Айыптау үкімін болжамдарға негiздеуге болмайды және ол ақиқат дәлелдердiң жеткiлiктi жиынтығымен расталуы тиiс.
Маңғыстау облысы Маңғыстау аудандық сотының 2012 жылғы 17 сәуірдегі үкімімен: Г. бұрын сотталмаған, Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің (бұдан әрі – ҚК) 175-бабы 2-бөлігінің «а» тармағымен 3 жылға бас бостандығынан айыруға, жазасын түзеу колониясының жалпы режимінде өтеуге сотталған. Сотталған Г.-дан жәбірленуші Ж.-ның пайдасына 324 000 теңге, мемлекет пайдасына 3 240 теңге баж салығы өндірілген. Сот үкімімен сотталған Г. адамдар тобының алдын ала сөз байласуы бойынша бөтеннің мүлкін жасырын ұрлағаны үшін кінәлі деп танылған. Маңғыстау облыстық соты апелляциялық сот алқасының 2012 жылғы 17 мамырдағы және кассациялық сот алқасының 2013 жылғы 23 қаңтардағы қаулыларымен сот үкімі өзгеріссіз қалдырылған. Сотталған Г. өтінішінде сот шешімдерімен ішінара келіспей, заң талаптарының өрескел бұзылуына жол берілгенін, сот үкімі біржақты айыптау бағытында болғанын, қылмысты өзі жалғыз жасағанын, жәбірленушіге келтірген зиянды толығымен өтегенін айтып, әрекетін ҚК-нің 175-бабының 1-бөлігімен қайта саралап, бас бостандығынан айырмай шартты жаза тағайындауды сұраған. Қадағалаушы сот алқасы прокурордың сотталған Г.-ның қылмыстық әрекеттерін ҚК-нің 175-бабының 1-бөлігімен саралап, жазасын 2 жыл 4 айға дейін төмендетуді сұраған пікірін тыңдап, іс құжаттары мен өтініште келтірілген уәждерді зерттеп, сот актілері төмендегі негіздермен өзгертілуге жатады деп есептейді.
Сотталған Г.-ның ұрлық жасаған кінәсі сот тергеуінде зерттелген және бірінші сатыдағы сотпен объективті түрде бағаланған дәлелдемелер жиынтығымен толық дәлелін тапқан. Атап айтқанда, сотталған Г.-ның кінәсін мойындаған жауабымен қатар, жәбірленуші Ж.-ның басты сот талқылауында берген жауабымен, қылмыстық оқиға болған жерді қарау, оның фототаблицасымен, айғақ заттарды алу, қарау және іске тіркеу, тұрғын үйге тексеру жүргізу хаттамаларымен және басқа да дәлелдемелердің жиынтығымен толық нақтыланып, бекітілген. Қылмыстық іс құжаттарына сәйкес жәбірленуші Ж. басты сот талқылауында бір жылқыны жалғыз адамның союға күші жетпейтіндігін айтқан. Ал куә Т. тергеу барысында қылмыс болатын күні 500 метр арақашықтықта тау жаққа бет алып бара жатқан бейтаныс екі адамды көргені туралы жауап берген. Оның осы жауабына сәйкес сот Г. адамдар тобының алдын ала сөз байласуы бойынша қылмыс жасады деген қорытындыға келген. Бірақ сот отырысында куә Т.-дан жауап алынбаған. Ал сотталған Г. болса алдын ала тергеу барысында және сот талқылауында қылмысты өзі жалғыз жасағандығы туралы біркелкі жауап берген. Қылмыстық іс құжаттарына сәйкес, ол басқа адамдар тобымен алдын ала сөз байласуы бойынша қылмыс жасағандары дәлелденбеген. Сондықтан жоғарыда көрсетілген мән-жайларға байланысты сот сотталған Г.-ның қылмыстық әрекеттерін ҚК-нің 175-бабы 2-бөлігінің «а» тармағымен дұрыс сараламаған. ҚІЖК-нің 117-бабының талаптарына сай, қылмыстық iс бойынша оқиға мен қылмыстық заңда көзделген қылмыс құрамының белгiлерi (қылмыстың жасалу уақыты, болған жерi, әдiсi және басқа да мән-жайлары) міндетті түрде дәлелденуге жатады. Осы Кодекстің 278 және 379-баптарында, айыптау қорытындысы мен айыптау үкімінің сипаттамалы – дәлелдi бөлiктерінде қылмыстық әрекеттiң сипаттамасы қамтылуы қажет екендігі көрсетілген. ҚІЖК-нің 19-бабының 4-бөлігіне сәйкес, айыптау үкімін болжамдарға негiздеуге болмайды және ол ақиқат дәлелдердiң жеткiлiктi жиынтығымен расталуы тиiс. Алайда, сот үкімде көрсетілгендей, тек жәбірленушінің берген жауабына сүйеніп, яғни істі біржақты қарап, үкімді болжамға негіздеген. Аталған заң талаптарын орындауға бағытталған әрекеттерді апелляциялық және кассациялық сот алқалары жасамаған. Сондықтан Г.-ға қатысты шығарылған сот актілерінде ол қылмысты адамдар тобының алдын ала сөз байласуы бойынша жасады деген теріс тұжырымға келген. Жоғары келтірілген негіздерге байланысты қадағалаушы сот алқасы Д.- ға қатысты сот актілерін өзгертіп, оның әрекетін ҚК-нің 175-бабы 2-бөлігінің «а» тармағынан ҚК-нің 175-бабының 1-бөлігіне қайта саралап, осы баппен 2 (екі) жыл 4 (төрт) ай бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады.
Назар аударыңыз!
«Заң және Құқық» адвокаттық кеңсесі, бұл құжаттың жалпылама екендігіне және нақты сіздің жағдайыңыздың талаптарына сәйкес келмеуі мүмкіндігіне көңіл бөлуіңізді сұрайды. Біздің заңгерлер сіздің нақты жағдайыңызға сәйкес келетін кез келген құқықтық құжатты әзірлеп көмектесуге дайын.
Қосымша ақпарат алу үшін Заңгер/Адвокат телефонына хабарласуыңызға болады: +7 (708) 971-78-58; +7 (700) 978 5755, +7 (700) 978 5085.
Адвокат Алматы Заңгер Қорғаушы Заң қызметі Құқық қорғау Құқықтық қөмек Заңгерлік кеңсе Азаматтық істері Қылмыстық істері Әкімшілік істері Арбитраж даулары Заңгерлік кеңес Заңгер Адвокаттық кеңсе Қазақстан Қорғаушы Заң компаниясы