұңғымаларды консервациялау және жою Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мемлекеттік экологиялық сараптамадан және Қазақстан Республикасының жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы заңнамасына сәйкес жүргізілетін сараптамадан өткен жобалар бойынша орындалуға тиіс. Бұл ретте Қазақстан Республикасының теңізінде, ішкі су айдындарында және сақтық аймағында мұнайдың төгілуін жою бойынша әзірлікті және іс-қимылды қамтамасыз ету жөніндегі жоспар міндетті түрде әзірленуге әрі бекітілуге және консервацияланған және жойылған ұңғымалардың мониторингі қамтамасыз етілуге тиіс. Қазақстан Республикасының теңізінде, ішкі су айдындарында және сақтық аймағында мұнайдың төгілуін жою бойынша әзірлікті және іс-қимылды қамтамасыз ету жөніндегі жоспарға сәйкес Қазақстан Республикасының теңізінде, ішкі су айдындарында және сақтық аймағында мұнайдың төгілуін жою үшін қажетті ресурстармен қамтамасыз етпей, жұмыстарды жүргізуге жол берілмейді.
Қазақстан Республикасының
Президенті
© 2012. Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің «Қазақстан Республикасының Заңнама және құқықтық ақпарат институты» ШЖҚ РМК
Конституция Заң Кодекс Норматив Жарлық Бұйрық Шешім Қаулы Адвокат Алматы Заңгер Қорғаушы Заң қызметі Құқық қорғау Құқықтық қөмек Заңгерлік кеңсе Азаматтық істері Қылмыстық істері Әкімшілік істері Арбитраж даулары Заңгерлік кеңес Заңгер Адвокаттық кеңсе Қазақстан Қорғаушы Заң компаниясы