Қылмыстық-процестік заңды бұза отырып алынған нақты деректер дәлелдемелер ретінде жол берілмейтін деректер деп танылады және олар айыптау негiзiне жатқызылмайды
Шымкент қаласы Әл-Фараби аудандық сотының 2017 жылғы 20 қарашадағы үкімімен: К. бұрын сотталмаған, Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің (бұдан әрі – ҚК) 24-бабының үшінші бөлігімен, 216-бабы екінші бөлігінің 2) тармағымен 3 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылған. ҚК-нің 63-бабының негізінде тағайындалған жаза шартты деп есептелген; Т. бұрын сотталмаған, ҚК-нің 24-бабының үшінші бөлігімен, 216-бабы екінші бөлігінің 2) тармағымен 3 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылған. ҚК-нің 63-бабының негізінде тағайындалған жаза шартты деп есептелген; Е. бұрын сотталмаған, ҚК-нің 24-бабының үшінші бөлігімен, 216-бабы екінші бөлігінің 2) тармағымен 3 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылған. ҚК-нің 63-бабының негізінде тағайындалған жаза шартты деп есептелген. Сот үкімімен К. «K» ЖШС-ның басшысы ретінде мүліктік пайда табу мақсатында Т. мен Е.-нің көмектесуі арқылы атқарылмаған жұмыстар мен көрсетілмеген қызметтер үшін «К» ЖШС-ның өкілі Б.-ның ұсынысы бойынша соңғыға 191 670 000 теңгені құрайтын құрылыс заттарына шот-фактуралар мен басқа да құжаттарды 5,5 пайыздық мөлшердегі сыйақыға, яғни 10 540 000 теңгеге жазып бepiп, мемлекетке 54 757 143 теңгеге ipi мөлшерде залал келтіруге оқталғаны үшін кінәлі деп танылған. Үкім апелляциялық тәртіппен қайта қаралмаған. Бас Прокурор наразылығында арандатушылықтың салдарынан К.-нің, Т.-ның және Е.-нің құқықтарына нұқсан келіп, заң талаптары өрескел бұзылғандықтан бірінші сатыдағы соттың үкімінің күшін жойып, қылмыстық істі тоқтатуды сұраған. Сот К.-нің, Т.-ның және Е.-нің іс-әрекеттерінде ҚК-нің 216-бабы екінші бөлігінің 2) тармағымен көзделген қылмыстық құқық бұзушылықтың құрамы бар деп бағалаған кезде, бұл қылмыс субъективтік жағынан кінәнің қасақана нысанмен сипатталатынын ескермеген. Олардың ниеті өздеріне және контрагенттеріне салық төлеуден жалтару түріндегі мүліктік пайда алу мақсатында жалған шот-фактуралар жасап беруге бағытталуы тиіс. Бұл ниет жедел-іздестіру шаралары басталмас бұрын қалыптасуы керек. Қылмыстық істе К., Т. және Е.-нің бұрыннан жалған шот-фактураларды сатумен айналысатындығы туралы ақпараттар мен жүргізілген жедел-іздестіру шаралары туралы дәлелдемелер келтірілмеген. «Жедел-іздестіру қызметі туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 2-бабына сәйкес жедел-іздестіру қызметінің міндеттері ол қылмыстарды анықтау, олардың алдын алу және жолын кесу болып табылады. Сонымен қатар осы Заңның 15-бабының талабына сай жедел-іздестіру шараларын жүргізу кезінде азаматтарды құқық бұзушылыққа итермелеуге және арандатуға тыйым салынған. К.-ға, Т.-ға және Е.-ге қатысты қылмыстық құқық бұзушылық СДТБТ-де 2016 жылғы 5 сәуірде Б.-ның сотталғандарды қылмыс жасауға арандатып, олардан жалған шот-фактураларды сатып алуға келіскеннен кейін тіркелген. Бірінші сатыдағы сот Б.-ның осындай тәсілмен бірнеше қылмыстарды әшкерелеуге қатысқанын ескермеген. Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2020 жылғы 2 шілдедегі қаулысымен Т.-ге қатысты үкімнің күші жойылып, оның іс-әрекетінде қылмыс құрамы болмауына байланысты қылмыстық іс тоқтатылған. Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2020 жылғы 22 қазандағы қаулысымен О.-ға, А.-ға, К.-ге және Ш.-ға қатысты үкімнің күші жойылып, олардың іс-әрекетінде қылмыс құрамы болмауына байланысты қылмыстық іс тоқтатылған.
Қылмыстық-процестік заңды бұза отырып алынған нақты деректер дәлелдемелер ретінде жол берілмейтін деректер деп танылады және олар айыптау негiзiне жатқызылмайды
Бұл істер Б.-ның әрекетінде сотталғандарды қылмыс жасауға арандату болғандықтан, Б.-мен танысқанға дейін бұрыннан жалған шот-фактураларды сатумен айналысатындығы туралы ақпараттар мен жүргізілген жедел-іздестіру шаралары туралы дәлелдемелер келтірілмегендіктен олардың іс-әрекеттерінде қылмыс құрамы болмауына байланысты қылмыстық іс тоқтатылған. Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің (бұдан әрі – ҚПК) 112-бабының талабына сәйкес қылмыстық-процестік заңды бұза отырып алынған нақты деректер дәлелдемелер ретінде жол берілмейтін деректер деп танылады және олар айыптау негiзiне жатқызылмайды. Мұндай жағдайда қылмыстық қудалау органының және Б.-ның заңсыз әрекеттерінің нәтижесінде алынған нақты деректер дәлелдемелер қатарына жатқызылмайды. ҚПК-нің 24-бабының бірінші бөлігінің талабына сәйкес сот, прокурор, тергеушi, анықтаушы iстi дұрыс шешуге қажеттi және жеткiлiктi мән-жайларды жан-жақты, толық және объективтi зерттеу үшiн заңда көзделген барлық шараларды қолдануға мiндеттi. Алайда қылмыстық істі тергеп-тексеру және сот талқылауы барысында Б.-ның «К» ЖШС-ға қандай қатыстылығының барлығы, оның аталған серіктестіктің атынан әрекет етуге құқығының бар-жоғы, серіктестік өкілдерінің ЖШС-ның атынан қылмыстың жасалуына ерік білдіргендері, Б.-ның сотталғандардан алған жалған шот-фактуралар мен басқа құжаттарды әрі қарай қалай қолданбақшы болғаны және аталған серіктестіктің шын мәнінде ұйымдарға салынатын салықты, бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдерді төлеуден жалтаруға ниетінің болғаны немесе болмағаны анықталмаған. Аталған мән-жайларды анықтамай, К.-ні, Т.-ны және Е.-ні ҚК-нің 24-бабының үшінші бөлігімен, 216-бабы екінші бөлігінің 2) тармағымен кінәлі деп тануға негіздер жоқ. ҚПК-нің 35-бабы бірінші бөлiгi 2) тармағының талабына сәйкес іс-әрекетте қылмыстық құқық бұзушылық құрамы болмаса онда қылмыстық іс тоқтатылады. Істің мұндай тұрғысында, К.-нің, Т.-ның және Е.-нің іс-әрекеттерінде ҚК-нің 24-бабының үшінші бөлігімен, 216-бабы екінші бөлігінің 2) тармағымен көзделген қылмыстық құқық бұзушылық құрамы болмауына байланысты, оларға қатысты сот үкімінің күші жойылып, қылмыстық іс тоқтатылуға жатады. ҚПК-нің 37-бабы бірінші бөлігінің талабына сәйкес сот бойынша ақталған адам, сол сияқты өздеріне қатысты қылмыстық iстi осы Кодекстiң 35-бабы бірінші бөлiгiнiң 1), 2), 5), 6), 7) және 8) тармақтарында көзделген негiздер бойынша тоқтату туралы соттың, қылмыстық қудалау органының қаулысы шығарылған күдікті, айыпталушы, сотталушы ақталуға, яғни олардың құқықтары қалпына келтірілуге тиіс және оның Қазақстан Республикасының Конституциясында кепiлдiк берілген құқықтары мен бостандықтарын қандай да бiр шектеуге болмайды. ҚПК-нің 39-бабы бірніші бөлігінің талабына сәйкес қылмыстық процестi жүргiзетін орган адамды толық немесе iшiнара ақтау туралы шешiм қабылдай отырып, оның зиянды өтеткізу құқығын тануға тиiс. К.-нің, Т.-ның және Е.-нің іс-әрекеттерінде қылмыстың құрамы болмауына байланысты оларға қатысты қылмыстық іс тоқтатылуға жататындықтан, олардың зиянды өтеткізу құқығы бар деп танылуы қажет. Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы сотталған К.-ге, Т.-ға, Е.-ге қатысты бірінші сатыдағы сот үкімінің күшін жойып, сотталған К.-нің, Т.-ның, Е.-нің іс-əрекеттерінде қылмыстың құрамы болмауына байланысты қылмыстық іс тоқтатылды. ҚПК-нің 4-тарауының негізінде К.-нің, Т.-ның, Е.-нің қылмыстық процесті жүргізген органдардың заңсыз әрекеттерінің салдарынан келтірілген зиянды өтеткізу құқығы бар деп танылды. Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының наразылығы қанағаттандырылды.
Назар аударыңыз!
«Заң және Құқық» адвокаттық кеңсесі, бұл құжаттың жалпылама екендігіне және нақты сіздің жағдайыңыздың талаптарына сәйкес келмеуі мүмкіндігіне көңіл бөлуіңізді сұрайды. Біздің заңгерлер сіздің нақты жағдайыңызға сәйкес келетін кез келген құқықтық құжатты әзірлеп көмектесуге дайын.
Қосымша ақпарат алу үшін Заңгер/Адвокат телефонына хабарласуыңызға болады: +7 (708) 971-78-58; +7 (700) 978 5755, +7 (700) 978 5085.
Адвокат Алматы Заңгер Қорғаушы Заң қызметі Құқық қорғау Құқықтық қөмек Заңгерлік кеңсе Азаматтық істері Қылмыстық істері Әкімшілік істері Арбитраж даулары Заңгерлік кеңес Заңгер Адвокаттық кеңсе Қазақстан Қорғаушы Заң компаниясы