Көлiк құралын жымқыру мақсатынсыз құқыққа сыйымсыз иеленіп, ірі залал келтіргені жəне абайсызда адам өліміне әкеп соққан жол жүрісі қағидаларын бұзғаны үшін кінәлі деп танылған
Жамбыл облысы Қордай аудандық сотының 2018 жылғы 8 қарашадағы үкімімен: Ж. бұрын сотталмаған, Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің (бұдан әрі – ҚК) 200-бабының үшінші бөлігімен 5 жылға, осы Кодекстің 345-бабының үшінші бөлігімен 5 жылға көлік құралын басқару құқығынан айыра отырып, 2 жыл 6 айға бас бостандығынан айыруға сотталған. ҚК-нің 58-бабының үшінші бөлігі негізінде Ж.-ға түпкілікті онша қатаң емес жазаны неғұрлым қатаң жазаға сіңіру арқылы, 5 жылға көлік құралын басқару құқығынан айыра отырып, 5 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалған. Жаза өтеу үшін қылмыстық-атқару жүйесінің орташа қауіпсіз мекемесі белгіленген. Сот үкімімен Ж. көлiк құралын жымқыру мақсатынсыз құқыққа сыйымсыз иеленіп, ірі залал келтіргені жəне абайсызда адам өліміне әкеп соққан жол жүрісі қағидаларын бұзғаны үшін кінәлі деп танылған. Қылмыстық іс апелляциялық тəртіппен қаралмаған. Бас Прокурор наразылығында ҚК-нің 345-бабының үшінші бөлігімен сотталған Ж.-ның кінәсінің дәлелденуі мен құқық бұзушылық әрекетінің саралануын дауламай, оның көлiк құралын жымқыру мақсатынсыз құқыққа сыйымсыз иеленіп, жәбірленушіге ірі залал келтірген əрекетінің саралануына қатысты соттың қылмыстық заң нормаларын бұзғандығын атап көрсеткен. Жəбірленуші М. өзінің Бас прокуратураға жолдаған өтінішінде іс бойынша өткізілген сараптамалық автотауартану – зерттеу қорытындысымен келіспейтінін, аталған жол апатынан өзіне 6 750 000 теңгеге ірі залал келмегенін, автобусын қалпына келтіруге нақты 987 800 теңге жұмсағанын көрсетіп, Ж.-ның əрекетін ҚК-нің 200-бабының бірінші бөлігіне қайта саралауды сұрағанына назар аударып, сот үкімінің соңғыны ҚК-нің 200-бабының үшінші бөлігімен соттаған бөлігінің күшін жойып, осы бөлік бойынша қылмыстық істі сол сотқа, басқа құрамда қарауға жіберуді сұраған.
Көлiк құралын жымқыру мақсатынсыз құқыққа сыйымсыз иеленіп, ірі залал келтіргені жəне абайсызда адам өліміне әкеп соққан жол жүрісі қағидаларын бұзғаны үшін кінәлі деп танылған
Іс материалдарынан нақты анықталғандай Ж. 2018 жылғы 1 шілдеде сағат 19:00 шамасында Алматы облысында орналасқан «Барлық-сауда» базарынан жəбірленуші М.-ның мемлекеттік тіркеу нөмірі 913CVB/13 «Setra Kaessbohrer» маркалы автобусына (бұдан әрі – автобус) жолаушыларды отырғызып алып, оны жымқыру мақсатынсыз құқыққа сыйымсыз иелену арқылы айдап кетіп, «Алматы – Ташкент» тас жолының 194-шақырымында Қазақстан Республикасы жол қозғалысы ережелерінің 10.1-тармағының талаптарын өрескел бұзып, көліктің қауіпсіз жүру жылдамдығын таңдамай, оның басқаруына ие бола алмай, тас жолдың оң жақ аумағына аударылып, жол апатын жасаған. Нәтижесінде, автобустағы жолаушылар Е. қайтыс болып, ал Б. мен К. əр-түрлі дәрежедегі дене жарақаттарымен ауруханаға түскен. Сот іс бойынша заңның талаптарын сақтай отырып, сот тергеуін жан-жақты жүргізіп, сотқа дейінгі тергеп-тексеру органы жинақтаған және сот отырысында тікелей зерттеліп-сараланған, объективті бағаланған, дәйектілігі жағынан ешбір күмән келтірмейтін нақты дәлелдемелер жиынтығын негізге алып, Ж.-ның ҚК-нің 345-бабының үшінші бөлігімен қамтылған қылмыстық әрекетті жасағаны үшін кінәлі - деген тұжырымға дұрыс келген. Бұл қылмыстық құқық бұзушылықты жасаудағы Ж.-ның кінәсі, оның бұл қылмыс бойынша өзінің кінәсін толығымен мойындап берген жауаптарымен қатар, жәбірленушілер М., А., Б., К.-лардың бірқатар куәлардың жауаптарымен, сонымен қатар жол-көлік оқиғасының сызбалары мен фотокестелері қоса тіркелген оқиға орнын қарап-тексеру, көлік құралына қарау жүргізу хаттамаларымен, сот-дәрігерлік сараптама қорытындыларымен және басты сот талқылауында зерттелген басқа да бұлтартпас дәлелдемелермен толығымен анықталған. Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің (бұдан әрі – ҚПК) 125-бабында бекітілген талаптарға сәйкес сот дәлелдемелердің әрқайсысына олардың қатыстылығы, жол берілетіндігі, анықтығы, ал жинақталған барлық дәлелдемелердің жиынтығына қылмыстық істі шешу үшін жеткіліктілігі тұрғысынан негізді баға берген. Істің мұндай тұрғысында, Ж.-ның қылмыстық құқық бұзушылық әрекетіне заң тұрғысынан негізді баға беріліп, ол ҚК-нің 345-бабының үшінші бөлігімен дұрыс дәрежеленген. Бұл қылмыстық құқық бұзушылық бойынша оның кінәсінің дәлелденуі мен әрекетінің саралануы наразылықта дауланбаған. Ал сот үкімінің Ж.-ны ҚК-нің 200-бабының үшінші бөлігімен кінәлі деп тану бөлігіне қатысты жəбірленуші М. өзінің басты сот талқылауында берген жауабында, Ж. автобусты жүргізуге рұқсат бермегенін, оның автобусты жасырын айдап кетіп, жол-көлік апатын жасағанын, бірақ оған қандай да бір материалдық талап қоймайтындығын бекіткен. Ж.-ның өзі де аталған автобусты үкімде баяндалған мән-жайда жәбірленуші М.-ның рұқсатынсыз жасырын айдап кеткендігін жоққа шығармаған. Бұдан басқа, бұл қылмыстық құқық бұзушылықты жасаудағы оның кінәсі іс бойынша жинақталған нанымды дәлелдемелермен толығымен өз бекуін тапқан. Сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысында өткізілген сот-сараптамалық автотауартану зерттеуінің 2018 жылғы 17 тамыздағы № 889 қорытындысына сәйкес жәбірленуші М.-ға тиесілі техникалық жарамды автобустың нарықтық құны 6 750 000 теңгені құрайтыны анықталған.
«Азаматтық талапты қылмыстық процесте қарау туралы» Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2005 жылғы 20 маусымдағы № 1 нормативтік қаулысына сəйкес сот қажет болған жағдайда мүлікті ұрлау, бүлдіру немесе жою салдарынан келтірілген зиянның мөлшерін сараптама қорытындысының немесе сот осы мақсатта тағайындаған мамандардың немесе комиссияның мəліметтерінің негізінде анықтайтыны көрсетілген. Алайда не сотқа дейінгі тергеп-тексеру органы, не бірінші сатыдағы сот, автобусты қалпына келтіру және оның жоғалтылған тауарлық құнын, яғни іс бойынша жәбірленушіге келген нақты материалдық залалдың мөлшерін анықтамаған. Оны анықтауға қатысты тиісті сараптама тағайындамаған. Керісінше, жоғарыда аталған сараптама қорытындысымен анықталған техникалық жарамды автобустың 6 750 000 теңге болатын нарықтық құнын негізге алып, сот Ж.-ның әрекетін ҚК-нің 200-бабының үшінші бөлігімен дәрежелеу жөнінде қате тұжырым жасаған. ҚК-нің 19-бабының бірінші бөлігінде адам өзінің кiнəсi анықталған қоғамға қауіпті іс-əрекеттері жəне оның қоғамға қауіпті зардаптарының туындауы үшiн ғана қылмыстық жауаптылыққа тартылуға жатады делінген, яғни, адам өзінің нақты қоғамға қауіпті іс-əрекеттері үшін ғана жауап беруге тиіс. Жəбірленуші М.-ның Бас прокуратураға жолдаған өтінішіне қоса тіркелген қандай да бір күмән туғызбайтын «А» ЖК-нің анықтамасында оның автобусын қалпына келтіру құны 987 700 теңгені құрайтыны көрсетілген. ҚК-нің 200-бабының үшінші бөлігі бойынша қылмыстық жауапкершілік, көлiк құралын iрi залал келтiре отырып жымқыру мақсатынсыз құқыққа сыйымсыз иеленіп алған жағдайда ғана туындайды және iрi залал осы Кодекстің 3-бабының 38) тармағына сәйкес азаматқа айлық есептік көрсеткіштен бір мың есе асатын сомада келтірілген залал болып есептеледі. Ж.-ның қылмыстық құқық бұзушылық әрекетінен жәбірленуші М.-ға келтірілген материалдық залалдың нақты мөлшері бұл көрсеткіштен (2 405 теңге х 1 000 АЕК = 2 405 000 теңге) аспайды. Істің мұндай тұрғысында, сот алқасы дәлелдемелерді қайтадан зерттеудің қажеттігі жоқтығына байланысты Ж.-ға қатысты қылмыстық істі жаңадан соттың қарауына жолдамай, нақты шешім қабылдап, оның қылмыстық құқық бұзушылық әрекетін ҚК-нің 200-бабының бірінші бөлігіне қайта саралауды қажет деп тапты. Жәбірленуші М. іс бойынша Ж.-дан өзіне келтірілген залалды өндіру жөнінде азаматтық талап қоймаған және өзінің берген жауаптарында оған қандай да бір материалдық талап қоймайтындығын бекіткен, яғни іс бойынша мүліктік залал жоқ.
Мұндай жағдайда, ҚК-нің 55-бабы бірінші бөлігінің 1) тармағына сәйкес Ж.-ға осы Кодекстің 200-бабының бірінші бөлігі бойынша бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалуға жатпайтындықтан, сот алқасы оған бас бостандығын шектеу жазасын тағайындауды жөн деп санайды. Түпкілікті жаза ҚК-нің 58-бабының екінші бөлігі негізінде тағайындалуға жататындықтан, осы Кодекстің 46-бабының бесінші бөлігінің 1) тармағына сәйкес жаза өтеу үшін Ж.-ға қылмыстық-атқару жүйесінің қауіпсіздігі барынша төмен мекемесі белгіленуі тиіс. Ж.-ны кінәлі деп танылған қылмыстық құқық бұзушылықтың екеуі де, ҚК-нің 11-бабының екінші бөлігіне сәйкес онша ауыр емес қылмыс санатына жататындықтан, одан жәбірленушілерге өтемақы қорына өндірілген мәжбүрлі төлем мөлшері он айлық есептік көрсеткіш, яғни 24 050 теңгеге дейін төмендетілуі тиіс. Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы сотталған Ж.-ға қатысты бірінші сатыдағы соттың үкімін өзгертіп, ҚК-нің 200-бабының үшінші бөлігі бойынша Ж.-ға қылмыстық құқық бұзушылық әрекеті ҚК-нің 200-бабының бірінші бөлігіне қайта сараланып, осы бап бойынша оған 1 жылға бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалды. Үкімнің Ж.-ны ҚК-нің 345-бабының үшінші бөлігімен кінәлі деп тану және ол бойынша жаза тағайындау бөлігі күшінде қалдырылды. ҚК-нің 58-бабының екінші бөлігі негізінде Ж.-ға түпкілікті онша қатаң емес жазаны неғұрлым қатаң жазаға сіңіру арқылы 5 жылға көлік құралын басқару құқығынан айыра отырып, 2 жыл 6 айға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Жаза өтеу үшін Ж.-ға қылмыстық атқару жүйесінің қауіпсіздігі барынша төмен мекемесі белгіленді. Ж.-дан жәбірленушілерге өтемақы қорына өндірілген мәжбүрлі төлемнің мөлшері он айлық есептік көрсеткіш – 24 050 теңгеге дейін төмендетілді. Сот үкімінің қалған бөліктері өзгеріссіз қалдырылды. Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының наразылығы ішінара қанағаттандырылды.
Назар аударыңыз!
«Заң және Құқық» адвокаттық кеңсесі, бұл құжаттың жалпылама екендігіне және нақты сіздің жағдайыңыздың талаптарына сәйкес келмеуі мүмкіндігіне көңіл бөлуіңізді сұрайды. Біздің заңгерлер сіздің нақты жағдайыңызға сәйкес келетін кез келген құқықтық құжатты әзірлеп көмектесуге дайын.
Қосымша ақпарат алу үшін Заңгер/Адвокат телефонына хабарласуыңызға болады: +7 (708) 971-78-58; +7 (700) 978 5755, +7 (700) 978 5085.
Адвокат Алматы Заңгер Қорғаушы Заң қызметі Құқық қорғау Құқықтық қөмек Заңгерлік кеңсе Азаматтық істері Қылмыстық істері Әкімшілік істері Арбитраж даулары Заңгерлік кеңес Заңгер Адвокаттық кеңсе Қазақстан Қорғаушы Заң компаниясы