Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 77-бабына түсініктеме. Айыптау үкімінің ескіру мерзімінің өтуіне байланысты жазаны өтеуден босату
1. Қылмыстық құқық бұзушылық жасағаны үшін сотталған адам, егер айыптау үкімі заңды күшіне енген күннен бастап есептелетін мынадай мерзімдер ішінде орындалуға келтірілмесе, жазаны өтеуден босатылады:
1) қылмыстық теріс қылық үшін сотталған кезде – бір жыл;
2) онша ауыр емес қылмыс үшін сотталған кезде – екі жыл;
3) ауырлығы орташа қылмыс үшін сотталған кезде – бес жыл;
4) ауыр қылмыс үшін сотталған кезде – он жыл;
5) аса ауыр қылмыс үшін сотталған кезде – он бес жыл.
2. Қылмыстық теріс қылықтар бойынша ескіру мерзімінің өтуі жаңа қылмыстық құқық бұзушылық жасалғанына қарамастан тоқтатыла тұрмайды және үзілмейді.
3. Қылмыстар бойынша ескіру мерзімінің өтуі, егер сотталған адам жазаны өтеуден жалтарса, тоқтатыла тұрады. Бұл жағдайда ескіру мерзімінің өтуі адам ұсталған немесе оның кінәсін мойындап өз еркімен келген кезден бастап қайта жалғасады. Сотталған адам жазаны өтеуден жалтарған кезге дейін өткен ескіру мерзімдері есепке жатқызылуға жатады. Бұл ретте, егер үкім шығарылған кезден бастап жиырма жыл өтсе және ескіру мерзімі жаңа қылмыс жасау арқылы үзілмесе, айыптау үкімі орындалуға келтірілмейді. Жазаны өтеу кейінге қалдырылған жағдайда ескіру мерзімінің өтуі кейінге қалдыру мерзімі аяқталғанға дейін тоқтатыла тұрады.
4. Егер осы баптың бірінші бөлігінде көрсетілген мерзімдер өткенге дейін адам жаңа қасақана қылмыс жасаса, қылмыстар бойынша ескіру мерзімінің өтуі үзіледі. Мұндай жағдайларда ескіру мерзімін есептеу жаңа қылмыс жасалған күннен бастап қайтадан басталады.
5. Өлім жазасына немесе өмір бойына бас бостандығынан айыруға сотталған адамға ескіру мерзімін қолдану туралы мәселені сот шешеді. Егер сот ескіру мерзімін қолдануды мүмкін деп таппаса, өлім жазасы өмір бойына бас бостандығынан айырумен, ал өмір бойына бас бостандығынан айыру жиырма бес жыл мерзімге бас бостандығынан айырумен ауыстырылады. Кәмелетке толмағандардың жыныстық тиіспеушілігіне қарсы қылмыстар жасағаны үшін сотталған адамдарға, мұндай қылмысты он төрт жастан он сегіз жасқа дейінгі кәмелетке толмаған адамның басқа кәмелетке толмаған адамға қатысты жасаған жағдайын қоспағанда, адамзаттың бейбітшілігі мен қауіпсіздігіне қарсы, сыбайлас жемқорлық, террористік, экстремистік қылмыстар, азаптаулар, сондай-ақ жеке адамға, конституциялық құрылыс негіздеріне және мемлекеттің қауіпсіздігіне, экономикалық қызмет саласына қарсы аса ауыр қылмыстар жасағаны үшін сотталған адамдарға ескіру мерзімдері қолданылмайды.
Айыптау үкімі ұзақ немесе қысқа уақыт ішінде орындалуға келтірілмеген жағдайларда, жалпы ереже бойынша, оны орындау арнайы және жалпы сақтандыру тұрғысынан да орынсыз болып қалады. Сондықтан белгілі бір жағдайларда ҚК-нің 77-бабында белгіленген шарттар бойынша бұрын тағайындалған жазаны қолдану артық болып табылады.
Айыптау үкімінің орындалуға келтірілмеу себептері әртүрлі болуы мүмкін: сот кеңсесінің немесе жазаның осы түрін өтеуді жүргізетін не сотталғандарды қылмыстық-атқару жүйесі мекемелеріне жеткізуді жүзеге асыратын органдар қызметкерлерінің салғырт жұмысы және т.б. Алайда көбінесе айыптау үкімі сотталған адамның жазадан жалтаруы салдарынан орындалуға келтірілмейді.
Айыптау үкімін орындаудың ескіруі дегеніміз – заңда белгіленген мерзімдердің өтуі, осы мерзім өткеннен кейін сот шығарған айыптау үкімі орындалуға жатпайды және осыған байланысты сотталған адам жазаны өтеуден босатылады.
Мұндай босатудың негізіне тек мерзім ғана емес, сонымен қатар қоғамдық қауіптілік дәрежесі, жасалған қылмыстық құқық бұзушылықтың ауырлығы да алынған. Сондықтан айыптау үкімінің ескіру мерзімінің ұзақтығы қылмыстық құқық бұзушылыққа және қылмыс санатына байланысты болады.
ҚК-нің 77-бабының 1-бөлігіне сәйкес, қылмыстық құқық бұзушылық жасағаны үшін сотталған адам, егер айыптау үкімі заңды күшіне енген күннен бастап есептелетін мынадай мерзімдер ішінде орындалуға келтірілмесе, жазаны өтеуден босатылады:
қылмыстық теріс қылық үшін сотталған кезде – бір жыл;
онша ауыр емес қылмыс үшін сотталған кезде – үш жыл;
ауырлығы орташа қылмыс үшін сотталған кезде – алты жыл;
ауыр қылмыс үшін сотталған кезде – он жыл;
аса ауыр қылмыс үшін сотталған кезде – он бес жыл.
Жазаны орындаудан босату заңда белгіленген ескіру мерзімінің өтуі бұзылмаған және сотталған адам бостандықта жүріп жазаны өтеуден жалтармаған жағдайда ғана орын алуы мүмкін.
Қылмыстық теріс қылықтар бойынша ескіру мерзімінің өтуі жаңа қылмыстық құқық бұзушылық жасалғанына қарамастан тоқтатыла тұрмайды және үзілмейді (ҚК-нің 77-бабының 2-бөлігі).
ҚК-нің 77-бабының 3-бөлігіне сәйкес, егер сотталған адам жазаны өтеуден жалтарса, қылмыстар бойынша ескіру мерзімінің өтуі тоқтатыла тұрады. Бұл жағдайда ескіру мерзімінің өтуі адам ұсталған немесе оның кінәсін мойындап өз еркімен келген кезден бастап қайта жалғасады. Сотталған адам жазаны өтеуден жалтарған кезге дейін өткен ескіру мерзімдері есепке жатқызылуға жатады. Бұл ретте, егер үкім шығарылған кезден бастап жиырма бес жыл өтсе және ескіру мерзімі жаңа қылмыс жасау арқылы үзілмесе, айыптау үкімі орындалуға келтірілмейді. Жазаны өтеу кейінге қалдырылған жағдайда ескіру мерзімінің өтуі кейінге қалдыру мерзімі аяқталғанға дейін тоқтатыла тұрады. Бұл ретте сотталған адамның қандай қылмыс – қасақана немесе абайсызда жасалған қылмыс жасағаны маңызды емес.
Айыптау үкімінің ескіру мерзімі өткеннен кейін жазаны өтеуден босату міндетті тәртіппен жүзеге асырылады және соттың қалауы бойынша шешілмейді, өйткені бұл соттың құқығы емес, міндеті болып табылады.
ҚК-нің 77-бабының 4-бөлігінде сотталған адамның жаңа қасақана қылмыс жасауы кезінде орын алуы мүмкін айыптау үкімінің ескіру мерзімінің үзілуі көзделген. Жаңа қасақана қылмыс жасалған жағдайда ескіру мерзімін есептеу жаңа қылмыс жасалған күннен бастап қайтадан басталады. Бұрынғы іс бойынша үкім заңды күшіне енген сәттен бастап осы жаңа қылмыс жасалғанға дейін өткен уақыт ескіру мерзіміне есептелмейді.
Өлім жазасына немесе өмір бойына бас бостандығынан айыруға сотталған адамға ескіру мерзімін қолдану туралы мәселені сот шешеді. Егер сот ескіру мерзімін қолдануды мүмкін деп таппаса, өлім жазасы өмір бойына бас бостандығынан айырумен, ал өмір бойына бас бостандығынан айыру жиырма бес жыл мерзімге бас бостандығынан айырумен ауыстырылады.
Кәмелетке толмағандардың жыныстық тиіспеушілігіне қарсы қылмыстар жасағаны үшін сотталған адамдарға, мұндай қылмысты он төрт жастан он сегіз жасқа дейінгі кәмелетке толмаған адамның басқа кәмелетке толмаған адамға қатысты жасаған жағдайын қоспағанда, адамзаттың бейбітшілігі мен қауіпсіздігіне қарсы, сыбайлас жемқорлық, террористік, экстремистік қылмыстар, азаптаулар, сондай-ақ жеке адамға, конституциялық құрылыс негіздеріне және мемлекеттің қауіпсіздігіне, экономикалық қызмет саласына қарсы аса ауыр қылмыстар жасағаны үшін сотталған адамдарға ескіру мерзімдері қолданылмайды.
ҚК-нің 3-бабының 42) тармағына сәйкес, кәмелетке толмағандардың жыныстық тиіспеушілігіне қарсы қылмыстарға ҚК-нің 120, 121, 122, 123, 124, 134, 144-баптарында, 312-бабының 2 және 3-бөліктерінде көзделген әрекеттер жатады.
Адамзаттың бейбітшілігі мен қауіпсіздігіне қарсы қылмыстарға ҚК-нің 164–174-баптары бойынша жауаптылық көзделген әрекеттер жатады.
Сыбайлас жемқорлық қылмыстарына ҚК-нің 3-бабының 29) тармағында көзделген әрекеттер жатады.
Террористік қылмыстардың толық тізбесі ҚК-нің 3-бабының 30) тармағында, ал экстремистік қылмыстардың толық тізбесі 39) тармағында белгіленген.
Азаптауларға ҚК-нің 146-бабында жауаптылық көзделген қылмыстар жатады.
Жеке адамға қарсы аса ауыр қылмыстарға ҚК-нің 99-бабында; 120-бабының 3, 3-1, 3-2 және 4-бөліктерінде; 121-бабының 3, 3-1, 3-2 және 4-бөліктерінде; 122-бабының 3-бөлігінде; 124-бабының 3-бөлігінде; 125-бабының 3-бөлігінде; 128-бабының 4-бөлігінде жауаптылық көзделген әрекеттер жатады.
Конституциялық құрылыс негіздеріне және мемлекеттің қауіпсіздігіне қарсы аса ауыр қылмыстарға ҚК-нің 175–178-баптарында, 179-бабының 3-бөлігінде, 180-бабының 3-бөлігінде, 181-бабында, 182-бабының 1 және 3-бөліктерінде, 184-бабының 1-бөлігінде жауаптылық көзделген әрекеттер жатады.
Заң шығарушының ҚК-нің 77-бабының 5-бөлігінде экономикалық қызмет саласындағы аса ауыр қылмыстарға қатысты көрсеткен тұжырымы қате болып табылады, өйткені экономикалық қылмыстық құқық бұзушылықтар жасағаны үшін жауаптылық көздейтін ҚК-нің 8-тарауында аса ауыр қылмыстар үшін қылмыстық жауаптылық белгілейтін бірде-бір бап жоқ. Демек, заң шығарушы ҚК-нің 77-бабының 5-бөлігінен «экономикалық қызмет» деген сөздерді алып тастауы қажет.
Айыптау үкімінің ескіру мерзімінің өтуіне байланысты жазаны өтеуден босату түпкілікті болып табылады және қандай да бір негіздер бойынша күшін жоюға жатпайды.
Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексіне 2021 жылғы түсініктеме авторы – Исидор Шамилович Борчашвили, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, заң ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Ұлттық жаратылыстану ғылымдары академиясының академигі, ҚР Конституциялық Кеңесі және ҚР Жоғарғы Соты жанындағы Ғылыми-консультативтік кеңестердің мүшесі, Қауіпсіздік Кеңесі жанындағы құқық қорғау жүйесін реформалау жөніндегі жұмыс тобының мүшесі, Қазақстан Республикасы ІІМ-нің еңбек сіңірген қызметкері.
Конституция Заң Кодекс Нормативтік акт Жарлық Бұйрық [Шешім] Адвокат Алматы заңгері Заң қызметі Заңгерлік консультация Азаматтық Қылмыстық Әкімшілік істер мен даулар Қорғау Төрелік Қазақстанның заң компаниясы Адвокаттық кеңсе Сот істері Декларация Жарлық Бұйрық Қаулы Шешім Баяндама Қорытынды Арыз Қорытынды Конвенция Шарт Меморандум Әдістеме Нормалар Нота Қағидалар Бағдарлама Жарғы Хартия Бап Түсініктеме Резолюция Регламент Хаттама Жоба Бағдарлама Қағидалар Жолдаулар