Түсініктеме 390-бабына Қару-жарақпен, сондай-ақ айналадағыларға қауіп төндіретін заттар мен нәрселерді қолдану қағидаларын бұзу Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексіне
1. Қару-жарақпен, оқ-дәрілермен, радиоактивті материалдармен, жарылғыш немесе айналадағыларға жоғары қауіп төндіретін өзге де заттар мен нәрселерді қолдану қағидаларын бұзу, егер бұл абайсызда адамның денсаулығына ауыр немесе орташа ауырлықтағы зиян келтіруге, әскери мүліктің жойылуына не өзге де ауыр зардаптарға әкеп соқса, — әскери қызмет бойынша екі жылға дейінгі мерзімге шектеумен не екі жылға дейінгі мерзімге тәртіптік әскери бөлімде ұстаумен, не үш айға дейінгі мерзімге қамаққа алумен, не екі жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айырумен жазаланады.
2. Адамның абайсызда өліміне әкеп соққан дәл сол іс-әрекет — бес жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айырумен жазаланады.
3. Осы баптың бірінші бөлігінде көзделген, абайсызда екі немесе одан да көп адамның өліміне әкеп соққан іс-әрекет — он жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айырумен жазаланады.
Айналадағыларға қауіп төндіретін қару-жарақпен, сондай-ақ заттар мен нәрселерді қолдану қағидаларын бұзудың қоғамдық қауіптілігі мемлекеттің қорғаныс қабілетінің төмендеуінде, сондай-ақ азаматтардың өмірі мен денсаулығына және қоршаған орта экологиясына қауіп төндіруінде көрініс табады.
Қазақстан Республикасының «Қорғаныс және Қазақстан Республикасының Қарулы Күштері туралы» Заңында Қарулы Күштердің басқыншылықты тойтаруға, Қазақстан Республикасының аумақтық тұтастығы мен егемендігін қарулы қорғауға, мемлекеттік және әскери объектілерді күзету мен қорғауға, әуе кеңістігін күзетуге, сондай-ақ Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарға сәйкес міндеттерді орындауға арналғаны көрсетілген. Қару-жарақпен және оқ-дәрілермен жұмыс істеудің белгіленген тәртібін сақтау әрбір әскери қызметшінің қызметтік міндеті болып табылады, өйткені оның басты мақсаты — мемлекетті қарулы қорғау.
Осы қылмыстың тікелей объектісі — қару-жарақпен, оқ-дәрілермен, радиоактивті, жарылғыш немесе айналадағыларға жоғары қауіп төндіретін өзге де заттармен және нәрселермен жұмыс істеудің белгіленген тәртібі. Аталған тәртіп әскери жарғылармен, нұсқаулықтармен, ережелермен және Қазақстан Республикасының басқа да нормативтік-құқықтық актілерімен реттеледі. Қылмыстың қосымша объектісі азаматтардың өмірі мен денсаулығы, қоршаған ортаның экологиялық қауіпсіздігі болып табылады.
Қылмыстың заты — қару-жарақ, оқ-дәрілер, радиоактивті материалдар, жарылғыш немесе айналадағыларға жоғары қауіп төндіретін өзге де заттар мен нәрселер. Қару-жарақ деп кәдімгі қару-жарақты да, жаппай қырып-жоятын қаруды да түсіну керек. Суық қару бұл топқа жатпайды.
Жаппай қырып-жоятын қарудың жалпы анықтамасы БҰҰ тарапынан 1948 жылы тұжырымдалған: «атомдық жарылыс арқылы әрекет ететін қару, радиоактивті материалдардың көмегімен әрекет ететін қару, жойқын әсері жағынан атомдық қарумен салыстыруға болатын сипаттамаларға ие өлімге әкелетін химиялық және биологиялық қару».
Оқ-дәрілер деп жауынгерлік зымырандарды, снарядтарды, гранаталарды, патрондарды және оқ ату мен жарылыс жасауға арналған басқа да құрылғыларды түсіну керек.
Қазақстан Республикасының 1997 жылғы 14 сәуірдегі «Атом энергиясын пайдалану туралы» Заңына сәйкес (кейінгі өзгерістері мен толықтыруларын қоса алғанда): радиоактивті заттар — ядролары өздігінен ыдырауға қабілетті химиялық элементтерді қамтитын материалдар.
Қазақстан Республикасының 1998 жылғы 23 сәуірдегі «Халықтың радиациялық қауіпсіздігі туралы» Заңына сәйкес (кейінгі өзгерістері мен толықтыруларын қоса алғанда): радиациялық қауіпсіздік — персоналға, халыққа және қоршаған ортаға радиациялық әсер етуді белгіленген нормаларға сәйкес шектейтін іс-шаралар кешенімен қамтамасыз етілген радиациялық жағдайдың жай-күйі. Осылайша, өздігінен ыдырау қабілетіне ие радиоактивті заттар ыдырау процесінде электромагниттік және корпускулалық сәулеленулер бөліп шығарады, олар тірі организмдерге және қоршаған ортаға зиян келтіруі мүмкін.
Жарылғыш заттар деп химиялық және басқа да реакциялардың әсерінен үлкен жойқын күшке ие энергияның мол көлемін лезде босату қасиетіне ие заттар немесе қоспалар түсініледі.
Өзге де заттар және айналадағыларға жоғары қауіп төндіретін нәрселер деп тірі организмдерге және табиғатқа дәл осындай зиян келтіру қабілетіне ие заттар мен нәрселерді түсіну керек (мысалы, күшті әсер ететін улағыш, улы заттар, жарылыс қаупі бар газдар мен булар және сол сияқтылар).
Қылмыстың объективтік жағы осы бапта көрсетілген заттар мен нәрселерді қолдану қағидаларын бұзуға байланысты әрекет немесе әрекетсіздік болып табылады, егер бұл адамның денсаулығына ауыр немесе орташа ауырлықтағы зиян келтіруге, әскери техниканың жойылуына не өзге де ауыр зардаптарға әкеп соқса.
Қару-жарақпен жұмыс істеу қағидаларын және айналадағыларға жоғары қауіп төндіретін өзге де заттар мен нәрселерді қолдану қағидаларын ажырата білу қажет. Мәселен, қару-жарақпен жұмыс істеу қағидаларынан айырмашылығы, қауіпті заттар мен нәрселерді қолдану қағидалары осы заттарды пайдалану барысында ғана емес, оларды сақтау, тасымалдау және айналымның басқа да салаларында сақталуы тиіс.
Осы бап диспозициясының бланкеттік сипаты Қазақстан Республикасының «Атом энергиясын пайдалану туралы» және «Халықтың радиациялық қауіпсіздігі туралы» заңдарының ережелеріне, сондай-ақ қару-жарақпен, оқ-дәрілермен, жарылғыш заттармен немесе айналадағыларға жоғары қауіп төндіретін нәрселермен жұмыс істеу қағидаларын айқындайтын басқа да нормативтік актілерге жүгінуді талап етеді және арнайы қағидаларды бұзу фактісін анықтауды көздейді (мысалы, Қазақстан Республикасы Энергетика және минералдық ресурстар министрлігі Атом энергетикасы жөніндегі комитеті төрағасының 2002 жылғы 3 қыркүйектегі «Радиоактивті материалдарды тасымалдау қауіпсіздігі қағидаларын бекіту туралы» бұйрығы).
Қылмыс адамның денсаулығына ауыр немесе орташа ауырлықтағы зиян келтіру, әскери мүлікті жою не өзге де ауыр зардаптарды абайсызда келтіру сәтінен бастап аяқталған болып есептеледі.
Жәбірленушінің денсаулығына ауыр немесе орташа ауырлықтағы зиян келтіру, әскери техниканы жою не өзге де ауыр зардаптардың туындауы осы іс-әрекет құрамының міндетті белгісі болып табылады. Өзге де ауыр зардаптарға жауынгерлік техниканы істен шығару, әскери немесе азаматтық объектілерді жою не оларға едәуір зиян келтіру, жер учаскелерінің, су айдындарының және ауаның улы заттармен ластануы жатады.
Қылмыстың субъективтік жағы кінәнің абайсыздық нысанымен, яғни менмендік немесе немқұрайлылық түрінде сипатталады. Қылмыстық менмендік кінәлі адамның қолдану қағидаларын саналы түрде бұзуымен, денсаулыққа зиян келу, әскери техниканың жойылуы немесе өзге де ауыр зардаптардың туындау мүмкіндігін алдын ала болжай отырып, бірақ бұған жеткілікті негіздерсіз олардың алдын алуға болатынына менмендікпен сенуімен сипатталады.
Қылмыстық немқұрайлылық кінәлі адамның зардаптардың туындау мүмкіндігін алдын ала болжамауымен, алайда оларды болжауға тиіс және болжай алатын болуымен анықталады. Кінәлі адамға осы норманың диспозициясында көрсетілген қағидалар және оларды меңгеру міндеті белгілі болуға тиіс.
Қылмыстың субъектісі — арнайы субъект, яғни өзіне қару-жарақ, оқ-дәрілер, сондай-ақ айналадағыларға жоғары қауіп төндіретін заттар мен нәрселер сеніп тапсырылған, белгілі бір мән-жайларға байланысты оларды иеленетін (заңды тәртіппен немесе айналым қағидаларын бұза отырып) және аталған қағидаларды бұзған кез келген әскери қызметші.
Қазақстан Республикасы ҚК-нің 390-бабының 2 және 3-бөліктерінде дәл сол іс-әрекеттің абайсызда бір адамның немесе екі және одан да көп адамның өліміне әкеп соққаны үшін қылмыстық жауаптылықтың күшейтілген түрі көзделген.
Қазақстан Республикасы ҚК-нің 390-бабының 1 және 2-бөліктерінде көзделген қылмыстар онша ауыр емес қылмыстарға жатады. Қазақстан Республикасы ҚК-нің 390-бабының 3-бөлігінде көзделген қылмыс орташа ауырлықтағы қылмыстарға жатады.
Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексіне 2007 жылғы түсініктеме. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, заң ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Ұлттық жаратылыстану ғылымдары академиясының академигі БОРЧАШВИЛИ И.Ш.
Актінің өзгертілген күні: 02.08.2007 ж. Актінің қабылданған күні: 02.08.2007 ж. Қабылданған орны: ЖОҚ. Актіні қабылдаған орган: 180000000000. Қолданылу өңірі: 100000000000. Нормашығармашылық орган берген нормативтік құқықтық актінің тіркеу нөмірі: 167. Актінің мәртебесі: new. Құқықтық қатынастар саласы: 028000000000. Актінің нысаны: ТҮСІНІКТЕМЕ. Заңдық күші: 1900. Актінің тілі: rus.
Назар аударыңыз!
«Заң және Құқық» адвокаттық кеңсесі, бұл құжаттың жалпылама екендігіне және нақты сіздің жағдайыңыздың талаптарына сәйкес келмеуі мүмкіндігіне көңіл бөлуіңізді сұрайды. Біздің заңгерлер сіздің нақты жағдайыңызға сәйкес келетін кез келген құқықтық құжатты әзірлеп көмектесуге дайын.
Қосымша ақпарат алу үшін Заңгер/Адвокат телефонына хабарласуыңызға болады: +7 (708) 971-78-58; +7 (700) 978 5755, +7 (700) 978 5085.
Конституция Заң Кодекс Норматив Жарлық Бұйрық Шешім Қаулы Адвокат Алматы Заңгер орғаушы Заң қызметі Құқық қорғау Құқықтық қөмек Заңгерлік кеңсе Азаматтық істері Қылмыстық істері Әкімшілік істері Арбитраж даулары Заңгерлік кеңес Заңгер Адвокаттық кеңсе Қазақстан Қорғаушы Заң компаниясы Декларация Жарлық Бұйрық Қаулы Шешім Баяндама Қорытынды Өтініш Конвенция Келісімшарт Меморандум Әдістеме Нормалар Нота Ережелер Бағдарлама Жарғы Мақала Түсініктеме Қарар Регламент Хаттама Жоба Жолдау