172-бап. Психикаға белсенді әсер ететін заттарды тұтынуға байланысты психикалық, мінез-құлықтық бұзылушылығы (ауруы) бар адамды мәжбүрлеп емдеуге ресімдеу Қазақстан Республикасының Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы кодексі
1. Психикаға белсенді әсер ететін заттарды тұтынуға байланысты психикалық, мінез-құлықтық бұзылушылығына (ауруына) орай мәжбүрлеп емдеуге рәсімделетін адамға психикалық денсаулық саласында медициналық көмек көрсететін ұйымның медициналық куәландыру күні мен орны туралы хабарланады.
Хабархат табыс етілгені туралы хабарламасы бар тапсырысты хатпен, жеделхатпен жіберіледі.
2. Психикалық денсаулық саласында медициналық көмек көрсететін ұйым медициналық куәландыру күні мен орны туралы тиісті түрде (дәлелді себептердің болуын қоспағанда) хабардар еткен және медициналық куәландырудан жалтарып жүрген адамға психикалық денсаулық саласында медициналық көмек көрсететін ұйымның уәжді қорытындысы негізінде мәжбүрлеп зерттеп-қарау үшін ішкі істер органдары әкелуді қолданады.
3. Әкелу медициналық куәландырудан жалтарып жүрген адамды мәжбүрлеп зерттеп-қарау жүргізілетін орынға тек жұмыс күндері сағат тоғыздан он сегізге дейін үш сағаттан аспайтын мерзімге мәжбүрлеп жіберу жолымен жүзеге асырылады.
4. Адамның келу мүмкіндігінен айыратын ауру, жақын туыстарының қайтыс болуы, дүлей зілзала, белгіленген мерзімде келу мүмкіндігінен айыратын өзге де себептер оның медициналық куәландыруға келмеуінің дәлелді себептері деп танылады. Жіберілетін адам белгіленген мерзімде шақырту бойынша келуге кедергі келтіретін дәлелді себептерінің бар екендігі туралы мәжбүрлеп әкелудің бастамашысын хабардар етуге міндетті.
5. Әкелу туралы қорытынды әкелінетін адамға оны орындау алдында хабарланады, бұл қорытындыдағы оның қолтаңбасымен куәландырылады.
Жіберілетін адам қолтаңба қоюдан бас тартқан жағдайда, бұл жөнінде қорытындыда белгі жасалады.
Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы Экология кодексі Әлеуметтік кодекс Азаматтық кодексi Қылмыстық-процестік кодексi, Қылмыстық кодекс, Қылмыстық кодекске түсініктеме (комментарии), Жоғарғы Соттың нормативтік қаулысы, Қылмыстық заңнама, Нормативті құқықтық актілер Қазақстан Республикасы