Апелляциялық сот алқасы сотталушылардың талданбаған ақиқаты салыстырылмаған және басқа дәлелдемелермен бекімеген қарама-қайшы жауаптарының негізінде үстірт тұжырымға келіп сотталғандардың әрекеттерін ҚК-нің 179-бабы 3-бөлігінің «в» тармағынан осы Кодекстің 327-бабының 3-бөлігіне негізсіз ауыстырып саралаған.
Алматы облысы, Қарасай аудандық сотының 2013 жылғы 15 ақпандағы үкімімен: Ж., бұрын сотталмаған, ҚР ҚК-нің 179-бабы 3-бөлігінің «в» тармағымен мүлкі тәркіленіп, 8 жыл бас бостандығынан айыруға, жазаны түзеу колониясының жалпы режимінде өтеуге сотталған. У., бұрын сотталмаған, ҚР ҚК-нің 179-бабы 3-бөлігінің «в» тармағымен мүлкі тәркіленіп, 8 жыл 6 айға бас бостандығынан айыруға, жазаны түзеу колониясының жалпы режимінде өтеуге сотталған. Р., бұрын сотталмаған, ҚР ҚК-нің 179-бабы 3-бөлігінің «в» тармағымен мүлкі тәркіленіп, 7 жыл 6 айға бас бостандығынан айыруға, жазаны түзеу колониясының жалпы режимінде өтеуге сотталған. Сотталғандардан жәбірленуші К.-ның пайдасына 1 828 910 теңге материалдық шығын, 2 000 000 теңге моральдық залал өндірілген. Сот үкімімен Ж., У. және Р. алдын ала сөз байласқан адамдар тобымен, бөтеннің мүлкін ірі мөлшерде ұрлау мақсатында қару ретінде пайдаланатын заттарды қолданып, жәбірленуші К.-ның өмірі мен денсаулығына ауыр зиян келтірумен, қауіпті күш көрсетумен ұштасқан қарақшылық жасап, жәбірленушіге 1 418 000 теңгеге ірі мөлшерде залал келтіргендері үшін кінәлі деп танылған.
Апелляциялық сот алқасы сотталушылардың талданбаған ақиқаты салыстырылмаған және басқа дәлелдемелермен бекімеген
Алматы облыстық сотының қылмыстық істер жөніндегі апелляциялық сот алқасының қаулысымен сот үкімі өзгертілген. Ж., және У., сондай-ақ Р.ның қылмыстық әрекеттері ҚК-нің 179-бабы 3-бөлігінің «в» тармағынан ҚК-нің 327-бабының 3-бөлігіне ауыстырылып, сараланып, У.-ға 5 жылға бас бостандығынан айыруға, жазаны түзеу колониясының жалпы режимінде өтеуге, Р.-ға 2 жылға бас бостандығынан айыруға, жазаны түзеу колониясының жалпы режимінде өтеуге сотталған. Ж.-ға 2 жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалып, ҚКнің 72-бабының негізінде оның туылған қызы С. 14 жасқа толғанша жазаның орындалуы кейінге, үкімнің қалған бөлігі өзгеріссіз қалдырылған. Сотталғандардан өндірілген материалдық шығынның мөлшері 1 828 910 теңгеден 1 228 910 теңгеге дейін азайтылған. Моральдық залалдың мөлшері 2 000 000 теңгеден 600 000 теңгеге дейін азайтылып, У.-дан 400 000 теңге, Ж. мен Р.-ның әрқайсысынан 100 000 теңге өндірілген. Алматы облыстық сотының кассациялық сот алқасының қаулысымен апелляциялық сот алқасының қаулысы өзгертіліп, Ж.-ға ҚК-нің 327-бабының 3-бөлігімен 2 жылға бас бостандығынан айыру жазасын өтеуді ҚК-нің 72-бабының негізінде кейінге қалдыру туралы шешім өзгертіліп, оған ҚК-нің 63-бабы қолданылып, жазасын шартты түрде 1 жыл сынақ мерзімі белгіленген. Р.-ның қылмыстық әрекеті ҚК-нің 327-бабының 3-бөлігінен, ҚК-нің 28-бабының 5-бөлігінен 327-бабының 3-бөлігіне ауыстырылып, сараланған, оған 2 жыл бас бостандығынан айыруға, ҚКнің 63-бабының негізінде шартты түрде 1 жыл сынақ мерзімі белгіленіп, Р. қамаудан босатылған.
Сотталғандар Р. мен Ж.-ның мінез-құлықтарын бақылау Қарасай аудандық қылмыстық атқару инспекциясына жүктелген. Қаулының қалған бөлігі өзгеріссіз қалдырылған. Қорғаушы Б. жәбірленуші К.-ның мүддесін қорғап, Жоғарғы Соттың қадағалау сот алқасына берген өтінішінде сотталғандардың алдын ала сөз байласып, қарақшылық жасағаны анықталғанына қарамастан апелляциялық алқа тарапынан сотталғандар мен жәбірленушінің арасында істі дұрыс шешу үшін аса маңызды алыс-беріс, кімнің кімге қарыз екендігі жөніндегі мәселе біржақты зерттелгенін, жиналған дәлелдемелер сотталушылардың пайдасына бұрмаланып, негізсіз тұжырым жасалғанын, қарақшылық жасаған адамдардың әрекеттері заңсыз жеңіл қылмыс санатына ауыстырылып, тым жеңіл, әділетсіз жаза тағайындағанын, апелляциялық алқаның жәбірленуші К.-ның сотталған Ж.-ға 4 500 00 теңге қарыз болғанын, сотталғандар осы ақшаны талап ету барысында жәбірленушіге ауыр дене жарақатын салған деген тұжырым істегі дәлелдемелерге қарама-қайшы келетіндігін атап көрсеткен. Сонымен қоса, апелляциялық алқаның біржақты, істің мән-жайына сәйкес келмейтін тұжырымдар жасап, қылмыстық заңды дұрыс қолданбай, ҚІЖК-нің талаптарын бұзып, негізсіз қаулы шығарғанына қарамастан, кассациялық сот алқасы да қателіктерді жалғастырып, тағайындалған жазаны тағы да жеңілдеткенін атап көрсете отырып, сот қаулыларының күшін жойып, бірінші сатыдағы сот үкімін күшінде қалдыруды сұраған. Қадағалау сот алқасы өтініште көрсетілген уәждерді талқылап, прокурордың апелляциялық және кассациялық сот алқалары қаулысының күшін жойып, бірінші сатыдағы соттың үкімін өзгеріссіз қалдыруды сұраған пікірін тыңдап, қылмыстық істегі дәделдемелерді жан-жақты тексеріп, қадағалау сот алқасы сотталғандар У., Ж. және Р. жөніндегі апелляциялық және кассациялық сот алқалары қаулысының күшін жойып, бірінші сатыдағы сот үкімін төмендегі мән-жайлардың негізінде өзгеріссіз қалдырған. Қылмыстық істегі дәлелдемелерге қарағанда, жәбірленуші К. алдын ала тергеуден басты сот талқылауына дейін біркелкі берген жауаптарында Ж.ның оған 1 600 000 теңге қарыз болғанын, осы ақшаны қайтаратындығын айтып шақырған соң оның контейнеріне барғанын, одан соң Ж. оның мойнындағы сөмкесінің бауын пышақпен қиып, ішіндегі 1 400 000 теңге ақшасымен сөмкені тартып алғанын, ол қарсылық көрсеткен кезде қасында тұрған У. көзінен балғамен ұрғанын, ал Р. контейнердің есігін жауып тұрып, оларға көмектескенін көрсеткен. Жәбірленушінің бұл жауабын оқиғаны көрген куә М. да бекіткен.
Ол оқиға болған күні сотталған Р. жәбірленуші К.-ны жұлқылап, №42 контейнерге кіргізгенін көріп, арттарынан келгенінде Р. контейнердің есігін ұстап, ешкімді кіргізбей тұрғанын, контейнердің есігі әйнектен жасалғандықтан ол іштегі болып жатқан оқиғаны толық көргенін, Ж. қолындағы пышақпен К.-ның мойнындағы сөмкені бауын қиып, тартып алғанын, ал У. темір балғамен К.-ның көзінен ұрғанын анық көргенін, К.-ның ешкімге қарыз болмағанын, керісінше саудагерлердің бәрінің К.-дан қарызға ақша немесе көкөніс алатынын атап көрсеткен. Куә М.-ның жауабына ұқсас жауапты куә Б.-да бекітіп, Ж.-ның контейнері әйнектен жасалғандықтан бәрі көрініп тұрғанын, Ж.-ның қолында пышақ, У.-дың қолында балға болғанын көргенін айтқан. Куә А. да куә Б.-ның көрсеткеніндей жауап беріп, Ж.-ның «бұл оған аз, өлтіру керек еді» дегенін, оның қолында К.-ның сөмкесін көргендігін, көкөніс сататын саудагерлердің барлығы К.-дан қарызға тауар алатынын атап көрсеткен. Аталған куәлардың жауаптарының шынайылығы күмән туғызбайды, өйткені басқа да куәлар К., С.-ның көрсеткендерімен және істегі басқа да объективті айғақтармен толық бекітілген. Оқиға болған жерді қарау туралы хаттамаға және оған тіркелген фотосуреттерге сәйкес Ж.-ға тиісті №42 контейнердің алдыңғы беті айнадан жасалғандықтан, сырттағы адамдарға анық көрінетіндігі, сондай-ақ аталған фотосуреттермен сотталғандардың «жәбірленуші К. артына қарай құлаған кезде үстіне жәшіктер құлады, көзі содан жарақаттанған болуы мүмкін» деген уәждері теріске шығарылады.
Бұл фотосуреттерден контейнер ішінде жығылған адамның үстінен құлайтын күйде жәшіктер тұрмағандығы, керісінше, жығылған адам жәшіктердің үстіне құлайтыны анықталған. Апелляциялық сот алқасының жәбірленуші К. сотталған Ж.-ға 4 500 000 теңге ақша қарыз болғандығы, сотталғандар осы ақшаны өз билігінше талап ету барысында жәбірленушіге ауыр жарақат салынғандығы туралы тұжырымы негізсіз және төмендегі дәлелдемелермен теріске шығарылады. Атап айтқанда, апелляциялық сот алқасы жәбірленуші К.-ның сотталған Ж.-ға қарыз болғандығы бірінші саты және алқа мәжілісінде сұралған Ж., Ж., Б., У. және С.-ның жауаптарымен дәлелденеді деп көрсеткен. Алайда, сот алқасы бұл куәлардың жауаптары Ж.-ның айғақтарына қайшы және бірбірінің жауаптарымен де сәйкес келмейтініне назар аудармаған. Алдын ала тергеуде Ж. өзінің 13.03.2012 жылғы берген жауабында К.-ға қарызға 4 500 000 теңгені ешқандай қолхат алмастан өзі бергенін көрсетсе, ал 13.11.2012 жылғы жауабында жәбірленуші 4 500 000 теңге ақшаны Шымкент облысының Сарыағаш ауданында тұратын Н. есімді әйелден алғанын, ол әйелге телефон арқылы хабарласып, оның есеп шотына ақшаны аударып, бұл ақшаны жәбірленуші К.-ға қарызға бергенін көрсеткен. Ал, сот талқылауындағы жауабында Ж. 4 500 000 теңге ақшаны жәбірленуші К.-ге М. деген ағасына бергенін айтқан.
Қылмыстық іске тіркелген ағасы М. өзінің түсінігінде Ж.-дан ешқашан ақша алмағанын көрсеткен. Алқа мәжілісінде сотталғандардың қорғаушысының талабы бойынша сұралған куә Д. жауабында әпкесі Ж.-ға кепіл болып, Сарыағашта тұратын М.-дан 4 500 000 теңге алып жәбірленуші К.-ге бергенін айтқан. Ал, басты сот талқылауында куә Д. 4 500 000 теңгені К.-ге өзі бергенін, Ж. мен К. осылай келіскен соң К.-дан қолхат алмағанын, жәбірленуші К.-ге бұл аталған ақша пәтер алуы үшін керек болғанын көрсеткен. Алайда, істің алдын ала тергеу барысында куә М. жауабында С.- ны танымайтынын, Ж.-ға бір мезгілде 4 500 000 теңге қарыз бермегенін көрсетсе, оның алқа отырысында зерделенген нотариалды түрде бекітілген «сотқа жауап» деген жауабында, 2011 жылдың қазан-қараша айларында оған Ж. келіп, (Сарыағаш ауданына) С. деген жігітке кепіл болып, 4 500 000 теңге одан қарыз алып бергенін, ол ақшаны өзбек сомына айырбастап, Ташкент қаласындағы С-ның інісі М.-ға бергендігін жазған. Куә Б. басты сот талқылауындағы жауабында жәбірленуші К.-ның сотталған Ж.-ға 4 500 000 теңге қарыз екенін көрсете отырып, оның қарыз алып жатқанын өз көзіммен көрдім десе, алқа отырысындағы жауабында «К. Ж.-ға қарыз екен» - деп қана көрсеткен. Алқа дәлел ретінде сілтеме жасаған куә М.-ның тергеуде және сотта берген түсініктемесі сотталған Ж.-ның жауаптарына қарама-қайшы келеді. Жәбірленуші К.-ның Ж.-ға ақша қарыз екендігі туралы уәждерді сотталғандардың бәрі сотты адастырып, өз жауаптылықтарын жеңілдету мақсатында келтіріп отырғандарына назар аудармаған. Сонымен, қылмыстық іс құжаттарынан көрініп тұрғандай, жәбірленуші К.-ға сотталғандар күш қолданып, шабуыл жасау кенеттен басталып, Ж. жәбірленушінің мойнындағы ілулі сөмкесінің бауын пышақпен кесіп алып, ішіндегі ақшасын алмақшы болып жатқанда, К. ақшаны бермеу үшін әрекет жасаған, сол кезде У. жәбірленушінің көзіне балғамен ұрып ауыр жарақат салған. «Қылмыстық iстер бойынша дәлелдемелердi бағалаудың кейбiр мәселелерi туралы» Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2006 жылғы 20 сәуірдегі № 4 нормативтік қаулысының 12-тармағына сәйкес, егер соттың үкiмi сотталушы мен жәбiрленушiнiң талданбаған, ақиқаты салыстырылмаған және басқа дәлелдемелермен: куәлардың айғақтарымен, iс жүргiзу әрекеттерiнiң хаттамаларымен, сарапшылардың қорытындыларымен, заттай дәлелдемелермен және өзге де құжаттармен расталмаған айғақтарының негiзiнде ғана шығарылса, оны заңды деп тануға болмайды.
Апелляциялық сот алқасы Жоғарғы Сот қаулысының бұл талабын орындамастан сотталған Ж.-ның талданбаған, ақиқаты салыстырылмаған, басқа дәлелдемелермен бекімеген қарама-қайшы жауаптардың негізінде үстірт тұжырымға келіп, Ж.-ға жәбірленуші К. 4 500 000 теңге қарыз болған, олардың арасындағы келіспеушілік қарызды қайтармағандықтан туындап, сотталушылардың өзінше билік ету барысында К.-ға ауыр дене жарақатын салған деген қорытындыға келіп, сотталғандардың әрекеттерін ҚК-нің 179-бабының 3-бөлігінің «в» тармағын осы Кодекстің 327-бабының 3-бөлігіне заңсыз ауыстырған. Істі кассациялық тәртіп бойынша қараған алқада сотталғандардың әрекеттерін ҚК-нің 179-бабы 3-бөлігінің «в» тармағынан осы Кодекстің 327-бабының 3-бөлігіне ауыстырылып, саралануының негізсіз екеніне қарамастан, сотталған Р.-дың қылмыстық әрекеті ҚК-нің 327-бабының 3-бөлігінен 28-бабының 5-бөлігіне, одан кейін 327-бабының 3-бөлігіне қайта ауыстырып саралап, апелляциялық сот алқасының қателіктерін жалғастырып, оған тағайындалған жазаны тағы да жеңілдеткен.
Назар аударыңыз!
«Заң және Құқық» адвокаттық кеңсесі, бұл құжаттың жалпылама екендігіне және нақты сіздің жағдайыңыздың талаптарына сәйкес келмеуі мүмкіндігіне көңіл бөлуіңізді сұрайды. Біздің заңгерлер сіздің нақты жағдайыңызға сәйкес келетін кез келген құқықтық құжатты әзірлеп көмектесуге дайын.
Қосымша ақпарат алу үшін Заңгер/Адвокат телефонына хабарласуыңызға болады: +7 (708) 971-78-58; +7 (700) 978 5755, +7 (700) 978 5085.
Адвокат Алматы Заңгер Қорғаушы Заң қызметі Құқық қорғау Құқықтық қөмек Заңгерлік кеңсе Азаматтық істері Қылмыстық істері Әкімшілік істері Арбитраж даулары Заңгерлік кеңес Заңгер Адвокаттық кеңсе Қазақстан Қорғаушы Заң компаниясы