Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 123-бабына түсініктеме. Дәлелдемелерді бекіту
1. Нақты деректер процестік әрекеттердің хаттамаларында тіркелгеннен кейін ғана дәлелдемелер ретінде пайдаланылуы мүмкін.
2. Сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысында хаттамаларды жүргізу үшін жауапкершілік анықтаушыға, тергеушіге және прокурорға, ал сотта – төрағалық етушіге және сот отырысының хатшысына жүктеледі.
3. Тергеу және сот әрекеттеріне қатысушыларға, сондай-ақ сот талқылауындағы тараптарға осы әрекеттердің барысы мен нәтижелері тіркелген хаттамалармен танысуға, хаттамаларға толықтырулар мен түзетулер енгізуге, осы әрекетті жүргізудің тәртібі мен шарттарына қатысты ескертулер мен қарсылықтар білдіруге, хаттамадағы жазбаның өз редакциясын ұсынуға, анықтаушының, тергеушінің, прокурордың немесе соттың назарын іс үшін маңызы болуы мүмкін мән-жайларға аударуға құқық берілуге тиіс. Тергеу және сот әрекеттеріне қатысушыларға олардың құқықтары түсіндірілгені туралы хаттамаға белгі қойылады.
4. Ауызша айтылған толықтырулар, түзетулер, ескертулер, қарсылықтар, өтінішхаттар мен шағымдар хаттамаға енгізіледі, ал жазбаша нысанда баяндалғандары хаттамаға қоса тіркеледі. Сызылып тасталған немесе жазылған сөздер не өзге де түзетулер туралы хаттаманың соңында қол қою алдында ескерту жасалады.
5. Тергеу әрекетінің хаттамасымен танысқан адамдар мәтіннің әрбір бетіндегі соңғы жолдың астына және хаттаманың соңына өз қолдарын қояды. Сот отырысы хаттамасының бір бөлігімен танысқан кезде қолдарын әрбір беттің соңына не осы бөліктің соңына қоюға құқылы.
6. Ескертулермен немесе қарсылықтармен келіспеген жағдайда, анықтаушы, тергеуші, прокурор немесе сот бұл туралы қаулы шығарады.
7. Процеске қатысушылардың немесе басқа да адамдардың біреуі заңда көзделген жағдайларда тергеу әрекетінің хаттамасына қол қоюдан бас тартқан кезде, анықтаушы, тергеуші немесе прокурор бұл туралы хаттамаға белгі қояды және оны өз қолымен куәландырады.
8. Заңда көзделген жағдайларда сот отырысының хаттамасына енгізілген сот әрекеті туралы жазбаға қол қоюдан бас тартылған кезде, осы хаттамаға белгі қойылады және оны төрағалық етуші мен сот отырысының хатшысы өз қолдарымен куәландырады.
9. Хаттамаға қол қоюдан бас тартқан адам бас тарту себебін түсіндіруге құқылы және бұл түсініктеме хаттамаға енгізілуге тиіс.
10. Егер процестік әрекетке қатысушы өзінің дене кемістіктеріне байланысты хаттаманы өзі оқи немесе оған қол қоя алмаса, онда оның келісімімен хаттаманы дауыстап оқып береді және оған өзі сенім білдіретін қорғаушысы, өкілі немесе басқа жеке тұлға қол қояды, бұл туралы хаттамаға белгі қойылады.
11. Дәлелдемелерді бекіту үшін хаттамалар жасаумен қатар дыбыс-, бейнежазба, кино-, фототүсірілім, бедерлер, таңбалар, жоспарлар, схемалар жасау және ақпаратты тіркеудің басқа да тәсілдері қолданылуы мүмкін. Тергеу әрекетіне немесе сот талқылауына қатысушының дәлелдемелерді бекітудің аталған тәсілдерін қолданғаны туралы пайдаланылған ғылыми-техникалық құралдардың техникалық сипаттамаларын көрсете отырып, тиісінше тергеу әрекетінің хаттамасына немесе сот отырысының хаттамасына белгі қойылады.
12. Фонограммалар, бейнежазбалар, кинофильмдер, фотосуреттер, бедерлер, таңбалар, жоспарлар, схемалар, тергеу немесе сот әрекетінің барысы мен нәтижелерін көрсететін басқа да материалдар хаттамаға қоса тіркеледі. Әрбір қосымшада оған қатысты тергеу немесе сот әрекетінің атауы, орны, күні көрсетілген түсіндірме жазба болуға тиіс. Бұл жазбаны сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысында іс бойынша прокурор, анықтаушы немесе тергеуші және қажет болған жағдайларда куәгерлер, ал сотта төрағалық етуші мен сот отырысының хатшысы өз қолдарымен куәландырады.
Дәлелдемелер өздігінен өмір сүре алмайды, оларды бекіту, яғни тиісті түрде ресімдеу қажет. Тек осы жағдайда ғана олар заңды күшке ие болады, олардың бар екендігі туралы процестің барлық қатысушылары хабардар болады және қылмыстық процестің кейінгі сатыларында олармен жұмыс істеу мүмкіндігі туындайды. ҚПК-нің 123-бабының 1-бөлігінің мағынасында дәлелдемелер бекітілетін негізгі жұмыс процестік құжаты тиісті процестік (оның ішінде тергеу және сот) әрекетінің хаттамасы болып табылады. Алдын ала тергеп-тексеру және басты сот талқылауы барысында оны жасауға қойылатын талаптар ҚПК-нің 199, 347-баптарында, түсіндіріліп отырған нормада және ҚПК-нің нақты тергеу әрекеттерінің хаттамаларын жасауға қатысты нормаларында реттелетін ережелер мен тәсілдер ескеріле отырып көзделген.
Хаттаманың нысаны мен мазмұнына қойылатын талаптарды белгілей отырып, заң оны жасауға қылмыстық процесті жүргізетін органдардың лауазымды адамдарын жауапты тұлғалар ретінде айқындайды, ал сотта тіпті сот отырысының хатшысы деген арнайы лауазымды көздейді (ҚПК-нің 123-бабының 2-бөлігі). Сот отырысын судья жүргізетіндіктен (ол сол іс бойынша төрағалық етуші де болып табылады), ол сот отырысының хаттамасын жүргізу үшін хатшымен бірге бірдей жауапкершілікті бөліседі.
Әдетте, қылмыстық процеске қатысушыларға құқықтарын түсіндіруден кейін процестік әрекет жүргізіледі және оның хаттамасы жасалады, онымен олар міндетті түрде таныстырылуға тиіс. Бұдан туындайтын салдарлардың тізбесі ҚПК-нің 123-бабының 4, 6-бөліктерінде келтірілген: толықтырулар, түзетулер, ескертулер, қарсылықтар, өтінішхаттар мен шағымдар, сондай-ақ ескертулермен немесе қарсылықтармен келіспеу (ҚПК-нің 123-бабының 3-бөлігі).
Заң процестік әрекетке қатысушы оның мазмұнымен танысқаннан кейін хаттамаға (тергеу әрекеті хаттамасының әрбір бетіндегі мәтіннің соңғы жолының астына және хаттаманың соңына) немесе оның бір бөлігіне (сот отырысы хаттамасының әрбір бетінің соңына не хаттаманың бір бөлігінің соңына) қол қою тәртібін арнайы реттейді (ҚПК-нің 123-бабының 5-бөлігі). Бұл сондай-ақ тергеу немесе сот әрекетінің сапасын сипаттайды және, негізінен, тергеу әрекетінің немесе сот отырысының хаттамасына заңды күш береді.
Процеске қатысушы хаттамаға қол қоюдан бас тартқан жағдайда (ҚПК-нің 123-бабының 7–9-бөліктері), бас тарту себептеріне қарамастан, осы фактіні, оның себептерін, сондай-ақ процестік әрекеттің заңдылығы мен негізділігін растау үшін заң куәгерлердің қатысуын талап етпейді (олардың өздері заң бойынша процестік әрекеттің міндетті қатысушылары болып табылатын жағдайларды қоспағанда). Мұндай жағдайларда тиісті белгілерді қылмыстық процесті жүргізетін органдардың лауазымды адамдары өз қолдарын қою арқылы растайды.
Заң процестік әрекетке қатысушы өзінің дене кемістіктеріне байланысты хаттаманы өзі оқи немесе оған қол қоя алмайтын жағдайларды да реттейді. ҚПК-нің 123-бабы 10-бөлігінің нормасы мағынасында адамның хаттаманы оқуына немесе оған қол қоюына кедергі келтіретін дене кемістіктеріне соқырлық, сауатсыздық, қол саусақтарының немесе қол-аяқтарының болмауы және т.б. жатқызылуы мүмкін. Дене кемістіктері іс бойынша қорғаушылардың немесе жәбірленушінің өкілдерінің қатысуын көздейді. Сондықтан осындай жағдай туындаған кезде дене кемістігі бар адамның келісімімен хаттаманы дауыстап оқып береді және оған оның қорғаушысы, өкілі немесе өзі сенім білдіретін басқа жеке тұлға қол қояды, бұл туралы хаттамаға белгі қойылады.
Үздіксіз жүргізілетін және сот отырысының барысы бойынша сот отырысының хатшысы жасайтын, іс бойынша барлық сот әрекеттері мен шешімдері туралы ақпаратты қамтитын басты сот талқылауының хаттамасынан айырмашылығы, қылмыстық істі тергеп-тексеру кезіндегі процестік әрекеттің хаттамасы осы әрекетті жүргізу барысында немесе ол аяқталғаннан кейін жасалады, бірақ әрдайым осы әрекет жүргізілген жерде жасалуға тиіс. Процестік (оның ішінде тергеу) әрекеті жүргізілген орыннан тыс жерде хаттама жасауға жол берілмейді, өйткені бұл теріс пайдаланулар мен бұрмалаушылықтарға әкеп соғуы мүмкін және мұндай хаттама қылмыстық іс бойынша дәлелдемелер көздерінің қатарынан алып тасталуға тиіс.
Кейбір хаттамалардың жұмыс, сипаттамалық бөлігі процестің қатысушыларының өздері қолымен толтыратынын, ал олардың кіріспе және қорытынды бөліктері қылмыстық процесті жүргізетін органның лауазымды адамы тарапынан ресімделетінін ескеру қажет. Мысалы, жауап алынатын адам еркін баяндап болғаннан кейін өз айғақтарын өз қолымен жазып беруге құқылы. Айғақтарын өз қолымен жазып, оларға қол қойғаннан кейін тергеуші толықтырушы және нақтылаушы сұрақтар қоя алады (ҚПК-нің 212-бабының 5-бөлігі).
Хаттамалармен қатар дәлелдемелік ақпарат қылмыстық процесті жүргізетін органдардың көптеген қаулыларында да қамтылады. Қаулылар (шешімдер) хаттамалар жасалғанға дейін қабылдануы мүмкін (мысалы, тінту жүргізу туралы) немесе процестік әрекеттердің хаттамалары ресімделгеннен кейін олардың нәтижелері бойынша шығарылады (мысалы, тергеу әрекетінің нәтижелері бойынша мәлімделген өтінішхатты қанағаттандырудан бас тарту туралы). Қалай болғанда да, барлық қаулылар заңдылық пен негізділік талаптарына сай болуға тиіс. Қаулының негізділігі немесе, басқаша айтқанда, оның уәжділігі іс бойынша жиналған дәлелдемелерге негізделеді. Заңды және негізді қаулылардың басым көпшілігі процестік әрекеттердің құрамдас бөлігі болып табылады және хаттамалармен бірге қарастырылуға тиіс. Процестік әрекеттер хаттамаларының құрамдас бөлігі ретінде дәлелдемелік ақпараттың техникалық жеткізгіштерін де қарастыру қажет (ҚПК-нің 123-бабының 11, 12-бөліктері), өйткені олар жасалған қылмыстық құқық бұзушылықтың мән-жайларын дәлелдеу процесінің объективтілігі мен ашықтығына әсер етеді.
Жинақталған түрде хаттамаларда және басқа да жеткізгіштерде тіркелген барлық дәлелдемелік ақпарат қылмыстық істі тоқтату туралы қаулыда, айыптау актісінде, қылмыстық теріс қылық туралы хаттамада, бұйрықтық іс жүргізуді қолдану туралы қаулыда, процестік келісімде, үкімде және сот қаулысында өз көрінісін табады.
Қазақстан Республикасының Қылмыстық-процестік кодексіне 2020 жылғы түсініктеме. Авторы: Қоғамов Марат Чекишевич, заң ғылымдарының докторы, Қазақстанның құрметті заңгері, профессор, Қазақстан Ұлттық жаратылыстану ғылымдары академиясының академигі, Қазақстан Республикасы ІІМ-нің еңбек сіңірген қызметкері.
Конституция Заң Кодекс Нормативтік акт Указ Бұйрық Шешім Қаулы Адвокат Алматы заңгері Заңгерлік қызмет Заңгерлік кеңес Азаматтық Қылмыстық Әкімшілік істер мен даулар Қорғау Төрелік Қазақстан заң компаниясы Адвокаттық кеңсе Сот істері Декларация Жарлық Бұйрық Шешім Баяндама Қорытынды Өтініш Қорытынды Конвенция Шарт Меморандум Әдістеме Нормалар Нота Қағидалар Бағдарлама Жарғы Хартия Бап Түсініктеме Резолюция Регламент Хаттама Жоба Бағдарлама Қағидалар Жолдаулар