Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 228-бабы. Бағалы қағаздармен операциялар жүргізу қағидаларын бұзу туралы түсініктеме
1. Ірі залал келтіруге әкеп соққан бағалы қағаздармен операциялар жүргізу қағидаларын бұзу –
екі жүз айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына, не екі жүз сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға, не елу тәулікке дейінгі мерзімге қамаққа алуға, белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан үш жылға дейінгі мерзімге айыра отырып немесе онсыз жазаланады.
2. Дәл сол іс-әрекетті бірнеше рет не адамдар тобының алдын ала сөз байласуы бойынша жасауы –
үш мың айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына, не сегіз жүз сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға, не үш жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге, не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға, белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан үш жылға дейінгі мерзімге айыра отырып жазаланады.
3. Осы баптың бірінші немесе екінші бөліктерінде көзделген, қылмыстық топ жасаған іс-әрекеттер –
бес жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
Қылмыстық құқық бұзушылықтың қоғамдық қауіптілігі (I бөлігі – қылмыстық теріс қылық, 2 және 3-бөліктері – қылмыстар) оны жасау нәтижесінде мемлекет белгілеген, бағалы қағаздармен операциялар жүргізу үшін ұсынылған қағидалар мен олардың айналымын бақылау тәртібінің қасақана бұзылуымен негізделеді.
Заңмен реттелген бағалы қағаздармен операциялар жүргізу тәртібіне қол сұғу «салауатты емес» бәсекелестікті, қажетті инвесторлардан айырылуды және нарық пен оның қатысушылары үшін басқа да бірқатар жағымсыз салдарларды туындатады.
Қылмыстық құқық бұзушылықтың объектісі бағалы қағаздармен операциялар жүргізу кезінде мемлекеттің басымдығын, мемлекеттің және инвесторлардың Қазақстан Республикасы экономикасының перспективалық дамуына қатысты экономикалық мүдделерін қамтамасыз ететін қоғамдық қатынастар болып табылады.
Қылмыстық құқық бұзушылықтың объективтік жағы іс-әрекетпен – бағалы қағаздармен операциялар жүргізу қағидаларын бұзумен, сондай-ақ ірі залал келтіру түріндегі салдарлармен және олардың арасындағы себепті байланыспен сипатталады.
Бағалы қағаздармен операциялар жүргізу қағидаларын бұзу операцияларды жүргізуден және/немесе тізілімнен ақпарат беруден негізсіз бас тарту, заңнамада көзделмеген қосымша құжаттарды ұсынуды талап ету, мұрагерлік нәтижесінде меншік құқығының ауысуы туралы жазбаларды тізілімге енгізу кезінде бұзушылықтарға жол беру, операцияларды жүргізу және ақпарат беру мерзімдерін бұзу арқылы жүзеге асырылуы мүмкін.
Бағалы қағаздар нарығында олармен операциялар жүргізудің белгіленген қағидаларын бұзу бағалы қағаздармен операциялар жүргізудің заңға қайшы тәсілдері мен әдістерін пайдалануды білдіреді.
Қазақстан Республикасының «Бағалы қағаздар нарығы туралы» Заңының 56-бабы бағалы қағаздар нарығында операциялар жүргізу кезінде жосықсыз мінез-құлыққа тыйым салады. Атап айтқанда, бағалы қағаздар нарығының субъектілеріне мыналарға тыйым салынады:
бағалы қағаздар нарығындағы мінез-құлқын өзгерту мақсатында бағалы қағаздар нарығының басқа субъектілеріне кез келген нысанда ықпал етуге;
бағалы қағаздар нарығында қалыптасқан жағдайға ықпал ету мақсатында дәйексіз мәліметтерді таратуға;
бағалы қағаздар нарығында манипуляция жасау мақсатында мәмілелер жасасуға.
Бағалы қағаздар нарығында манипуляция жасау мақсатында жасалған деп танылған мәмілеге қатысатын тұлғалар Қазақстан Республикасының «Бағалы қағаздар нарығы туралы» Заңында және Қазақстан Республикасының басқа да заңнамалық актілерінде көзделген жауаптылықта болады.
Бағалы қағаздар нарығында манипуляция жасау мақсатында жасалған мәміле мүдделі тұлғалардың талап-арызы бойынша сотпен жарамсыз деп танылуы мүмкін.
Ұйымдастырылған бағалы қағаздар нарығында жасалған мәмілені бағалы қағаздар нарығында манипуляция жасау мақсатында жасалған деп тану бағалы қағаздармен және өзге де қаржы құралдарымен манипуляция жасау мақсатында жасалған мәмілелерді тану мәселелерін зерделеу үшін құрылған сараптама комитетінің қорытындысын қарау нәтижелері бойынша уәкілетті органмен жүзеге асырылады.
Аталған Заңның 56-бабының 5-тармағына сәйкес манипуляция жасау мақсатында жасалған бағалы қағаздармен мәмілелерді анықтау тұрғысынан мониторинг пен талдауға мынадай шарттардың кез келгеніне сәйкес келетін мәмілелер жатады:
уәкілетті органның нормативтік құқықтық актісінде белгіленген шарттар мен тәртіп бойынша орындалуы осы мәмілелер тараптарының иелігіндегі осындай бағалы қағаздардың және (немесе) ақшаның санының елеулі өзгеруіне әкеп соқпаған бағалы қағаздарды сатып алу-сату мәмілелері;
бір клиенттің екі немесе одан да көп брокерге беретін бір шығарылымдағы бағалы қағаздарды сату және сатып алу жөніндегі қарама-қарсы бұйрықтары негізінде жасалған бір немесе бірнеше мәміле;
ұйымдастырылған бағалы қағаздар нарығында осындай мәміле жасалғанға дейін бағалы қағаздар нарығында қалыптасқан осы бағалы қағаздардың бағаларынан елеулі түрде ерекшеленетін баға бойынша жасалған мәміле;
инсайдерлік ақпаратты пайдалана отырып жасалған мәміле;
ұйымдастырылған бағалы қағаздар нарығында жасалған, бағалы қағаздарға қатысты объективті сұраныс және (немесе) ұсыныс арақатынасының нәтижесінде қалыптасқан бағалардан жоғары (немесе) төмен бағаларды белгілеуге және (немесе) ұстап тұруға немесе бағалы қағазбен сауда-саттық жасалып жатқандай көрініс қалыптастыруға бағытталған мәміле;
сараптама комитеті айқындаған қосымша шарттарға сәйкес келетін ұйымдастырылған бағалы қағаздар нарығында жасалған өзге де мәмілелер.
Өзге де қаржы құралдарымен жасалған мәмілелердің манипуляция жасау мақсатында жасалған мәмілелер ретінде анықталуы тұрғысынан мониторинг пен талдауға жататын шарттар уәкілетті органның нормативтік құқықтық актісімен айқындалады.
Ұйымдастырылған бағалы қағаздар нарығында жасалған бағалы қағаздармен немесе өзге де қаржы құралдарымен мәмілелерді манипуляция жасау мақсатында жасалған деп танудың тәртібі мен шарттары уәкілетті органның нормативтік құқықтық актісімен және қор биржасының ішкі құжаттарымен белгіленеді.
Құрылымы бойынша қылмыстық құқық бұзушылық құрамы материалдық болып табылады. Қылмыстық құқық бұзушылық ірі залал келтірілген сәттен бастап аяқталған деп есептеледі.
Осы құқық бұзушылыққа қатысты ірі залал деп ҚК-нің 3-бабының 38) тармағына сәйкес азаматқа айлық есептік көрсеткіштен екі жүз есе асатын мөлшерде келтірілген залалды не ұйымға немесе мемлекетке айлық есептік көрсеткіштен екі мың есе асатын мөлшерде келтірілген залалды түсіну қажет.
Субъективтік жағынан қарастырылып отырған қылмыстық құқық бұзушылық кінәнің қасақана нысанымен (тікелей және жанама қасақаналық) сипатталады. Адам бағалы қағаздармен операциялар жүргізу қағидаларын бұзып отырғанын сезінеді, соның нәтижесінде бағалы қағаздарды ұстаушыларға ірі залал келтіру мүмкіндігін немесе болмай қоймайтынын алдын ала біледі, мұны қалайды не оған саналы түрде жол береді.
Қылмыстық құқық бұзушылықтың субъектісі арнайы, яғни бағалы қағаздар нарығына қатысушы ұйымның қызметкері болып табылады.
ҚК-нің 228-бабының 2-бөлігіне сәйкес бұл қылмыстық құқық бұзушылық бірнеше рет не адамдар тобының алдын ала сөз байласуы бойынша жасалуы мүмкін.
Егер осы баптың 1-бөлігінде көзделген екі және одан да көп іс-әрекет жасалса немесе ҚК-нің 228-бабының 2 және 3-бөліктерінде көзделген екі және одан да көп іс-әрекет жасалса, бірнеше рет жасалған деп танылады, өйткені ҚК-нің 12-бабының 1-бөлігіне сәйкес қылмыстық теріс қылық пен қылмыс өзара бірнеше рет жасалуды құрамайды.
Бағалы қағаздармен операциялар жүргізу қағидаларын бұзу, егер оған қылмыстық құқық бұзушылықты бірлесіп жасау туралы алдын ала уағдаласқан адамдар қатысса, адамдар тобының алдын ала сөз байласуы бойынша жасалған деп танылады.
ҚК-нің 228-бабының 3-бөлігі бойынша жауаптылық осы баптың 1 немесе 2-бөліктерінде көзделген іс-әрекеттер қылмыстық топпен жасалған жағдайда туындайды.
Қылмыстық топ ұғымы туралы ҚК-нің 31-бабының 3-бөлігіне берілген түсініктемені қараңыз.
ҚК-нің 228-бабының 1-бөлігінде көзделген іс-әрекет қылмыстық теріс қылықтарға жатады.
ҚК-нің 228-бабының 2 және 3-бөліктерінде көзделген іс-әрекеттер орташа ауырлықтағы қылмыстарға жатады.
Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексіне 2021 жылғы түсініктеме, авторы – Исидор Шамилович Борчашвили, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, заң ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Ұлттық жаратылыстану ғылымдары академиясының академигі, ҚР Конституциялық Кеңесі және ҚР Жоғарғы Соты жанындағы Ғылыми-консультативтік кеңестердің мүшесі, ҚР Қауіпсіздік Кеңесі жанындағы құқық қорғау жүйесін реформалау жөніндегі жұмыс тобының мүшесі, Қазақстан Республикасы ІІМ-нің еңбек сіңірген қызметкері.
Конституция Заң Кодекс Нормативтік акт Указ Бұйрық Шешім Қаулы Адвокат Алматы Заңгері Заң қызметі Құқықтық кеңес Азаматтық Қылмыстық Әкімшілік істер мен даулар Қорғау Арбитраждық Қазақстанның заң компаниясы Адвокаттық кеңсе Сот істері Декларация Жарлық Бұйрық Қаулы Шешім Баяндама Қорытынды Өтініш Қорытынды Конвенция Шарт Меморандум Әдістеме Нормалар Нота Қағидалар Бағдарлама Жарғы Хартия Бап Түсініктеме Резолюция Регламент Хаттама Жоба Бағдарлама Қағидалар Жолдаулар