Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 282-бабы. Ғарыш қызметін жүзеге асыру кезінде қауіпсіздік қағидаларын бұзу туралы түсініктеме
1. Егер ғарыш қызметін жүзеге асыру кезінде қауіпсіздік қағидаларын бұзу абайсызда адамның денсаулығына ауырлығы орташа немесе ауыр зиян келтіруге әкеп соқса, —
үш мың айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына, не сегіз жүз сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға, не үш жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге, не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға, белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан үш жылға дейінгі мерзімге айыра отырып немесе онсыз жазаланады.
2. Абайсызда адамның өліміне немесе өзге де ауыр зардаптарға әкеп соққан дәл сол іс-әрекет —
үш жылдан алты жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға, белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан үш жылға дейінгі мерзімге айыра отырып немесе онсыз жазаланады.
3. Осы баптың бірінші бөлігінде көзделген, абайсызда екі немесе одан да көп адамның өліміне әкеп соққан іс-әрекет —
үш жылдан сегіз жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға, белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан үш жылға дейінгі мерзімге айыра отырып немесе онсыз жазаланады.
Қылмыстың қоғамдық қауіптілігі ғарыш қызметін жүзеге асыру кезінде қауіпсіздік қағидаларын бұзу, ғарыш объектілерін, ғарыш аппараттарын ұшыру және «Байқоңыр» ғарыш айлағынан зымырандарды сынақ мақсатында ұшыру қағидалары мен талаптарын, экологиялық талаптарды, техникалық реттеу және халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығын қамтамасыз ету саласындағы талаптарды сақтамау, халықаралық нормалар мен стандарттарды бұзу салдарынан жеке тұлғалардың денсаулығына зиян келтіру, қоршаған ортаға, жеке және заңды тұлғалардың, мемлекеттің мүлкіне залал келтіру, ғарыш қызметін жүзеге асыру нәтижесінде туындаған ғарыш кеңістігін ластау қаупінің пайда болуымен сипатталады.
Ғарыш қызметін жүзеге асыру қағидаты — ғарыш қызметін жүзеге асыру кезінде ұлттық мүдделерді сақтау, Қазақстан Республикасының қорғанысы мен ұлттық қауіпсіздігін қамтамасыз ету болып табылады.
Түсіндіріліп отырған норма ғарыш қызметін жүзеге асыру кезінде қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған, сондықтан қылмыстың объектісі қоғамдық қауіпсіздік болып табылады.
Қосымша объектілері — адамның денсаулығы, ал жекелеген жағдайларда адамның өмірі, экологиялық қауіпсіздік, меншік қатынастары.
Ғарыш кеңістігі — теңіз деңгейінен жүз километрден астам биіктікте әуе кеңістігінен тысқары орналасқан кеңістік.
Қазақстан Республикасы Жер кодексінің 119-1-бабына сәйкес, ғарыш қызметінің мұқтаждықтарына арналған жерлерге жерүсті ғарыш инфрақұрылымы объектілерін орналастыру және пайдалану үшін бөлінген жерлер, сондай-ақ олардың күзет аймақтары жатады.
Халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, сондай-ақ жерүсті ғарыш инфрақұрылымы объектілерінің сақталуы мен қауіпсіз пайдаланылуын қамтамасыз ету мақсатында, зымыран-тасығыштардың бөлінетін бөліктерінің құлау аудандарын қоспағанда, жер пайдаланудың ерекше шарттары бар күзет аймақтары белгіленеді. Олардың шегінде осы аймақтарды белгілеу мақсаттарымен үйлеспейтін қызмет түрлері шектеледі немесе оларға тыйым салынады.
Ғарыш қызметі — ғылыми, экономикалық, экологиялық, қорғаныстық, ақпараттық және коммерциялық мақсаттарға қол жеткізу үшін ғарыш кеңістігін зерттеуге және пайдалануға бағытталған қызмет.
Түсіндіріліп отырған баптың диспозициясы бланкеттік сипатқа ие, сондықтан ғарыш қызметін жүзеге асыру кезінде қауіпсіздік қағидаларын бұзу фактісінің орын алған-алмағаны туралы мәселені шешу үшін тиісті нормативтік құқықтық актілерге жүгіну қажет.
Қазақстан Республикасының ғарыш қызметі саласындағы заңнамасы Қазақстан Республикасының Конституциясына негізделеді және 2012 жылғы 6 қаңтардағы «Ғарыш қызметі туралы» Қазақстан Республикасының Заңынан және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілерінен; Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2016 жылғы 13 желтоқсандағы «Ғарыш жүйелерінің ұлттық операторларын, сондай-ақ олардың міндеттері мен функцияларын айқындау және «Ғарыш жүйелерінің ұлттық операторларын, сондай-ақ олардың міндеттері мен функцияларын айқындау туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2012 жылғы 31 мамырдағы № 721 қаулысының күші жойылды деп тану туралы» қаулысынан тұрады.
Егер Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шартта өзгеше қағидалар белгіленсе, онда халықаралық шарттың қағидалары қолданылады.
Ғарышкерлердің ұшу қызметі борттық құжаттамамен (нұсқаулықтармен), ұшу қағидаларымен, пилотты ғарыш кемесін әзірлеуші бас ұйымның жобалық және пайдалану құжаттарымен, Ұшуды басқару орталығының нұсқауларымен, халықаралық келісімдермен реттеледі.
Осы қылмыстың объективтік жағы адамның денсаулығына абайсызда ауыр немесе орташа ауырлықтағы зиян келтіруге әкеп соққан, ғарыш қызметін жүзеге асыру кезінде қауіпсіздік қағидаларын бұзудан көрінетін әрекетпен немесе әрекетсіздікпен сипатталады.
Мұндай бұзушылықтарға мыналар жатады:
ғарыш қызметі саласындағы салалық сараптаманың оң қорытындысы жоқ жоба бойынша ғарыш қызметі саласындағы жобаны іске асыру;
Қазақстан Республикасының аумағынан, сондай-ақ оның шегінен тыс жерлерден ғарыш объектісін ұшыру, егер оны қазақстандық ғарыш қызметіне қатысушы жүзеге асырған жағдайда, Қазақстан Республикасы Үкіметінің ғарыш объектісін ұшыру туралы оң шешімінсіз жүзеге асыру;
ғарыш объектісін мемлекеттік тіркеуден жалтару;
адамдардың өмірі мен денсаулығына тікелей қатер төндіру;
қоршаған ортаға теріс әсер ету үшін ғарыш техникасын және (немесе) аспан денелерін пайдалану;
ғарыш кеңістігін ластау жөніндегі халықаралық нормалар мен стандарттарды бұзу;
Қазақстан Республикасының аумағында, сондай-ақ ғарыш кеңістігінде ғарыш жүйелерін құру және пайдалану (қолдану) қағидаларын бұзу.
Қылмыс құрамы өзінің құрылымы бойынша материалдық болып табылады. Ғарыш қызметін жүзеге асыру кезінде қауіпсіздік қағидаларын бұзу адамның денсаулығына ауыр немесе орташа ауырлықтағы зиян келтірілген сәттен бастап аяқталған деп есептеледі. Міндетті белгісі — қағидаларды тиісті түрде бұзу мен туындаған зардаптардың арасындағы себепті байланыстың болуы.
Қоғамға қауіпті зардаптардың белгілері (адамның денсаулығына ауыр немесе орташа ауырлықтағы зиян келтіру, адамның өлімі немесе өзге де ауыр зардаптар, екі немесе одан да көп адамның өлімі) ҚК-нің 277-бабына берілген түсініктемеде қарастырылған.
Субъективтік жағы адамдардың денсаулығына келтірілген зиянға қатысты абайсыздықпен (менмендікпен немесе немқұрайлылықпен) сипатталады. Адам өз әрекетінің осындай зардаптарының туындау мүмкіндігін алдын ала біледі, бірақ оған жеткілікті негіздерсіз жеңілтектікпен осы зардаптардың алдын алуға болады деп есептейді не өзінің әрекетінің осындай зардаптарының туындау мүмкіндігін алдын ала білмейді, алайда тиісті мұқияттылық пен сақтық танытқан жағдайда бұл зардаптарды алдын ала білуге тиіс және біле алатын болады.
Бұл ретте субъект өзіне кінә ретінде тағылып отырған бұзушылыққа қатысты тиісті қағидалармен таныс болуы тиіс.
Егер кінәлі адам қасақана әрекет етіп, зардаптардың туындауын тілесе немесе оған саналы түрде жол берсе, онда оның әрекеттері, мысалы, жеке адамға қарсы неғұрлым ауыр қылмыс бойынша сараланады.
Осы қылмыстың субъектісі — он алты жасқа толған және аталған қағидаларды сақтауға немесе олардың сақталуын қамтамасыз етуге міндетті адамдар.
Ғарыш қызметіне қатысушылар — Қазақстан Республикасының аумағында, сондай-ақ ғарыш кеңістігінде ғарыш қызметін жүзеге асыратын жеке және (немесе) заңды тұлғалар.
Адамның абайсызда өлуі немесе өзге де ауыр зардаптардың туындауы түріндегі ауыр зардаптар саралаушы белгі ретінде көзделген (ҚК-нің 279-бабының 2-бөлігі).
Ғарыш қызметін жүзеге асыру кезінде қауіпсіздік қағидаларын бұзу салдарынан абайсызда екі немесе одан да көп адамның өліміне әкеп соғу аса сараланған құрам болып табылады (3-бөлік).
Қоғамға қауіпті зардаптардың белгілері (адамның өлімі немесе өзге де ауыр зардаптар, екі немесе одан да көп адамның өлімі) Қазақстан Республикасы ҚК-нің 277-бабына берілген түсініктемеде қарастырылған.
ҚК-нің 282-бабының 1-бөлігінде көзделген іс-әрекет онша ауыр емес қылмыстарға жатады.
ҚК-нің 282-бабының 2 және 3-бөліктерінде көзделген іс-әрекеттер ауырлығы орташа қылмыстарға жатады.
Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексіне 2021 жылғы түсініктеме авторы — Исидор Шамилович Борчашвили, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, заң ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Ұлттық жаратылыстану ғылымдары академиясының академигі, ҚР Конституциялық Кеңесі мен ҚР Жоғарғы Соты жанындағы Ғылыми-консультативтік кеңестердің мүшесі, Қауіпсіздік Кеңесі жанындағы құқық қорғау жүйесін реформалау жөніндегі жұмыс тобының мүшесі, Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің еңбек сіңірген қызметкері.
Конституция Заң Кодекс Нормативтік акт Указ Бұйрық Шешім Қаулы Адвокат Алматы Заңгер Заңгерлік қызмет Заңгерлік консультация Азаматтық Қылмыстық Әкімшілік істер даулар Қорғау Арбитраждық Қазақстанның заң компаниясы Адвокаттық кеңсе Сот істері Декларация Жарлық Бұйрық Қаулы Шешім Баяндама Қорытынды Өтініш Қорытынды Конвенция Келісімшарт Меморандум Әдістеме Нормалар Нота Қағидалар Бағдарлама Жарғы Хартия Бап Түсініктеме Қарар Регламент Хаттама Жоба Бағдарлама Қағидалар