Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 336-бабына түсініктеме. Балық қорларын қорғау қағидаларын бұзу
1. Көпірлер, бөгеттер салу, жарылыс немесе өзге де жұмыстарды жүргізу, су тарту құрылыстарын немесе айдау механизмдерін пайдалану кезінде балық қорларын қорғау қағидаларын бұзу, егер бұл әрекет балықтардың немесе басқа да су жануарларының жаппай қырылуына әкеп соқса немесе әкеп соғуы мүмкін болса, -
бір жүз алпыс айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына, не бір жүз алпыс сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға, не қырық тәулікке дейінгі мерзімге қамаққа алуға жазаланады, белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан екі жылға дейінгі мерзімге айыра отырып немесе онсыз.
Балық қорларын қорғау қағидаларын бұзудың қоғамдық қауіптілігі экологиялық қауіпсіздіктің бұзылуынан, жануарлар мен өсімдіктер дүниесіне зиян келтіруден көрінеді.
Қылмыстық теріс қылықтың объектісі балық қорларын, өзге де су жануарларын немесе кәсіпшілік өсімдіктерді қорғауды, пайдалануды, өсімін молайтуды және олардың экологиялық қажетті санын қамтамасыз етуді қамтитын экологиялық қауіпсіздік болып табылады.
Осы қылмыстық теріс қылықтың нысанасы балық қорлары болып табылады, алайда іс жүзінде қылмыстық-құқықтық қорғау балықтарға, өзге де су жануарларына, қоректік қорларға және балықтардың, басқа да су жануарларының сақталуын немесе тіршілік ету жағдайларының жақсаруын және олардың мекендеу ортасын айқындайтын өзге де факторларға таралады.
Талданып отырған қылмыстық құқық бұзушылықтың объективтік жағы көпірлер, бөгеттер салу, жарылыс немесе өзге де жұмыстарды жүргізу, су тарту құрылыстарын немесе айдау механизмдерін пайдалану кезінде балық қорларын қорғау қағидаларын бұзудан тұратын әрекеттерді, егер бұл әрекет балықтардың немесе басқа да су жануарларының жаппай қырылуына әкеп соқса немесе әкеп соғуы мүмкін болса, сондай-ақ олардың арасындағы себепті байланысты қамтиды.
Балық қорларын қорғау қағидалары арнайы сипатта болуы және осы баптың диспозициясында көрсетілген технологиялық процестер мен жұмыстарды жүзеге асыру кезінде қолданылуы тиіс. Бұған мысал ретінде ағашты бөлшектеу кезінде қалдықтарды жою, орман материалдарын ағызудың жекелеген түрлерін жүргізу, әртүрлі су айдындарында жарылыс жұмыстарын жүзеге асыру қағидаларын келтіруге болады.
Балық аулау қағидалары, балық аулау объектілері, балық шаруашылығы мен балық аулауды жүргізу үшін балық шаруашылығы су айдындарын және (немесе) учаскелерін бекіту тәртібі, балық ресурстары мен басқа да су жануарларын беру тәртібі Қазақстан Республикасының жануарлар дүниесін қорғау, өсімін молайту және пайдалану саласындағы заңнамасымен белгіленеді.
Жануарлар дүниесін жалпы пайдалану тәртібімен жеке тұлғаларға Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген жағдайларда балық шаруашылығы су айдындары және (немесе) учаскелерінің резервтік қорында бір балықшыға бір жолғы шығу кезінде бес килограмға дейін тегін әуесқойлық (спорттық) балық аулауға рұқсат етіледі. Бұл ретте жануарлар дүниесін қорғау, өсімін молайту және пайдалану саласындағы белгіленген қағидалар, нормативтер, шектеулер мен тыйымдар сақталуға тиіс.
Су-батпақты алқаптарда және балық ресурстары мен басқа да су жануарларының мекендейтін және таралатын жерлерінде гидромелиорациялық жұмыстар жануарлар дүниесін қорғау, өсімін молайту және пайдалану саласындағы уәкілетті мемлекеттік органның рұқсатымен, осындай қызмет жобалары мемлекеттік экологиялық сараптамадан өткеннен кейін жүзеге асырылады (ЭК-нің 251-бабының 3-тармағы).
Балық шаруашылығын жүргізу кезінде белгілі бір экологиялық талаптар қойылады: жануарлар дүниесі объектілерін ұтымды пайдалану, өз қызметінің нәтижесінде жануарлардың мекендеу ортасының экологиялық жай-күйінің нашарлауына жол бермеу, өндірістік процестерді жүзеге асыру кезінде табиғатты қорғау технологияларын қолдану.
ҚК-нің 336-бабында балық қорлары үшін аса қауіпті болуы мүмкін жұмыстардың түрлері көрсетілген. Осы қылмыстық теріс қылықтың диспозициясында келтірілген тізбе ашық сипатқа ие: көпірлер, бөгеттер салу, жарылыс немесе өзге де жұмыстарды жүргізу кезінде оларға су айдындарындағы су тарту құрылыстарын немесе айдау механизмдерін пайдалану жұмыстары да жатқызылуы мүмкін.
Қоғамға қауіпті зардаптар балық қорларын қорғау қағидаларын бұзу салдарынан туындауы тиіс, егер бұл әрекет балықтардың немесе басқа да су жануарларының жаппай қырылуына әкеп соқса немесе әкеп соғуы мүмкін болса.
Балықтардың немесе басқа да су жануарларының жаппай қырылуы деп белгілі бір аумақта табиғи еркіндік жағдайында тіршілік ететін балықтардың (үйірлердің және т.б.) немесе басқа да су жануарларының көп мөлшерінің жойылуы танылады, бұл ретте олардың өлім-жітім деңгейі орташа статистикалық көрсеткіштен 3 еседен астам жоғары болады.
Қылмыстық теріс қылықтың құрамы құрылымы бойынша материалдық-формальдық болып табылады, яғни балықтардың немесе басқа да су жануарларының жаппай қырылуы орын алған кезде материалдық құрам деп танылады және тиісінше, балық қорларын қорғау қағидаларын бұзу кезінде зиянды зардаптар туындамаған, бірақ балықтардың немесе басқа да су жануарларының жаппай қырылуына әкеп соғуы мүмкін болған жағдайларда формальдық құрам деп танылып, аяқталған болып есептеледі.
Субъективтік жағынан қылмыстық құқық бұзушылық жанама қасақаналықпен жасалады (ҚК-нің 324-бабының 1-бөлігінде көзделген экологиялық қылмысты талдауды қараңыз).
Қылмыстық құқық бұзушылықтың субъектісі — 16 жасқа толған, есі дұрыс жеке тұлға.
ҚК-нің 336-бабында көзделген әрекет қылмыстық теріс қылықтарға жатады.
**Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексіне 2021 жылғы түсініктеме, авторы — Исидор Шамилович Борчашвили, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, заң ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Ұлттық жаратылыстану ғылымдары академиясының академигі, ҚР Конституциялық Кеңесі мен ҚР Жоғарғы Соты жанындағы Ғылыми-консультативтік кеңестердің мүшесі, Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік Кеңесі жанындағы құқық қорғау жүйесін реформалау жөніндегі жұмыс тобының мүшесі, Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің еңбек сіңірген қызметкері.
Конституция Заң Кодекс Нормативтік акт Указ Бұйрық Шешім Қаулы Адвокат Алматы заңгері Заңгерлік қызмет Заңгерлік кеңес Азаматтық Қылмыстық Әкімшілік істер мен даулар Қорғау Төрелік Қазақстан заң компаниясы Адвокаттық кеңсе Сот істері Декларация Жарлық Бұйрық Қаулы Шешім Баяндама Қорытынды Өтініш Қорытынды Конвенция Келісімшарт Меморандум Әдістеме Нормалар Нота Қағидалар Бағдарлама Жарғы Хартия Бап Түсініктеме Резолюция Регламент Хаттама Жоба Бағдарлама Жолдаулар